Тікелей эфир

Адам саудасы. Ішкі миграция. Еңбек мигранттары. Сайлау. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында қандай мәселелер қамтылды?

 Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысы өтті.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин білім беру және денсаулық сақтау салаларын жетілдіру бойынша ұсынылған бастамалардың біразы жүзеге асқанын айтты.

Көлік иелеріне жүргізуші куәлігін талап етпейтін, тек қана жеке куәлікті қолдану мүмкіндіктерін қарастыратын жол жүру нормалары бойынша заң жобасы Мәжіліс қарауына ұсынылды. Бұдан бөлек, Ұлттық кеңестің үшінші отырысында білім беру және денсаулық сақтау салаларын жетілдіру бойынша ұсынылған бастамалардың біраз бөлігі жүзеге асып отыр. Соның ішінде педагогикалық бағыттар бойынша оқуға түсуші үміткерлер үшін іріктеу талаптары күшейтілді.

"Осы бағытта білім алатын бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 60 пайызға, ал докторанттардың шәкіртақысы 46 пайызға ұлғайды. Жоғары оқу орындарында профессорлық-оқытушылық құрамның орташа еңбекақысы 2019 жылмен салыстырғанда 27 пайызға өсті", – деді Қарин.

  • Бас мемлекеттік санитар дәрігердің мәртебесі мен құзыреттілігінің кеңеюін қамтитын "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекс қабылданды;
  • Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті құрылды;
  • "Биологиялық қауіпсіздік туралы" заң жобасы дайындалды.
"Осының барлығы Ұлттық кеңестің үшінші отырысында жарияланған бастамалар", – деді Ерлан Қаринн

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің саяси реформалар жөніндегі тобы ауыл әкімдерін сайлауға қатысты ұсыныстарын жария етті:

  • Біріншіден, біздің ойымызша жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту үшін бес жылға арналған тұжырымдама қажет. Сонымен бірге арнайы заң әзірлеп, қабылдаған дұрыс. Жергілікті деңгейдегі жиындарды өткізудің жаңа тәртібін енгізетін уақыт жетті деп санаймыз. Мсыалы қазір ол үшін аудан әкімінің келісімі қажет. Біз ауыл азаматтарының кемінде 10 пайызы жиын өткізу туралы мәселе көтерсе, оған сол ауыл әкімінің келісімі жектілікті деп есептейміз.
  • Екіншіден, тұрғындар сондай жиындар арқылы әкімдердің жұмысына қоғамдық бақылау орнатар еді . Бұл жерде де жалпыға тең және төте сайлау өткізу керек. Дауыс беру жасырын түрде болуы тиіс. Келесі жылы кент, ауыл және ауылдық округ әкімдерін сайлау керек. Мысалы егер сайлау оң нәтиже берсе оны кезең-кезеңмен басқа деңгейде де жүзеге асыру дұрыс деп санаймыз.

"Бұл жерде кез келген азаматтың сайлану құқығын шектемеу керек деп есептейміз", – деді Ұлтық кеңес мүшесі Максим Споткай кеңестің төртінші отырысында.

Оның айтуынша ауыл әкімі лауазымына үміткерлерге қойылатын талап та жеңіл болуы керек. Ол үшін үміткердің 25 жасқа толуы, тиісті елдімекен аумағында соңғы үш жылда тұрақты тұруы, жоғары немесе орта арнаулы білімі болуы шарт.

Экономикалық блок бойынша сөз алған Арман Қашқынбек ел азаматтарына зейнетақы жинақтарын жоғары білім алуға пайдалану мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Сонымен қатар, банк секторына қатысты экономиканың екінші деңгейдегі банктер арқылы қаржыландыру мақсатында:

  • Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесін төмендету;
  • Қаржы секторы кірістерінің салық салынатын негізін азайту;
  • Үмітсіз борыштар бойынша ғана қалыптастырылған, қаржы жылының қорытындылары бойынша толық құнсызданған банктер жасаған провизиялардың бір бөлігін ғана шегерімге қолдану мүмкіндігін қарастыру.

Мақсаты – екінші деңгейдегі банктердің салық салынатын негізі мен бюджеттік түсімдерді ұлғайту, екінші деңгейдегі банктерді нақты секторға кредиттер беру мақсатында алған табыстарына корпоративтік салық төлеуден босату.

Экономика жөніндегі жұмыс тобымының ұсыныстары:

Бірінші. Экожүйе, тұйық экономика сияқты жаңа механизмдер мен терминдерді енгізе отырып, ұлттық деңгейде масштабтау мақсатында 2030 жылға дейінгі он жылдық кезеңге арналған орнықты дамудың ұлттық бағдарламасын әзірлеу.

Екінші. Соңғы уақытта ірі қалаларда ауа сапасы мәселесі талқылануда. Мұнда біз экология министрлігі, БҰҰ Даму бағдарламасы және "Талап" орталығы арасында қалалардағы ауа сапасының нақты мәртебесін айқындау, таза ауа мен инфрақұрылымға экономикалық ынталандыру мен инвестициялар әзірлеу үшін бірлескен жоба ұсындық.

"Тағы бір өзекті мәселе - қазақстандықтардың еңбек көші-қоны"

"Жыл сайын мыңдаған отандасымыз еңбек мигранттарына айналады. Азаматтарымыз шетелде жоғары біліктілік талап етілетін салаларда ғана емес, олардың көпшілігі қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Олар өз елінде істеуге келіспейтін жұмысты шетелде істеуге дайын. Мұндай жағдайда еңбек қатынастары ресми түрде реттелмейді. Бірқатар елде қазақстандықтар заңсыз жұмыс істейді. Осындай жағдайлардан кейін отандастарымыз күн сайын әртүрлі қиындықтарға тап болады. Бұл пандемия кезінде айқын көрінді", – деді Президент.

Бұл біліктілікті арттыру, жаңа дағдыларды игеру, өз ісін бастау үшін бастапқы капиталды жинау, басқа әлеуметтік-мәдени ортаға бейімделу сияқты жағымды жақтары бар көп қырлы процесс.

Сондықтан мемлекет қазақстандықтардың, оның ішінде еңбек көші-қонында жүргендердің әлеуетін іске асыру үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Үкімет осы мәселелердің барлығын егжей-тегжейлі зерделеп, ұсыныстар енгізуі керек.

"Компаниялардағы басшы әйелдер үлесін арттыру керек"

Статистикаға сәйкес, мемлекеттік қызметкерлер мен әлеуметтік қызметкерлердің 55%-дан астамы әйелдер. Бұл ретте парламент пен маслихат депутатының 22%-ы, судьялар корпусының 47%-ы әйелдерге тиесілі. Бұдан бөлек ел тарихында алғаш рет әйел адам облыс басшысы болды.

"Сарапшылардың бағалауына орай, Қазақстан мемлекеттік басқару және билік органдары саласында посткеңестік елдер арасында әйелдердің үлесі көшбасшы орынға ие. Әйел бір қолымен бесікті, ал екінші қолымен елді басқарады", – деді Президент.

Мемлекеттік қатысуы бар жария компаниялардың басшылығындағы әйелдердің үлесі әлі де төмен, 5-7%-ды құрайды. Бұл жағдай ел тұрғындарының жартысынан көбін құрайтын әйелдердің әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік бермейді.

Мемлекет басшысы Кеңес мүшелері бұл мәселені жан-жақты пысықтап, компаниялардың басшы органдарындағы әйелдердің үлесін 30%-ға дейін арттыру туралы міндетті норманы енгізу қажет екені туралы ұсыныс енгізгендігін айтты.

"Осы бастаманы кезең-кезеңімен іске асыру туралы ойлануға тиіспіз деп ойлаймын. Бұл бизнес-саланы әйелдер үшін тартымды етеді және Қазақстанның мамандандырылған рейтингтердегі позициясын арттырады", – Қасым-Жомарт Тоқаев.

Балаларды интернеттегі қудалаудан сақтау керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды түрлі жәбірден, интернеттегі қудалау мен арандатудан қорғау үшін Ұлттық мониторинг механизмін енгізуді тапсырды.

"Балаларды интернеттегі қудалаудан сақтау керек. Мәселені жүйелірек түсіну үшін Ұлттық мониторинг механизмін – балалардың амандығы индексін құрып, оны 2022 жылдан бастап енгізу қажет. Индексті енгізу жұмысы балалардың әртүрлі саладағы жағдайын жақсарту бойынша ұлттық саясаттың тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді", – деді Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.

Дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды

"Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды", – деді Президент.

Бүкіл әлемдегі кітапханалар - білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды.

Сондықтан да Мемлекет басшысы жалпы кітапханалардың жүйесі мен жұмысын ұйымдастыруға жаңаша көзқараспен қарау қажеттігін баса айтты.

Оңтүстіктен солтүстік өңірге көшетіндерге берілетін жәрдемақы 2 есе көбейеді

"Ел ішіндегі миграциялық үдерістерді реттеу ісінің тиімділігін арттыра түсу қажет. Бұл ең алдымен азаматтарымызды еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне көшіруге қатысты. Осы мәселе Ұлттық кеңесте бірнеше рет көтерілді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оны кешенді түрде шешу үшін:

  • Біріншіден, электронды еңбек биржасының базасында бірыңғай ақпараттық ресурс құру керек. Көшіп барушыларға мемлекет көрсететін қолдау жөніндегі барлық ақпаратты тікелей әрі жедел алуы қажет.
  • Екіншіден, қазіргі көшуге қатысты мәселелерді оңайлатқан жөн. Мемлекет мигранттарға барынша қолайлы жағдай жасуға тиіс.

ҚР Президенті жақында жұмыс сапарыммен Солтүстік Қазақстан облысында болғанын атап өтті.

Ол өңір демографиялық өсімі ең баяу аймақтың бірі болғанымен қоныс аударушыларды тарту жағынан жақсы нәтиже көрсетіп отырғанын атап өтті. Аймақта көшіп келушілерге арналған тұрғын үйлер, сонымен қатар коммуналдық инфрақұрылым дамып, әртүрлі әлеуметтік нысандар салынып жатқанын айтты.

"Қоныс аударушыларды ынталандыратын қосымша шара ретінде оларға берілетін жәрдемақының мөлшерін 2 есеге, яғни 35 АЕК-тен 70-ке дейін көбейткен жөн деп санаймын. Үкіметке бір айдың ішінде осы мәселені зерттеп, тиісті шешім қабылдауды тапсырамын,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Адам саудасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адам саудасына қатысты мәселеге жеке тоқталып, бұл бағытта тіркелетін қылмыстарды анықтау үшін нақты шараларды қабылдауды тапсырды.

"Адам саудасы туралы халықаралық рейтингтер мен баяндамаларда Қазақстанның жағдайы онша емес. Мен бұл мәселеге Жолдауда жеке тоқталдым. Ендігі кезекте барлық уәкілетті органдардың батыл әрі үйлесімді әрекеті керек. Қазақстанның заңнамасын халықаралық стандарттарға сай бейімдеген абзал", – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, адам саудасына қатысты қылмыстардың алдын алу және оларды анықтау бойынша нақты шараларды қабылдау керек. Адам саудасы мен мәжбүрлі еңбектің зардабын шеккен шетел азаматтарының бәріне көмек көрсетілуі тиіс. Мыңдаған адамның тағдыры мен Қазақстанның абыройы қабылданған шаралардың тиімділігіне байланысты.

Жастарға арналған 30 пайыздық квота

"Біз қоғамдық пікірді және азаматтардың түйткілді мәселелерін зерделей отырып, маңызды істерге жол аштық. Бүгін мен жастарға арналған 30 пайыздық квота туралы айттым. Бұл бастаманың заңды тұрғыда рәсімделуі – мемлекетті басқару тәсілдерін жаңартуға бағытталған байыпты қадам. Сондай-ақ, осы жоба арқылы еліміздің саяси өміріне белсенді араласуға зор мүмкіндік беріледі", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазір еліміз бойынша мәслихат депутаттары корпусында жастардың үлесі 2 пайыз шамасында екенін жеткізді. 3 мыңнан астам мәслихат депутатының арасындағы жастардың саны бар-жоғы 60-қа жуық.

"5-10-20" бағдарламасы бойынша ескі үйлерді де беруді сұрады

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің әлеуметтік жаңғырту жөніндегі жұмыс тобы "5-10-20" ипотекалық бағдарламасы бойынша ескі тұрғын үйлерден баспана сатып алуға рұқсат беруді ұсынды.

Қазақстанда 30 мыңға жуық көпбалалы отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Оларға жекешелендіруге немесе мұрагерлікке беруге болмайтын жалдамалы пәтерлер беріледі. Кеңес мүшелерінің сөзінше, олардың көпшілігі ипотека алады.

"Қазақстанда "7-20-25", "5-10-20" бағдарламалары бар. Өте жақсы болғанымен, олар бойынша тұрғын үй сатып алуда қиындықтар бар. Мысалы, ипотека тек жаңа тұрғын үйге беріледі, ал бастапқы тұрғын үйдің бағасы жоғары. 15 млн теңгеге бір бөлмелі пәтер сатып алуға болады, ал бес баласы бар көп балалы отбасыға 20 жылға бір бөлмелі пәтерді ипотекаға алу тиімді емес", – деп атап өтті Жұмыс тобының өкілі Ләззат Қожахмет.

Ол "5-10-20" бағдарламасы бойынша ескі тұрғын үйге ипотека беруді ұсынды. Бұл тұрғын үй кезегінде тұрғандардың тізімін және тегін тұрғын үй құрылысына жұмсалатын шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді, деп есептейді қоғамдық кеңес мүшесі.

Жұмыс тобы бюджеттік бағдарлама есебінен салынатын үйлер құрылысының сапасын бақылауға алуды ұсынды. Сондай-ақ, ипотекаға 2%-бен пәтер сатып алуға болатын "Бақытты отбасы" бағдарламасына ауыл тұрғындарының қатысуы мәселесін көтерді.

"Қала тұрғындары осы бағдарламамен пәтер сатып алса, оларға бастапқы жарна ретінде 1 млн теңге көлемінде тұрғын үй сертификаты беріледі. Ал ауыл тұрғындарына мұндай сертификаттар берілмейді. Біз осы бағдарлама бойынша ауыл тұрғындарына тұрғын үй сертификаттарын беруді ұсынамыз", – деп толықтырды Ләззат Қожахмет.

Ол адамдардың төлей алмайтынын білсе де несие беретін банктерді жауапқа тартуды ұсынды.

"Несиесін төлей алмай жүрген 13 млн адам бар. Проблемалық несиелері көп банктерді анықтап, оларды жауапкершілікке тартуды сұраймыз", – деді ол.

Қоғамдық сенім кеңесінің жұмыс тобы "Бақытты отбасы" және "Жанұя" орталықтарының көпбалалы аналарды қолдау жөніндегі жұмысын сынға алды.

"Бюджет қаражаты есебінен ашылып, миллиондаған қаражат жұмсаса да, бұл орталықтар тек кеңес беру деңгейінде жұмыс істейді. Біз олардың жұмысын қайта қарауды сұраймыз", – деді Ләззат Қожахмет.

Сондай-ақ, кеңес мүшелері тұрғын үй кезегінде тұрғандардың ашық республикалық сайтының жоқтығына назар аударды.

"Тұрғын үй-қоммуналдық шаруашылық саласында жеті мемлекеттік оператор жұмыс істейді. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін кезекте тұрғандардың аты-жөндері ашық жарияланатын, тұрғын үй кезегі бойынша кім алғаны, сыбайлас жемқорлық фактілері бар ма, кезек сақталады ма, осы туралы ақпаратты білетін республикалық сайт жоқ. Осы деректердің барлығы ашық жариялануы тиіс", – деп атап өтті Ләззат Қожахмет.

"Қоғам белсенділеріне қысым көрсетеді"

Кеңес мүшесі Айгүл Орынбек Түркістан облысындағы бірқатар олқылықты жария етті. Ол оңтүстікте халықтың үнін тыңдайтын, жергілікті жұрттың проблемаларын жақсы білетін қоғам белсенділерінің пікірі ескерілмейтінін айтты.

"Сенсеңіз, атқарушы орган сол айтылған проблемаларды жоюдың орнына, керісінше бұл мәселені көтерген, халыққа жанашырлық танытқандарға қысым көрсетеді. Иә, сол мәселені көтерген өзіңмен алысып, актуалды мәселе жайында қалады", – деді ол.

Оның айтуынша, оңтүстік өңірінде шешімін таппай жатқан әлеуметтік проблемалар жетіп артылады. Мәселен, жергілікті әкімдіктердің жанынан құрылған қоғамдық әрі тәртіптік кеңестердің, комиссиялардың, ұйымдардың қызметі көңілімнен шықпайды. Не істеп, жатқандары да белгісіз.

Айгүл Орынбек мәселені шешу үшін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерін сол жергілікті комиссия құрамына қосуды ұсынды.

"Сонда Сіз бен біз атқарушы билік органдарында орын алған олқылықтардан хабардар болар едік. Сондай-ақ, бұл бастама арқылы сыбайлас жемқорлық тетіктері мен салалардағы салғырттықтың жолы кесілер еді", – деді ол.

Соттар әділдік туралы айтатын адвокаттарға қысым жасайды

Құқық қорғаушы Айман Омарова ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Қазақстанда адвокаттардың құқықтарына үнемі қысым жасалатынын мәлімдеді.
"Кей соттардың әділеттілік туралы айтатын адвокаттарға қысым жасағанына бірнеше рет куә болдым. Соттарда прокурорлар мен сирек келетін медиаторлар үшін жеке кабинеттер бар. Сот ғимараттарынан шықпайтын адвокаттар үшін бөлек бөлме жоқ. Қудалау салдарынан адвокаттар тіпті адал жалақысынан айырылады", - деді Айман Омарова.
Оның айтуынша, ауылдарда жұмыс істейтін заңгерлердің жағдайы нашар. Оларға кейде қызметтеріне ақы төлеу үшін үй малын ұсынады.
"Ауылдарда адвокаттар жетіспейді. Адвокаттарда да, ауыл тұрғындарында да жағдай жоқ. Заңгерлер әлеуметтік қорғалмайды. Адвокаттар жеке-табыс салығы мен зейнетақы жарналарын төлесе де, тіпті қарапайым еңбекке жарамсыздық парақтарын да төлеуге қаржы қарастырылмаған. Ең қызығы, құқық қорғау және сот органдарына арналған "Заң көмегі" ақпараттық жүйесне адвокаттар ай сайын 6 000 теңге төлейді. Неге олай? Әсіресе ауыл адвокаттары үшін қиын. Олар тіпті өз қаламақыларын ала алмайды. Қызметіне ақы ретінде біреу сиыр, біреу қошқар береді",– деді Айман Омарова.
Құқық қорғаушы адвокаттардың лицензиясынан өмір бойы айыруға рұқсат беретін "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" Заңға тоқталды.
"Бұл мәселе ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдарды алаңдатады. Заңға өзгерістер енгізу маңызды", – деді адвокат.
Айман Омарова қылмыстық істі электронды форматта жүргізу бойынша пилоттық жоба жұмысының қорытындысын сынға алды.
"12 тамыздан бастап Нұр-сұлтан, Ақтау, Тараз қалаларында қылмыстық істі электронды жүргізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Толық төлем алу үшін адвокаттар істерді электронды форматта жүргізуі керек. Өкінішке қарай, пилоттық жоба нәтиже бермеді. Неліктен? IT-жүйеде ақпараттық қауіпсіздік жоқ. SSL сертификаты ескірген. Реттеуші орган мен әзірлеушілер белгісіз себептермен халықаралық сертификат transport layer security криптографиялық хаттамасын енгізуден бас тартты", – деп қорытындылады ол.
Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары