"Қазақ киносы: үздік 10 фильм" жобасында қазақ кино өнерінің классигі Абдолла Қарсақбаевтың "Менің атым Қожа" фильмі талқыланды. Informburo кинорежиссер, продюсер, "Қазақфильм" киностудиясының вице-президенті Серік Әбішевтің талқылауда айтқан ойларын оқырманға ұсынады.
"Менің атым Қожа" несімен тартымды?
– "Менің атым Қожа" фильмі – бала кезімізден көріп жүрген, үнемі теледидарда қосылып тұратын ең үздік картиналардың бірі. 1963 жылға дейін осы жанрдағы балалардың қызық оқиғаларын сипаттайтын фильмдер КСРО да болды. "Менің атым Қожа" Том Сойер сияқты әдеби шығармада бұрыннан келе жатқан жанр. Кинотуынды әкесіз баланың өмірін суреттейді.
Кино бізді несімен тартады? Фильм кейіпкерлерінен балалық шағымызда болған оқиғаларды көре аламыз. Кейіпкердің бастан кешкен оқиғаларының бәрі біздің, туыстарымыздың басынан өткен. Сондықтан бізге жақын әрі қызық. Біз білмейтін оқиғалар болса, көрермен ықыласына бөленбес еді. Осы киноны көргенде есімізге балалық шағымыз түседі. Фильмді көрген соң "біз де мектепте осындай қылықтар жасадық па?" деген сұрақ туады. Балалар бұзақылық жасап Қожаға еліктегісі келеді. Бір жағынан туынды бұзақыларды ақтау сияқты сезіледі.
Режиссердің талғамы жоғары болса, кино да сапалы болады
"Менің атым Қожа" фильмінің режиссурасын атап айтса болады. Камераның қимылы, панорама, жоғарыға көтерілу деген сияқты тәсілдерді сәтті қолданған. Кейіпкердің актерлік ойы мен камера бірге жұмыс істегенде жақсы режиссура шығады. Голливуд фильмдерін көргенде сапалы кино деп айта аласың. Сапасы төмен, "Б" санаттағы фильмдерді көргенде іштей ондай сапа жоқ екен деп отырамыз. Қазір Қазақстандағы техникалар да, Голливудтағы техникалар да – бәрі бірдей. Дамыған техниканың бәрі бізге жетті.
Дегенмен, мықты түсірілген фильмдерімізге бірнәрсе жетіспейтін сияқты көрінеді. Біздікілер бір құпияны білмейді-ау деп ойлаймыз. Қазақстанда да киноның иісі шығатын үздік режиссура бар. Режиссердің талғамы жоғары болса, кино да сапалы болады.
Оған дейін Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин режиссура қолданбады деп айтуға болмайды. Қимыл, камера аз болуы мүмкін. Режиссура – режиссердің концепциясы. Рой Андерссон деген режиссер композицияны бір кадрмен қояды да, бүкіл сахнаны он минут түсіреді. Бәрінің режиссурасы мықты, өзінше кино тілі бар.
Дебют кинода кинорежиссердің тілі шыға қоймайды. Әділхан Ержановпен көп жұмыс істедім. Дебют фильмі "Риэлторда" стилистикасы басқа екенін байқайсыздар. Екінші фильмінен бастап өз-өзін қолға алып, ақыл тоқтатып, қай бағытта жүру керек екенін түсінді. Стивен Спилбергтің де бірінші киносында жас режиссерге тән максимализм сезіледі. Әсіресе, жас режиссерлер алғашқы киносында барынша үйренген түрлі кино аспаптары мен тәсілдерін қолданғысы келеді. Содан кейін ғана ойланып, дұрыс жол табады.
Оқи отырыңыз: Режиссер Дархан Төлегенов: Кино – иррационал өнер, екі элементті қосқанда не шығарын білмейсің
Бізде балалар киносы бар ма?
Балалар киносы Қазақстанда көптен түсірілмеді. "Off-line демалыс" атты қазіргі шақтағы жасөспірімдердің лагердегі өмірі туралы фильм шықты. Бұл Қырғызстанның режиссер-сценаристері түсірген "Айыл кемп" фильмінің франшизасы. Сол кезде олар жұмыс істеп жүрген продюсерлік орталыққа сценарийді алып келді. Қызық идея екен деп, балалар киносын түсіріп көрейік дедік. Эксперимент болды. Өте аз ақшаға түсірілсе де, көрермен ықыласына бөленді.
Режиссер Абдолла Қарсақбаев көзқарасы мен ұстанымын балаларға емес, үлкендерге астарлап, эпизод тілімен жеткізеді. Десе де ол балалар режиссері аталып кетті. Балалар киносы арқылы кесек ойларын жеткізген. Ал "Off-line демалыс" фильмін сол кездегі дүниемен салыстыруға келмейді. КСРО-дан кейін режиссерлеріміз бір-екі рет балаларға арналған кино түсіруге талпыныс жасап көрді. Фархат Әбдірайымов түскен "Сиқырлы демеуші" картинасын атауға болады. Кеңес одағы кезінде балалар киносына қаржы бөлінетін, кинотеатрлардан көрсетілетін. Қазір балалар киносын қолға алған ешкім жоқ.
"Off-line демалыс" жобасына сұраныс жақсы болды. Аз ақшаға түсірілгенмен прокатқа шығарып жақсы ақша таптық. Сол жылы екіншісін түсіре бастадық. Бірінші сценарий өте жақсы болды, өйткені Қырғызстанда көрсетілгеннен кейін Қазақстан қоғамына икемделіп жазылды.
Ал екіншісін тез ақша табу жолы ретінде тез-тез сценарий жазып, асығып аз уақыт ішінде түсірдік. Шыны керек, екінші фильм өзіме ұнамайды. Екі фильмде продюсерлердің бірі болды. Үшінші бөлімін басқа продюсер түсіріп жатыр. Бұл фильм бұрынғы киноға қарағанда астарлап жеткізбейді. Кішкентай балаларға өнеге көрсететін шығар. Балаларға арналған фильм болса да, отбасымен бірге попкорн жеп қарайтын кино.
Оқи отырыңыз: Ұлттық киноны қолдау орталығы енді фильмдерді қазақша дубляждауға қаржы бөледі
Мемлекет қолдауымен түсірілетін фильмдер қалай іріктеледі?
Бұрын жобалар "Қазақфильм" киностудиясына келетін. Сарапшылар кеңесі және басшылық жобаларды таңдайды. Қандай жобаны қажет екенін анықтау солардың қолдарында. Үкіметтің ұсынысына құлақ түреді. Мысалы, елбасының сол кездегі жолдауда айтқан жарқын-жарқын сөздерін алады. Ауыл мәселесін көтерсе, ауыл туралы жоба керек дейді. Шын мәнінде бір қағазға, заңға икемдеп жасай берген сияқты.
Бүгінге дейін түсіріліп келе жатқан фильмдерде ешқандай идеология жоқ. Қазіргі күнде оның болуы – міндетті.
Ұлттық киноны қолдау орталығы жобаларды іріктейді. Сарапшылар кеңесі жыл сайын ауысып тұрады. Орталық биыл балалар киносына қатысты жоба таңдаған жоқ. Балалар жылы елеусіз қалды. 64 жоба жастарға берілді дейді, бірақ жартысынан көбі деректі және қысқаметрлі фильмдер.