Тікелей эфир

Ұшақ апаты, қуаңшылық, қоймадағы жарылыс. 2021 жылы елді елеңдеткен 15 оқиға

Informburo.kz жылды қорытындылап, 2021 жылы ел назарын аударған жағымды-жағымсыз оқиғаларға шолу жасады. 

Зейнетақы жинағын пайдалануға рұқсат берілді 

2 қаңтар күні ҚР Президенті зейнетақы жинағын алуға қатысты заңға қол қойды. Қазақстан азаматтары Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорындағы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту, ем алу, компаниялардың басқаруына беру мақсатында пайдалана алатын болды. Ол үшін әр жасқа лайықты "жеткіліктілік шегі" белгіленді.

Кейін ережеге өзгеріс енгізіліп, зейнетақы жинағының беіктілген шегінен асатын бөлігін "Отбасы банкіндегі" тұрғын үй құрылысы жинағына аударуға, жеке үй салу үшін жер учаскесін сатып алу немесе өзінің жер учаскесінде жеке үй салу мақсатында да пайдалануға рұқсат берілді. Сондай-ақ, зейнетақы жинақтарын пайдалану мерзімі 20 күнге өзгерді.

Сонымен қатар, 2022 жылы ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге артуына байланысты, зейнетақы шотында қалуы тиіс қаражат шегі 1 сәуірден бастап, көтерілетін болды. Бүгінгі күнге дейін зейнетақы жинақтары арқылы тұрғын үй сатып алу үшін аударылған ең үлкен сома – 162,4 миллион теңге. Ол премиум санаттағы тұрғын үй сатып алу үшін аударылған. Ал ең аз транзакция сомасы шамамен 1 миллион теңгені құрады.

Халықты жаппай вакциналау басталды

1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасын егу басталды. Алғашқы болып бас мемлекеттік санитария дәрігері Ерлан Қиясов пен денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният екпе салдырды. Бүгінде 9 миллионға жуық адам вакцина салдырды.

Феминистердің рұқсат етілген алғашқы шеруі

Фото azattyq.org сайтынан алынды.

8 наурыз – халықаралық әйелдер күні Алматыда "Феминита", "КазФем", SVET, "ФемАгора", "ФемСреда" қоғамдық ұйымдарының белсенділері гендерлік теңдікке үндейтін шеруге шықты. Оны өткізуге қала әкімдігі келісім берген. Осылайша, бұл феминистердің алғашқы рұқсат етілген акциясы болды.

Алматы маңында ұшақ апатқа ұшырады

13 наурызда Алматы әуежайы маңындағы Қызылту ауылында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті әуе қызметінің АН-26 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында болған алты кісінің төртеуі қаза тауып, екеуі ауруханаға жеткізілді.

Ұшақ апатынан майор Ғабит Барлықбаев, капитан Досжан Баймұратов пен аға лейтенант Мұхтар Сағымбаев және сержант Евгений Васильков қаза болды.

Ashyq қосымшасы іске қосылды

5 мамырдан бастап Қазақстанның барлық аймағында Ashyq қосымшасы қолданыла бастады. Адамдар көпшілік орынға кіру үшін жеке деректері арқылы денсаулық статусын тексеруге міндеттелді.

Бастапқы уақытта қосымшаны қолдануға қарсы шыққандар да болды. Олар мұны жеке деректерге қауіп төндіреді деп санады.


Оқи отырыңыз: Ashyq жобасының артықшылықтары қандай? Маңызды сұрақтарға жауаптар


Алматы әуежайы сатылды

Фото informburo.kz

Алматының әуежайы Түркияның TAV Aiports холдингіне сатылды. Түрік компаниясы әуежай акцияларының 85 пайызын алды. Қалған акциялар мемлекеттік Қазақстан инфрақұрылым қорында қалды.

LRT соты аяқталды

28 мамырда Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында "Астана LRT" жобасы бойынша айыпталғандарға үкім оқылды.

Сот үкімі бойынша:

  • Нұр-Сұлтан қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы жетекшісі Рашид Аманжолов 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салынды. Жазасын қауіпсіздігі жоғары мекемеде өтейді;
  • Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының хатшысы, бұрынғы депутат Жанат Нұрпейісов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Бес жыл мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салынды. Қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтейді. "Құрмет", "Парасат" орденінен айырылды;
  • Astana Innovations компаниясы басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Әшім 7 жылға бас бостандығнан айырылды;
  • Еншілес компания өкілі Ұлықбек Ачилов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Сонымен қатар, мемлекетке 642 мың теңге төлеуге міндеттелді;
  • Еншілес компания өкілі Тимур Қасабаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтейді. Сот оны мемлекетке 574 мың теңге төлеуге міндеттелді;
  • Еншілес компания өкілі Дулат Мүсенов 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол мемлекет қазынасына 649 мың теңге төлеуі тиіс;
  • Еншілес компания өкілі Дәурен Әбдіхамитов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол мемлекетке 15 млн теңге төлеуге міндеттелді. Қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтейді.

Pegasus бағдарламасының тың деректері ашылды

Кибертыңшы бағдарлама террористер мен қылмыскерлерді аңдуға арналған. Бірақ, Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының (OCCRP)  дерегінше, оннан астам елдің билігі бағдарлама арқылы журналистер мен қоғам қайраткерлерінің мобильді телефонын бақылаған.

Кейін зерттеу орталығы Pegasus арқылы телефоны тыңдалған болуы мүмкін деген бірнеше адамның дерегін жариялады. Оның ішінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, премьер-министр Асқар Мамин мен Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев болды.

Зерттеушілердің айтуынша, барлығы 2 мыңға жуық қазақстандық нөмір бақылауда болған.

Әкім сайлауы өтті

25 шілде күні Қазақстанда аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауыл округі әкімдерінің сайлауы өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған саяси додада 730 әкім сайланды. 


Оқи отырыңыз: Ranking.kz: өңір әкімдерінің орташа жасы – 55 жас


Қуаңшылықтан мал қырылды

Маусым айында БАҚ пен әлеуметтік желіде Маңғыстау облысында ірі қара малдың жаппай қырылғанын көрсететін фотолар пайда болды. Оған су мен жем-шөптің жетіспеуі себеп болған. Кейін Қызылорда облысында да мал қырыла бастады. Салдарынан Президент Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты отставкаға жіберіп, оның орнына Ербол Қарашөкеевкһ келді. Кейін зардап шеккендерге көмек ретінде өңірлерден жем-шөп тиелген вагондар жіберіле бастады.

Облыстағы аштықтан қырылған 1 163 мал арнайы биометриялық шұңқырға көмілді.  

Байзақ ауданында әскери қойма жарылды

26 тамыз күні кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімі аумағындағы оқ-дәрі сақталатын қоймада жарылыс болды. Жарылыстан 17 адам қаза тауып, 98 адам зардап шеккен. Бір кісі хабар-ошарсыз кеткен.

Оқиғадан соң Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетіп, орнына орынбасары Мұрат Бектанов келді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жарылыстан қаза тапқан қызметкерлерге түрлі дәрежеде марапат табыстады. 

29 тамыз – елімізде Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан қаза тапқандарды аза тұту күні болып жарияланды. 


Оқи отырыңыз: Жарылыстың жаңғырығы


Пандора құжаттары жарияланды

Қазан айында 12 миллионға жуық файлдан тұратын "Пандора" құжаттары көпшіліктің назарын аударды. Онда Иордания королінің, Украина, Әзербайжан және Қазақстан президенттерінің, Чехия премьер-министрінің және Ұлыбританияның бұрынғы премьері Тони Блэрдің құпия келісімдері әшкере етілген.

Халық санағы өтті

Қазақстан Республикасының Ұлттық халық санағы өтті. Үкімет басшысы Асқар Маминнің мәліметі бойынша, қазақстандықтардың жалпы саны – 19 169 550 адам. Отандастарымыздың 48,71 пайызы – ерлер, 51,29 пайызы әйелдер. 

Қазақстан халқының орта жасы 31,94 жас деп көрсетілген. Жалпы халықтың 33,97 пайызы – 17 жасқа дейінгі балалар, 19,72 пайызы – 14-28 жас аралығындағы жастар. Елдегі қазақтардың үлесі – 70,18 пайызға жеткен.

Халықтың 59,05 пайызы, яғни 11 320 410 адам еңбекке жарамды деп танылған.

Оқушылар арасындағы жанжал тәртіпсіздікке ұласты

Алматы облысында қазақтар мен ұйғырлар тұратын Пенжім ауылында мектеп оқушыларының арасында басталған жанжал тәртіпсіздікке ұласты.

"27 қазанда сағат 20.00-да 102 қызметіне Пенжім ауылында мектеп оқушылары арасындағы төбелеске қатысқандардың бірі тұратын үйдің жанына 30 шақты адам жиналғаны туралы ақпарат түсті. Топ адам бірнеше жеке тұрғын үй мен бірнеше көлік құралының терезесін сындырған. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі ("Топтасып жасалған бұзақылық") бойынша іс қозғалды" деп жазылған бейсенбіде полиция департаменті баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Кейін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Пенжімде болған оқушылар арасындағы төбелесте ауыр жарақат алған баланың жағдайы жақсарғанын хабарлады. Сондай-ақ, ол екі отбасының бетпе-бет кездесіп, бір-біріне кешірім бергенін айтты. 


Оқи отырыңыз: Дос Көшім Пенжімдегі төбелес туралы: Мәселені үнсіз жауып қойсақ, ол ушыға түседі


"Абай" шахтасында апат болды

Қарағанды облысындағы "Абай" шахтасында апат болды. Апат кезінде шахтада 64 адам болған. Алты адам көз жұмып, тағы екі адам ауыр жараланған. Ресми мәлімет бойынша, қайғылы жағдайға метан газының көп мөлшерде бөлінуі себеп болған.


Оқи отырыңыз: Көмір жалмаған өмір


 

Серіктестер жаңалықтары