Тікелей эфир

Іле Алатауы ұлттық паркінде визит-орталық ашылды

Визит-орталықтың маңынан кемпингтер салынады / Алмаз Төлекенің суреті
Визит-орталықтың маңынан кемпингтер салынады / Алмаз Төлекенің суреті
Жалпы аумағы 750 шаршы метр нысанда туристерге дәріс беретін орын, дәретхана, кафе бар.

Іле Алатауы ұлттық паркінің 35 гектар жері өткен жылдың көктемінде жеке кәсіпкерге жалға берілген еді. Жерді 49 жылға пайдалануға алған инвестор экотуризмді дамытуға ниетті екенін білдіріп, жобасын да таныстырған. Алайда, қоғам белсенділері мен табиғат жанашырларының үлкен сынына ұшырап, басы дауға қалған болатын. Соған қарамастан, Алматыдағы "Іле Алатауы" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде құрылыс жүріп жатты. Бүгін онда бой көтерген алғашқы визит-орталық жұмысын бастады.

Визит-орталықтың фойесі / Алмаз Төлекенің суреті
Визит-орталығының фойесі / Алмаз Төлекенің суреті

"Аюсай" визит-орталығы үш модульден тұрады. Әр модуль шамамен 200 шаршы метр. Ғимарат толығымен ағаштан және әйнектен тұрғызылған. Америкалық технологияны қолдана отырып, жеңіл конструкция түрінде құрастырылыпты. Ғимараттың негізіне бетон құйылмаған, яғни оны салу кезінде топыраққа зиян келмеген. Әрі маңайдағы ағаштарды отамаған.

Нысан ағаштан тұрғызылған / Алмаз Төлекенің суреті
Нысан толығымен ағаштан тұрғызылған / Алмаз Төлекенің суреті

Оқи отырыңыз: Экологиялық мәдениетті қалай дамытамыз? Оған қанша қаржы қажет?


Модульді нысанда бірнеше дәретхана да бар. Жобаны танымал сингапурлық архитектор дайындаған. Ғимарат Аюсай шатқалының ландшафтына үйлесіп тұр. Визит-орталық wi-fi интернет желісіне қосылған.

Визит-орталықтың кіреберісі / Informburo.kz суреті
Визит-орталықтың ақпараттық орталығы / Алмаз Төлекенің суреті

Суық мезгілде мұнда бас сұққан туристер жылынып, тегін wi-fi қолдана алады. Ал қалған қызметтер ақылы негізде көрсетіледі. Мәселен:

  • төрт адам үшін екі сағатқа гид жалдау – 5 мың теңгеден бастап;
  • коворкингте күндіз уақыт өткізу – 4 500 теңге;
  • кофехана сәуір айында ашылады.
Орталықта дәрістер өткізілетін бөлме/ Алмаз Төлекенің суреті
Ғимараттағы дәрістер өтетін бөлме / Алмаз Төлекенің суреті

Шатқалда қоршаған ортаға зиян келтірмей әрі қауіпсіз демалудың негіздерін түсіндіру үшін "Тамыр" жабайы табиғатта болу мектебі жұмыс істеп жатыр. Онда волонтерлер мен кәсіби альпинистер тегін лекциялар жүргізеді. Визит-орталық ішінде экологиялық сабақтар үшін арнайы зал да ашылды. Ағарту мектебінің бірінші дәрісі 17 қаңтарда өтеді.

"Бізде мұнда күрделі құрылыс жоқ, қоршаған ортаға зиян келтірмейміз. Туристік кешен толығымен аяқталған кезде, кемпинг пен глэмпинг жасаймыз. Яғни, Аюсайда түнегісі келетіндерге арналған үйлер салынады. "Іле Алатауындағы экотуризмді дамыту жобасы аясында тағы да 4 шатқалда 6 визит-орталық салынбақ. Осы жылы үшеуін: Үлкен Алматы көлі маңында, Бутаков және Түрген шатқалдарында тұрғызуды жоспарлап отырмыз", – деді "Turanga Group"  компаниясының басшысы Александр Гужавин.


Оқи отырыңыз: "Алтын Емел" мен "Шарын" 49 жылға инвесторларға беріледі. Бұл парктердің көркін аша ма, әлде табиғатын тоздыра ма?


Инвестор "Аюсай" визит-орталығын ашуға 900 млн теңгесін құйған. Ал жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асыру үшін 4 жыл ішінде 12 млрд теңгесін жұмсамақ. Дегенмен, кәсіпкер жұмсаған қаражатын 8 жыл ішінде қайтарамыз деп үміттеніп отыр.

"Егер кәсіпкер табиғатқа зиян келтіріп жатса, яғни қоқысты уақытылы шығармаса, жасыл желекке тиіссе, біз үшін маңызды өртке қарсы іс-шаралар сақталмаса, мұндай жағдайларда онымен келісімшарт бірден бұзылады. Сондай-ақ, бұл нысанды мақсатты пайдаланбаса да жер жалға берілмейді. Мұндағы мақсат – экологиялық туризмді дамыту", – деді "Іле Алатауы" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Бас директоры Дамир Малгелдиев.

Іле Алатауына 2019 жылы 300 мыңға жуық адам келген екен. Былтыр пандемияға байланысты туристер саны айтарлықтай кеміген. Дегенмен, инфрақұрылымды жөндеу және визит орталықтың ашылуы арқылы туристер ағынын көбейту көзделген.

Туристер жаз кезінде тынығатын орындар / Алмаз Төлекенің суреті
Визит-орталыққа жазда келген туристер осында тынығады / Алмаз Төлекенің суреті

Оқи отырыңыз: Қазақстанның әлі күнге дейін туристік бренді жоқ. Мәселе 10 жылдан бері неге шешілмей келеді?


Мамандардың айтуынша, Аюсай шатқалына инфрақұрылым жасалмас бұрын ұлттық парк қызметкерлері Қазақ ұлттық университетімен және Зоология институтымен бірлесіп экологиялық мониторинг жүргізіп, қоршаған ортаға түсетін рекреациялық жүктемені есепке алған.

Орталықтың жанынан медпункт ашылады / Фото Informburo.kz
Орталықтың маңынан медпункт ашылады / Алмаз Төлекенің суреті

Визит-орталықтың жұмыс уақыты:

  • қыста – 10.00-ден 17.00-ге дейін;
  • жазда – 07.00-ден 22.00-ге дейін.

Келесі аптадан бастап №28 қалалық автобустың бағыты визит-орталыққа дейін ұзартылады.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары