Тікелей эфир

"714 мың құжат әлі құпия". Қуғын-сүргін мен ашаршылық тарихы қалай зерттеліп жатыр?

Ғалымдар ол деректердің ашылғанын күтіп отырмай, зерттеуді жалғастыра беру керектігін айтады.

Қазақ жерінде болған ашаршылықтан 3 миллионға жуық халық қырылды. 1937-38 жылдары 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Архивтерде әлі миллионға жуық құжат ашылмаған. Бұл деректер елордадағы Ұлттық академиялық кітапханасында қуғын-сүргін қасіретіне орай өткен "Ақмола өңірдіндегі қуғын-сүргін қасіреті" атты ғылыми тәжірбиелік конференцияда аталды.

Informburo тілшісі конференцияда сөйлеген тарихшылар мен ғалымдардың, қонақтардың пікірін жазып алды.

"Жас ұрпақтың қаперіне салып отыру керек" 

Нұртөре ЖҮСІП, Сенат депутаты:

– Арқаның төсінде өсіп тұрған бидайдың әр сабағын кешегі аштықтан қырылған арыстарымыздың, азаматтардың сүйегінің үстіне шығып тұрған дән деп қабылдау керек. Қазақ дәнді, қиқымды далаға тастамаған. Әжелеріміз, аталарымыз дастархандағы қиқымды алақанға салып, нанның қадір-қасиетінің қандай екенін бойымызға сіңіріп кетті. Сондықтан да 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандары мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленген.

Еврей жұрты Екінші жаһандық соғыста 6 миллион азаматынан айырылып қалдық деп, жыл сайын қасірет күнінде бір минут үнсіздікпен еске алады. Бүкіл еврей атаулы қай елде, қай жерде, қандай жұмыс істеп жүрсе де, дәл сол белгіленген күні, белгіленген уақытында орнынан тік тұрып, тағзым етеді.

Біз әлі күнге дейін ашаршылық құрбандарының толық санын анықтап шығарған жоқпыз. Бір дерек 2,5 млн халық дейді, бір дерек 3 млн дейді, тағы бірі 4 млн-ға жуық дейді. Өткен ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы "Әлһамдулилла, 6 млн қазақпыз" деп айтқан. Енді соның тең жартысы қырылды десе, 3 миллионға ресми тоқтап, аза тұту күнінде сонша азаматымыздан, арыстарымыздан айырылдық деп, жас ұрпақтың қаперіне салып отыру керек сияқты.

Өйткені, кешегі Алматыда болған концертте көк Туымыздың қандай келемежге ұшырап, бейәдеп сөздермен концерт беріп жатқанын көрдіңіздер. Осындай ұрпақ өсіп келе жатыр. Нанның, елдің, мемлекеттің, Тудың қадірін білмейтін, тәуелсіздіктің қадірін түсінбейтін ұрпақтардың төбе көрсетуі – бәріміз үшін қасірет. Біз кешегі қасіретті айтамыз. Қазіргі ұрпақтың санасы солай кететін болса, олардың намысы болмаса, елдікті, мемлекеттікті құрметтейтін болса, бұл бізге үлкен сын болады. 


Оқи отырыңыз: Гарвард профессоры Нұрлан Кенжеахмет: Қазақ тарихының тағдыры ел ғалымдары мен үкіметінің қолында


"Репрессияның үш миллионға жуық құрбаны әлі ақталмаған"

Сабыр ҚАСЫМОВ, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі, саясаттанушы, заң ғылымдарының кандидаты:

– Бұрын қуғын-сүргін құрбандарын ақтау процесі жоғары жақтан жүретін. Билік қай категорияны, қай зардап шеккендерді ақтау керек деп санаса, солар ақталынған. Әрине, көп жұмыс жасалды, 125 мың адам ақталды. Ал жалпы алғанда топпен атылғандар, мәжбүрлі түрде қоныс аударғандар – бәрін қосқанда 350 мыңнан астам зардап шеккендер ақталды. Қазір біз соны жан-жақты зерттеуге кірістік.

Мемлекеттік комиссия біраз жұмыс жасады. Соның ішінде 2 млн-нан астам бұрын құпия болған архивтерді аштық. Сол архивтерді инвентаризация жасадық, анықтадық, жаңа арнайы қор құрдық. Осы күнге дейін ақталмаған 250 мың кісі ақталды. Оның көбі – мәжбүрлі түрде қоныс аударған, депортацияланған халық.

Жалпы кеңес үкіметінің 37-38 жылдарда жасаған репрессиясы үлкен террор деп аталып жүр, жан-жақты зерттелді. Қазақ халқына жасалған ең үлкен террор, ең үлкен қасірет 28-30 жылдарда болған. Сол кезде репрессия, аштық салдарынан халқымыздың жартысынан айырылып қалдық. Қоғамда бір жалған пікір бар. Көбі 3-4 млн адам аштықтан қырылды деп ойлайды. Олай емес. Көбі репрессиядан кетті. Біз соны анықтап жатырмыз.

Бәрі кәмпескеден басталды. Байлардың, шаруалардың қолда бар мүлкін тартып алды. Ахмет Байтұрсынұлы оны 1917 жылы Ресейде болған мемлекеттік төңкеріспен салыстырып, қазақ жеріндегі бірінші мемлекеттік төңкеріс деп атаған. Артынан ұжымдастыру, отырықшылыққа үйретудің бәрі зорлық-зомбылықпен, халықтың мүддесіне қарсы жүрді. Сол кезде көп халық қырылған. Біздің комиссия соның бәрін ескеріп, зерттеп, репрессияның үш миллионға жуық құрбаны әлі ақталмағанын анықтады. Әлі бір млн-ға жуық архив ашылған жоқ. Біздің мемлекеттік комиссия осы бағытта жұмыс істеп жатыр. 


Оқи отырыңыз: Саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты жаңа құжаттар табылды


"Архивтерде 714 мың құжаттың әлі "құпия" грифы алынбаған"

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Қазақтың рухын көтеріп, қазаққа бүкіл халқын жақсы мағынада ұлтшыл қылып, қазақ мектебіне баратындай, ертең өзінің аты-жөнін өндейтіндей, тарихын қалпына келтіретіндей қимылдарды жасайтын заман келді. Әрине, мемлекет тарапынан да көп жұмыс жасалып отыр. Бірақ, мемлекетке қарай бермей, ел азаматтары өздері талпынып, қимылдауы керек деп ойлаймын.

Шынын айту керек, соңғы уақытта бір елде кеңес үкіметін қалпына келтіреміз деген қимылдар жасалып жатыр. Кеңес үкіметі қалпына келу керек пе, керек емес пе? Залда отырғандардың біразы сол 70-80 жылдарды есіне алады да, сол кезде оқу тегін, ем тегін, парақорлық аз болғанын есіне алады да, сол кезді аңсайды. Бірақ, егер де сол билік бір адамдың жанын заңсыз алса, ол мемлекет те заңды емес, ондай мемлекет өмір сүрмеуі керек деп ойлаймын.

Неге ол мемлекетті аңсамауымыз керек? Біріншіден, 1921-1922 жылдары қазақ жерінде 1 миллиондай халық аштан қырылыпты. Одан кейін 1928 жылы 1054 бай отбасының малын тәркілеп, отбасын итжеккенге немесе басқа өңірлерге айдатып, қазақтың жерін талан-тараж қылды.

НКВД дерегінше, 1931-1933 жылдар арасында қазақ даласында 2,5 млн-дай адам қырылған. Оның өзін "толық емес" мәлімет деп ұсынған. Кей зерттеушілер ашаршылықта 4 млн-ға дейін қазақ қырылғанын айтады. Мүмкін. НКВД-ның өзі толық емес мәлімет бойынша 2,5 млн адам қырылды деп тұрса, менің ойымша, одан да көп адам қырылған болуы мүмкін.

Ал 1937-38 жылдары 100 мыңның үстінде адам қуғын-сүргінге ұшырады дейміз. Қазір архивтерде 714 мың құжаттың әлі "құпия" грифы алынбаған. Олар ашылса, цифрлардың көкесі сонда көрінеді. Бірақ олар қашан ашылады деп күтіп отырғанша, жасы 90-нан асқан қариялармен сөйлесіп, қанша адам, қандай жағдайда аштан қырылды немесе саяси қуғын-сүргінге ұшырады деген сипатта әңгімелерін жазып алу керек.

Үлгі ретінде айтайын, бір кісі бар, бір өзі жамбылдық қариялардың осындай ашаршылық туралы деректерін жазып алып, үш томдық кітап шығарды. Қазір статистика бойынша жасы 90-нан асқан кісілердің саны 30 мыңға жуық екен. Солардың бәрімен сөйлесіп, есінде қалған естеліктерін жазып, мәліметтерді топтастырсақ, қазақтың трагедиясын көрсете алатын едік. 


Оқи отырыңыз: Шымкентте жол құрылысы астынан саяси қуғын-сүргін құрбандарының сүйектері табылды


"Аштықтың астарында қандай саясат болғанын ешқашан ұмытпауымыз керек"

Мақсат АЛПЫСБЕК, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы:

– Егер біз тарихтан тәлім алмасақ, жиындарымыздың еш мәні жоқ. Жылап-сықтап, болған жайтты айта берудің мәні қандай? Мемлекеттің түзелуі әрқайсымыздың мойнымызда. Архив құжаттары әлі ашылады. Бұл – тарих.

Жақсы мемлекеттердің архивтері ешқашан жабық болмайды. Неге? Өйткені жақсы мемлекеттердің архивінде мемлекеттердің даму тарихы жатады. Ол қалай ел болды, қалай гүлденді, қалай әлемде озық ел қатарына енді деген мәліметтер жатады. Ал тозық мемлекеттердің архиві үнемі жабық жатады. Неге? Өйткені, тозық мемлекеттердің архивтерінде үкіметтің өз халқына жасаған қылмыстарының дәлелдері жатады. Сол дәлеледерді көрсетпес үшін олар архивті жауып, жасырып, халыққа көрсеткізбейді.

Қазіргі Қазақстанның құқықтық тұрғыда Кеңсе одағының архивтерін күзетіп отыратын құқысы жоқ. Өйткені Кеңес одағы басқа мемелкет болған. Ол қазір тарихта жоқ. Біздің мемлекет бүгінде жоқ мемлекеттің құпиясын сақтап отыр. Қандай негізде сақтап отыр? Сенің мемлекетің 1991 жылы құрылған. Ендеше, оған дейінгі мемлекеттің құжаттарына қандай қатысың бар деген сауал туындайды. Не үшін күзетіп отырасың? Не үшін ол халықтың игілігіне берілмейді? Франция, Германия сынды әлемнің көптеген елінде оны жауып тастамақ түгілі, цифрландырып, интернет арқыл жария етіп қойған. Қандай құжат алғыңыз келсе, ала аласыз.

Біз Шортанды ауданында аштық қалай болғанын сұрастырдық. Сол жақта Егемен деген ауыл бар, бұрын  Голощекин деп аталған екен. Сонда аштықтан қазақтар 100 пайыз қырылып қалған. Екі-үш адамның ғана ұрпағы бар. Солар халықтың кезінде қалай қырылып қалғанын айтып отыр. Сол жылдары қазақтардан босаған жерлерге  поляктарды, басқа халықтарды жер аударып әкелген.

Бүгінгі күні біреулер "Біз келгенде қазақтың даласы елсіз жатқан, адам болмаған" деп айтады. Ол бос жатқан жер емес еді. Олар келгенге дейін қазақты қырып салған. 44 млн малын тартып алып, аштық ұйымдастырып, жерді қазақтан босатқан соң, әртүрлі халықты әкеліп қоныстандыруға ниеттенген саясат жатқанын біз ешқашан ұмытпауымыз керек. 


Оқи отырыңыз: "Бір жылда 12 ғасыр тарихын оқиды". Алматылық ұстаз оқу бағдарламасын өзгертуді ұсынды


 

Серіктестер жаңалықтары