Тікелей эфир

Гарвард профессоры Нұрлан Кенжеахмет: Қазақ тарихының тағдыры ел ғалымдары мен үкіметінің қолында

Ғалым Қазақстанның тарихи географиялық картасын сызу ауадай қажет екенін айтады.

Қазақ тарихшысы Нұрлан Кенжеахмет соңғы 9 жылда Германияда Қазақстан тарихына қатысты зерттеулермен айналысқан. Ал 2021 жылдың басынан бері АҚШ-тағы Гарвард университетінде Еуразияның тарихи географиясын сызуға атсалысып келеді. Оның зерттеу фокусына XVII-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығының географиялық жер атаулары кіреді.

Тарихшы Нұрлан Кенжеахмет

"Қазақстанның тарихи географиялық картасына бұрын қазақ халқына қатысы болған барлық тайпа және ұлт территорияларының барлығын кіріктіріп сызу керек", – дейді ғалым.

Оның ойынша, Қазақ тарихы қазіргі Қазақстан территориясымен шектелмеуі тиіс.

"Мысалы, Батыс Түрік қағанатының астанасы Суяб қаласы қазіргі Қырғызстан территориясында жатыр. Бұл қазіргі Қырғызстан елінің тарихына тиесілі деп, оны зерттемей қоймауымыз қажет. Сақтар мен ғұндарға бармай-ақ, түркілердің иемденген жерін зерттесек, жетіп жатыр. I-II ғасырлардағы қытай жазба деректеріне қарасақ, үйсіндер бүгінгі қазақ жерінен бөлек, Шыңжаң, Жоңғар ойпаты және Қырғызстан территорияларын иемденген. Бұл біздің тарихымыздың айырылмас бөлігі және оны зерттеу қажет", – дейді ол.

Қазақстанның тарихи географиясы

Нұрлан Кенжеахмет Қытай Халық республикасына қарасты Шыңжаң автономды ауданында дүниеге келген. Ол Пекин университетінде археология бойынша PhD кандидаты болып жүріп, Қырғызстанның Тоқмақ қаласының маңындағы көне Суяб қаласының қалдықтарын зерттеген. Нұрлан ғылыми деңгейін алғаннан кейін Суяб қаласына қатысты монографиясы қытай және жапон тілдерінде басылады.

Ол 2008 жылы Қазақстанға алғаш қоныс аударған кезде, жер атауларының тарихы негізін зерттеуге ден қойғанын айтады. Десе де, оның ғылыми жобасы түрлі себептермен қаржылай қолдау таппаған.

"Германияның Бонн университетінде де Қазақстанның тарихи географиясын жасаумен айналыстым. Ол жерде картаның орта ғасырлардағы бөлігін біткен соң, соңғы бөлігін Назарбаев университетінде жүріп жасауды жоспарлап едім. Бірақ, ол тағы да қолдау таппады", – дейді ғалым.

Нұрлан Кенжеахмет Германияда еңбек етіп жүріп, 2016 жылы елордадағы Назарбаев университетіне қонақ профессор ретінде шақыру алады. Ол еліміздің солтүстігіндегі жер атауларының тарихи негізін зерттеу үшін Қазақстан ғылым және білім министрлігіне жоба ұсынады. Жобасы белгілі бір себептермен өтпей қалған. Енді сол картаның XVII-XIX ғасырлардағы топонимикасын Нұрлан Кенжеахмет қазір Гарвардта жүзеге асырып жатыр екен.

Тарихи географиялық картаның маңызы не?

Ғалым Кенжеахметтің айтуынша, қазақ әлемнің геосаяси сахнасында өз жерінің суверенитетін сақтауы үшін тарихи жер атауларына негізделген географиялық картасын сызуы тиіс.

"Мысалы, Еуропада фашистік Германия өктемдігі күшейгенде Гитлер Аустрия кезінде немістердің құрамында болды деп басып алды. Қазіргі таңда, Қытай билігі Оңтүстік Қытай теңізіндегі аралдарға өктемдігін жүргізіп жатыр. Олардың Қазақстан жеріне де қызығатыны бар", – дейді ол.

Нұрлан Кенжеахмет айтуынша, 1970 жылдары Қытай мен КСРО қарым-қатынасы нашарлаған кезде, Мао Цзедунның бастамасымен Қытайдың тарихи географиялық картасы сызылған.

"Бұл КСРО тарапынан төнуі мүмкін қауіптен сақтану мақсатында жасалды. Қытайдың тарихи атласы Тан Цисян (Tan Qixiang – ред.) есімді ғалым жетекшілігімен құрамдалды. Ол әлі күнге дейін Қытай үкіметінің геосаяси жүрісіндегі маңызды тарихи атлас", – дейді ол.

Гарвард ғалымы аталмыш Қытай атласына қазіргі Қазақстан территориясында Балқаштың оңтүстігі мен шығыс бөлігі кіріктірілгенін айтады.

"Қытай ғалымдары Жетісу аймағын жоңғарлар уақытша жаулап алған кезін негізге алып, аймақты өзінің тарихи географиялық картасына енгізіп отыр. Шын мәнінде, Жетісу аймағында ертеректен қазақ тайпалары өмір сүрген. XVIII ғасырда Абылай хан Балқаштың оңтүстігі мен шығысын қайта Қазақ хандығына енгізгенде, қазақ тайпалары қайта келіп орнықты. Сондай-ақ, қазақтың кейбір хандары "қазақ және қалмақ ханы" деген статусқа ие болғанын білеміз. Мұның өзі қалмақтардың қытайға емес, қазаққа жақын болғанын білдіреді", – дейді ғалым.

Ғалым қазақ жер атауларының жоңғар не моңғол тілдерінен шығуынан қорықпау керек екенін айтады.

"Талдықорған шығысындағы Ақсу дейтін жердің жоңғарша аты "Цаған усу" болды. Аударсаңыз, Ақ су дегенді білдіреді. Осы және өзге де Жетісу аймағындағы түрікше жер атаулары швед картографы Иоганн Густав Ренат сызып кеткен картада көрсетілген. Ол бізге "Ренат картасы" атымен белгілі. Ал арғы шығу тегі түркі тілдерінен екенін ертеректегі қытай картографтарының еңбектерінен таба аламыз. Ол кездегі тарихи еңбектер саяси тұрғыдан бұрмаланбады. Сондықтан негізге алуға болатын әділ дерек деп қабылдай аламыз", – дейді Нұрлан Кенжеахмет.

Густав Ренаттың Жетісу картасы. Фото: goran.baarnhielm.net

Ғалымның ойынша, болашақта Қазақстан суверенитетіне нұқсан келтіретін кез келген территориялық даудың туындамауы үшін еліміздегі топинимикалық атаулардың шығу тегін зерттей отырып, тарихи географиялық картасы жасалуы тиіс.

"Содан кейін жер аттарының тарихи атауларын қайтару керек. Мысалы, XVII-XVIII ғасырлардағы қытай, манчжур және еуропа саяхатшыларының карталарында Атырау Ойшық делінсе, Орал қаласы Теке, ал Петропавл Қызылжар деп аталған", – дейді ол.

Гарвард ғалымының айтуынша, еліміздегі тек үлкен қалалар емес, шағын қала және ауыл аттарына да бұрынғы атауларын қайтару керек.

"Мысалы, француз картографы Жан Батист де Анвильдің 1753 жылғы Сібір картасында қазіргі Павлодар қаласының жанындағы Железинка ауылы Темірқау деп берілген. Қазақта темірдің балқытатын пештерді қау деп атаған. Жер атауы содан келіп шыққан", – дейді ол.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары