Тікелей эфир

Иісшіл иттер қылмысты қалай ашады? Одорологиялық криминалистер жұмысынан фоторепортаж

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Алматы полицейлері одорологиялық сараптама көмегімен жыл басынан бері 14 қылмысты ашты.

Қылмысқа қасақана барған адам артынан қандай да бір ілік қалдырмай, ізін жасыруға барын салады. Арнайы қолғап киіп, бетперде тағып, тыңғылықты дайындалғандар соңында із қалдырмауға тырысатыны сөзсіз. Дегенмен, қылмыскер саусақ пен табан іздерін қанша жасырғанымен, өзінің иісінен құтыла алмасы анық. Міне, қылмысты иіс арқылы ашу одорологиялық криминалистика деп аталады.

Одорология – иістер туралы ғылым. Аталмыш сала аса ауыр қылмыстарды ашу мен тергеу үшін криминалистикада кеңінен қолданылады. Алматы полиция департаментінің Жедел-криминалистикалық басқармасында 1998 жылдан бастап одорологиялық зертхана жұмыс істейді. Онда қылмысқа қатысы бар адамдардың иісі сақталады және одан әрі зерттеледі. Сол арқылы аса ауыр қылмыстардың беті ашылады. Адамның иісі қалай алынады және оны қанша жыл сақтауға болады? Іnformburo.kz тілшілері сала мамандарымен тілдесіп қайтты.

Одорологиялық зерттеуді кім жүргізеді?


Криминалист мамандар шақыртуға жиналып жатыр

Криминалист мамандар жұмысқа жиналып жатыр / Фото: Informburo.kz


Оқи отырыңыз: 2021 жылдан бастап қазақстандықтар саусақ ізін тапсыруға міндетті. Дактилоскопиялық тіркеу жайлы не білесіз?

Күнделікті болып жатқан қылмыстардың ізін суытпай, тез ашылуына криминалистердің тигізер септігі зор. Сондықтан, Алматыда аса ауыр қылмыс жасалса, Жедел-криминалистикалық басқармасына 102-ден шақырту түседі. Әдетте кеңседе кезекші криминалист пен одоролог отырады. Мамандар құрал-саймандарын сайлап, шақыртуға әрдайым тастүйін дайын тұрады. Олар қоңырау түскен бойда оқиға орнына жедел-тергеу тобының құрамында шығады. Өздерімен бірге қылмыс орнынан дәйектерді жинауға арналған түрлі жабдықтары бар чемоданын ала жүреді.


Криминалист мамандар қылмыс орнына өздерінің арнайы зертханалық көліктерімен барады

Криминалист мамандар қылмыс орнына өздерінің арнайы зертханалық көлігімен барады / Фото: Informburo.kz


Оқи отырыңыз: Екінші мәрте ұрлық жасайтындарға кешірім жоқ. Қылмыстық кодекске ұрлыққа қатысты тағы қандай өзгертулер енгізілді?

Криминалист маманның чемоданында саусақ, табан, қан іздерін таңбалап алатын арнайы саймандар болады. Ал одорологтың чемоданында қылмыс орнынан иіс іздерін алуға арналған жабдықтар бар. Олар: медициналық қолғап, шыны ыдыс, зарарсыздандырылған фланель мата, фольга, пинцет және өзге де қажетті заттар.


Одоролог маманның чемоданы

Одоролог маманның чемоданы / Фото: Informburo.kz


Қылмыскердің иісі қылмыс орнында қанша уақыт сақталады?

Криминалист мамандар оқиға орнына жеткен бойда әуелі қылмыстың мән-жайына қанығады. Содан кейін қылмыскердің ізіне түсетін дәйектерді жинауға кіріседі. Қылмыс болған бөлме ішінде сол жерден кеткен адамның жеке иісі бірнеше минут қана сақталады. Бұл қылмыстың ізін суытпай ашуға бейімделген иісшіл иттерге қаскөйді іздеуге көмектесе алатын болса да, одорологиялық сараптамаға септігін тигізбейді. Егер қылмыскердің ұзақ уақыт қолданған жеке заты: қол орамал, тарақ, белдік, қолғап немесе басқа заты табылған болса, ол тергеу үшін таптырмас айғақ. Өйткені, бұл заттар иесінің жеке иісін бірнеше ай, кейде тіпті жылдар бойы сақтай алады.


Мамандар қылмыс орнынан табылған заттарды мұқият зерттеп қарайды

Мамандар қылмыс орнынан табылған заттарды мұқият зерттеп қарайды / Фото: Informburo.kz


Егер еш айғақ зат табылмаса, одоролог иісті қылмыскер ұстады деп болжаған заттардан алады. Мәселен, адам өлімі болған жерден мамандар бірінші кезекте пышақ немесе басқа да қару іздейді екен. Табылмаған жағдайда иіс өзге бұйымдардан жиналады. Адам жәй ғана қол тигізген заттарда иіс іздері сақталмайды. Ал біраз уақыт қолында ұстаған бұйымдарға табиғи иісі сіңіп қалады. Мысалы, темекі тұқылында немесе қылмыс құралында (пышақ тұтқасында, арқанда) иіс бірнеше сағатқа дейін тұрады. Егер қылмыскер бір затпен жарты сағаттан ұзақ уақыт байланыста болса, иіс 3 күнге дейін сақталады.


Қылмыс орнынан табылған заттар сандық нөмірмен белгіленеді

Қылмыс орнынан табылған заттар санмен нөмірленеді / Фото: Informburo.kz


Қылмыс орнынан иіс қалай алынады?

Адамның иісін сараптамаға алу аса қиын шаруа емес. Мысалы, қылмыс көлік ішінде болса, одоролог маман қылмыскер ұстады деп болжанған көліктің рөлінен иіс алады. Ол үшін фланель шүберек керек. Матаның бұл түрі жұмсақ, ең бастысы иісті жақсы сіңіреді. Сондықтан, мамандар қызмет барысында дәл осы мата түрін кеңінен қолданады екен. Одоролог резеңке қолғаппен жұмыс істей отырып, қылмыскер ұстады деп болжанған көлік рөліне немесе өзге де затқа әуелі фланель матаны орайды. Оның сыртынан тағы да фольгамен мықтап орап, 2 сағатқа қалдырады. Осы уақыт аралығында фольга иісті сыртқа шығармай, матаға жақсы сіңіруге көмектеседі.


Көлік рөлінен күдіктінің иісін алу сәті

Көлік рөлінен күдіктінің иісін алу сәті / Фото: Informburo.kz


Оқи отырыңыз: Мал ұрлығы үшін жаза күшейеді: айыппұл мөлшері 7,5 млн теңгеге артпақ

Тәртіп сақшылары қылмыс орнында тергеу жұмыстарын атқарған аралықта фланель мата күдіктінің иісін сіңіреді. Кейін одоролог маман фольганы ашып, адамның иісі сіңген матаны шыны ыдысқа салады. Құтының аузын темір қақпақпен мықтап бекітіп, сыртына арнайы бирка жасайды. Онда иістің қай жерден және қандай құралдан алынғаны туралы толық мәлімет жазылады.


Фланель матаға сіңген иіс шыны ыдыста 10 жылға дейін сақталады

Фланель матаға сіңген иіс шыны ыдыста 10 жылға дейін сақталады / Фото: Informburo.kz


Бұл салада 15 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан одоролог маман Шолпан Медетбекованың айтуынша, қылмыс болған жерден адамның иісін алу үшін бекітілген ережелерді сақтау қажет. Мәселен, фланель мата әрдайым құрғақ болуы шарт.

"Егер күн қатты ыстық болса немесе иіс жаз кезінде далада алынатын болса, иіс алынатын затқа пульверизатормен сәл су шашқан жөн. Өйткені, құрғап кеткен құралдан матаға иіс сіңуі екіталай", – дейді маман.


Одоролог маман Шолпан Медетбекова жұмыс барысында

Одоролог маман Шолпан Медетбекова жұмыс барысында / Фото: Informburo.kz


"Иісті алу үшін әуелі қылмыстың мән-жайын білеміз. Себебі, көрінген жерден беталды иісті ала бермейміз. Қылмыскер ұстады не соның жеке заты болуы мүмкін деген болжаммен ғана аламыз. Оқиға орнына шұғыл жеткен дұрыс, сонда иіс жақсы алынады. Дегенмен, қылмыс жасалған соң 1 күн өтіп кетсе де, күдіктінің иісін алуға болады. Тек ол адам сол затпен көп байланыста болса ғана. Ал мәйіт 3 күндей жатып қалса, ол жердегі заттардан иіс алу мүмкін емес. Себебі, мәйіттің иісі өзге иістерді жеңіп кетеді. Сондай-ақ, өрт шыққан жерден иіс алуға болмайды", – деді Алматы ПД Жедел-криминалистика басқармасының аға-криминалисі Шолпан Медетбекова.

Иіс қанша уақыт сақталады?

Қылмыс орнынан алынған иіс іздері одорологиялық зертханаға жеткізіледі және сол күйі бөлме температурасында 10 жылға дейін сақталады. Алматы полиция департаментінің базасындағы бұл зертхана – Қазақстандағы ең тиімді зертханалардың бірі. Ол ашылғалы бері көптеген ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылуына ықпал етті. Мысалы, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында мамандар 15 сынама өткізді, оның 14-і оң нәтиже берген. Қазіргі уақытта бұл одоротекада 2010 жылдан бері сақталған 10 мыңнан астам иіс ізі тұр.


Одоротека ішіндегі иіс сақталған құтылар аудан бойынша бөлінген

Одоротека ішіндегі иіс сақталған құтылар аудан бойынша бөлінген / Фото: Informburo.kz


Одоротека ішінде бұл шыны ыдыстарда қылмыс болған жерден алынған иіс сақталады. Құжаттама бойынша құтылар 10 жыл тұруы тиіс. Сол уақыт аралығында күдікті тұлға қолға түссе, тергеушінің арнайы қаулысымен одорологиялық сараптама жасалады.

"Тергеу бөлімі қылмысқа қатысы бар адамды тауып, қылмыскер осы-ау деп күдіктенген адамның донорлық иісін аламыз. Оны салыстырмалы үлгі деп, бөлек сөреге қоямыз. Күдіктінің иісін қолтығынан аламыз, өйткені тердің иісі сол жерден көбірек шығады. Фланель матаны күдіктінің екі қолтығының астына 30-40 минутқа қоямыз. Кейін матаны шыны ыдысқа салып, аузын бекітеміз. Күдіктіден алынған және қылмыс болған жерден алынған иісті салыстыру үшін одорологиялық сараптама жасаймыз", – деді полиция капитаны Шолпан Медетбекова.

Оқи отырыңыз: Мыңнан астам педофил бостандықта. Оларды жазаға тартуда қазақстандық сот жүйесі неге дәрменсіз?

Одорологиялық сараптама қалай жасалады?

Одорологиялық сараптама Алматы ПД Кинологиялық орталығының базасында жүзеге асырылады. Зерттеуге одоролог маман, тергеуші, инспектор-кинолог және арнайы үйретілген биодетектор иттер қатыстырылады. Сараптама дәл осы бағытта үйретілген иттердің көмегімен жасалады. Мамандардың айтуынша, иттің иіс сезу қабілеті адамға қарағанда 700 есе артық. Сондықтан олар зерттеу кезінде қылмыс орнынан және күдіктіден алынған иісті айна-қатесіз табатын көрінеді.


Кинологиялық орталықтың кіреберісі

Кинологиялық орталықтың кіреберісі / Фото: Informburo.kz


Одорологиялық сынама алуға арналған бөлменің ауа температурасы 200С болуы тиіс. Ал ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 60 пайыздан кем емес деңгейде сақталуы қажет. Бөлме ішіне 10 ұяшық қойылады. Одоролог маман сол ұяшықтардың біріне қылмыс орнынан алынған иіс сақталған шыны ыдысты қойса, тағы біріне күдіктінің бір қолтығынан алынған иісі бар құтыны қояды. Ал өзге ұяшықтарда басқа бөтен иістер тұрады. Бұл жәйттің барлығын биодетектор итпен жұмыс істейтін кинологтың көруіне болмайды. Ұяшықтарға шыны ыдысты салу кинологтың қатысуынсыз жасалады.


Одоролог маман ұяшықтарды қою кезінде үстіне арнайы медициналық киімдер киеді

Одоролог маман ұяшықтарды қою кезінде үстіне арнайы медициналық киімдер киеді / Фото: Informburo.kz


Оқи отырыңыз: Жалған ақпарат таратушылар қалай жазаланады? Қылмыстық және әкімшілік кодекс баптары

Одоролог маман ұяшықтарға донорлық салыстырмалы иіс іздерін қойып біткесін бөлмеге үйретілген итін жетектеп кинолог маман кіреді. Кинологтың қолына күдіктінің екінші қолтығынан алынған иіс бағыттама ретінде беріледі. Ол сол құтыны итке иіскетіп, жұмыс істеуге жібереді. Биодетектор ит 10 ұяшықтың арасынан күдіктіден алынған иіс пен қылмыс болған жерден алынған иісті табуы тиіс.


Биодетектор иттің бір-біріне сәйкес иістерді іздеу сәті

Биодетектор иттің бір-біріне сәйкес иістерді іздеу сәті / Фото: Informburo.kz


Кинолог пен биодетектор иттің жұмыс барысын әйнек терезеден одоролог маман мен тергеуші бақылап тұрады. Бұдан бөлек, барлық жұмыс барысы бейнекамераға жазылады. Өйткені, одорологиялық зерттеулерді жүргізу кезінде иттерді биодетекторлар ретінде пайдаланудың нәтижелері үшін жауапкершілік қарастырылған. Үйретілген ит иісті тапса, сол ұяшықтың жанына отырады немесе үріп белгі береді.


Иісшіл ит күдікті ұяшықты анықтағанда жанына отырып белгі береді

Иісшіл ит күдікті ұяшықты анықтағанда жанына отырып немесе жатып белгі береді / Фото: Informburo.kz


Ит адам тағдырын шеше ме?

Иіс сезу қабілеті қанша жерден мықты болса да, жануардың аты жануар. Ит қателесуі әбден мүмкін. Сондықтан, "иттің адам тағдырын шешуіне жол беруге бола ма?" деген сауал туындары анық. Мамандар көңілге күдік тумас үшін жоғарыда аталған тәсіл бойынша иісті анықтауға 3 ит жұмылдырады екен. Бірінші ит жұмысын бітіргесін одоролог маман бөлмеге кіріп ұяшықтардың орнын ауыстырады. Зерттеуге қатыстырылатын келесі иттер де тура сол тәсілмен күдікті иістерді іздейді. Мамандар тек 3 иттің жұмыс қорытындысы бойынша ғана сараптамаға қатысты анықтама береді. Егер үш иттің барлығы бірдей қылмыс орнындағы және күдіктіден алынған иістердің сәйкестігін анықтаса, сараптама қорытындысы оң саналады. Мұндай нәтиженің дәлдігі тіпті ДНҚ анализімен бірдей. Ал бір ит қателессе, зерттеу нәтижесі есепке алынбайды.

"Мен өз кезекшілігімде қылмыс болған жерден иіс алсам, кейін сол қылмыс бойынша тағайындалған зерттеуге қатыса алмаймын. Оған басқа одоролог шығуы тиіс. Өйткені, ол фланель матада менің иісім қалып, ит шатасып кетуі мүмкін. Жалпы, бұл тәсілмен қылмыскерді табу тиімді. Мысалы, жуықта 2017 жылы болған ауыр қылмыс ашылды. Құқық бұзышылық жасаған адам қашып кеткен болатын. Дегенмен, жуықта қолға түсті. Бірақ, күдікті қылмысты мойындаудан бас тартты. Сол кезде тергеуші одорологиялық сараптама тағайындады. Архивтен қылмыс орнында табылған белдіктен алынған иісті шығарып, күдіктінің өзінен алынған иіспен салыстырдық. Зерттеу кезінде иттер дәл тапты", – деді Шолпан Медетбекова.

Мамандардың пікірінше, әр адамның өзгеге ұқсамайтын өзіндік иісі болады. Адамның иісі саусақ таңбасы сияқты еш өзгермейді. Киімге, аяқ киімге сіңген иіс көпке дейін тұрақтайды. Сондықтан, иісте сақталатын ақпаратты пайдалану әдетте куәгерлерсіз жасалатын қылмыстарды сәтті ашуға мүмкіндік береді.


Мамандар кинологиялық орталықтың ауласында/ Фото: Informburo.kz


Биодетектор ит қанша уақытта зерттеу жасауға дайын болады?

Әдетте қызметтік иттер дайындығына, бейімдеуіне қарай түрлі бағытта қолданылады. Мысалы, жарылғыш заттарды анықтау, есірткі заттарын табу, қылмыскерің ізін аңду және одорологиялық тәжірибе үшін. Сол себептен, әр бағыттағы қызметтік итті үйретудің өзіндік жолдары бар. Мәселен, Алматы Полиция департаментінің қарамағында 60 ит қызмет етсе, оның үшеуі одорологиялық зерттеу жасауға бейімделген. Жеті жылдан бері қызметтік иттерді үйретумен айналысатын аға инспектор-кинолог Рүстем Тұрлыбектің айтуынша, иісшіл иттерді дайындау аса ұқыптылық пен төзімді талап етеді.


Инспектор-кинолог Рүстем Тұрлыбек

Инспектор-кинолог Рүстем Тұрлыбек / Фото: Informburo.kz


"Одорологиялық зерттеу жасайтын 2 итіміз бельгиялық овчарка, біреуі лабрадор-ретривер тұқымды. Иіспен жұмыс істейтін иттерді үйрету оңай шаруа емес. Мысалы, одорологиялық зерттеуге бір итті баулуға кемінде 3 айдай уақыт кетеді. Осы аралықта аптасына 4 рет, 2 сағаттан жаттықтырамыз. Үш айдан кейін ғана итті ептеп зерттеуге қатыстыруға болады. Сараптама алдында итке тамақ бермейміз. Өйткені, қарны тоқ ит иісті іздегісі келмейді. Сондықтан, зерттеуді таңғы сағат 10-ға дейін жүргіземіз. Ит қылмыс орнында қалған күдіктінің иісі арқылы қылмыскердің кім екенін анықтап жатса, оны мақтап, жақсы көретін тамағын береміз. Осы тәртіпке үйренген ит қателеспеуге тырысады. Егер иттің көңіл-күйі болмаса, жұмыс істегісі келмейді. Ондай кезде зерттеуді 3 күнге шегеріп, итті тынықтырамыз", – деді Рүстем Тұрлыбек.

Иттердің зерттеу дағдыларын естен шығармауы үшін олармен үнемі жаттығулар жасап тұру керек. Полиция қызметкерлерінің мәлімдеуінше, көп адамдар қылмысты осындай одорологиялық зерттеу жасау тәсілімен ашуға болатынын білмейді. Сондықтан, қылмыс орнында иісі сіңген заттарын қалдырып кетеді. Әсіресе оқыстан жасалған қылмыс орнынан осындай айғақтар жиі табылады екен.

"Ауыр қылмыс болған жерге із кесуге машықтанған иттер де әкелінеді. Кинолог сол иттерді тінтуге жіберген кезде, олар иіскеп, күдіктенген заттардан біздер де одорологиялық сараптама үшін иіс аламыз. Былтыр қыста қаладағы арықтардың бірінен адамның мәйіті табылды. Марқұмды көрпеге орап, сыртынан қалың сым темірмен байлап тастап кеткен екен. Маңайда еш ілік жоқ, бірақ тергеу жұмыстарын жалғастырып жаттық. Бір уақытта кинолог қызметтік итті жіберіп, оған мәйіттің иісін иіскеткен кезде жануар жүгіріп кетті. Тәртіп сақшыларын бір көшеден кейін орналасқан кафеге алып барды. Сөйтіп, күдіктіні сол жерден тапты. Кейін білгілі болғаны, қылмыскер сол мәйітті сол кафеден сүйреп келген екен. Сол кезде ит иіскеген заттардан, сым темірден менде иіс алдым. Ол адам қылмысын мойындамай жатқан кезде, сараптама жүргізу үшін қосымша дәлел ретінде қолданылады", – дейді Шолпан Медетбекова.

Одорологиялық сараптама сотта дәлел бола ала ма?

Одорологиялық сараптама нәтижелерін сот талқылауында негізгі дәлелдердің бірі ретінде пайдалану мүмкін емес. Өйткені, біздегі қылмыстық іс жүргізу заңнамасында мұндай зерттеу нәтижесі тек қосымша, ұсынымдық сипаттағы дәлел түрінде қарастырылған. Дегенмен, криминалистикада бұдан бөлек қылмысты ашу үшін неше түрлі тәсілдер қолданылып келеді. Соның бірі, адамды саусақтардың ізімен анықтау әдісі – дактилоскопия.


Криминалист Алексей Роденко саусақ таңбасын алу үстінде

Криминалист Алексей Роденко саусақ таңбасын алу үстінде /Фото: Informburo.kz


Саусақ таңбасы дактилоскопиялық магниттік ұнтақтың көмегімен алынады. Із кәдімгі тұрмыстық скотчқа жапсырылып, қағаз бетіне түсіріледі. Онда саусақ таңбасы қайдан алынғаны, нөмірленіп жазылады. Кейін ол таңба саусақ іздері сақталатын папилонға өткізіледі. Қалалық жедел-криминалистикалық басқармасының бас криминалисі Алексей Роденконың айтуынша, қылмысты дактилоскопиялық тәсілмен ашу ең тиімдісі.

"Көбі саусақ таңбасын алу, пайдасыз іс дейді. Бірақ, көп қылмыс дәл осы дактилоскопия тәсілімен анықталады. Біздің папилон базамызда 1 миллионнан астам саусақ ізі бар және соның көмегімен көп қылмыс ашылды. Егер папилон болмаса, криминалистер криминалист болмас еді", – дейді полиция подполковнигі Алексей Роденко.

Сондай-ақ, криминалист мамандардың қылмысты ашуда кеңінен қолданатын әдістеріне трасология мен баллистика да кіреді. Біріншісі іздерді зерттеу тәсілі болса, екіншісі түрлі оқтар мен жарылғыш заттардың қимылын анықтайды.

Серіктестер жаңалықтары