Алты жыл жұмыс істеген Orda.kz редакциясы ресми түрде жұмысын тоқтатты. Бұл туралы басылымның құрылтайшысы, Ordamedia.kz ЖШС директоры Мақсат Ғаниев мәлімдеді.
Ғаниевтің айтуынша, басылым бастапқыда бизнес жоба ретінде іске қосылған. Алайда алты жыл бойы инвестиция салынғанымен, жоба өзін ақтай алмаған.
"Мен Orda.kz басылымына алты жыл инвестиция салдым. Түсінгенім, бұл жоба өзін ақтауына еш мүмкіндік жоқ. Ал бастапқыда Orda.kz бизнес жоба ретінде басталған еді. Егер "көлеңкелі кассасыз", "бұғаттаусыз" жұмыс істесе ғана, жарнамалық келісімшарт есебінен табыс табуы мүмкін, бірақ өзін ақтауға шамасы жетпейді. Ондай кезде инвестицияны қайтару туралы сөз айтудың өзі қиын", – деп жазды ол.
Ресми хабарламаға сәйкес, 1 қыркүйектен бастап Orda.kz-тің қазақ және орыс редакциялары да жұмысын тоқтатады.
Басылым қызметкерлеріне жалақысы толық көлемде төленетіні айтылды.
Orda.kz – қоғамдық-саяси бағыттағы ақпараттық басылым. Биыл тамызда сайттың бас редакторы Гүлнәр Бажкеноваға қатысты сот үкімі шығып, ол сегіз жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда жазаны орындау екі жылға кейінге шегерілген.