Тікелей эфир

Егіз қызды жар қылған егіздер

Фотосурет автордікі
Фотосурет автордікі
Асан мен Үсен, Фатима мен Зәуре – егіздер. Олардың бір-бірімен танысып, сөз байласып, шаңырақ көтергендеріне 27 жыл.

Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Тоқсансай ауылында егіздерден құралған екі отбасы тату-тәтті, бақытты ғұмыр кешіп жатыр.

"Ата-анамыз егіз қызға үйленгенімізді қалады"

Егіздердің егіздерге үйленуі сирек жағдай. Сондықтан қызықты тағдыр иелерімен тілдесуге асығып, Тоқсансайға жол тарттық. Қақпа алдынан бізді бір-бірінен айнымайтын Асан мен Үсен Алтыбайлар қарсы алды.

– Әкеміз Сейдіакбар мен анамыз Сейіл тоғыз ұл-қызды дүниеге әкелді. Барлығымызды қатарымыздан кем қылмай өсірді. Бар жылы-жұмсағын аузымызға тосты. Жоғары оқу орындарында оқытты. Қазір бауырларымыздың бәрі үйлі-баранды. Асан екеуміз егіз болғандықтан ата-анамыз бір-бірімізге деген бауырмалдығымыз азаймасын деп, егіз қызға үйленгенімізді қатты қалады. Жас кезімізден құлағымызға құйып өсірді, – дейді Үсен.

Оқи отырыңыз: Кентаудағы отбасылық балалар үйі. Жұмашевтар әулетінің жақсылығы


Асан мен Үсеннің жас кезі

Асан мен Үсеннің жас кезі / Фотосурет отбасылық мұрағаттан


Сондықтан олардың туған-туыстары, дос-жарандары қай жерде егіз қыз бар дегенді естісе, Асан мен Үсенге хабар беретін. Ал бұлар барып танысып, білісіп қайтатын.

– Мектеп бітіргеннен кейін совхозда бір жыл қалып жұмыс істедік. Одан кейін екеуміз де әскер қатарына алындық. Екі жыл әскери борышымызды өтеп, келгеннен кейін Шымкент педагогика институының тарих факультетіне құжат тапсырдық, – дейді Асан. – Менің бағым жанып, түсіп кеттім. Ал Үсеннің жолы болмады. Ол келесі жылы дайындалып, Алматыдағы малдәрігерлік институына оқуға қабылданды. Қиын болса да, екеумізге екі қалада білім алуға тура келді. Содан он шақты егіз қызбен таныстық.

Оқи отырыңыз: Қамыс – табыс көзі. Орақ ұстаған отбасының тұрмысы қалай түзелді?


Олар 27 жылдан бері тату-тәтті, бақытты ғұмыр кешіп келе жатыр

Олар 27 жылдан бері тату-тәтті, бақытты ғұмыр кешіп келе жатыр / Фотосурет автордікі


– Солардың ішінен Фатима мен Зәуре маңдайымызға жазылған екен. Асан Алматыда болғандықтан қыздармен өзім таныстым. Өзіміз секілді көпбалалы отбасында дүниеге келген. Тәрбиелі. Қарапайым. Артық әңгімелері жоқ. Кейін Асан келіп танысты. Жақсы жар бола алатынына көзіміз жеткен соң, үйленуге шешім қабылдадық. Біз 24-те, олар 20-да еді, – дейді Үсен.

"Бір үйге келін болып түсеміз деп ойламадық"

Фатима мен Зәуре де Шымкенттің іргесіндегі Таскен ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Мектепті үздік бітірген олар Шымкент кооперативтік техникумында білім алады. Одан кейін қаладағы дүкендердің бірінде сатушы болып жұмыс істейді.

Оқи отырыңыз: Бізде кəсіпкерлерді қолдау теледидардан көргенде ғана тамаша. Өскенбаевтар қонақ бөлмесін тігін цехына айналдырып отыр

– Анамыз Тәттігүл – он құрсақ көтерген батыр ана. Біз төртінші-бесінші перзентіміз. Әкеміз Тұрсынбай – Социалистік Еңбек ері атанған, 43 жыл совхозда жұмыс істеген, өте еңбекқор жан еді. Екі жыл бұрын өмірден озды. Оқуымызды бітіріп, Фатима екеуміз дүкенде жұмыс істеп жүргенбіз. Бір күні үйге келсем, бөтен адамдар отыр. Қасына адам ертіп, Үсен танысуға келіпті, – деп еске алды Зәуре.


Фатима мен Зәуренің жас кезі

Фатима мен Зәуренің жас кезі / Фотосурет отбасылық мұрағаттан


– Алматыда Асан деген сыңарының барын, үйлену үшін егіз қыз іздеп жүргендерін айтты. Бірақ біз мән бермедік. Ара-арасында жұмысқа келіп, хал-жағдайымызды сұрап тұрды. Кейін Асан келіп, Фатимамен танысты. Екі-үш рет киноға бардық. Енеміз бен әпкелеріміз әлі тұрмысқа шықпасақ та үйге қымыз-қымыранын көтеріп, келіп тұратын. Соңғы келгенінде екеуміздің қолымызға алтын сағат тағып, құда түсті. Осылайша алты ай таныс-білістіктен соң, екеуміз егіз жігіттің шаңырағына бір күнде келін болып түстік, – дейді Зәуре.

Оқи отырыңыз: Чемпионы көп, спорт мектебі жоқ ауыл

"Асан мен Үсен бізді алып қашты"

Келін болып, ақ босағаны аттағанда олардың жасы 20-да еді. Шыр етіп, дүние есігін бірге ашқан сәттен бастап, бір-бірінің қасынан алысқа ұзай қоймаған. Сәл ұзаса сағынатын. Іздейтін. Бірақ Фатима мен Зәуре бір үйге келін боп түсеміз деп тіпті де ойламаған. Сезімдері үндесіп, жүректері табысқан соң, егіз жігітке тұрмысқа шығуға келісті.

Алыс ағайындары мұны "жаман ырымға" балап, қарсылық танытты. Алған бетінен қайтпайтын Асан мен Үсен Фатима мен Зәурені алып қашуға бел байлайды. Осылайша Асан мен Фатима, Үсен мен Зәуре 1991 жылдың тамыз айында шаңырақ көтеріп, дүрілдетіп той жасайды.

– Бәріміз бір шаңырақ астында екі жыл тұрдық. Енеміз – көпті көрген, түсінігі мол, еңбекқор жан еді. Былтыр дүниеден озды. Бізді басында шатыстыратын. Сондықтан шақыратын болса, Бәтен-Зәуре деп екеуміздің атымызды бірдей еркелетіп айтатын. Кейін біз жұмыс бабымен көрші ауылға барып сәл уақыт тұрдық, – дейді Фатима.


Егіздер 1991 жылдың тамызында шаңырақ көтереді

Егіздер 1991 жылдың тамызында шаңырақ көтереді / Фотосурет отбасылық мұрағаттан


– Сосын қайтып Тоқсансайға келіп, үй салдық. Екі отбасы бір көшенің бойында қатар тұрамыз. 27 жылдан бері екі үй тату-тәтті, бақытты ғұмыр кешіп келе жатырмыз. Зәуре екеуміз жас кезімізде төркін жаққа жақын болса да, кезектесіп баратынбыз. Біріміздің баламызды біріміз емізіп, өсірдік. Әлі күнге дейін көбіне бір үйде, бір дастарханда тамақтана саламыз. Балаларымыз да бауырмал және бір-бірінен аумайды, – деп қуанады.

Оқи отырыңыз: Анардың ойыншықтарына Үндістан, Африка, Түркия, Ресей елінен тапсырыс түскен

"Асанның орнына орыс тілінен емтихан тапсырып бердім"

– Асан Алматыдағы малдәрігерлік институтына құжат тапсырды. Ол кезде мен тарих факультетінің бірінші курсын аяқтап, тобымызбен тарихи орында қазба жұмыстарын жүргізіп жүрген едік. Бір күні Асаннан телеграмма келді. Екі емтиханнан жақсы баға алып, үшінші сынақ орыс тілінен қиналып тұрғанын, орнына маған кіріп, тапсырып беруін өтініпті, – деген Үсен сыңарына көмек беру үшін ұшаққа билет алып, жеткен екен.


Асан мен Үсеннің әскери борыштарын өтеген сәт

Асан мен Үсеннің әскери борыштарын өтеген сәтінен естелік сурет / Фотосурет отбасылық мұрағаттан


– Қазір де ұқсаймыз. Ал жас кезімізде тіпті қатты ұқсайтынбыз. Ажырата алмайтын.

Студенттік өмірдің алғашқы жылын өткізген, пысық, айналаға сергек қарайтын кезім ғой. Айтылған уақытта Асан болып, емтиханға кіріп, орыс тілінен берілген үш сұраққа мүдірмей жауап беріп, жақсы баға алып шықтым.

Оқи отырыңыз: Күркетауық бағып, 23 жасында Gelandewagen мінген жігіт

Осылайша сыңарым да студент атанды. Бұл құпияны ол группаластарына тек бесінші курсты бітіріп, қолына диплом алған сәтте бір-ақ айтты. Бірақ ешкім сенбеді, – дейді Үсен.


Әскердегі альбомды ақтарып, қызықты шақтарды жиі еске алады

Әскердегі альбомды ақтарып, қызықты шақтарды жиі еске алады / Фотосурет автордікі


Асан студент атанғаннан кейін Үсен артынып-тартынып Алматыға жиі барып тұрады. Бірде солай жатақханаға іздеп барады. Қарсы алдынан кездескен қыз Үсеннің арқасынан қағып қалып, "Тазикті қашан әкеп бересіңдер? Алған соң қайтаруды білмейсіңдер", – деп ұрсып тастайды. Бірақ кейін өзінің группаласы Асан еместігін, ауылдан келген Үсен екенін біліп, кешірім сұрайды.

"Халатын қалай тез ауыстырып жүр?"

Судың қос тамшысындай ұқсас егіз келіндердің де басынан қызықты оқиғалар жиі өтеді. Күліп отырып, өткен күндердің қызықты шақтарынан естеліктерді айтып берді.


Туысқандарымыз бізді жиі шатыстыратын, – дейді Фатима мен Зәуре

Туысқандарымыз бізді жиі шатыстыратын, – дейді Фатима мен Зәуре / Фотосурет автордікі


– Бірде ағайындарымыздың үйінде құда күтіп жүргенбіз. Жас келінбіз. Біресе шай, біресе тамақ тасып, зыр жүгіріп, қызмет көрсетіп жүрміз. Сөйтсек, құдалар "Мына келін қалайша халатын демде ауыстырып алады? Жаңа ғана қызыл халатпен шыққан еді" деп сұрады. Кейін екеуміздің егіз екенімізді білгеннен кейін таңырқап күлгені бар. Бізді шатыстырмас үшін Фатима қызыл, мен жасыл халат киетінбіз, – дейді Зәуре.

"Асанды Үсен деп ойлап қалдым"

Той өтіп, абыр-сабыр басылғаннан кейін Фатиманың жары Асан Алматыға оқуын жалғастыруға кетеді. Ал Фатима дүкенде жұмыс істейді. Күнде кешкісін Үсен келіп жұмыстан үйге алып қайтатын. Оның мінезі ашық-жарқын, әзілкеш, үнемі жымиып, айналасын күлкіге көміп жүреді. Ал Асан салмақты, сабырлы.


Алғашында Асанды танымай, ұятқа қалғаным бар, – дейді Фатима

Алғашында Асанды танымай, ұятқа қалғаным бар, – дейді Фатима / Фотосурет автордікі


– Асан апта аралатып, ауылға келіп тұрды. Дүкенге күліп кірген соң, мен оны Үсен екен деп ойладым. Әңгімемді айтып, "Бүгін Асанның келетін күні еді? Қашан келер екен?" – деп сұрадым. Түрі бұзылып, "Сонда мен кіммін?" деді жұлып алғандай. Зер салып қарасам, Асан. Ұялып, келесі бөлмеге жүгіріп кетіп қалдым. Не күлерімді, не жыларымды білмедім. Ал ол бір-екі күн ренжіп, өкпелеп жүрді, – дейді Фатима күліп.

"Фатимасың ба? Зәуресің бе?"

Қос келінді әлі күнге дейін ажыра алмайтын әпкелері бар. "Фатимасың ба?", "Зәуресің бе?" деп сұрап аламын дейді Бижамал апай. Ол – Асан мен Үсеннің туған әпкесі.

– Егіз ініме егіз қыздың жолыққаны құдайдың берген ерекше сыйы, екінің бірінің басына бұйыра бермейтін бақ деп білеміз. Асан мен Үсен төрт қыздан кейін дүниеге келді. Ата-анамыз бір шаңырақ астында 61 жыл тұрды. Әкеміздің жасы тоқсанға келді. Анамыз былтыр дүниеден озды. Ол егіз ұлым егіз қызға үйленсе, татулықтары сақталады, ынтымақтары артады дейтін, – деп есіне алды.


Фатима мен Зәуре төркінге кезектесіп барып тұрған

Фатима мен Зәуре төркінге кезектесіп барып тұрған / Фотосурет автордікі


– Анамыз көреген екен. Күйеулері қанша жақын бауыр болғанымен, әйелдері бір-бірін жақтырмай, тірлік істесе санасып, тіл табыса алмай жүрген жағдайларды көзіміз шалып жүр ғой. Ал біздің екі келін жұмыстарын ың-шыңсыз істеп жатады. Бір-біріне жанашыр, қамқор. Бірі төркіндеп кетсе, екіншісі орнын білдірмей, тірлігін шыр үйіріп, ас-суын дайындап жүргені. Іні-келіндеріміздің егіз болғандарына қуанамыз, жүрген жерімізде айтып, мақтанып жүреміз, – дейді Асан мен Үсеннің әпкесі Бижамал Назарова.


Екі үйдің балалары бір-біріне қатты ұқсайды

Екі үйдің балалары бір-біріне қатты ұқсайды / Фотосурет автордікі


"Ерасыл, Бекасыл деген егіз ұлым бар"

Асан – бұл күнде жеке кәсіпкер, мал шаруашылығымен айналысады. Ал Үсен – 14 жылдан бері "Тоқсансай" жалпы орта мектебінің директоры. Фатима – математика пәнінің мұғалімі болса, Зәуре – педагог-психолог. Асан мен Фатиманың екі ұл, төрт қызы бар. Ұлдары – егіз. Бекасыл Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде құрылыс материалдарының конструкциясы мамандығында білім алса, Ерасыл Шымкенттегі музыкалық колледжде оқиды.


Егіз жігітке тұрмысқа шыққанымызға өкінбейміз, – дейді Фатима мен Зәуре

Егіз жігітке тұрмысқа шыққанымызға өкінбейміз, – дейді Фатима мен Зәуре / Фотосурет автордікі


– Қыздарым – қызғалдағым. Үлкен қызым – Назым, тұрмыста, Тараз қаласында тұрады. Екінші қызым – Ұлмекен Алматыдағы С.Ж.Аспендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің 6 курсында оқып жатыр. Шұғыла 6 сыныпқа, ең кішкентайым, еркеміз Альбина дайындық сыныбына барып жүр, – дейді Асан.


Асан мен Фатиманың екі ұл, төрт қызы бар

Асан мен Фатиманың екі ұл, төрт қызы бар / Фотосурет автордікі


Асан мен Фатиманың егіз ұлы өнерге, спортқа жақын болып өсті. Өжет, бірбеткей. Егіздің бірі – Бекасыл 13 жасында кемерінен тасып ағып жатқан суға абайсызда құлап кеткен үш жасар ауылдың баласын құтқарып қалыпты.

– Ұлымды анасы дүкенге жұмсаған екен. Үйіміздің іргесінде арна бар. Сонда су бетіне біресе шығып, біресе батып бара жатқан бүлдіршінді көріп, құтқаруға тұра ұмтылады. Жақсы жүзетін. Менің орнымда кез келген адам сондай қадамға баратын еді деп қояды өзі, – дейді Асан.

"Ұл-қыздарымыз да бір-бірінен аумайды"

Ал Үсен мен Зәуре екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы Ерсайын жол құрылысы саласында еңбек етеді. Айсана Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің медицина факультетінде 7 курста оқиды. Алина – стюардесса. Ал Жәнібек 8 сыныпта оқиды.


Үсен мен Зәуре

Үсен мен Зәуре / Фотосурет автордікі


Екі отбасының балалары бір-біріне қатты ұқсайды. Мысалы, Асанның қызы Назым мен Ұлмекен, Үсеннің қызы Айсана мен Алинадан, Асанның ұлы Бекасыл Үсеннің ұлы Ерсайыннан аумайды. Олардың ұл-қыздары да әке-шешелерін бір-бірін бөліп жармай "Фатима мама", "Зәуре мама", "Үсен папа", "Асан папа" дейді.


Үсен мен Зәуренің екі ұл, екі қызы бар

Үсен мен Зәуренің екі ұл, екі қызы бар / Фотосурет автордікі


– Екі үйдің балаларын бір-бірінен бөліп жармаймыз. Туған күн, басқа да мереке күндерін бірге атап өтеміз. Үлкен ұлым Ерсайын екеуіміздің ерекше хоббиіміз бар. Өзім тарихшымын, ал ол басқа саланың маманы болса да, көне, ескі, тарихи заттарға қатты қызығады. Моңғол империясы, Ақсақ темір, Жошы ханның кезінде пайдаланылған тиындарды, найзаның ұшын, жүзіктерді жинаймыз. Алдағы уақытта мектептің жанынан музей ашқым келеді. Қолымыз қалт етсе, ұлымыз екеуміз соларды аршып, тазалаймыз, іздейміз, – дейді Үсен.

Жарасымды, шаттыққа толы шаңырақ иелеріне амандық тілеп, қоштастық. Ал көңілде жып-жылы сезім қалды. Ата-ана тілегіне құлақ асып, бір-бірін бағалаған, тату-тәтті үлкен отбасыға айналған егіздерге іштей тек жақсылық тілеп аттандық.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары