Тікелей эфир

Қазақ елін не біріктіреді? Тарихшы ғалымның ойлары мен еңбек жолына шолу

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
"Дәл бүгін олардың бәрін сіңіріп, қазақ қылып алайық деп айта алмаймын. Әйтсе де, оларды мемлекет құрушы ұлтқа жақындата түсу керек" деген Зардыхан Қинаятұлы.

"Қазақтың егеменді, тәуелсіз тарихнамасының негізін қалаған тұлғалардың қатарында ерекше орны бар тарихшы ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, танымал саясаткер, қоғам қайраткері Зардыхан Қинаятұлы биыл 80-ге келетін еді. Оның өмірлік, ғылыми-философиялық көзқарастарының қалыптасуына ерекше әсер еткен үш ұлы мемлекет – Моңғолия, Ресей, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы мен әлеуметтік-саяси ортасы".

Халықаралық әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулерді ықпалдастыру институтының директоры, академик Саттар Мәжитов өзінің "Қазақ тарихы мен мемлекеттілігінің жаршысы Зардыхан Қинаятұлы" деген мақаласын осылай бастапты.

Онымен 20 жылға жуық бірге жұмыс істеген әріптесі Зардыхан Қинаятұлының қазақ тарихының зерттелуіне қосқан үлесін, қазақтың ұлттық санасын қалыптастырудағы еңбегін және тұлғалық қарапайымдығын ерекше атайды:

"Сонау тоқсаныншы жылдардың бірінші жартысында тарихи отанына аяғы тиер-тиместен Қазақ ұлттық ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының табалдырығын аттай сала Зардыхан Қинаятұлы бірден қазақ мемлекеті мен мемлекеттілігі мәселелерімен айналыса бастады. Бұл өте күрделі, әркімнің оңайлықпен айналыса қоймайтын мәселелердің бірі екенін ғалымдар мен саясаткерлер жақсы біледі".


Тарихшы ғапым Зардыхан Қинаятұлы

Тарихшы ғапым Зардыхан Қинаятұлы / Сурет egemen.kz сайтынан алынды


"Қазақстанда өзге ұлт өкілдерін қазаққа жақындату керек"

Мемлекеттің тұтастығы оның тұрақтылығы және халқының бірлігімен тікелей байланысты. Зардыхан Қинаятұлы ұлттану және ұлтаралық қатынастар мәселесін кеңінен зерттеген сарапшы-маман ретінде бұл мәселені тереңінен қарастырған.

Тарихшы ғалым бір сұхбатында: "Дәл бүгін олардың бәрін сіңіріп, қазақ қылып алайық деп айта алмаймын. Әйтсе де, оларды мемлекет құрушы ұлтқа жақындата түсу керек. Ол үшін біздің қазіргі жүріп жатқан саясатта өзгеріс болуы тиіс. Мысалы, бізде 130 ұлттың өкілі бар. Төрт-бес адамның басын қосып, "сен шешенсің, сен ұйғырсың, сен анаусың, сен мынаусың" деп маңдайына ұрып көрсетеміз. Оларды жақындату былай тұрсын, керісінше жат қылып, бір-бірінен алыстатып барамыз. Бұлай айта бергеннен кейін, әрине, олардың да ішкі жан-дүниесінде түйсіктер пайда болады, психологиясында өзгеріс туады. "Мен мыналардан бөлек екенмін ғой" деген ішкі тәуелсіздігі ұлғая түседі. Бұл бізді ыдыратуға апаратын жол" деген.

Қазіргі кезде Қазақстанның ұлтаралық қатынастар саласындағы саясаты түбегейлі өзгерістерді талап етіп отырған жағдайда бұл ойлар мен сөздердің өзектілігі арта түспесе, кемімейді.

Оқи отырыңыз: Қиырдағы қазақтар. Тағдыр талқысында

Кашмир сапары және ғалымның көз жасы

Саттар Мәжитов 2008 жылдың қазан айында Үндістандағы Мұхаммед Хайдар Дулатидың басына зиярат ету үшін Кашмирге барған сапарын еске алды. Конференцияның жалғасы ретінде мәдени бағдарлама төңірегінде ғалымдарды жер бетінің ең сұлу жерлерінің бірі – Гүлмаргқа апарады. Бүкіл үнді киносының табиғатты бейнелейтін, ән мен би орындалатын жері – осы.

"Бір қарасам, Зардыхан Қинаятұлы жекеленіп бір ағаштың жанында биіктен қарап тұр екен, – деп еске алады Саттар Мәжитов. – Қасына жақындаған кезімде ағамыз көзіне жас алып: "Апырай, сіз болмағанда кекешегі осы жерлерді басып өтіп Ауғанстан, Иран, Түркияға қоныстанып, тыныштық тапқан қандастарымыздың тағдырын толық түсінбейтін едім. Мына биік таулар жолдарынан олардың қалай өтіп, өз-өздерін қалай сақтап қалғандарына таң қаламын" деді. Сол Кашмир жерінен алған дем мен рухтың серпілісі көпке ұзамай өз жемісін берді. Оның "Көшпенділік ғұмыр", "Көзқарас" атты еңбектері дүниеге келді".

Жас демократтардың идеологиялық басшысы

Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, физика ғылымдарының докторы Досан Баймолда Зардыхан Қинаятұлын 1980 жылы Польшада жоғары білім алып, Моңғолияның Ғылым академиясына қызметке тұрған кезінен бері білетінін айтады:

"1990 жылдардың басында Кеңес елімен 70 жылдай бір қазанда біте қайнасқан Моңғолияда саяси өзгерістер белең алды. Ондағы қоғамдық ғылымдар академиясының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлының ел дамуына қатысты ғылыми негіздегі өз ұсыныс, тұжырымдарымен танысқан "жас демократтар" ұйымы оны өздеріне идеологиялық басшы ретінде тани бастады".

Оның айтуынша, Моңғолияда саяси арпалыстар күшейіп жатқан сол бір шақта Ұланбатырдағы Зардыхан Қинаятұлы бастаған зиялы қазақ қауымы Моңғолиядағы қазақтар жағдайына және болашақ ұрпақ қамына да аса алаңдай бастаған. Себебі, Баян-Өлгей қазақ аймағы мен басқа да осы елдің өңірлерінде тұратын қазақтардың рухани жағдайы шынымен қиындай бастады. Олардың ұрпақтары үшін ана тілінен айырылу, салт-дәстүрін жоғалту, біртіндеп моңғолдану қаупі күшейе түскен еді.

"Көп ұзамай Монғол мемлекетінің сол кездегі басшысы Жамбын Батмөнх пен саяси бюро жас демократтар ұйымының талабы бойынша еріксіз биліктен кететіндіктерін мәлімдеп, елде демократиялық сайлау жүргізуге келісті.Осы бір қиын шақта Зардыхан Қинаятұлы әуелі Моңғолия үкімет басшысының орынбасары қызметінде, одан соң Моңғолия парламенті – кіші құрылтайы төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалып, демократиялық сипаттағы Моңғолияның негізгі заңы-конституцияның жобасын дайындайтын топ жетекшілерінің бірі болды", – дейді Досан Баймолда.

Конституция жобасын талқылау кезінде Моңғолияда моңғолдардан басқа ұлт өкілдері бар ма, қазақтарды дербес ұлт деуге бола ма деген сұрақтар төңірегінде үлкен дау-дамайлар болған. Ойын әрі жалғаған Досан Баймолда былай дейді:

"Соның алдында ғана Баян-Өлгей аймағында құрылған қазақ ұлтының жоғын жоқтаушы ұлттық ұйымның басшылары "Баян-Өлгей аймағына жеке автономия беруді" талап еткендері парламентте отырған моңғол ұлтшылдарының ыза-ашуын туғызды. Осындай ұрымтал тұста Зардыхан Қинаятұлы өз ұлтының күнін жоқтаушысы, сөйте тұра демократиялық принциптерге бағынатын ірі саясаткер ретінде танылды. Ақыры қазақ депутаттарының орынды талаптары ескеріліп, конституцияға: "Моңғолиядағы басқа тілді шағын ұлттар өз ана тілдерінде оқу, білім алу, мәдени өнері мен ғылыми іс қызметтерін жүргізулеріне тыйым салынбайды" деген бап енгізілген еді".

Оның айтуынша, 1991 жылы Моңғолия парламенті "Еңбек заңын" талқылау кезде Баян-Өлгей аймағынан сайланған қазақ депутаттары қазақ халқының ұлттық мейрамы ретінде "Наурыз" мейрамын атап өтуді заң тармағына енгізуді сұрап, пікір ұсынғанда бұған болған қарсылықтарға сол кездегі парламент спикерінің орынбасары, доктор Зардыхан Қинаятұлы нақты ғылыми түрдегі дәләлдермен түсініктеме берген соң барып, парламент "Еңбек заңына" Наурызды атап өтуді енгізіп, бірауыздан мақұлдаған болатын.

Оқи отырыңыз: Таудай тұлғалар мен мінсіз мүсіндер

Көші-қон саясатына ықпал

1991 жылдың қыркүйек айының соңына қарай Қазақ елінің үкімет делегациясы Моңғолиямен арадағы көші-қон мәселесін талқылау мақсатында Ұланбатырға келді.

"Кейін белгілі болғандай, қазақтардың Қазақстанға көшу мәселесінде моңғол жағымен болған қиын келіссөздің оңтайлы шешілуіне сол кезде Моңғолияның тұрақты парламенті – кіші құрылтай төрағасының орынбасары қызметіндегі Зардыхан Қинаятұлы үлкен рөл атқарған. Бұған оның сол кездегі Моңғолия президенті Очирбатпен мектепте бірге оқығаны ықпалын тигізген. Соның арқасында монғол мемлекетінің басшысының өзі іске араласқан соң шешілгені белгілі болды. Бұл тарихшы ғалымның қазақ тағдырына енжар қарамайтынының бір көрінісі", – дейді Досан Баймолда.

Атамекендегі ғылым-ғұмыр

Зардыхан Қинаятұлының бұдан былайғы өмірі тәуелсіз Қазақстанмен тығыз байланыста болды.

"Моңғолия парламентінде вице-спикер, үкіметте вице-премьер болған ғалым Моңғолияның Ташкент қаласындағы Орталық Азия мемлекеттерін жауаптанған бас консулы, Қазақстанда ашылған Моңғолия елшілігінде кеңесші секілді дипломатиялық қызметтерді атқарды. Бұл қызметтерін аяқтаған ол Қазақстанда біржола қалуға шешім қабылдады. Бұл оның талай жылдары "басқаның елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол" дегендей биліктегі жоғары лауазымды қызметтеріне қарамай, "атажұртқа қалайда ұрпағымды жеткізсем" деп келген асыл арманы, мұраты еді. Сол арманы орындалып, ұрпағын атажұрт тамырымен ұштастырған Зардыхан Қинаятұлы атажұртында тарихшы ретінде жаңа қырынан танылды", – дейді Досан Баймолда.

Ғалымды атажұртта жақыннан танып білген азаматтар ол кісінің аса білімді, ел басқарудағы мол тәжірибесі бола тұра аса қарапайымдығына таң қалысты. -Бірде Қазақстан парламенті мәжілісінің алғашқы төрағасы Марат Оспановтың Зардыхан Қинаятұлы жайында: "Біз өзіміздің кәсіби парламентімізді жаңадан құрып жатырмыз. Ол кісінің парламент құрудағы тәжірибесі бізге керек-ақ. Біз ол кісіні парламентке кеңесші қызметіне шақырайық деп жүрміз" дегені бар.

1992 жылы қабылданған Моңғолияның демократиялық жаңа Негізгі заңының авторларының бірі болған Зардыхан Қинаятұлы моңғол тілінде 4 монография, 100-ге жуық ғылыми мақала жариялаған.

Ал атажұртында тарихшы-ғалым ретінде танылған Зардыхан Қинаятұлы артына мол рухани дүние қалдырды.

Қазақ мемлекеттігінің тарихына қатысты оның жазып қалдырған "Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түркі тайпалары", "Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті", "Қазақ мемлекеті және Жошы хан", "Қазақ тарихы туралы моңғол деректемелері" атты монографиялық зерттеу кітаптары және "Моңғолиядағы қазақтар", "Жылаған жылдар шежіресі", "Көшпенділік ғұмыр", "Көзқарас" атты Моңғолиядағы қазақтардың басынан кешірген қилы оқиғалары жөніндегі оншақты тарихи құнды еңбектері қазақ тарихшылары үшін таптырмайтын рухани дүниеге айналды.

Ғалым бүгінгі қазақ елінде, қазақ қоғамында қалыптасып отырған саяси, әлеуметтік, мәдени, тарихи сондай-ақ шетелдегі қандастар және олардың көші-қоны секілді мәселелерге бей-жай қарамады. Өз халқының патриот ұлы ретінде қазақ баспасөзінде көптің ойын толғандырып жүрген осы мәселелерге байланысты нақты ұсыныс, пікірлерге негізделген сұхбаттарын берді, мақалаларын жариялады.

"Зардыхан ағаның Қазақ тарихына қосқан үлесі туралы айтар болсақ, ол "Қазақ мемлекеті және Жошы хан" атты монографиясында және өзінің жетекшілігмен дайындалып басылым көрген "Қазақ мемлекеттігінің тарихы" атты еңбектерінде қазақ мемлекеттігі тарихын Жошы хан шаңырағын көтеріп, Орыс ханның тұсында еңселеп өскен Ақ Орда мемлекетінен бастап қарастыру керек деген тың ұсыныс жасады. Зардыхан Қинаятұлы Ақ орда мемлекеттілік тарихын алғаш рет монографиялық деңгейде талдап, қазақ тарихы ғылымына жаңа деректерді қосу арқылы өлшеусіз үлес қосқан болатын. Ғалымның Ақ орданы қазақтың алғашқы мемлекеті деп қабылдау туралы пікірі әзірге ресми түрде қабылданбағанымен, тарихшылар арасында жаңа ой-пікір, методологиялық, танымдық серпіліс тудырды. Жүздеген жаңа деректер алғаш рет ғылыми айналымға енді. Бұл тарихшы-ғалым Зардыхан Қинаятұлының қазақ тарихына қосқан қомақты үлесі болып табылады", – деп қорытады Досан Баймолда.

Оқи отырыңыз: "Жошы Ханды зерттеу кезек күттірмейтін маңызды жұмыс". Алтын Орда тарихы жаңадан зерттеледі

Қос биікті бағындырған тұлға

Көп жылдар бойы Қазақстанның Монғолиядағы елшісі болған Қалыбек Қобландин: - Зақаңның өмір жолына көз жүгіртсек, ол кісінің екі шың құз биігіне көтерілгенін көруге болады. Оның бірінші биіктігі, Кіші құрылтай төрағасының орынбасары мен Үкімет басшысының орынбасары лауазымында қызмет атқарған моңғолиялық саясаткер, қоғам қайраткері ретінде. Бұл кезде Зақаң жаңа кезеңдегі моңғол қоғамы дамуының бағдар-болашағын анықтауда, саяси-әлеуметтік реформаларды жүзеге асыруға, жаңа Ата Заңның қабылдауына жанкешті ат салысқан азамат, тұлға болды. Екінші биіктігі – ғылым саласында моңғолтанушы тарихшы, философ ретіндегі ұлағатты ғалымдығы",- дейді.

"Зардыхан Қинаятұлы 2017 жылғы 23 қарашада ауыр науқастан қайтыс болып, Алматы облысы Райымбек ауылында жерленді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен "Отандастар" қоры осыған орай халықаралық онлайн "дөңгелек үстел" ұйымдастырды. Оған Қазақстан, Монғолия, Түркия, Германия, Венгрия, Ресей, Өзбекстан елдерінен тарихшы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Артына өшпестей мұра қалдырған ғалым ағамыздың аты халықтың жүрегінде мәңгі сақталады", – дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілі Ботагөз Уатхан.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары