Тікелей эфир

Халық Тоқаевтың реформаларынан қандай нәтиже күтеді? Сараптама

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Ескі гвардиямен жаңа реформа жасау қаншалықты мүмкін? Қазақстанда шынайы саяси реформалар жүргізілуі үшін не істеу керек?

2021 жылдың 10 қаңтарында парламент сайлауы өтетіні туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуі мен жарлығы жарияланды. Соны күткендей елдегі бірқатар партия өкілдері саяси додаға дайын екендерін мәлімдеп үлгерді. Тіпті кейбіреулер мәжілістен орын алатындарына бек сенімді көрінді. Жалпы мәжіліс пен мәслихат сайлауын өткізуге 15 млрд теңге жұмсалмақ. Оның 340 млн теңгесі сайлау комиссиясының мүшелеріне қорғаныс құралдарын сатып алуға арналған.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысы өтті. Мұнда президент ауыл әкімдерінің сайлауы, парламенттегі әйелдер мен жастардың 30 пайыздық квотасы сынды саяси реформалар бірсәттік популистік акция емес екенін айтты. Осы жиында мемлекет басшысы мемлекеттік және ұлттық ЖОО сатылмайтынын, оңтүстіктен солтүстікке көшкендерге жәрдемақының екі есеге көбейетінін, ал азаматтық алған қандастарымыз солтүстік өңірге көшсе үкімет оларға үй кезегінің сақталуын қамтамасыз ету керек екенін жеткізді.

2021 жылы 16 жылдан кейін кезекті сайлау өтеді. Кейбір сарапшылар Қазақстанда шынайы оппозиция жоқ дейді. Сонда алдағы парламент сайлауына кімдер қатысады?

Жаңа партия тіркеліп, сайлауға түсуі мүмкін бе?

Саясаткер Мұхтар Тайжан сол баяғы алты партияның қатысатынын, өкінішке қарай. карантинге байланысты жаңа партияны тіркеп үлгере алмайтынын айтты. Сонда да партияға қосылып, коалиция ретінде сайлауға қатысатынын жеткізді. Ал саясаткер Азаматхан Әміртайдың коалицияға кіретін партияға қоятын шарттары бар:

  • тең төраға болу;
  • толық түрде бағдарламаны өзгерту;
  • өздерінің мүшелерін депутаттыққа ұсыну.

Саясаттанушы Расул Жұмалы үш айда жаңа партия тіркеліп, күтпеген жерден басқаша сценарий өрбуі мүмкін дегенге сенбейді.

"Әрине, жақсы болар еді, бірақ саясат қияли ертегілер алаңы емес. Мен ондайға сенбеймін. Жаңа партияны тіркеудің көптеген процедурасы бар. Үш айдың ішінде ол мүмкін емес. Қолда бар мүмкіндіктерді пайдалану керек. Парламенттік сайлаудың 2004 жылдан соң алғаш рет кезекті өзінің мерзімінде өткізілетіні дұрыс. Себебі жалпы кез келген сайлау уақытында өтуі сол мемлекеттің өзінің заңдарын сыйлағаны, қадірлеп-қастерлегені. Тпті екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Америкада, Британияда сайлау болған", – дейді Расул Жұмалы.

Ол 30 пайыздық квота – партияға әйелдер мен жастардың енуін жөн санайды. Алайда ол парламенттік оппозиция ұғымы енгізілсе де, Қазақстанда шынайы оппозициялық партия жоқтың қасы деген пікірде.

"Алты партияның "бұл сайлаудан түк шықпайды", "бұған қатыспаймыз, я болмаса бойкот жариялаймыз" деген сияқты тактикасы бар. 20-30 жылдан бері айтылып келе жатқан ол бойкоттан да түк шықпайды. Nur Otan-ды санамағанда тек сайлаудың алдында тірілетін партияларға жан бітірудің бір жолы қоғам белсеніділері сол коалицияны пайдалана отырып "Ауылға" ма, басқа партияға кіріп бәлкім өзінің ойларын алға салады. Праймеризге қатысқан 10 мың азаматтың басым бөлігі Nur Otan-ға мүше емес. Басқа париялар осы платформаны пайдалана алса әйтеуір жаңалық енгізуге болады", – деді ол.

Азаматхан Әміртай 30 пайыздық квотаның популизм екенін, одан түк шықпайтынын айтады. Оның сөзінше, қоғамда шыншыл, әділ позицияны ұстанатын, қарсылас болып жүрген адамдарды парламентке кіргізуге ұмтылуымыз керек. Олай болмаса саяси дағдарыс басталады. Елде төңкеріс болып, халық көтеріліске шығады.

Оқи отырыңыз: Праймериз әділ сайлау ма әлде саяси ойын ба? Cараптама

Сайлауға кімдер қатысады?

Саясаттанушы Ерлан Саиров әрбір сайлауға елдегі саяси мәдениеттің өсуінің үлкен бір шкаласы деп қарайды. Ол Қазақстандағы ең негізгі мәселе ұрпақтар сабақтастығы деп санайды. Партиялар құрамында жастар жоқтың қасы. Маслихаттың екі пайызы ғана жастар. Отыз жылда саяси жүйе қаншама жасты қабылдамаған.

"Праймеризге қарап болжам жасасақ, маслихаттардың ауысуы 60 пайызға келеді, яғни 30 пайызы жастар, 25 пайызы әйелдер болады. Басқа партиялар да дәл осындай технологияны пайдалануы керек. Қоғам жұмысында партиялардың рөлі әлсіреп кеткен. Елімізде ең алдыңғы қатарда қоғам белсенділері билейді. Осы жерде тұрған азаматтарың әрқайсысы ертең партия құрамын десе артынан халық ереді. Қазіргі саяси жүйені өзгертудің тағы бір жолы партияларға қоғам белсенділерін кооптация жасайтын болса, партиялар әртүрлі мәселелерді көтеріп жүрген азаматтарды қатарына қосар болса, онда қоғамдық тұрғыдан бұл сайлау алға жылжу болады", – деді Ерлан Саиров.

Қоғам сайлауда қаншалықты белсенді болады? Президент сайлауынан кейін қоғамның билікке деген сенімі күрт төмендеп кеткен жоқ па?

Ерлан Саиров қоғам белсенді болмаса елде ешқандай өзгеріс болмайды деген пікірде. Қоғамда "сайлау әділ өтпейді", "сайлауға қатыспаймыз" деген позиция болмауы керек. Мемлекетті өзгертемін деген әрбір адам міндетті түрде араласу керек дейді ол.

Мұхтар Тайжан болса, мажоритарлық жүйені қолдайды. Бұл дегеніміз партия шешіміне қарамастан халықтың сайлауымен парламентке кіру.

"Мәжілістің тең жартысы пропорционалды жүйеде қала берсін мейлі. Бірақ 50 пайыз мажоритарлық жүйемен мәжіліске баратын жолды ашуымыз керек. Қоғам белсенділері сайлауға қатысамыз деп бір партияға кірсек, депутаттық мандат кімге берілетінін партияның басшысы шешеді. Ал мажоритарлы жүйе болса оны халық шешеді", – деді ол.

Ерлан Саировтың сөзінше, Германияда пропорционалды жүйе бойынша азаматтардың барлығы екі бюллетеньге дауыс береді. Бірінші бюллетеньде кандидатты, екіншісінде партияны таңдайды. Бұл аралас жүйе деп аталады. Қазақстанның да аралас жүйеге көшкені дұрыс. Саясаттанушы партияға қырын қарайтын азаматтардың саяси көзқарасының еленбей қалуы саяси жүйенің жалпы тұрақтылығына кері әсерін тигізуі ықтимал деп санайды.

Оқи отырыңыз: Халықтың түрлі-түсті революция жасауына биліктің өзі кінәлі ме? Сараптама

Расул Жұмалы мажоритарлық жүйенің демократияға бір табан жақын екенін айтып отыр. Оның сөзінше, алты партияның барлық мүшесі Қазақстан азаматтарының бес пайызынан аспайды. Қалған 95 пайызының да мүдделері қорғалу керек дейюді ол.

"Алты-ақ саяси партия бар. Саяси партиялардың көптігі қоғамның бүкіл мүшесінің мүддесін білдірмейді. Жаңа партия керек. Қырғызстандағы секілді 250 партия болмаса да, 20-30 партия болса сан сапаға ұласады. Сол партияларды құру үшін бұған дейін көптеген шектеу болды. Әлі де бар. Кейбірі алынып тасталды, мысалы 40 мың дауыстан 20 мың дауысқа дейін төмендетілді. Қоғам белсенділері тіркелсе мүмкіндік бар. 20 мың дауысты жинауға болады. Жаңа партиялар керек", – деді саясаттанушы.

Партияларды тіркеуде жеңілідіктер жасалғанымен Тоқаев президент болғалы неге бірде-бір партия тіркелмеді?

Мұхтар Тайжан партияны тіркеу үшін қаражат керек екенін, әр учаскеге бақылаушы қою керек екенін айтады.

"Саясат қағида тұрғысында өзгерер болса сол ақша бұрынғы мүддесі бір адамдарға бермейді. Мәжілістің ішінде тәуелсіз, ешқандай партияға мүше емес депутаттар отырса бюджет өзгереді. Бұрынғылар бюджет ақшасын сорып отыра алмайды. Қағида тұрғысында әзірше саяси жүйе өзгермейді деп есептеймін. Саясат ақша болмауы керек, саясат халықтың жағдайымен айналысуы керек. Біздің жағдайда олигархтар саясатқа кіріп бәріне монополия жасап отыр", – деді ол.

Саясаткер келесі сайлау әділ өтеді дегенге күмәнмен қарайды. Ерлан Саиров болса сайлау халықаралық стандарттарға сәйкес, шетелден келген бақылаушыларды заңдылық тұрғыдан қанағаттандыратын, әділ өтуі тиіс деп санайды. Оның сөзінше, бұған билік пен билік партиясы да мүдделі.

"Бүгінгі заң аясында саяси кеңістіктің айналасында бұл сайлау таза, әділ, ең негізгісі сайлау бақылаушылар мен сайлауға қатысатын азаматтарды қанағаттандыратындай өтуі тиіс және өтеді деген сенімдемін. Бұл сайлау әділ өтпейтін болса елімізде қоғамдық саяси құлдырау басталады. Олай болмас үшін билік партиялары өздері соған мүдделі болуы керек", – деді саясаттанушы.

Расул Жұмалының айтуныша, 20-30 жылдан бері сайлау әділ өтіп келе жатқан жоқ. ТМД-дан басқа халықаралық ұйым демократиялық сайлау ретінде мойындаған жоқ. Отызыншы жыл келгенде әділ сайлау бола қалады дегенге сену қиын.

Ескі гвардиямен жаңа реформа жасау қаншалықты мүмкін?

Расул Жұмалы 2019 жылғы президент сайлауында жүрген 10 мың бақылаушы "былықтардың бәрін болмаса да, жолын кескенін", нәтижесінде абсолютті болмаса да біртабан жақын әділдікке келді деп отыр. Ал 2021 жылы өтетін парламент сайлауында да қоғам белсенділік танытуы тиіс деп есептейді.

"Қазақстан азаматтар кездейсоқ адамдар немесе партиялар еніп кетпес үшін белсенділігімізді танытуымыз керек. Алты партияның біреуі де менің көңілімнен шықпайды. Мәжілісте коммунистердің отырғанын қаламаймын. Ең болмаса соларды парламентке жібермеудің реті болса... Кезінде қазақ қоғамына коммунизм не істеді? Әлі күнге дейін парламентте отырғаны менің намысыма тиеді. Бірақ мұны айқаймен емес, өркениетті заңды жолмен дауыс беріп, шыңғырмай, айғайламай істеуге болады. 18 млн халықпыз, оның ішінде 72 пайызы – қазақпыз. Осындай өркениетті жолдарды таңдау арқылы қозғалған әбден дұрыс", – дейді саясаттанушы.

Оның сөзінше, биліктің үлкен қателігі – оппозициялық партияның болмауы, оларды тіркемей, шектеп келуі. Кез келген қоғам үшін оппозицияның болуы қажет.

Мен "Ақ жолды" оппозициялық партия деп санамаймын. "Азат" ресми түрде бар, бірақ үні шықпайды. Аты бар, заты жоқ шындығын айтсақ. Оның болмағаны биліктің де, оппозицияның да қателігі. Отыз жыл өтсе де қайта-қайта айта береміз. Оппозицияның басы әлі күнге дейін бірікпей келе жатыр. Әлі күнге дейін бірімен-бірі тоғыспайтын амбиция. Әлі күнге дейін бірін-бірі қаралау", – деді Расул Жұмалы.

Мұхтар Тайжан "әділетті сайлауды өткізетін халық" деген саясаттанушының ойымен келіспейді. Жауапкершілік халықтың мойнында емес, мемлекеттің мойнында, өйткені сайлау комиссияларын қалыптастыратын – мемлекет. Сол себепті әділетті сайлауды өткізу биліктің міндеті, дейді ол.

Оқи отырыңыз: Билік өзгерістерге дайын ба? Сараптама

Украина мен Грузияда сайлауды бақылаушы болған Расул Жұмалы ол елдерде сайлаудың әділ өтуін қоғамның өзі талап етті дейді. Қоғамның өзі сайлау комиссиясын, билікті, президентті "біздің бақылаушыларымызды енгізіңіз", "заңға өзгерістер енгізіңіз" деп мәжбүрлейді. Билік өздерінің ұяты болғандықтан, "бұл демократияға қайшы" деп адал болғаннан емес, мәжбүр болғаннан істейді. Мәжбүрлейтін – халық, қоғам.

Азаматхан Әміртай Қазақстан халқы талап етіп жатқанын, мұны былтырғы президент сайлауы көрсеткенін, бірақ билік халықтың үнін естімейтінін айтып отыр.

"Азаматтар сайлау комиссиясына барып бақыламаса, ештеңе өзгермейді. Мемлекет дегеніміз – билік пен азаматтар арасындағы ымыра. Саяси ландшафты өзгертетін билік емес. Қай жерге барсаңыз да билік эгоист болады. Өзгертетін – халық. Халық өзгерісті талап еткен кезде, аяғымен барып жұмыс істеген кезде билік белгілі бір қадамдар жасайды", – деді саясаттанушы Ерлан Саиров.

Халық биліктен қалай талап ету керек?

Ерлан Саиров халық сайлау комиссиясына барып нақты бақылауды қамтамасыз ету керек деп есептейді. Сол кезде қандай партияның қанша пайыз дауыс алғаны ашық транспарентті болады. Оның сөзінше, Қазақстанда төрт тәуелсіз бақылаушылар альянсы пайда болған. Олар сайлау процесіне араласса, сайлаудың әділ өтуіне тағы бір алғышарт болады дейді ол.

"2019 жылғы сайлауға дейін барлық президенттік сайлауларда дауыс ешқашан 90 пайыздан төмен болмаған. Былтыр 70 пайыз болды. Әділдікке бір қадам жақын болғанының бірден бір көрінісі осы. 10 000 бақылаушы қатыспаса, талап етпесе 90 пайыз боп шығар еді. Бұл керемет жеңіс емес, бірақ алға бір қадам", – деген пікірде Расул Жұмалы.

Азаматхан Әміртай да президенттік сайлау кезінде халық өзін көрсеткенін, халық тәуелсіз бақылаушыларды құрып барлық сайлау процесін бақылағанын, бірақ олардың ақпаратын билік елемегенін тілге тиек етті.

Мұхтар Тайжан болса, ең біріншіден, тәуелсіз бақылаушыларды сайлау комиссияларының құрамына қосу керек деген ұсыныс айтты. Ал оған жол ашатын – билік. Екіншіден, бүгінгі таңда әлеуметтік зерттеу жабық тұрғанын, тәуелсіз компаниялар зерттеу жасай алмайтынын айтады. Оған да жол ашатын билік. Үшіншіден, Exit-poll санау үшін ресми түрде рұқсат алу керек. Былтырғы президенттік сайлауда кандидаттың халықтың үмітін сатып кеткенін, ресми нәтижесін күтпей кандидатты құттықтағаны қиянат болғанын еске салды.

"Біз көсемшілдіктен арылуымыз керек. "Елде барлығын Президент шешеді", "соған ғана қарап қалдық" деген түсініктен кетуіміз керек. Бәрін бір адамға басып тастау, барлық жауапкершілікті бір адамнан көру, жеңілсе кете салатын оппозицияның құны қандай болмақ? Он мың бақылаушы көп іс тындырды, былықтарды әшкереледі. Он мыңның қаншасы көрген былықтарын сотқа дейін жеткізді? Белсенділік қолында тұр. Бір күн дауыс бердік, бақылады. Бірақ демократия деген процесс. екінші күні бар, үшінші күні бар. Бара бер", – деді Расул Жұмалы.

Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан әділ сайлау өткізу халықтың жауапкершілігі емес, мемлекеттің, үкіметтің міндеті деп қайталады. Халықтың жауапкершілігі – сайлау учаскесіне барып, дауыс беру. Әрі қарай сайлау процесін мемлекет қадағалауы керек. Тәуелсіз бақылаушыларды сайлау комиссиясына кіргізгенде ғана әділ болады дейді ол.

"Сайлау комиссияларына азаматтық белсенділерді кіргізу керек. Сайлау процесінің барлығын міндетті түрде қоғамның өзі бақылауы керек. Онсыз болмайды. Өйткені қоғам міндетті түрде өзі барып, өзі жұмыс істеуі тиіс. Әйтпесе билік өзгермейді. Қазақстанда саяси консталтинг жоқ. Ол елімізде нақты саяси процесс болған кезде ғана пайда болады. Оның ішінде әлеуметтік зерттеулер, саяси технология, халықтың саяси мәдениетін өзгертетін нәрселер сол кезде пайда болады. Саяси консталтингтің нарығы жоқ", – деп Ерлан Саиров тағы бір мәселенің шетін шығарды.

Оқи отырыңыз: Қазақ жастары биліктен не талап етеді? Сараптама

Қазақстанда шынайы саяси реформалар жүргізілуі үшін не істеу керек?

Мұхтар Тайжан демократия күшті тәуелсіз парламенттен басталатынын, ал оған 60 пайыз Nur Otan-дықтар кірсе де, әрі жас, әрі белсенді азаматтар барса екен деп тілейді.

"Бүгінгі парламенттің 70 пайызы ауысуы керек. Зейнеткерлер, жасы келген адамдар көп. Кейбір кезде анау отырысында ұйықтап алады. Бұл не деген парламент? Парламенттің тең жартысы мажоритарлық жүйемен сайлануы керек. Онда ешқандай партияға мүше емес, тәуелсіз депутаттар парламентке кіреді. Сонда үкімет те ауысады", – деді саясаткер.

Ол экономикамен 20-25 жыл айналысып келе жатқан реформалар жөніндегі жоғарғы кеңесте отырғандар өздері қалыптастырған жүйені реформалайды дегенге сенбейді. Себебі кеңесте тәуелсіз адамдар отыруы керек.

Азаматхан Әміртай болса жоғарғы кеңестің қолынан түк келмейтінін, түк істей алмайтынын айтады. Бағдарламаны іске асыру үшін мінез керек. Сондай-ақ, саяси жағдайда бәсекелестік жоқ. Ол жемқор болуға тәрбиелеген ұрпақты парламентке әкелудің арты жақсы емес деген пікірде.

Ерлан Саиров дүниежүзінде үлкен трансформация болып жатқанын, мемлекет деген институттың өзі екі сұрақ – әділеттілік және теңдікке жауап бере алмай жатқанын айтады. Бұл мәселе Қазақстанды айналып өтпеген.

"Бізде отыз жылғы реформалар ішінде екі аспекті бар. Жақсы аспектісі – мемлекеттілік пайда болды. Екінші жаманды–жақсылы экономикалық жүйе бар. Үшінші, мемлекет бүкіл әлеуметтік жауапкершілікке өзі жауап беріп отыр. Халыққа зейнетақы төленіп жатыр, білім саласына қаржы бөлініп жатыр. Қазақстан экономикасында проблема да бар. Ең негізгісі – халықтың кедейлігі. Мемлекет бай да, халық кедей", – деді саясаттанушы.

Ол ең бірінші халықтың кедейлік мәселесін шешпесе ешқандай саяси реформа болмайтынын, өйткені халқы кедей елде демократия болуы мүмкін емес екенін айтады.

"Әлеуметтік аспект қалай пайда болады? Еуропа елдерінің барлығы әрбір мемлекет экономикалық әлеуетін зерттегенде ішкі жалпы өнім ұғымынан кетіп қалған. Олар адамның даму индексі дегенді алға қояды. Қазақстанда даму көрсеткішін жасағанда адамның даму индексін қоюымыз керек. Экономикалық реформа деген осы. Шеттен келген бүкіл ақшаның барлығы халқымыздың әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталуы керек", – деді ол.

Расул Жұмалы реформалық кеңестің барлық бағыты экономика болып кеткенін, ал реформа саясат пен оның ережелерінен басталатынын айтады. Саясаттың өзі жаңармаса іргелес жатқан оған тәуелді экономика да алға баспайды.

"Осы шешімдерді, реформаларды кім істейді? Кадрлық жүйенің жаңарғанын қалаймын. Ол парламент бола ма, үкімет не кеңестер бола ма. Әлгі адамдардың басым бөлігі неге тұратынын 10-20 жыл көрсетті. Оны бәріміз көрдік. Сайыста балуанды түсірдіңіз. Он рет жеңілді, он бірінші рет жеңеді-ау деп салып отырсыз. Бірақ жеңбейді. Реформаны жаңа адамдар жасауы керек", – дейді саясаттанушы.

Оқи отырыңыз: Партиялық тізім, 30% квота және саяси құлдық

Президент реформалар бойынша "Назарбаев курсын" жалғастыра ма?

Мұхатр Тайжан Тоқаевтың шынайы реформаны жасау ниеті барын, өкінішке қарай, бүгінге дейін саяси салмақ, күш жетіспей жатқанын айтады. Оның сөзінше, реформа жасауға арнайы кеңес, топ керек емес. Экономикаға кедергі боп тұрған квазимемлекеттік секторды азайту үшін Тоқаев "Самұрық-Қазына ұйымы таратылады" деген қол қоюы нақты реформалық шешім. Бұл нақты экономикаға көмек болатынын, бірақ оған жоғары билік бармай жатқанын айтады.

"ҚазАгро", "Бәйтерек" секілді квазимемлекеттік сектор эконмикамызға үлкен кедергі келтіріп, жеке сектор дамымай жатыр. Мұндай шешімдерге келу үшін бір апта жеткілікті. Бір апта ішінде жарлықтарға қол қойса болды. Ұйымдар таратылуы керек. Ұлттық компаниялар үкіметке тікелей бағынуы тиіс. Сонда ғана ақшалары, дивидендтері үкіметке ткелей барады. Қазір бармай жатқан себебі "Самұрық-Қазына" сол ақшаны ұстап тұр. Мұндай шешімді бір күнде қабылдауға болады", – деді қоғам белсендісі.

Ол қазіргі сот жүйесі адал болмағандықтан тәуелсіз сот жүйесі керек деген пікірде. Қазіргі ахуалда экономикаға инвестиция келмейді. Мұхтар Тайжанның пікірінше, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтан қалай да кетуі керек. Әйтпесе ел экономикасы ешқашан дамымайды.

Еуразиялық экономикалық одақтан шыға аламыз ба?

Мұхтар Тайжанның сөзінше, көрші мемлекеттермен сауда жасау үшін міндетті түрде одақ қажет емес. Еркін сауда аймағы одаққа дейін болған.

Ерлан Саиров көршілерді ешкім сайлап алмайтынын, Қазақстанның пешенесіне Қытай мен Ресейдің ортасында тұру жазылғанын айтады. Сол себепті аймақтық сауда-саттық міндетті түрде болуы керек.

"Мемлекеттің дамуы көрші мемлекетпен саудадан тұрады. Сондықтан бізге әділ сауда жүйесін жасау керек. Өкінішке қарай, Қазақстанның активінен пассиві көп. Ресейден көп тауар кіреді, біз Ресейге аз тауар шығарамыз. Бұл мәселені қалай шешуге болады? Бізге экстерриториалды әртүрлі одақ керек. Қазіргі таңда Орта Азия мемлекеттерімен экономикаылық одақ жасауға болады. Туыспыз, ежелден келе жатқан сауда-саттық дәстүріміз бар. Еуразиялық одаққа қарсы болмай тұрып ішкі Орта Азия мемлекеттерінің одағын құру керек", – деп ұсынды саясаттанушы.

Оның сөзінше, бір одаққа қарсы шығу күрделі геосаяси жағдайда экономикаға тиімсіз, керісінше ешкімге қарсы шықпай басқа компоненттерді дамыта беру керек.

Расул Жұмалы интеграция дегенді халық әлі дұрыс түсінбейтінін айтып ол ұғымға анықтама берді.

"Интеграция деген жекелеген мемлекет, мысалы Қазақстан өзінің егеменді лауазымдарын басқа біреуге бере салды деген мәселе. Құр ынтымақтасу ғана емес. Осы тұрғыдан алғанда президент те, біз де "ең басты құндылық – тәуелсіздік" деп айтамыз. Кез келген интеграциялық ұйымға Қазақстанның кіруі – өзін тәуелсіз лауазымдарын басқа біреуге ұсынуы. Әсіресе өзінен он есе ірі елдермен ынтымақтасуын қаламаймын. Мен мұны экономикалық қана емес, саяси үлкен қатер деп білемін. Сол үшін де одақтан Қазақстанынң ерте ме, кеш пе шығуын қолдаймын", – деді ол.

Саясаттанушы ұлттық бағдарламалар іске асуы үшін үш нәрсені тоқтату керек екенін айтты.

  • бұған дейін болған ұлттық бағдаралмалардың барлығы сүзгіден өткізіп, қажетсіз, шығын келітеретіндерінен бас тартып, қаржыландыруды тоқтату керек;
  • басқа елдерге еліктеуді, екінші Кувейт, Сингапур, Оңтүстік Корея боламыз дегенді қойып, бірінші Қазақстан болу керек;
  • "топ жарамыз", "отыздыққа кіреміз" дегенді қою керек.
"Тоқаев та қоғамға керегі осы бағдарламалардың нақты нәтижесі деп айтып отыр. Жол салып бер, жалақысын көтер, денсаулығын түзе. Ұлттық бағдаралмалар қысқа мерзімді, нақты нәтижесін көретіндей болуы керек. Оны дайындау ескі кадрлардың қолынан келмейді. Мемлекетшіл бағыттағы азаматтар қолына алуы керек. Бұны қолынан келсе де, келмесе де билік істейді. Қоғамдық пікір қалыптастырар болса, әлеуметтік желілер арқылы, митинг арқылы талап етсе, өзіміз табандылық танытсақ тасымыз өрге домалайды. Бір рет аузым күйді деуге болмайды", – деді Расул Жұмалы.
Оқи отырыңыз: Жері бай Қазақстанның халқы неге байымайды? Сараптама

Қоғам белсенділері талап еткен несие амнистиясы не себепті жүзеге асырылмай қалды?

Мұхтар Тайжан мемлекет те кедей екенін, бюджетте де ақша жептей жатқанын айтып, мәселені шешу үшін "жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң әзірлеуді ұсынды. Ондай заң болса адам "несиені енді көтере алмаймын, енд" төлей алмаймын" деп сотқа барып дәлелдейді. Сот "жеке тұлға шынымен де банкрот болып кетті" деп шешім шығарады. Адамды несиеден босатылғанымен жауапкершілік болуы үшін бес жыл кредит ала алмайды.

"Түгел кредит алған адамды кешіре салсақ бұл жерде адалдық жоқ. Басқалар кредитті алған соң қиналып, жұмыс істеп төлеп отыр. Неге бір адам кредитті алып қайтаруға міндетті де, бір адам қартаймайды. Жанболат Мамайдың бұл проблеманы көтергені дұрыс. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң керек. Сонда әділ болады. Мысалы мен бай болсам кредитті алам да, амнистия арқылы кредиттен бос болам. Бұл адал ма?", – деді ол.

Азаматхан Әміртай болса саясат түзелмей экономика еш уақытта түзелмейтінін, саясат қисық болса экономикада жемқорлық қалыптасатынын айтады. Ол несие амнистиясы қисық саясаттан туындап тұрғанын, олай саяси популизмге баруға, халықты алдауға болмайтынын жеткізді.

Ұлттық кеңес өзінің алдына қойған міндетті орындай алды ма?

Ерлан Саиров кеңестің құрылғанына бір жылдан асса да, халық пен биліктің арасындағы диалогтың бір алаңы қалыптасты дейді. Ұлттық кеңес – елдегі саяси жүйені эволюциялық тұрғыда бірте-бірте өзгерту құралы. Сондықтан кеңестің қадамдары да бірте-бірте болады. Бірінші пакет аясында бес заңға өзгерістер енгізілген.

Расул Жұмалы өркениетті елдерде халық пен биліктің арасын қосатын түрлі дәнекердің бірден бірі Парламент екенін айтады. Өкінішке қарай, Қазақстанда парламент оған толыққанды жауап беріп отырған жоқ.

"Оған деген сенім жеткіліксіз. Ұлттық кеңестің пайда болып отырғаны соның көрінісі. Жетіскеннен емес, сол сенімді қайтарудың реті. Ұлттық кеңестің болмағанынан болғаны жақсы. Нақты нәтижелер бар. Ұзақ мерзімде ұлттық кеңестің болғаны онша дұрыс емес. Себебі бұл парламенттің функциясы. Әділ сайлауларға жетер болсақ парламентте ауыз-түйістер, пікір алмасулар, маған десең жаға жыртысулар болсын", – деді Расул Жұмалы.

Оқи отырыңыз: Адам саудасы. Ішкі миграция. Еңбек мигранттары. Сайлау. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында қандай мәселелер қамтылды?

Азаматхан Әміртай Қазақстанда мықты бағдарламалар мен заңдар көп болса да, нақты іске келген кезде нәтижесі жоқтың қасы дейді. Ал Ұлттық кеңес көп нәрсені қолға алса да жасай алмағанын, нәтиже болмағанын айтады.

Мұхтар Тайжан болса үкімет пен билік берген кез келген мүмкіндікті пайдалана білу керек деген пікірде. Сол мүмкіндікті пайдаланып халыққа қажетті заңдарды қабылдату қажет.

Материал 31 телеарнасының "Неге?" ток-шоуында айтылған пікірлер негізінде әзірленді.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары