Тікелей эфир

Дос Көшім Пенжімдегі төбелес туралы: Мәселені үнсіз жауып қойсақ, ол ушыға түседі

Дәрігерлер төбелес кезінде жарақат алған оқушының жағдайы ауыр екенін айтты.

Полиция Пенжім ауданындағы төбелеске қатысты 9 және 10-сынып оқушыларының арасында ауызша дау-дамай туып, оның арты төбелеске ұласқанын айтты. Төбелес кезінде бір жасөспірім ауыр жарақат алған. Осы жағдайға қатысты қолданбалы этносаяси зерттеулер институты мен депутаттар пікір білдірді. Бұл туралы 31 арнаның "Сөзің шыны керек" бағдарламасында айтылды. 

2005 жылы туған оқушы Панфилов ауданындағы көп салалы ауруханада жатыр. Оған мидың ауыр ашық жарақаты деген диагноз қойылды және травматикалық шок алған. Дәрігерлердің айтуынша, жалпы жағдайы ауыр. 

Полицияның 102 пультіне мектеп оқушыларының бірінің үйінің маңында 30-ға жуық адамның жиналғаны, бірнеше үйдің әйнегі мен көліктердің терезесі сынғаны туралы хабарланды. Жергілікті тұрғындар бұл жағдайға мектептегі төбелестің ушығып кетуі себеп болды десе, қолданбалы этносаяси зерттеу институтының өкілдері Пенжімдегі жағдайға ұлтаралық қақтығыс деп баға беруге болмайтынын айтты. 

"Үй аралап, жағдайға қатысты сұрап, ғылыми негіздегі сұхбат жүргіздік. Жеке кездесіп жатқан жағдайлар болды. Бірақ мұндай жағдай жаппай белең алған, біреудің көшесінде біреу жүрмейді деп айта алмаймыз. Этникалық қатынастар ішінде ара-қашықтықты зерттейтін негізгі көрсеткіш қандай? Ол – этносаралық некелер. Ал мұндай некелер бар", – деді қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Айгүл Сәдуақасова.

Зерттеу институты директорының орынбасары Талғат Қалиев те мұның ұлттық қақтығыс емес екеніне сенімді. 

"Мектепте балалар төбелеседі. Екі баланың төбелесі болып қалған. Төбелескен кезде біреулер бауырларын шақырады. Сонда бір жақ бір ұлт, екінші жақ басқа ұлт болып шығады. Бірақ, бұл – екі жеке адамның жеке мәселесі. Ол ұлттық мәселе емес", – деп қосты Талғат Қалиев. 

Алматы облыстық полицияның баспасөз қызметі мектеп ауласындағы жанжалға қатысты іс қозғалып, жағдайдың тұрақталғанын жариялады. Ал ауылдағы жиында сөз алған Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев бұл оқиғаға "жастар бұзақылығы" деп баға берсе, парламент депутаттары әртүрлі пікір білдірді. Бірі оқушылар арасындағы төбелестің ушығып кетуіне сыртқы күштер ықпал етті десе, екіншілері мектептегі идеологиялық жұмыстың әлсіздігі, деді. 

"Төбелес екі оқушы өзара келісе алмағандықтан ұласып отыр. Ол жерде саяси астар жоқ. Оқиғаның Қордайдағы жағдайға қатысы бар, соған ұқсас деп айтуға негіз жоқ деп ойлаймын. Барлық қатысушы анықталған", – деді Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров.

Ал Бауыржан Қаниев сыртқы күштердің әсері болуы мүмкін, дейді. 

"Бүкіл қоғамға 100% ешкім жаба алмайды. Қоғамға пайдасы жоқ, бұрыннан із қалдырмаған, қазір де пайдасы жоқ адамдар іріткі салуға дайын. Бұл жерде шетелдік адамдар ақша береді", деді Бауыржан Қаниев.

Ал саясаткер Дос Көшім ел ішіндегі осындай дүрбелеңді баса алатын ақсақалдардың азайғанын алға тартты. Құзырлы органдар немесе сол жердің атқамінерлері оқиға болған сәттен кейін бір-екі сағаттың ішінде қаңқу сөз тарап, ел іші дүрбелеңге түсіп кетпесі үшін ресми ақпараттандыруы және әр затты өз атауымен атауы керек, деді. 

"Менің ойымша, бұдан ешуақытта қашпау керек. Себебі, кез келген нәрсені жауып, оны айтпайық, оны қозғамайық десек, мәселе әрі қарай да белең ала береді. Сондықтан бұл мәселені кез келген уақытта түбіне дейін зерттеп, талдап, ашуға тырысу керек. Нақты ақпаратты жасырмай, екі-үш сағат ішінде мәселенің жайы айтылмаса, онда қауқу сөз қаулап кетеді", – деді Дос Көшім. 

Еске салсақ, Алматы облысының Пенжім ауылындағы оқушылар арасындағы жанжалдың жаппай тәртіпсіздікке ұласқаны туралы хабарлаған едік. Полиция Пенжім ауылында жағдай тұрақталғанын және бақылауда екенін хабарлады.

Серіктестер жаңалықтары