Тікелей эфир

Каспий итбалығы Қызыл кітапқа енді. Бұл оны жойылып кетуден құтқара ма?

Сурет asianecology.com сайтынан алынды
Сурет asianecology.com сайтынан алынды
Итбалық санының азаюына негізгі үш себеп бар. Олар: жаппай аулау, теңіздің ластануы және жұқпалы аурудың таралуы.

Биыл, 13 қарашада Каспий итбалығы ел Үкіметінің қаулысымен Қызыл кітапқа енді.Қызыл кітапқа енді. Дегенмен, оны аулауға 2006 жылы-ақ тыйым салынған еді. Алайда теңіз сүтқоректісін көбейтуге одан пәрмен болмаған.

  • Қазір Каспийде қанша итбалық қалды?
  • Олардың жаппай қырылуына не себеп?
  • Қызыл кітапқа енгізу жануарды браконьерлерден қорғап, көбеюіне әсер ете ме?

Бұл сұрақтарға жауапты төмендегі материалдан табасыз.

Каспийдегі жалғыз сүтқоректі жануар

Каспий итбалығы (Pusa caspica) итбалықтар тұқымдасына жататын ескекаяқты сүтқоректі аң. Каспий теңізінде ұзақ биологиялық эволюцияның нәтижесінде басқа еш жерде кездеспейтін жануарлар дүниесі – эндемиктер пайда болған. Сол себепті итабалықтарды Каспий эндемигі деп те атайды.

Каспий итбалығының сипаты

Каспий итбалығының дене тұрқы – 125-160 см, салмағы – 65-80 келі. Денесі суда тіршілік етуге бейімделген. Мойны денесімен тұтасып біткендіктен басы айқын бөлектеніп көрінбейді. Құлақ қалқаны жоқ. Аяқтары ескек тәрізді. Башпайларының арасында қалың тері жарғақтары бар. Қара түсті арқасында теңбіл дақтары айқын көрінеді.

Каспий итбалығы түлейтін, шағылысатын және балалайтын кезде ғана теңіздегі аралдарға немесе мұз үстіне шығады. Шағылысқан соң шамамен 11 айдан кейін бір күшік табады. Екі күшік табуы сирек. Әрбір 2-3 жылда бір күшік туады. Қазақта итбалық күшігін аппақ терісіне қарап ақүрпек деп атайды. Ақүрпекті анасы 3-4 күндей майлы сүтімен қоректендіреді. Әбден семірген 2-3 айлық күшікті "май итбалық" деп, бір жылдан соң терісінің түсі өзгергенде "қара итбалық" деп атайды.

Жануар 50 жылға дейін өмір сүреді. Қорегін аулау үшін 80 метр тереңдікке дейін сүңги алады. Негізінен балықтар, шаянтәрізділермен қоректенеді.

Оқи отырыңыз: "Ит етінен ас әзірлейтін дәмханаларды жабуды ұсынбақпыз". Тоқаевқа хат жазған Брижит Бардо қорының өкілімен сұхбат

Қанша итбалық қалғаны беймәлім

Каспий итбалығы атына сай тек Каспий теңізінде аралған. Сәйкесінше Каспий маңы елдері – Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран және Түркіменстанда ғана мекендейді.

Еділ мен Жайық өзендерінің төменгі ағыстарында сирек болса да кездесіп қалады. Әсіресе, Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі аралдарда қыс айларында көбірек ұшырасады. Жылы кезде солтүстіктен оңтүстік Каспийге көшеді.

ХХ ғасырдың басында Каспий теңізін 1 миллионға жуық итбалық мекендеген. 1989 жылы саны 400 мың басқа дейін азайса, 2008 жылғы санақ бойынша саны 100 мыңды құраған. Бүкілресейлік балық шаруашылығы және мұхиттану ғылыми-зерттеу институтының 2019 жылғы мәліметінше, әлемде 43-66 мың ғана Каспий итбалығы қалған. ХХ ғасырдың басынан 2012 жыл аралығында жануар популяциясы 77,5 пайызға қысқарған.

Дегенмен, нақты саны бүгінде беймәлім. Өйткені, "Каспиан Оперейтинг Компани Н.В." (НКОК) 2005 жылдан бері итбалықтардың авиасанағын өткізеді. Соңғы рет мұндай санақ 2012 жылы болған. 7 жылдан кейін жоспарланған санақ 2019 жылы өткізілмеген.

Оқи отырыңыз: Жануарлар төбелесін ұйымдастыруға тыйым. Оларды қорлағандарды қандай жазаға тарту көзделіп отыр?

Каспий итбалығының азаюйына не себеп?

Каспий итбалығы – браконьерлердің көз құрты. Себебі, оның терісі мен майы өте бағалы. Ересек итбалық күзде 40-70 келідей май жинайды. Ол медицина мен парфюмерия саласында кеңінен қолданылады. Сондай-ақ, итбалықтың етін де азық қылатындар бар.

Ертеректе итбалық төлінің терісі мен тері астындағы майын кәдеге жаратқан. 1966-1970 жылдары Каспийдегі итбалық кәсіпшілігін реттеген соң балық аулаудың нысаны – тек аң терісі болды. Итбалық аулау кәсібі реттелмеу салдарынан 1930 жылдары жануар популяциясы едәуір азайған. 1960 жылдары саны 2 есе қысқарды.

Жануардың тіршілігіне кері әсер ететін факторлардың бірі – теңіздің ластануы. ХХ ғасырдың соңғы ширегінде популяция санының шамамен 20 пайызға кемуі жануарлардың денесінде ластаушы заттардың жиналуымен байланысты. Олардың жинақталуы аналықтардың репродуктивті жүйесіне әсер еткен. Сол себепті Каспий итбалығының келешегі Каспий теңізінің экологиялық жағдайына тікелей байланысты.

Соңғы жылдары (1997, 1998, 2000 жылы) жұқпалы аурулар салдарынан итбалықтың жаппай қырылуы тіркелген. 2000 жылы 20-30 мың итбалық обадан өлген соң 2001 жылы Каспийде итбалықтарға алғаш рет тәжірибелік вакцинациялау жүргізілді.

Түрлі аурулармен қатар күшіктеу кезіндегі қиындықтар, азық қорының азаюы, қолайсыз ауа райы, трал ауларына түсуі, мұзжарғыш кемелермен соқтығысуы итбалықтар өліміне себеп. Заң тыйым салса да, итбалық аулау да тыйылар емес.

Жаңа мыңжылдық басынан бері Каспий итбалықтарының жаппай қырылуының бірнеше оқиғасы тіркелді:

  • 2000 жылы мыңдаған итбалықтың өлі денесі табылды. Оларға "созылмалы токсикоз"диагнозы қойылды.
  • 2006 жылы көктемде үш жүзден астам итбалықтың денесі табылып, комиссия "оба дертінің вирусы болуы мүмкін" деген қорытындыға келді. Кей сарапшылар балық аулаудың күрт күшеюі себеп болғанын айтты.
  • 2007 жылы мыңға жуық өлі итбалық табылды.
  • 2009 жылы жүздеген өлі итбалықтың денесі жағаға шықты.

Оқи отырыңыз: Киесі бар, иесі жоқ түйе

Қызыл кітапқа не үшін енгізілді?

1996 жылы Каспий итбалығы IUCN тізіміне "осал түр" ретінде енгізілді. 2008 жылы Халықаралық табиғат қорғау одағы Каспий итбалығын Қызыл кітапқа енгізіп, осы түрді "әлсіз түр" санатынан "жойылу қаупі төнген түр" санатына ауыстырды.

1952 жылдан бері Әзербайжанда теңіз жануарын аулауға тыйым салынса, 2007 жылы итбалық Қызыл кітапқа енді. Иранда итбалық аулауға тыйым салынған. 2011 жылы Түркіменстан жануарды Қызыл кітапқа енгізді. Иранда жараланған не ауру итбалықтарды емдеп, теңізге жіберетін арнайы сауықтыру орталықтары жұмыс істейді.

Ресейде 2020 жылға дейін кәсіпшілік мақсатында итбалық аулауға квота бөлініп келді. Биыл көктемде Каспий итбалығы Қызыл кітапқа енді.

Қазақстанда 2006 жылдан бері итбалық аулауға тыйым салынады. Сонда да заңға қарамай браконьерлер аң аулауын тоқтатқан жоқ. Құрылған ауға шырмалып, жыл сайын жүздеген итбалық қырылады. 2019 жылдың күзінде Түпқарағанда өлген итбалықтардың денесін зерттегенде олардың өліміне балық аулау торларына түсуі себеп болғаны анықталды. Соңғы жылдары жағадан өлі жануарлардың табылуы жиілеп кетті. 2020 жылы көктемде Шекара қызметі браконьерлерді ұстап, тәркіленген 43 итбалықты суға жіберді.

Оқи отырыңыз: Қарақоңыз – дара қоңыз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев итбалықтарды қорғау мәселесіне алаңдаушылық білдірді. Бұған 2020 жылы шілдеде әлеуметтік желіде тараған адамдардың итбалықты ұрып-соғу видеосы себеп болды.

"Ақтау қаласында адамдар итбалықтарды таяқпен, таспен ұрып жүр. Балалар мен жасөспірімдерді бұл қылықтары үшін тағы кінәлай алмайсың. Себебі, үйде болсын, мектепте болсын оларға бұл әрекеттің дұрыс емес екенін ешкім түсіндірмеген. Менің ойымша, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл мәселеге байланысты ойлануы тиіс", деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы оқиғадан кейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Каспий итбалығы өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің тізіміне енгізілетінін мәлімдеді. 2020 жылы 13 қарашада ҚР Үкіметінің қаулысымен Қазақстан Каспий маңы елдерінде соңғы болып итбалықты Қызыл кітапқа енгізді. Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев "бұл шара соңғы жүз жылда 1 миллионнан 100 мыңға азайған жануардың популяциясын сақтап қалуға мүмкіндік береді" деп сенім білдірді.

Қылмыстық кодекстің 316-бабы бойынша адамдардың қатыгездігі жануарлардың өліміне не мертігуіне әкеп соқса, 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады не 120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады не 30 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынады. Кодекстің 335-бабы бойынша Қызыл кітаптағы жануарды өлтіргені үшін 3 мың АЕК (8,3 млн теңге) көлемінде айыппұл салынады немесе 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе үш жылға дейін бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Оқи отырыңыз: Қар барысы қолға үйретіледі. Жоғалу қаупі бар жыртқышты сақтау үшін тағы қандай шаралар қолға алынды?

Қазақстан итбалықты қалай сақтап қалмақ?

2019 жылы теңіз сүтқоректісінің популяциясын сақтау мақсатында Ақтауда меценаттар есебінен Каспий итбалықтарын зерттеу және оңалту орталығы құрылды. Мұндай орталық Ресей мен Иранда бар. Орталық ауру және жараланған итбалықтарды емдеу, сауықтыру және сау жануарларды Каспий теңізіне жіберумен айналысады.

Орталықтың негізгі міндеті – Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі Каспий итбалықтарының бірегей эндемикалық популяциясын сақтау. Осыған байланысты бірқатар мәселені шешу қолға алынған:

  • Ғылыми-зерттеу жұмысы. Каспий итбалықтары туралы ақпарат жинау және Каспий теңізінің экологиялық жағдайын бақылау.
  • Оңалту жұмысы. Орталық ауру және жараланған итбалықтарды емдеп және сауықтырып, сосын сау жануарларды табиғи мекендейтін жерлерге шығарумен айналысады.
  • Халықаралық және білім беру қызметі. Шет елдердің осындай мекемелерімен белсенді ынтымақтастық орнату. Орталық негізінде Каспий итбалықтарының санын қорғау және құтқару саласындағы еріктілер мен мамандарды даярлау үшін семинарлар мен тренингтер өткізу.

Экология министрлігі жараланған итбалықтарды көргенде Каспий итбалықтарын зерттеу және реабилитациялау орталығына хабарласуды сұрайды.

Оқи отырыңыз: Тұран жолбарысын "тірілте" аламыз ба?

Гидробиология және экология институты да Каспий теңізінің биоалуантүрлілігін сақтауға арналған зерттеулер мен шаралар жүргізуді көздейтін жоба қолға алған. 2019 жылы институт жүргізген экспедиция нәтижесінде 500-ге жуық тор және 6 500 келі қалдықтар жинап алынған. Ені 50-ден 100 метрге дейінгі жолдың әр шақырымынан орта есеппен 120 кг болатын пластик бөтелкелер және өзге де қатты тұрмыстық қалдықтар табылған.

Гидробиология және экология институты мекемесі батыс секторының басшысы Тимур Баймұқанов Каспий итбалығының тіршілік ету мекенін сақтап қалу үшін торларды жинау мен қоқыстан тазарту маңызды екенін айтады. Себебі, жануарлар торға оралып, өледі не жараланады. Ал теңіздегі пластик қалдықтары итбалық ағзасына олар жеген тамақ арқылы енеді.

Аталған институттың қызметкері, эколог Әсел Баймұқанованың сөзінше, Каспий итбалықтарын сақтау үшін бірінші кезекте зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Ол теңіз жануарлары құрғақ жерге шығатын уақытта балық аулауды тоқтатып, су кемелерін жүргізбеуді, итбалықтар мекендейтін жерлерді қалпына келтіру үшін мемлекеттік табиғи резерват ұйымдастыруды, халыққа Каспий итбалығын сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, мемлекетаралық зерттеу ұйымдастыруды ұсынады.

Бірқатар сарапшылар Каспий итбалығының Қызыл кітапқа енуі ғалымдардың жұмысына кедергі келтіреді деген пікірде. Енді итбалықтарды зерттеу үшін мемлекеттік органдардан рұқсат алу процедуралары күрделене түспек.

Серіктестер жаңалықтары