Егер баласы мүгедек болса, ажырасқан ерлі-зайыптылардың бірі екіншісінен кәмелетке толмаған балаларына төлейтін алименттік төлемнен бөлек, ерекше баланы күтіп-бағуға қосымша шығыстарды өндіріп алуына болады. Бұл туралы "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодексінде (144-бап) көрсетілген:
"Алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде және ерекше жағдайлар (кәмелетке толмаған балалардың (...) ауыр науқастануы, мертігуі, оларды бөгде адамның бағып-күтуіне ақы төлеу қажеттігі және басқа да мән-жайлар) болған кезде сот ата-аналардың әрқайсысын осы мән-жайлардан туындаған қосымша шығыстарды өтеуге тартуы мүмкін".
Бұған қоса, сот ата-аналарды нақты шығыстарды және балаларды болашақта күтіп-бағуға қажет қосымша шығыстарды өтеуге міндеттеуге құқылы.
Оқи отырыңыз: Еңбекақыдан жеке табыс салығын төлемеу үшін не істеу керек?
Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы жөніндегі комиссияның тәуелсіз заңгері Айгүл Шакибаеваның түсіндіруінше, алименттің бірнеше түрі бар. Бұрынғы ерлі-зайыптылардың бірі балаға төленетін алиментке қосымша бала бағушы ретінде өзіне күтім және баланың емі мен дәрісіне кеткен төлемдерді бөлісуді талап ете алады.
Алимент кей түрі:
- балаларға төленетін алимент (1 балаға – жалақының 1/4 бөлігі, 2 балаға – 1/3 бөлігі, 3 және одан көп балаға – жартысы);
- ерекше баланы күтуші анасына (әкесіне) алимент;
- баланы емдеуге қосымша шығыстарды бұрынғы ерлі-зайыптылар тең бөлісуі тиіс.
"Бұл тұста мүгедек не дені сау бала болсын – бұрынғы ерлі-зайыптылар алимент төлеуден бөлек, баланың еміне, дәрісіне кеткен шығысты теңдей бөлісуге міндетті. Ол үшін сотқа арыз-шағым жасауға болады. Арыз-шағымды беру санында шек жоқ, баланың әр емінен соң жаңадан жасауға болады", – дейді заңгер.