Тікелей эфир

2024 жылы шетелден көлік әкелу үшін қанша ақша қажет?

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Көлікті тіркеу үшін бастапқы тіркеу және утиль алымдарын төлеу қажет.

2024 жылы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері өзгерді. Биыл оның құны 3692 теңгеге тең. АЕК өскен сайын автокөлікті тіркеу, утиль алымын төлеу де қымбатқа түседі. Осы орайда Информбюро порталы шетелден биыл автокөлік әкелу құны қанша тұратынын есептеп көрді.

Бастапқы тіркеу алымы

Шетелден әкелген көлікті Қазақстанда тіркеу үшін, яғни оны есепке қою үшін бастапқы тіркеу алымын төлеу қажет. Алым мөлшеріне мотор көлемі әсер етпейді. Қозғалтқыш түріне және көліктің шыққан жылына қарай есептеледі. Көлік ескі болған сайын төлем де қымбаттай береді. Шыққан жылы ретінде зауытта жапсырған тақтайшадағы (бирка) күні есептеледі.

Мысалы, M1 категориясындағы дәстүрлі қозғалтқышы бар 2021 жылы шыққан Toyota Camry-ді тіркеу үшін 500 АЕК, яғни 1 846 000 теңге төлеу қажет.  Ал 2022 жылы шыққан Toyota Camry-ді тіркеу құны 50 АЕК немесе 184 600 теңгеге тең. 2023 жылы және биыл шыққан көлікті тіркеуге бар-жоғы 923 теңге (0,25 АЕК) кетеді. 

Дәстүрлі қозғалтқышы бар жеңіл көліктің шыққан жылы Мөлшерлеме (АЕК)
2 жылға дейін (2023-2024) 0.25
3 жыл (2022) 50
3 жыл және одан жоғары (2021 және одан ескі) 500

Оқи отырыңыз: Қазақстанда көлік салығы 7% өсті


Ал енді электромобильді тіркеу құнын есептеп көрейік. Мысалы, былтыр және биыл шыққан Tesla электромобилін тіркеу құны – 923 теңге (0,25 АЕК). Ал 2022 жылы шыққан Tesla-ны тіркеу ақысы 92 300 теңге немесе 25 АЕК. 2021 жылы және одан бұрын шыққан ескі Tesla электромоибльдерін тіркеу үшін 250 АЕК, яғни 923 мың теңге төлеу қажет. 

Электромобильдің шыққан жылы Мөлшерлеме (АЕК)
2 жылға дейін (2023-2024) 0,25
3 жыл (2022) 25
3 жыл және одан жоғары (2021 және одан ескі) 250

Бастапқы тіркеу алымының сомасына техпаспорт пен нөмір үшін сұралатын баж кірмейді. Техпаспорт үшін – 1,25 АЕК немесе 4625 теңге, ал мемлекеттік нөмір үшін 2,8 АЕК немесе 10 337,6 теңге көлемінде мемлекеттік баж төлеу қажет.

Утиль алымы

Утиль алымын кәдеге жарату төлемі деп те атайды. Утиль алымының базалық мөлшерлемесі 50 АЕК-ні құрайды. 2023 жылы 172 500 теңге болса, биыл 184 600 теңгеге өсті. Көліктің мотор көлеміне қарай коэффициент белгіленген. Утиль алымын 50 АЕК мөлшері мен мотор көлеміне қарай белгіленген коэффициентті көбейту жолымен есептейді. Мотор көлемі үлкен болған сайын утиль алымының сомасы да өсе береді. Елге электромобиль кіргізетіндер утиль алымынан босатылады.


Оқи отырыңыз: Газбен жүретін көліктер арнайы белгі қоюға міндеттеледі


Жеңіл автокөлікті әкелу үшін төленетін утиль алымын есептеп көрейік. Мысалы, қозғалтқыш көлемі 1 литр болатын Toyota Vitz көлігі үшін 276 900 теңге төлеу қажет. Коэффициент 1,5 болса, мұны базалық мөлшерлемеге көбейтеміз. Ал моторы 1 литрден 2 литрге дейінгі Toyota Camry көлігі үшін төлейтін утиль алымы 646 100 теңгеге тең. Көлемі 3 литрге жететін Toyota Camry үшін 923 мың теңге төлеу керек. Мотор көлемі 3 литрден асатын көлік үшін 11,5 коэффициенті белгіленгендіктен, 2 122 900 теңге утиль алымын төлеуге тура келеді.

Қозғалтқыштың жұмыс көлемі Коэффициент
1 000 см³-ге дейін 1,5
1 001 см³-ден 2 000 см³-ге дейін 3,5
2 001 см³-ден 3 000 см³-ге дейін 5
3 001 см³-ден жоғары 11,5

Утиль алымын recycle.kz сайтында төлеуге болады. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
3

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары