Тікелей эфир

Қазақстанда жаппай вакцинация басталды. Екпе салдыру кімдерге қауіпті?

Екпе салдырған соң не істеу керек және оның қарсы көрсетілімі қандай?

Бүгін коронавирусқа қарсы Ресейден әкелінген препаратпен жаппай вакциналау басталды. Алғашқы болып бас мемлекеттік санитария дәрігері Ерлан Қиясов пен денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният екпе салдырды. Ал 15 ақпаннан бастап Қазақстанда өндірілген "Спутник V" вакцинасы егіледі. Жалпы жыл соңына дейін 6 миллион адамға вакцина салу жоспарланған, оның 2 миллионы жылдың бірінші жартысында қамтылады. Ақпанда – 100 мың, наурызда – 150 мың және сәуірде – 600 мың адамға екпе егіледі.

Вакцина міндетті ме?

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекстің 77-бабына сәйкес, кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцина салу тек адамның келісімімен ғана жүзеге асады. Вакцинадан бас тартқандар әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, екпе егердің алдында сіз арнайы параққа қол қою арқылы вакцинадан бас тартfcsp немесе салдыруға келісім бересіз.

Қазақстанда қандай вакцина қолданылады?

Денсаулық сақтау министрлігі елде 1 ақпаннан бастап ресейлік "Спутник V" екпесі салынатынын мәлімдеді. Ал 15 ақпаннан бастап осы ресейлік вакцинаның Қарағанды фармацевтика кешенінде әзірленетін дозалары егіледі. Үкімет жыл соңына дейін 6 миллион адамға вакцина салуды жоспарлап отыр. 2021 жылдың екінші тоқсанынан бастап отандық QazCovid-In вакцинасын егу басталады. Қазіргі кезде вакцина клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңінде. Министрліктің мәліметінше, қазақстандық екпе 1-2 сынақ кезеңінде 96 пайыз тиімділік көрсеткен.


Оқи отырыңыз: "Спутник V" вакцинасы туралы не білеміз?


Коронавирусқа қарсы вакцина қауіпті ме?

Қарсы әсерін анықтау үшін вакцинаның көрсетілімдері, қарсы көрсетілімдері, иммундаудан кейінгі ықтимал жағымсыз нәтижелер, вакцинаны егу әдістері мен сақтау және тасымалдау шарттары туралы толық мәлімет берілген нұсқаулық болуы керек. Сондықтан қарсы көрсетілімдер тізімін ұсыну мүмкін болмай тұр. Айта кету керек, кез келген вакцинаны салған кезде адам ағзасы иммунитет қалыптастырады, аз уақытқа дене қызуы көтеріліп, екпе салған орын қызарады немесе ісіну секілді жағымсыз өзгеріс болуы мүмкін.

Вакцинаны кім салдыра алады?

Ең алдымен, коронавирустық инфекцияның таралу қаупі бар және таралу қаупі жоғары халықтың осал топтары коронавирус инфекциясына қарсы екпе алады.

Яғни, бірінші кезеңде вакцинация жұқпалы аурулар ауруханаларының медициналық қызметкерлерін, жедел медициналық көмек, жан сақтау, алғашқы медициналық көмек, жедел жәрдем бөлмелерін, санитарлық-эпидемиологиялық сала қызметкерлерін қамтиды. Екінші кезеңде вакцинация бірінші кезеңге кірмеген орта мектептердің, жоғары оқу орындарының мұғалімдерін, медицина қызметкерлерін қамтиды. Үшінші кезең мектеп-интернаттардың, балабақшалардың мұғалімдерін, оқушылар мен созылмалы аурулары бар адамдарды қамтиды.

Ақылы ма?

Халықтың осал топтарына коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация тегін ұсынылады.


Оқи отырыңыз: "Коронавирусты жеңудің жалғыз жолы – халыққа жаппай вакцина салу". Эпидемиолог Сәкен Әміреевтің өзекті пікірлері


Вакцина қалай егіледі?

Екпе адамның иығына екі кезеңмен егіледі. Басында 0,5 миллилитрлік дозамен бірінші компонентті салады. Одан кейін 21 сағат өткен соң, екіншісін егеді. Оның көлемі де 0,5 миллилитр. Егер бірінші компонетінен кейін адамның жағдайы нашарласа, екіншісі салынбайды.

Екпені кімдер салдырмайды?

Адам соңғы алты айдың ішінде коронавируспен ауырып шықса, вакцина салудың қажеті жоқ. Бұдан бөлек, жүкті әйелдерге, ауыр аллергиясы мен вакцинаның құрамындағы заттарға жоғары сезімталдылығы бар адамдарға, 18 жасқа толмағандарға және 65 жастан асқандарға салынбайды.

Сонымен қатар, бірқатар ауруға шалдыққан адамдарға абай болу керек. Олар:

  • бауыр мен бүйректің созылмалы аурулары;
  • эндокриндік жүйенің бұзылуы (қант диабеті);
  • қан түзілімі жүйесінің ауыр аурулары;
  • эпилепсия, инсульт және басқа да орталық жүйке жүйесінің аурулары;
  • жүрек-қан тамыр аурулары;
  • иммун тапшылығы;
  • аутоиммунды аурулар;
  • өкпе аурулары, демікпе және өкпенің обструктивті аурулары;
  • метаболиттік синдром мен диабет, аллергиялық реакциялар, атопия мен экзема;
  • қатерлі аурулар, соның ішінде қан аурулары.

Егер дене қызуы 37 градустан жоғары болса, вакцинация кейінге шегеріледі.


Оқи отырыңыз: Covid-ке қарсы вакциналар: 8 факт пен 4 сұрақ


Аллергиялық реакция беруі мүмкін бе?

Кез келген препаратты салмас бұрын медицина қызметкері пациенттің аллергиясы бар-жоғын сұрайды. Егер азаматтың ауыр аллергиялық ауруы бар болса, онда оған екпе салынбайды. Сол сияқты аллергиялық әсерін алдын ала білу мүмкін емес. Себебі әр ағза әртүрлі. Шұғыл әрекет ету мақсатында азаматтар екпе алғаннан кейін 30 минут бойы медициналық бақылауда, яғни, медициналық мекеме ғимаратында болғаны абзал. Осы уақыт ішінде вакцинаға аллергиялық реакция болуы мүмкін.

Екпе алған соң не істеу керек?

Екпе салынған азаматтардың барлығы 30 минут бойы медициналық мекемеде дәрігердің бақылауында болады. Одан кейін үш күн бойы тұрғылықты мекенжайы бойынша учаскелік дәрігер бақылайды. Сонымен қатар, әрбір екпе алған адамның қолына екпенің кері әсері мен шүғыл жағдайда байланысуға болатын емханалардың контактілері жазылған жаднама берілуі тиіс.

Covid-19-бен ауырғандар да екпе ала ма?

Нұсқаулыққа сәйкес, вакциналауға дайындық кезінде ағзадағы антиденелер туралы мәлімет қажет болмайды. Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрлігі коронавируспен ауырғаннан кейін кемінде алты айдан соң екпе салдыруға кеңес береді.


Оқи отырыңыз: Коронавирустың "британдық штамы". Бұл не және Қазақстанға қауіп бар ма?


Вакциналаудың электронды төлқұжаты деген не?

Вакциналаудың электронды төлқұжаты – бұл вакциналаудың медициналық тарихы. Бұл вакцина алған азаматтарды үздіксіз бақылау мен оларға мониторинг жүргізу қызметінің денсаулық сақтау саласындағы басты модулі. Қазіргі уақытта вакциналаудың электронды төлқұжатын әзірлеу аяқталуға жақын.

Паспорттың жұмыс істеу қабілеті медицина қызметкерлері үшін денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық ресурстары арқылы, емделушілер үшін eGov Mobile мобильдік қосымшасын қолдану арқылы іске асырылады. Вакциналаудың электронды паспорты екпе салдырғаннан кейін eGov Mobile мобильдік қосымшасында қолжетімді болады. ВЭТ-те азамат туралы, ол қабылдаған екпе түрі, вакциналау жүргізудің кезеңдері туралы, сондай-ақ, екпе салдырғаннан кейінгі бақылау туралы ақпарат болады.

Серіктестер жаңалықтары