Шамамен 1,6 млн адам ақысыз демалысқа жіберілді. 42 500 теңге жәрдемақыны 4,5 млн адам алды.
Пандемия Қазақстандағы экономикалық үдерістердің қарқынын бәсеңдетті
"2020 жылдың соңғы бес айында мемлекеттік бюджеттің шығындары түсімдерден шамамен екі есе артты. Бұл елдің экономикасында болып жатқан оқиғалардың айқын индикаторы. Бұл тіпті Ұлттық қордан жасалған трансфертті ескермегендегі жағдай. Ал трансферттер де едәуір өскені белгілі", – дейді Сәкен Жұмашев, KPMG Қазақстан мен Орталық Азиядағы басқарушы серіктесі.
Оның мәліметінше, елімізде 1 миллион субъект пандемиядан зардап шекті. Банктерден несие алған 14 мың субъект кредитті қайтару мерзімін кейінге шегеруді сұрады.
Мемлекетіміз мұндай жағдайда түрлі қолдау шараларын іске асыруда. Бұл шаралар шағын және орта бизнесті несиелендіруге, несиелік төлемдерді тоқтата тұруға, валюталық интервенциялар, агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға, ШОБ салық төлемдерін кейінге қалдыруға бағытталған.
"Шағын және орта бизнестен басқа компаниялар үшін мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған жоқ. Салықтық түсімдердің 80%-ын қалыптастыратын, еңбекке қабілетті тұрғындардың 50-60% еңбек ететін ірі бизнеске ешбір қолдау көрсетілген жоқ", – дейді Сәкен Жұмашев.
Қазақстанның ЖІӨ жоғарғы қарқынмен төмендеуде
"Қазақстанның экономикасы қазір бұрын-соңды болмаған дәрежеде талықсуға ұшырап отыр. Ағымдағы жылдың жеті айында еліміздің Жалпы ішкі өнімі 2,9%-ға азайды. Бұл дүниежүзілік қаржы дағдарысы белең алған 2009 жылдың екінші тоқсанында көрініс берген құлдырау шыңынан да артық. Осы мерзімде екі рет локдаун болуына байланысты бұл көрсеткіш тіптен артады деген болжам бар", – дейді "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ вице-президенті Олжас Төлеуов.
Егер ЖІӨ-нің ай сайынғы өзгерісін алатын болсақ, сәуір айында біршама құлдырау байқалған. Олжас Төлеуовтың мәліметінше, көрсеткіш өткен жылдың осы айымен салыстырғанда 8,3%-ға құлдырады. Бұдан кейін Қытай, АҚШ, Европа елдеріндегідей v-пішіндес қалпына келу байқалған. Алайда карантинді екінші мәрте жариялағаннан кейін, Қазақстандағы экономикалық белсенділік сәуір айындағыдан да әжептәуір құлдырады. Шілде айында бұл 11%-ды құрады. Тамыз айында бұл құбылыс одан әрі жалғасады деп күтілуде. Соның салдарынан енді v-пішіндес қалпына келуді күтудің қажеті жоқ. Ең жақсы дегенде экономика WW траекториясымен қалпына келеді деп болжанып отыр.
Сауда, транспорт, басқа да қызмет түрлері біршама зардап шекті
Экономиканың бұлайша құлдырауына транспорт және сауда саласында қосылған құнның төмендеуі қысым түсірген. Жылдың бірінші жартысында транспорт саласы шамамен 15% құлдыраған. Сауда саласы да 11% деңгейінде тарихи құлдырауды басын кешіріп отыр. Әсіресе Алматы секілді сауда айрықша маңызды рөл атқаратын өңірлердің экономикасы біршама әлсіреді.
Өнеркәсіп, соның ішінде тау-кен өнеркәсібі мен мұнай сервисі саласындағы құлдырау жағдайды тіптен ушықтыра түсуде. Бұл ОПЕК плюс келісім-шартының шеңберінде мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты болып отыр.
Осындай ахуалда ел экономикасын тек құрылыс саласы ғана аздап алға сүйреп келеді. Локомотив ретінде ол еліміздің бүкіл өңірлерінде экономикалық белсенділікті демеп отыр. Бірақ ол да баяулайтын түрі бар. Көрсеткіш сәуірдегі 11%-дан шілде айында 6%-ға дейін төмендеді. Күн суытқанда құрылыс жұмыстары тоқтатылуына байланысты бұл көрсетіш одан әрі баяуламақшы.
Қазіргі уақытта өсім тек байланыс пен интернет саласында ғана байқалуда. Ел экономикасындағы үлесі төмен болса да, бұл сала 11% өсім қарқынын көрсетуде. Пандемия кезеңінде белсенділік сақталуына байланысты бұл сала әлі де өседі деп күтілуде.
Сұраныстың құлдырау шегіне әлі де жеткен жоқпыз
"Қызмет көрсету саласында да сұраныс төмендеді. Мемлекеттік шығыстарды қоспағанда, жиынтық сұраныстың барлық компоненттері төмендеді. Атап айтқанда, негізгі капиталға салынатын инвестициялар да, халықтың нақты ақшалай кірісі де біршама азайды. Бұл Қазақстандағы ішкі сұраныстың қалпына келуі оңайға түспейтінін айғақтап отыр. Бұл тұрғыда құлдыраудың шегіне әлі де жеткен жоқпыз деуге болады. Бұл көрсетіштер әлі де төмендейді деп болжануда" , – дейді Олжас Төлеуов.
Демек, халықтың әл-ауқаты мен үй шаруашылықтарының күйі одан әрі төмендейді деген сөз.
Жиынтық сұраныстың тағы бір компоненті таза экспорт, яғни экспорт пен импорттың айырмасы, екінші тоқсанда 25%-ға азайған. Бұл мұнай мен минералдық шикізат экспортының, осы саладағы сауданың, өндіріс көлемінің азаюына тура байланысты.
"Үй шаруашылықтарының тұтынуы төмендеуіне байланысты импорт та азайды. Бірақ, бір байқалып отырғаны, экспорт импорттан да жылдамырақ төмендеуде. Осындай жағдайда жылдың екінші тоқсанында экспорт шамамен 2 млрд долларға азайған. Ал қалыпты жағдайда орта есеппен бұл көрсеткіш бір тоқсанда шамамен 4- 5 млрд долларды құрайтын", – дейді Олжас Төлеуов.
Ағымдағы сәтте өсім көрсетіп отырған жалғыз компонент - мемлекеттік шығыстар.
Өткен жылдың бірінші жартысымен салыстырғанда биылғы жылдың бірінші жартысында мемлекеттік бюджеттің жалпы шығыстары 24%-ға өсті. Яғни, үкімет экономикалық құлдырау байқалған кезеңде контрциклдік саясат жүргізіп отырғанын білдіретін жақсы көрсетіш. Үкімет мемлекеттік шығыстардың көлемін азайтпауға тырысып бағуда. Жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтерге, былайша айтқанда, мемлекеттік сатып алулар көлемі 14% деңгейінде қалып отыр.
Бірақ бұл өсімнің бюджеттің параметрленіе қалай әсер ететіні басқаша мәселе. Әзірге бюджеттің тапшылығы 3-4%-дан асқан жоқ.
Олжас Төлеуовтың айтуынша, бұл біздің қарыз алмай, өз қаражатымызды, Ұлттық қордың қаражатын пайдаланып отырғанымызды айғақтайтын көрсетіш. Бұл осы сәттегі дұрыс шешім болып табылады.
Теңгенің бағамы алапат құлдырауға ұшыраған жоқ
Теңгенің тиімді номиналдық бағамына келсек, сыртқы ағымның қысымына байланысты волатильділік байқалғаны рас. Дегенмен, сәуірде еліміздің негізгі саудалық серіктестеріне жататын 25-27 мемлекетінің валюталарының қоржынына шаққанда шамамен 5%-ға құнсызданды. Бұл жиі айтылатын АҚШ долларына шаққандағы көрсетіш қана емес. Мысалы, 2015 жылдың қыркүйегінде құнсыздану 25%-ды құраған болатын. Демек, жағдай анау айтқандай жаман емес, алапат құлдырау болған жоқ.
"Бағамды түзетін фундаменталдық факторға, Ұлттық банктің алтынвалюталық қорына келсек, шілде айының қорытындысы бойынша 2012 жылғы ақпандағы шарықтау көрсеткішіне жетіп, қазір шамамен 35 млрд долларды құрап отыр. Осы ретте алтынның үлесі арта түскенін айта кету керек. Дағдарыс кезеңінде алтын қорғаныс активі болып табылады. Бұл девальвация тәуекелін төмендетеді", дейді О.Төлеуов.
Теңгенің бағамына әсер ететін тағы бір фактор төлем балансының ағымдағы шоты бірінші жартыжылдықта алғаш рет 2012 жылғыдай 2 млрд АҚШ доллары мөлшеріндегі профицитпен қалыптасты. Бұл да жақсы көрсеткіш. Мұндай өсімге Қазақстанға келіп жатқан тікелей инвестициялар бойынша резидент еместерге төленетін дивиденд мөлшерінің төмендеуіне байланысты жеттік.
Шілде айының қорытындысы бойынша инфляция сәл жылдамдап, жылдық деңгей 7,1 пайыз көлемінде қалыптасты. Бұл таргеттеудің жоғарғы дәлізінен бір пайыздық пунктке жоғары.
Бірақ монетарлық реттеуші наурызда пандемиялық шок туындаған кезде жылдың аяғындағы инфляция тіпті 9-11% аралығында, 2016 жылғы шарықтау шегі шамасында қалыптасады деп болжаған көрінеді.
"Локдаун ахуалында ішкі және сыртқы сұраныстың қатар азаюына байланысты инфляциялық құбылыстар біршама баяулағанын байқап отырмыз. Дегенмен, біз инфляция 8-8,5 пайыз болады деген болжам ақталады деп санаймыз. Жалпы, Қазақстанда азық-түлік бағасының көтерілуі инфляцияның өсу драйверіне айналып отыр. Бұған ел ішіндегі проблемалар себеп", – дейді экономист.
Оның пікірінше, еліміздегі азық-түлік өнімдерін өндірушілердің бәсекелестік деңгейінің төмендігі мен инфрақұрылымының тиісті түрде болмауы олардың бағаны көтеруге итермелеуде.
Дегенмен, инфляцияны күту коэффициенті мен өнеркәсіптегі бағаның құлдырауы инфляцияны ауыздықтаған негізгі факторларға айналды. Энергетикалық ресурстар мен энергия тасымалдаушылардың бағасы төмендеуіне байланысты өнеркәсіптегі бағаның құлдыруы елімізде инфляцияны баяулатты. Қазір өнеркәсіпте 15% деңгейінде дефляция байқалуда.
Еңбек нарығында күрделі жағдай қалыптасты
Экономистің айтуынша, кейінгі 5-6 жылда еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 4,8-5% мөлшерінде сақталып отыр. Сонымен қатар статистика комитеті жуырда жариялаған еңбек нарығындағы ахуалға қатысты сан деректерге жүгінсек, уақытша жұмыс істейтін азаматтардың санаты 160 есе өскен. Яғни, 2000 адамнан 380 000 адамға жеткен. Бұл еңбек нарығының карантинге жауабы.
"Осылайша, уақытша жұмыс істейтіндерді ресми түрде жұмыссыздармен қосып есептейтін болсақ, шамамен 880 мың адам болып шығады. Ал бұл жұмыссыздық деңгейінің 4,8 - 5% емес, 9,5% екенін көрсетеді. Жұмыссыздықтың мұндай жоғары көрсеткіші 2000 жылдардың басында ғана байқалғанын айта кету керек", – дейді ОлжасТөлеуов.
Ішкі және сыртқы сұраныс қатар талмаусырады
Біз тәуелсіздік жылдарында осымен екі үш дағдарысты басымыздан кешірдік. 2007 және 2008, 2014 жылдары мұнай бағасы құлдырағанда ұсыныс талмаусыраған (шок).
"Қазіргі пандемия жағдайында тек өндіріс пен сауда-саттықты ғана тоқтатқамыз жоқ, тұтынушылар да шектеу жағдайында қалды. Осындай қосарланған қысым жағдайында үкіметтің қысқа мерзімді шаралары жеткіліксіз. Үкіметтің 3,8 пайыздық өсім туралы болжамы расталуы үшін құрылымдық реформалар жүргізу қажет", – дейді "Экономикалық зерттеулер институты" АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Ғазиз Сейілханов.
Оның пікірінше, ноқаттық (точечные) шаралар емес, ұзақ мерзімді ауқымды шаралар қажет.
"Біріншіден, экономиканы әртараптандыру қажет. Бұл мәселеге кешенді түрде назар аудару керек. Еліміздің экономикасы ұлттық компанияларға тәуелді. Яғни, екіншіден, жеке меншік секторды дамыту қажет. Үшіншіден, елімізде кеңістіктік әртараптандыру керек. Бізде кейде экономикалық ресурстар бәсекелік қабілетсіз немесе бәсекелестік артықшылықтары жоқ өңірлерге жіберіледі", – дейді ол.
Ал экономиканың әртараптандырылуын Гарвард пен Масачуссетс институттары әзірлеген экспорттық экономиканың күрделігі индикаторымен қадағалауға болады.
Ғазиз Сейілхановтың пікірінше, еңбек өнімділігін бәсекеге қабілеттілік, тиімділік, технологиялылық пен адами капиталдың біліктілігі айқындауға тиіс.
"Ал үкіметтегілер еңбек өнімділігін рентабельділікті көтеру деп ұғады. Рентабельділік дегеніміз себеп емес, салдар. Еңбек өнімділігін арттыру үшін өндіріс факторын, өндірістің сапасын, оның тиімділігі мен технологиялылығын арттыру керек. Бұл тұрғыда Оңтүстік Корея, Сингапур мен Чилидің тәжірибесін алу керек", – дейді ол.
Экономикасының құрылымы бойынша Чили Қазақстанға өте ұқсас. Егер Қазақстан мұнай экспорттаса, Чили мыс экспорттайды. 2010 жылы ондағылар еңбек өнімділігі бойынша арнайы комиссия құрып, құрылымдық реформаларды ұсынды.
Қазақстанда Ұлттық қордан жұмсаған қаражат ЖІӨ-нің артуына әкеле алмады
"2014-2015 жылдардағы дағдарыс салдарынан мұнай бағасының құлдырауына байланысты 2016 жылы біз Ұлттық қордың қоржынын сөккен кезде ондағы қаражат ең жоғарғы деңгейге, 77 млрд долларға жеткен болатын. Экономиканың жалпы кірісімен, яғни, ЖІӨ-мен салыстырғанда, қор жалпы ел экономикасының 35%-ын құрады. 2019 жылы ондағы қаражат 61 млрд долларға дейін 15 млрд долларға азайды", – дейді Ғазиз Сейілханов.
Бірақ Ұлттық қорды ЖІӨ-ге шаққандағы сандық арақатынас сол баяғы 34-35% деңгейінде қалды.
"Бұл ақша расымен жұмсалғанын, экономиканы ынталандырғанын көрсеткенімен, осы шаралар тиімді болмағанын білдіреді. Өйткені, осындай қордан жұмсаған қаражат ЖІӨ-нің артуына әкелуі және көрсеткіштердің арақатынасы біршама аз болуы керек еді", – дейді Ғазиз Сейілханов.
Бұл үкіметті қысқа мерзімді шаралармен шектелмеуге шақыруға итермелеп отыр.
Экономистің пікірінше, "елімізде орта кәсіпорындар өспей қалды. Ал шағын және орта бизнес орта бизнес деңгейіне көтеріле алмады. Мемлекеттік қызметтегілердің техникалық және басқа да біліктілігі төмен деңгейде қалып қойды. Үкімет пен нақты сектордың арасында шыңырау жатыр".
Болжамдар орындалуы үшін тұрақтандырғыш фактор керек
"Қазақстан экономикасын Халықаралық валюта қоры -2,7%, Дүниежүзілік банк -3%, Азия даму банкі -2,5%, Standard & Poor’s -2,7% өседі деп болжаған. Ал біздіңше, минус 4-5% өсім күтілуде. Оған себеп, сұраныс және ұсыныс екеуінің тарапынан да шок қалыптасып отыр. Басқаша айтсақ, өнім өндіре алмай, ал өндіргенімізді сатып ала алмай отырмыз. 2021 жылы бүкіл елдерде кері секіріс (отскок) күтілуде. Яғни, N пайызға құлдырау болса, N пайызға қалпына келу болмақ. Бірақ құлдырау жалғасады деген болжам бар", – дейді Олжас Төлеуов.
Оның айтуынша, қазіргі пандемияны тек испан тұмауымен ғана салыстыруға болады. Ол кезде 4-5 толқын болған. Ол барлығы екі жарым жылға созылды. Тіпті ең реалистік сценарий кезінде де 2021 жылы кері секіріс болады, бәрін ұмытып, бәз баяғыдай қалпына келеміз деуге негіз жоқ. Экономиканы мүлдем бұғаттауға мәжбүрлемейтін техникалық және психологиялық тұрақтандырғыш фактор керек. Ол вакцина. Егер ол пайда болса ғана болжамдар шындыққа айналуы мүмкін. Ондайда Қазақстанда - 3 - 4%, ал әлем бойынша 2,5% өсім болуы мүмкін.