Мұнда келушілер аяқ киімдерін кіреберіске шешіп, қолдарын жуады. Одан соң кішкентай үстелдер қойылған бөлмеге немесе Play Station ойын құрылғысы бар залға кіреді.
– Біздегі мысықтардың бәрі асыл тұқымды. Бағалары мың долларға дейін барады, – дейді мысық-кафе қожайыны Айгүл Құрманәлиева.
Бізде мәзір жоқ
– Мәзір ұсынады деп күтпеңіз. Бұл адамдардың тамақтану үшін емес, шаршағанын басып, демалу үшін келетін орын.
"Кафе" сөзін естіген жұрт әдеттегідей мұнда да салат, бірінші, екінші ыстық тамақ береді деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл – мысығы бар адамдар тамақ ішетін кафе емес, керісінше, мысықты ойнатып, бойға қуат алып, демалуға арналған, яғни, антикафе. Тамақты үйден ала келуге рұқсат етіледі не сырттан тапсырыс беруге болады.
Екінші қабатта мысықтар тамақтанатын жеке бөлме бар. Ұйықтайтын арнайы орын жоқ. Олар осы жердің қожайыны, қайда жатса да еркі, дейді Айгүл.
Айгүлдің айтуынша, бастапқыда дәмхана ересектерге арналып ашылса да, келушілердің басым көпшілігі балалар болып шыққан.
– Ата-аналары мысық ұстауға рұқсат бермейтін, не болмаса енді мысық асырайын деп жүрген балалар көп келеді. Студенттер, қыздар, ең қызығы, мысықпен "сырласу" үшін жас жігіттер де жиі бас сұғып тұрады.
Бұл жерде клиенттің емес, мысықтың дегені болады
Кез-келген кафеде келушінің асты-үстіне түссе, бұл жерде мысықтардың айтқаны жүреді.
– Келген адам осында өткізген уақыты үшін ғана ақша төлейді. Ересек адамдар үшін екі сағаты екі жарым мың теңге. Ал, 5-12 жас аралығындағы балаларға мың жарым теңге. Студенттер мен әлеуметтік әлсіз топтарға жеңілдік бар, – дейді Айгүл.
– Мысықтардың мазасын алуға болмайды. Балалар көтеремін деп мыжғылап тастайды. Қолға алуға көп рұқсат бере бермейміз. Ұйықтап жатқан мысықты оятуға болмайды. Себебі мысық ұйқышыл, олар өзін оятқан адамға ызаланып, агрессия танытуы әбден мүмкін, – дейді Айгүл.
– Мен дәмханаға келгенде бәрімен амандасып, қолыма алып, еркелетіп аламын. Олармен сөйлесемін, әйтпесе ренжіп қалады, – дейді Айгүл.
Марғаулардың негізгі қызметі – келушілермен ойнап, көңілін көтеру. Бір сөзбен айтқанда, жағымды сезімдерге бөлеу.
– Біз мысықтарға арнап қонақ үй де ашып қойдық. Алыс жолға шығып, мысығына қарайтын адамы болмаса, бізге әкеліп тастайды. Осында арнайы үйшікте жатады. Екі-үш күннен кейін басқаларға үйреніп, ортаға шыға бастайды, – дейді Айгүл.
Ең бірінші мысық-кафе 1998 жылы ашылған...
Тайваньда, Тайбэй қаласында ашылған дәмхананың танымал болғаны сонша, ол жерге әлемнің түкпір-түкіпірінен келген саяхатшылар бас сұқпай кетпейтін болған.
Одан кейін жапондар да бұл идеяны өз елінде іске асыра бастапты. Бүгінде Токиода ондаған мысықтарға арналған кафе бар.
2011 жылы Санкт-Петербургте, бір жылдан соң Венада, әрі қарай Германияда, Францияда, Англия және Италияда ашылыпты. Артынша эстафетаға Канада мен АҚШ-тың кәсіпкерлері қосылған екен.
Айта кетейік, бұл – Қазақстандағы үшінші мысықтар дәмханасы. Алғашқысы, Астанада 2014 жылы ашылған мысық-кафесі, көп ұзамай жабылып қалған. Ал екінші кафе былтыр Алматы қаласында ашылған болатын.
Мысықтың пырылы пайдалы
Америка ғалымдары көп зерттеуден кейін әрбір үйде мысық болуы тиіс деген қорытындыға келген. Мысықтың пырылы жануарға тән жай ғана дыбыс емес, түрлі дертке ем деген тұжырым жасаған. Мәселен, мысық сынған сүйектердің бітіп кетуіне көмектеседі және сүйекті қатайта түседі. Адамның жүйке жүйесі мен психикасын қалыпқа келтіреді деген.
Сондай-ақ мысықтың пырылдаған дыбысы мидың және жүрек қан айналымын жақсартып, иммунитетті көтеруге сеп. Гастрит, асқазандағы тасты жойып, остеохондроз, тұмау, ұйқысыздық ауруларынан емдейді деседі. Ішімдік пен нашақорлыққа деген тәуелділікті сейілтеді. Мысықтың тырнақтары ине терапиясының орнына жүретін көрінеді.
Ал Ислам тарихында мысықтардың пырылдағаны Аллаға зікір айтуы деген түсінік бар. Алланың үйі мешітке кіруге рұқсат етілген жалғыз жануар, ол – мысық. Осыдан-ақ бұл үй жануарының исламдағы орнын біле беруге болады.