Праймеризге қатысушылардың түпкі мақсаты қандай?
Праймериз өткізу жөніндегі Орталық ұйымдастыру комитеті "Nur Otan" партиясына жаңа мүшелер қабылдауды 11 қыркүйектен 4 қазанға дейінгі аралықта, яғни, дауыс беру аяқталғанға дейін тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Соның өзінде 1 тамыздан бері партияға 25 мыңдай жаңа белсенді азамат мүшелікке өтті. Тіпті, бір кездері билікті сынағандар да партия құрамына кірген. Бұл азаматтардың жаппай праймеризге қатысуының себебі не? Олар расымен халықтың мұңын мұңдап, жоғын түгендей ме, әлде тек депутат болуды көздеп отыр ма? Праймеризге өз бағдарламасын ұсынып, саяси додада бағын сынауға бел буғанның бірі – журналист Бағдат Қожахметов. Ол праймеризді пайдаланып депутат болуға және қарапайым халықтың жоғын жоқтауға дайын екенін жеткізді.
"Депутаттың қолында басқа қызметтерге қарағанда билік бар, мүмкіндіктер кеңірек. Депутат боламын ба, жоқ па, бір Құдай біледі. Өзімнің ұстанымдарым бар. "Nur Otan" партиясы пайда болған күннен бастап, партияның жасаған барлық құжаттарын қарасаң, барлығында "кедейшілікті жеңейік, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын көтерейік, әлеуметтік жағдайды жақсартайық, жол түсірейік" дейді. Барлығы жақсы. Ол бағдарламадағы және құжаттардағы жазылған жоспарларына ешкім қарсы емес. Бірақ, ойы мен арманы және ісі бөлек. Екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Кез-келген партия болсын, кез-келген саясаткер болсын, өзінің бағдарламасын, ойын игереді де, билікке барғасын ештеңе істемейді. Мен осы праймеризді пайдаланып, "Nur Otan" партиясының ішіне кіріп, халықтың көңілінен шықпайтын мәселелерді шешкім келеді", – деді Бағдат Қожахметов.
Қоғам белсендісі Геройхан Қыстаубаев праймеризден топ жарғандардың қолынан ескі саяси жүйені бұзу келмейтінін және олардың ешқайсының тыңнан түрен сала алмайтынын айтады. Сондай-ақ, ол праймериз өткізу тек саяси ойын деген пікірде.
"Еш мүмкіндігі жоқ екенін көріп тұрса да, праймеризге қатысушылар "барамын, жөндеймін" дейді. Бұларға өтірік сүйек лақтырып қойды. Соған дәмеленіп, "қоғамды өзгертемін" дейді. Ол мүмкін емес нәрсе. Бұл о бастан ойлап тапқан халықты алдау саясаты. Президенттік сайлауды да легитимді жасау үшін оппозициядан бір өкілді қосты. Оған биліктің өзі барлық жағдайды жасады. Нәтижесінде әлем елдерінің алдында біздегі президент сайлауы азды-көпті легитимді болып шықты. Енді тап сондай мақсатпенен "Nur Otan"-ның алдағы парламенттік сайлауын легитимді ету үшін ғана ойлап табылған саяси ойын бұл. Мен әлеуметтік желіде көп отырамын, сондағы көпшіліктің де пікірі осы", – деді Геройхан Қыстаубаев.
Оқи отырыңыз: Мемлекеттік БАҚ биліктің қолжаулығы ма? Cараптама
Праймериз жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жеңе ме?
Праймеризге қатысып жатқан үміткердің бірі – заңгер Қазыбек Дәуітәлі "праймериз халықты алдау" деген пікірмен түбегейлі келіспейтінін айтты. Ол праймериз алдағы болатын сайлауды шынайы легитимдендіру құралы деп мәлімдеді. Заңгер елде алғаш рет өткелі отырған жаңашылдық арқылы партия ішінен кадрлық резервті дайындап, бюрократияны әлсіретуге болатынына сенеді.
"Түпкі мақсатым – мәжіліске бару. Праймеризді таңдауымның басты себебі – мүмкіндігімді пайдалану арқылы қолымнан келгенше еліме пайда тигізу. Бірнеше ауылды аралап, халықтың арасынан келіп отырмын. Әрине, бізде көптеген кемшіліктер, жемқорлық мәселелері бар. Оны халық та айтып отыр. Халық праймеризге сеніп отыр. Сол үшін, күрделі мәселенің барлығын шешу үшін алдыңғы құрылатын парламент сапалы болуы керек. Партия жетекшілігі праймеризді сол үшін енгізіп отыр. Сондықтан біз бұл мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Праймериздің мақсаты – партияға тек жаңа адамдарды алып келу емес. Жаңа идеяларды, тың ойларды жүзеге асыру. Сондықтан, біз бюрократиялық жүйемен күресуіміз керек. Парламент мәжілісінде біз осындай заңдардың қабылдануына атсалысуымыз керек. Егер біз осыған атсалыспасақ, кім қолға алады?" – деді ол.
Заңгер өзінің бағы шауып, праймериз арқылы парламенттен орын алса, мемлекеттік деңгейде жемқорлықпен күресуге кірісетінін жеткізді.
"Мемлекеттік деңгейде жемқорлықты жеңу үшін мемлекеттік қызметті реформалауды ұсынамын. Бізде қазір мансаптық модельге негізделген мемлекеттік қызмет бар. Осыны 30-40 пайызға дейін келісімшарт жүйесіне ауыстыруымыз қажет. Бұл тәжірибе әлемде бар. Келісімшарт жүйесі дегеніміз не? Сізді 1 жылға, 6 айға немесе 3 жылға жұмысқа алады. Сіз ары қарай мемлекеттік қызметте мансап қуып, сол жұмысты қартайғанша істемейсіз. Белгілі уақыт істеген соң, сізді жұмыстан шығарып жібереді. Бірақ, жалақыңыз еңбек нарығындағы жалақыдан төмен болмайды. Еңбек нарығындағы жалақыдан төмен болмағаннан кейін бұл белгілі деңгейде жемқорлықтың алдын алуға себеп болады. Осыны толықтай біз енгізсек, жемқорлықты белгілі бір деңгейде тежейміз", – деді Қазыбек Дәуітәлі.
Оқи отырыңыз: Билік өзгерістерге дайын ба? Сараптама
Праймериз революцияға апаратын жол
Партияның ішкі сайлауына түсіп жатқандардың саяси деңгейіне күмәнмен қарайтындар көп. Сондықтан болар, праймеризде білікті кандидаттардан гөрі, халық арасында танымал тұлғалар өтіп кете ме деген күдік басым. Дегенмен, кімнің парламентке өтетінін праймериздің ережесіне сәйкес, партия мүшелері шешеді. Саясаткер Азаматхан Әміртай праймериздің дәл осы тұсы революцияға апаратын жол деп есептейді.
"Праймериз революцияға апаратын жол. 25 мың адам түгел парламентке кіре алмай қалады. Сосын олардың барлығы ертең шулап, "Nur Otan"-ға қарсы болады. Халық өздерінің дауыс берген адамдары іріктеуден өтпей қалғасын митингке шығады", – деді Азаматхан Әміртай.
Саясаткердің пікірінше, праймериз өткізу "баяғы жартас сол жартастың" кебін кию. Өздерін ұсынып отырған үміткерлердің бұрынғы қалыптасқан жүйені бұзуға шамасы жетпейді.
"Мемлекеттегі экономикалық дамуға, біздің барлық саяси реформамызға ең бірінші тежеу болып тұрғаны – жемқорлық, ұры шенеуніктер. Оған ешқайсыларының әлі жетпейді. Қазіргі депутаттардың барлығы лоббистер. Өздерінің бизнес компаниялары бар, әрқайсы олигарх. Бұл біздің саяси дағдарысымыз. Мұны жеңу үшін билік жаңа тәуелсіз партияның пайда болуына мүмкіндік беру керек. Сол кезде бәсекелестік басталады. Саяси жағдайда бәсекелестік пайда болған кезде шындық ашылады, жағдайымыз түзеледі", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Қазақ жастары биліктен не талап етеді? Сараптама
"Nur Otan" праймеризден кейін популистердің партиясына айналып кетпей ме?
Бағдарлама жүргізушісі Ерқанат Көпжасарұлы эфирге шақырылған спикерлерге "Nur Otan" праймеризден кейін популистердің партиясына айналып кетпей ме?" деген сұрақ қойды. Бұған заңгер Қазыбек Дәуітәлі "ең бірінші іріктеуде халықтың дауысын көп алған адам парламентке барса, "Nur Otan" популистер партиясына айналмайды" деп жауап қатты. Ал саясаткер Азаматхан Әміртай бүгінде бұл партияға 90% халық сенбейді деп мәлімдеді.
"Nur Otan" өзін-өзі алдап отыр бүгінгі күні. Халық бұл партияға сенбейді. Бұл біздің тағы да саяси дағдарысқа кіргенімізді көрсетіп отыр. Егер халық сенбесе, билік өз партиясымен жүретін болса, ертең біздің болашағымыз не болады? Ертең тағы артқа кетеміз 10 жылға. Егер билік саяси технологияларды пайдаланғысы келсе, дұрыс технологияларды пайдалануы тиіс. Ол үшін жаңа партиялар керек, сол партиялар арасында бәсекелестік болу қажет. Сонда ғана еліміз дамиды. "Nur Otan" саясатқа дұрыс жұмыс істеу үшін алдымен өзіндегі жемқорлықты жеңуі керек. Осы уақытқа дейін "Nur Otan" партиясының бір ісі орындалғанын көрген жоқпыз. Жемқорлықты жеңеміз деді – жеңе алмады. Индустриалды мемлекет құрамыз деді – құра алмады. Кәсіпкерлерді көтереміз деді – көтере алмады. Долларды ұстап тұрамыз деді – ұстай алмады. Популизм ғой. Президент "хайпократия" деді ғой, "Nur Otan" нағыз хайпократия партиясы", – деді Азаматхан Әміртай.
Оқи отырыңыз: Партиялық тізім, 30% квота және саяси құлдық
Праймериз әділ өте ме?
Праймериз ережесіне сәйкес кімнің парламентке баратынын, партия мүшелері яғни "Nur Otan"-ның ішіндегі фракция шешеді. Сондықтан, қоғам белсенділері праймериздің әділ өтетініне күмәнмен қарап отыр. Саясаткер Азаматхан Әміртай "Nur Otan" партиясының атынан алдағы шақырылымда кімнің депутат болатыны баяғыда шешіліп, тізімі бекітіліп қойған деген пікірде. Бағдарлама жүргізушісі Ерқанат Көпжасарұлы праймеризге қатысушы үміткерлерге "Кімнің өтетінін фракция шешетін болса, сайлауға не үшін түсіп жатырсыздар?" деген сұрақ қойды. Бұған журналист Бағдат Қожахметов жауап қатты:
"Мысалы, мен праймеризден "Nur Otan" партиясының Алматы қаласының бір ауданы бойынша ең биік рейтинг жинап, бірақ, конференцияға барғаннан кейін мені партия төрағасы немесе басқа адам тізімнен сызып тастаса, олардың халыққа немесе өзінің "Nur Otan" партиясының көпшілігінің дауысына қарсы шыққаны болады. Сондықтан праймериздің осындай кереметтілігі бар. Бұл жаңа технология", – деді ол.
Қоғам белсендісі Геройхан Қыстаубаев та праймериздің әділ өтпейтінін алға тартты. Оның айтуынша, "Nur Otan" партиясының қатарына ащы шындықты айтып, өзгеріс енгізетін адамдар қабылданбайды.
"Праймериз әлемде бар тәжірибе. Оны біздің мемлекетке енгізіп жатқан "Nur Otan" партиясы. Үміткерлерге "5 минут сөйлеп, үгіт-насихат жасайсың" дегендей ережесін жазып берді. Сөйтіп, әділ сайлау өтеді деп уәде етеді. Сіздер "әділ болады, рейтингіміз жоғары болса, парламентке жетеміз" деп ойлап отырсыздар. Бірақ, "Nur Otan"-ға сырттан шындықты айтамын деген адамдар барса, ол "Nur Otan"-ның өлуі болып саналады. Сонда сіздер қалайша біреу жасап берген ережемен ойнап отырып, сол ереженің иесін ұтамыз дейсіздер?" – деді қоғам белсендісі.
Оқи отырыңыз: Қазақстан халқы ассамблеясы кімнің мүддесін қорғап отыр? Сараптама
"Nur Otan" партиясының халық арасында беделі бар ма?
Хабар барысында спикерлер партия ішілік сайлау жасап, құрамын жаңартпақ болған "Nur Otan" партиясы қандай қателіктер жіберді деген сауалға жауап іздеді. Бағдат Қожахметовтың пікірінше, партияның ең бірінші қателігі – праймеризді бұрын қолданбай, жабық ұйым болғаны.
"Есігін ашпаған, ішіндегі қан ұйып қалған. Сондықтан біздің депутаттар ұйықтап отыр. Екінші қателігі, ұйықтап отырған заңгер қандай заң қабылдайды? Менің ойымша, заңдардың көбісі қисық. Сол заң неге орындалмайды? Оны зерттейтін заңгерлер керек. Тағы бір кемшін тұсы, партияның ішінде беделді жастар, әйелдер жоқ", – деді журналист.
Ал қоғам белсендісі Геройхан Қыстаубаев "Nur Otan"-ның ең басты қателігі – партияның құрылғаны деп мәлімдеді.
"Бұлар өмірге келгелі бері халықты тек алдаумен келеді. Қандай сайлау болсын, қандай шара болсын. Қазіргі алдап отырғаны праймериз. Үміткерлер "барамыз, жөндейміз" дейді. Бірақ, оған еш мүмкіндігі жоқ. "Nur Otan" халықтың жағдайын ойласа, саяси аренадан кетсін. Партияны таратсын, солай халыққа жақсылық жасайды", – деді ол.
(Материал 31 телеарнасының "Неге?" ток-шоуында айтылған пікірлер негізінде әзірленді)