
Соңғы жылдары Қазақстан азаматтары үшін маусымдық жұмысқа шетелге бару танымалдылығы едәуір артты. Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Личтің айтуынша, 2019 жылы тек төрт қазақстандық маусымдық жұмыс визасын алған болса, 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл көрсеткіш 4400-ден асты. Бұл цифр маусымдық жұмысқа деген қызығушылықтың қаншалықты артқанын көрсетеді. Дегенмен, әр елдің заңы әртүрл, сол себепті алаяқтардан сақ болып, бәрін мұқият тексерген жөн. Осы ретте Informburo.kz маусымдық жұмысқа қатысты пайдалы түсіндірме жасады.
№1. Маусымдық жұмыс деген не
Маусымдық жұмыс – белгілі бір уақыт аралығында, әдетте 3-6 айға жалданатын уақытша жұмыс түрі. Мұндай жұмыс түрлері көбіне климатқа, ауыл шаруашылығының кезеңдік ерекшеліктеріне және туризмнің белсенді уақытына байланысты пайда болады. Қазақстандықтар маусымдық жұмысқа көбінесе Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Польша, Чехия сияқты елдерге жиі барады.
№2. Қандай маусымдық жұмыс түрлері бар
- Ауыл шаруашылығы – егін жинау, жеміс теру, көкөніс сұрыптау, жылыжайда жұмыс істеу және т.б.
- Қаптама және өндіріс – көкөніс, ет, балық немесе азық-түлік өнімдерін қаптау және сұрыптау және т.б.
- Қонақүй және қызмет көрсету – бөлме жинау, тазалық, даяшы, аспаз көмекшісі және т.б.
- Құрылыс және жөндеу жұмыстары – құрылысшы, қара жұмыс, көмекші жұмысшы және т.б.
- Туризм және демалыс саласы – қызмет көрсету, аттракцион, гид көмекшісі және т.б.
№3. Маусымдық жұмысқа кімдер бара алады
Кандидаттарға қойылатын талаптар нақты вакансия мен жұмыс істейтін елге байланысты болады. Дегенмен, бірнеше ортақ талап бар:
- Жұмыс түріне байланысты 18-60 жас аралығындағы адамдар шақырылады.
- Көптеген маусымдық жұмыс үшін шетел тілін білу міндетті емес, бірақ негізгі тілдік дағдылар артықшылық болуы мүмкін.
- Көп жерде жұмыс тәжірибесі талап етілмейді, бірақ тиісті тәжірибе жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырып, жалақы деңгейіне әсер етуі мүмкін.
- Көптеген маусымдық жұмыстар физикалық еңбекті қажет етеді, сондықтан жақсы денсаулық пен төзімділік маңызды көрсеткіш саналады.
№4. Қазақстан азаматтары маусымдық жұмыс визасымен қай елдерге бара алады
- Ұлыбритания (Англия) – маусымдық жұмыс визасымен тек ауыл шаруашылығы саласында, оның ішінде жидек, көкөніс жинау және салат фермаларында жұмыс істеуге болады.
- Оңтүстік Корея – келісім негізінде ауыл шаруашылығы мен балық шаруашылығына маусымдық жұмыс күшін қабылдайды.
- Польша – ауыл шаруашылығы, өндіріс және қызмет көрсету саласында маусымдық жұмыс визасы немесе ұлттық виза арқылы жұмысшылар қабылданады. Мысалы, құс етін өңдеу зауыттарында немесе қоймаларда жұмыс істеу.
- Чехия – өңдеу өнеркәсібі, қаптама, тазалық және басқа да бағыттарда маусымдық жұмысшыларды шақырады.
- Литва, Латвия, Венгрия, Болгария – осы елдерге маусымдық визамен түрлі өндіріс салаларында жұмыс істеуге болады. Мысалы, Литвада ағаш дайындаушы, тас қалаушы және дәнекерлеуші сияқты жұмыс орындары қолжетімді.
- Финляндия ауыл шаруашылығы мен туризм саласында маусымдық жұмыс ұсынады.
№5. Қандай құжаттар қажет
Шетелде заңды түрде жұмысқа орналасу үшін бірнеше құжат қажет:
- Қазақстан паспорты;
- Фотосуреттер;
- Медициналық анықтама;
- Түйіндеме;
- Кейбір жағдайларда сотталмағаны туралы анықтама қажет болады.
№6. Маусымдық жұмысқа барар алдында не білу керек
Маусымдық жұмысқа кетпес бұрын заңды және қауіпсіз жолмен бару үшін келесі маңызды мәселелерге назар аударыңыз:
Визаның түрі мен шарты: Жұмыс істеу үшін арнайы маусымдық жұмыс визасы қажет. Туристік визамен шетелде жұмыс істеу – заңсыз және бұл үшін жауапкершілікке тартылуыңыз мүмкін. Әр елдің визалық талабы әртүрлі болғандықтан, визаны рәсімдеу кезінде нақты құжаттар мен шарттарды біліп алыңыз. Ешқашан бейтаныс тұлғалар арқылы виза рәсімдемеңіз. Виза мен жұмысқа байланысты төлемдер туралы түбіртек, чек сұраңыз және сақтаңыз.
Жұмыс беруші туралы ақпарат: Жұмыс ұсынған компания немесе ұйымның заңды тіркелгеніне, ресми сайт пен байланыс құралдарының бар-жоғына көз жеткізіңіз. Жұмсықа шақырып отырған елдің лицензиясы мен бизнес тіркеу нөмірін сұрауға толық құқығыңыз бар. Келісімшартқа қол қоймас бұрын жұмыс орнын, еңбек шарттарын, жалақыны нақтылап алыңыз.
Шақырту құжаты (invitation letter): Бұл құжатта сіздің нақты қандай жұмыс істейтініңіз, жұмыс орнының мекенжайы, жұмыс мерзімі, жұмыс сағаты, жалақы мөлшері және қандай жағдайлар қарастырылғаны нақты көрсетілуі тиіс. Құжатта жұмыс беруші компанияның мөрі мен қолы болуы керек.
Қауіпсіз байланыс арналарын қолданыңыз: Сізге жұмыс ұсынатын агенттік немесе жұмыс беруші туралы ақпаратты тексеріңіз. Келісімшартты тек ресми байланыс құралдары мен сайттар арқылы рәсімдеңіз.
Тұрғын үй шартын тексеріңіз: Сіз тұратын үйдің жағдайын мұқият тексеріңіз. Жылыту жүйесінің жұмыс істеп тұрғанын, қауіпсіздік шараларының сақталуын (өрт қауіпсіздігі, шығу жолдары) және сізге берілетін үйде қанша адам тұратынын біліп алыңыз. Қосымша бөлмелердің немесе орындардың заңды екеніне көз жеткізіңіз.
Қазақстандағы делдал агенттік: Шетелге жұмысқа жіберетін агенттік ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің лицензиясын алған ба, тексеріп алыңыз. Лицензиясы жоқ делдалдарға сенбеңіз. Жеке басыңыздың қауіпсіздігі үшін тек ресми және сенімді агенттіктермен жұмыс істеу қажет. Агенттікпен келісімшарт жасағанда барлық шарттарды мұқият оқып шығыңыз, қажет болса, заңгерден кеңес алыңыз.
Медициналық сақтандыру: Шетелде жұмыс істейтіндер үшін медициналық сақтандыру өте маңызды. Бұл сақтандыру аяқ астынан жарақат алған немесе ауырып қалған жағдайда медициналық шығындарды жабуға көмектеседі. Қандай медициналық қызметтер қамтылатынын алдын ала анықтап алыңыз.
Келісімшартты алдын ала оқып шығыңыз және көшірмесін сақтаңыз: Келісімшартты толық оқып, түсінбеген тұстарын міндетті түрде анықтаңыз. Қажет болса, кәсіби аудармашыдан немесе заңгерден көмек алыңыз. Құжаттың көшірмесін өзіңізбен алып жүріңіз және тағы бір көшірмесін отбасыңызда қалдырыңыз.
Тіл үйрену және мәдени ақпарат: Бара жатқан елдің тілінде қарапайым деңгейде сөйлей алу жұмыс орнында және күнделікті өмірде өзіңізді сенімді сезінуге көмектеседі. Сондай-ақ жергілікті заңдар мен еңбек мәдениетін алдын ала зерттеп алыңыз. Бұл сізге ортаға тез бейімделуге көмектеседі.
Алаяқтардан сақтаныңыз: "Жұмысқа орналастырамыз" деген желеумен алдын ала ақша сұрайтын адамдардан сақ болыңыз. Олар көбіне алаяқтар болып шығуы мүмкін. Ресми жұмысқа орналасу үшін жұмыс беруші ешқашан алдын ала ақшаны талап етпеуі керек. Шынайы жұмыс беруші келісімшартты ресімдеп, заңды талаптарды сақтайды.
№7. Қандай қауіпсіздік талаптарын сақтау қажет
Маусымдық жұмысқа шыққан кезде өзіңіздің және құжаттарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте маңызды. Бұл үшін бірнеше негізгі қауіпсіздік шараларын сақтау қажет:
Паспорттың және келісімшарттың көшірмесін отбасыңызда қалдырыңыз: Құжаттарыңыз жоғалған жағдайда немесе қиындықтарға тап болғанда, отбасыңызда қалған көшірмелер көмектеседі. Құжаттардың түпнұсқасы мен көшірмесін бөлек сақтаңыз.
Құжаттардың цифрлық көшірмесін жасап алыңыз: Алдын ала барлық маңызды құжаттарыңыздың көшірмесін электронды түрде Google Drive, iCloud немесе email-ге сақтап қойыңыз. Бұл оларды жоғалтып алсаңыз, қайта қалпына келтіру кезінде өте пайдалы болады.
Құжаттарыңызды ешкімге бермеңіз: Маусымдық жұмысқа байланысты сіздің жеке құжаттарыңыз (паспорт, келісімшарт, медициналық сақтандыру) тек жұмыс берушіге ғана берілуі керек. Әрқашан жеке құжаттарыңызды өзіңізде сақтаңыз және ешкімге бермеңіз.
Телефоныңыз әрдайым қосулы болсын: Егер сізбен байланысқа шығу қиын болса немесе төтенше жағдай туындаса, жақындарыңызға хабарласу мүмкіндігіңіз болуға тиіс. Тұрақты түрде телефон немесе интернет арқылы байланыс орнатып тұрыңыз.
Қайтар билеттке жететін қаржы дайындап қойыңыз: Кей жағдайда жұмыс мерзімі қысқарып кетуі мүмкін немесе жұмыс берушімен келісе алмай қалуыңыз мүмкін. Осындайда қайту билетін сатып алуға немесе өзгертуге қаражат дайын болсын. Кем дегенде бір бағытқа жететін соманы жеке шотта сақтаған дұрыс.
№8. Құжаттарды жоғалтып алған жағдайда не істеу керек
Паспорт, еңбек келісімшарты немесе өзге де маңызды құжаттар шетелде жоғалып кетсе, жылдам әрекет ету керек.
Жұмыс берушіге және сізді осы жұмысқа шақырған бағдарлама операторыңызға дереу хабарласыңыз: Олар жергілікті билік органдарымен байланысуға, құқықтық кеңес беруге немесе уақытша қолдау көрсетуге көмектесе алады.
Жергілікті полицияға шағым түсіріңіз: Ең жақын полиция бөлімшесіне барып, құжаттардың жоғалғаны туралы ресми түрде хабарлаңыз. Полиция сізге жоғалған зат туралы анықтама береді. Бұл құжат жаңа паспорт рәсімдеуде, сақтандыру төлемін алуда немесе елшілікке барғанда қажет болуы мүмкін.
ҚР Елшілігіне немесе консулдығына жүгініңіз: Құжаттардың жоғалғанын хабарлап, жаңа паспорт немесе уақытша қайту сертификатын (Return Certificate) рәсімдеңіз.
Жеке деректер мен қаржы қауіпсіздігін қорғаңыз: Егер жоғалған құжаттармен бірге банк картасы, жеке сәйкестендіру нөмірлері немесе телефон да жоғалсағ банк картасын дереу бұғаттаңыз, банкке немесе төлем жүйесіне хабарласыңыз, телефон арқылы тіркелген маңызды сервистердің құпиясөздерін ауыстырыңыз.
Құжаттарды цифрлы көшірмесімен растаңыз: Құжаттарды қайта қалпына келтіру кезінде цифрлы көшірмесінің пайдасы көп.
№9. Еңбек құқығы бұзылған жағдайда не істеу керек
Шетелде жұмыс істегенде еңбек құқығыңыз бұзылса, мысалы, уәде етілген жалақы төленбесе, жұмыс уақыты заңсыз ұзартылса, немесе еңбек жағдайы адам төзгісіз болса, төмендегі әрекеттерді жасаңыз:
Алдымен жұмыс берушімен тікелей сөйлесіңіз: Кейбір мәселелерді жұмыс берушімен ашық сөйлесу арқылы шешуге болады. Егер жұмыс берушімен әлеуметтік желі немесе электрон пошта арқылы сөйлессеңіз, нақты сұрақ қойып, жауабын сақтап қойыңыз. Бұл кейін сізге дәлел ретінде керек болуы мүмкін.
Жергілікті еңбек инспекциясына шағым түсіріңіз: Көптеген елде еңбек қатынастарын бақылайтын арнайы инспекциялар бар. Олар сіздің арызыңызды қабылдап, заң бұзушылықты тексеруі тиіс. Еңбек инспекциясын google сияқты іздеу жүйесінен: [Labour Inspectorate + ел атауы] деп іздеңіз.
Елшілікке немесе консулдығына хабарласыңыз: Егер мәселе шешілмесе немесе қысым көрсеңіз, сол елдегі ҚР дипломатиялық өкілдігіне жүгініңіз. Олар құқықтық кеңес беріп, қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарымен байланысуға көмектеседі. Елшіліктер тізімі мына жерде.
Егер жағдай адам саудасына немесе мәжбүрлі еңбекке байланысты болса: Егер құжаттарыңызды алып қойса, зорлық көрсетілсе, ақша бермей жұмыс істеуге мәжбүрлесе – бұл Human Trafficking немесе Labour Exploitation (еңбек қанауы) деп аталады. Мұндай жағдай қылмыстық іс ретінде қарастырылады, сондықтан дереу полицияға немесе елшілікке хабарласыңыз. Сонымен қатар Еуропаның бірнеше елінде адам саудасына қарсы жұмыс істейтін La Strada ұйымдарына жүгінуге болады.
Оқи отырыңыз: Шетелде адам саудасының құрбаны болмау үшін қалай сақтану керек? Құқық қорғаушылар түсіндірді
№10. Виза мерзімі аяқталған соң не істеу керек
Маусымдық жұмыс визасының өз шектеулері бар. Әдетте, бұл виза 3-6 айға ғана беріледі және тек көрсетілген жұмыс беруші мен салада еңбек етуге рұқсат береді. Виза мерзімі біткен соң, келесі қадамдарды есте ұстау өте маңызды:
Елден уақытында шығыңыз: Виза мерзімі біткен соң шетелде қалу көші-қон заңын бұзу болып саналады. Бұл келешекте сол елге қайта кіруге, тіпті басқа елдерге баруға кедергі болуы мүмкін. Сондықтан визаның аяқталатын күнін естен шығармаңыз.
Қайту билетін ертерек алыңыз: Қайту билетін виза мерзімінің соңына жақын күнге сатып алыңыз. Күтпеген жағдайлар үшін билетті 1-2 күн бұрынға алған тиімді.
Егер жұмысыңыз бітпей қалса: Жұмыс берушіге виза мерзімі аяқталуға жақын екенін ескертіңіз. Кей елде виза мерзімін ұзарту мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін жұмыс беруші арнайы сұраныс жасап, жаңа шақырту бере алады. Бірақ бұл әр елдің көші-қон ережесіне байланысты өзгереді.
Виза мерзімі өтіп кетсе, елшіліктен көмек сұраңыз: Егер уақытында елден шыға алмай қалсаңыз (мысалы, билет болмады, ауырып қалдыңыз т.б.). Қазақстан елшілігіне немесе консулдыққа дереу хабарласыңыз. Олар заңды жолмен елден шығу процесін түсіндіріп, қажет жағдайда уақытша құжат рәсімдеуге көмектеседі.
Виза мерзімі аяқталғаннан кейін жасырын жұмыс істемеңіз: Мұндай жағдайда еңбек құқығыңыз қорғалмайды, әрі депортация қаупі бар.