Тікелей эфир

Алматыда кино көру сауатын дамытуға арналған жоба басталды

Жобада "Менің атым Қожа", "Қилы кезең", "Отырардың күйреуі" секілді фильмдер талқыланады.

Режиссерлер мен кинотанушылар қазақ киносындағы міндетті түрде көруге тиіс 10 фильмді іріктеді. Бұл фильмдерді ұлттық фильмді дәріптеу, кино көру сауатын дамытуға арналған “QAZAQ KINOSY: TOP-10 FILM” жобасында мамандар талқылайды. 

Кино өнерінің көрерменге, тұтас қоғам дамуына әсері зор. Қазақстан топырағына кино өнері келгелі ғасырға жуық уақытта қазақ көрермендеріне қаншама фильм жол тартты, ұлттық киноқор байыды. Алайда бүгінгі буынның ұлттық кино туралы түсінігі қандай? Қазақ киносы қоғамдағы тарихи сәттерді қалай жеткізді, ұлттық сананың қалыптасуына әсері қандай болды, жалпы қазақ кино мектебі қалыптасты ма, оның ерекшелігі неде? Бұл туралы әңгімелер тек өнер саласындағы жеке кәсіби топтар арасында ғана айтылады. Ал негізгі аудитория – қазақ көрермені бұл туралы талқылаудан тыс қалады.

"Кейінгі жылдары телеарналарда кино талқылайтын бірнеше жоба шыға бастады. Бұл да киноның маңызды екенін көрсетеді. Кино – өнер ретінде үлкен құбылыс. Шын мәнінде тек көңіл көтеру құралы емес. Әрине, бұрын да, қазір де ешқандай мағынасыз, ойын күлкіге негізделген фильмдер болған. Бірақ олар лап етіп тек касса жинап, кинотеатр залында, теледидар алдындағы адамға бір сәттік эмоция беруі мүмкін. Осымен кинокартина аяқталады. Алайда қоғамдағы болып жатқан процестер сценарист, кинорежиссер ойымен тоғысқанда бірнеше буынға ой салар дүние өмірге келеді. Қазақ киносында мұндай фильмдер бар ма? Әрине, бар. Осы фильмдерді іріктеп, оларды талқылап, авторлардың айтқысы келгенін, сол кезең рухын сезіну үшін бәріміз фильмді бірге қарап, неге талқыламасқа деген ой туған еді", – деді жобаның авторы әрі жетекшісі Әннәс Бағдат.


Оқи отырыңыз: Режиссер Дархан Төлегенов: Кино – иррационал өнер, екі элементті қосқанда не шығарын білмейсің 


Жоба авторының сөзінше, қазақ киносының бүгінгі бағыт-беталысын айқындау немесе зерделеу үшін қазақ киносының тұтас картинасын, яғни кеңес дәуірінде фильмдерді постколониал теория тұрғысынан қайта қарастыру, ал тәуелсіздік кезеңінде түсірілген фильмдер отарлық санадан қаншалықты арылғанын әлеуметтік ғылымдар категорияларына сүйене отырып талқылау өте маңызды. Бұл жалпы көрерменге киноны ішкі – көркемдік эстетикасын және сыртқы – кино қоғам болмысының суреткері екенін түсінуге көмектеседі.

АҚШ Бас консулдығының баспасөз, мәдениет және білім жөніндегі кеңесшісінің орынбасары Чад Киннир мұндай жобалар қазақ тілі мен мәдениетін қолдау үшін маңызды дейді.

"Фильм әртүрлі тілде сөйлесе де, ұлттық, мәдени не әлеуметтік ортасына қарамастан барлық адам үшін мәні мен өзектілігі бір. Фильм шекарадан асып, ортақ құндылықтарымызды көрсетеді. Өзара түсіністікті дамытып, бізді жақындастырады. Қиын тақырыптарды қозғауға көмектеседі. Фильм қай тілде болса да көрерменге түсінікті болса, ол сапалы, ойлы фильм деген сөз. Біз Қазақстанның тәуелсіздігін, мәдениетін, қазақ тілін жақтағандықтан осы жобаны қолдап отырмыз", – деді Чад Киннир.

Кино – көрерменнің, бүтін бір буынның көзқарасын, дүниетанымын қалыптастыруға ықпал ететін үлкен күш. Жоба аясында іріктелген фильмдердің көбісін бір емес, бірнеше ұрпақ көрді. Қазақ киносының бүге-шігесін білетін кинотанушылар мен режиссерлер 1928-2021 жылдар арасында жарық көрген қазақ көркемсуретті толықметражды 10 фильмді іріктеді. Осы TOP-10 фильмді кино саласының мамандары мен әлеуметтанушы, тарихшы, саясаттанушы, ғалымдар талқылайды. Талқылауда кинотанушы мамандар кино теориясы контекстіндегі кино философиясын, автор айтқысы келген идеясын, көркемдік құндылығын жеткізеді. Ал ғалымдар, эксперттер бүгінгі күнмен байланысын, кеңес дәуірінде түсірілген фильмдерге постколониал теория тұрғысынан көзқарасын, тәуелсіздік кезеңінде түсірілген картиналардың қаншалықты отарлық бодандықтан арылғанын әлеуметтану, психоанализ, гендерлік теорияларға сүйене отырып талдайды. 


Оқи отырыңыз: "Бастау" фестивалінің отандық киноны дамытудағы үлесі қандай?


Жобаның алғашқы басқосуында халықаралық қатынастар саласындағы PhD докторы Ғалым Жүсіпбек және Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы "Кино тарихы мен теориясы" кафедрасының меңгерушісі, кинотанушы, PhD Баубек Нөгербек қазақ киносының классикасы – "Қыз Жібек" картинасын талқылады. Ғалым Жүсіпбек сындағы негізгі ой сын үшін емес, жалпы адамзаттың өркендеуі үшін қажет екенін айта кетті.

"Қыз Жібек" фильмін талқылауда ұлттық киноға анықтама беріліп, келесідей сұрақтар ортаға салынды: біз кинодағы қазақтың дәстүрі, өнері, тұрмыс тіршілігі арқылы ұлтымызды танимыз ба, әлде кинода жасалған ұлттық образға, құндылықтарға бүгінгі болмысымызды сәйкестендіреміз бе? "Қыз Жібек" кинокартинасы махаббат дастаны ма, әлде қазақтың тарихы мен саяси-әлеуметтік жағдайы көрсілетін туынды ма? Бүгінгі постколониал, феминистік теориялар тұрғысынан фильмге қатысты көзқарас пен пікірлер қандай? 

Жоба АҚШ-тың Қазақстандағы Дипломатиялық миссиясы мен Сhevron арасындағы Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік демеушілігімен және қолдауымен жүзеге асырылды. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары