Тікелей эфир

Жарылыстың жаңғырығы

Байзақ әскери қоймасындағы апат ұмыт қалған тәсілдерді іздетті.

Ескірмеген репертуар

Тоқсаныншы жылдар басында халыққа танымал ән болды. Роза Рымбаева айтатын. Сөзін Ұлықбек Есдәулет, әуенін Төлеген Мұхамеджан жазған. "Заман-ай" әнінің мәтінінде ерекше есте қалатыны "Жарылыстан көз ашпаған далам-ай" деген деген жолы еді. Бұл – Семей ядролық сынақ полигонына лағнет айтқан туынды.

Халық талабымен, оны дұрыс арнаға сала білген Кешірім Бозтаев сынды қайраткерлердің табандылығымен ядролық сынақ полигоны жабылды. Біртіндеп "Заман-ай" сирек айтыла бастады. Орнын той-думанда билететін "шип-шиптер", "шап-шаптар" басты. Бірақ, заманның өзі қазаққа "Заман-ай" әнін ұмыттырар емес.

Екі жыл бұрын Арыс қаласында, міне енді 2021 жылы тамыз айының соңында Тараз қаласының түбінде сойқан жарылыс болды. Бір бөшке газ немесе күкірт, бір зауыттағы цех, бір жылу-электр орталығындағы пеш қираса ештеңе емес, екі рет әскери қару-жарақ қоймасы жарылды. Адам шығыны бар. Әншілер репертуарды қайта қарап, уақыт талабын ескеріп, "Жарылыстан көз ашпаған далам-ай" деп боздатып тұрса, оған таң қалмау керек.

Таң қалдыратыны – бір кезде:

Ұлдарыңның қайда кеткен құрығы,
Қыздарыңның қайда кеткен бұрымы?
Мейiрiмге зарықтырған заман-ай,
Туған жердiң лайланды-ау тұнығы, –  

деген жолдардың ащы запыраны қазақ даласына өктемдік жасап келген орталыққа бағытталса, енді орталық жоқ. Келмеске кеткен, өз түбіне өзі жеткен. Туған жердің тұнығын лайлап отырғандарды Қазақстан Республикасының сырт жағынан іздеу бекер. Мейірімге зарықтырған заман орнатқандар өз арамызда.

Әлгі өлеңде:

Қираттық та ата-баба мазарын,
Қасiреттiң тарттық ендi азабын, –

деп келетін жолдар бар еді. Ата-бабаның мазары не, кейінгі жылдары салынған жаңа мектеп, қаншама сәнді үйлі көшелер, жол бойындағы әсем кафелер екі рет талқан болды.

Рас, авторлары өлеңді өзгерте қоймас. "Заман-ай" неше қайта жазылған "Қан мен тер" романының немесе шумақтары өзгертілген "Менің Қазақстаным" әнінің кебін кимес. Соның өзінде ескірмей, ХІХ ғасырдың 20-жылдарындағы репертуарға сұранып тұр.

Марқұм Ескендір Хасанғалиев ағамыздың жиі шырқайтын "Ескірмейтін махаббат" деген әні бар еді. Мынау да сол сияқты, ескірмейтін репертуар болды. Қамсыз, қайғысыз, һәм халыққа жанашырлығы жоқ үкіметтің арқасында.


Оқи отырыңыз: Арылған айып емес


Ескірмеген тәсіл

Қазақ "аузы күйген үріп ішеді" дейді. Арыстан кейін Үкімет пен оның құрамдас бөлігі саналатын Қорғаныс министрлігі қорытынды жасауы керек еді. Ондай жарылыстың енді алдын алуы тиіс-ті. Бірінші сұрапыл сабақ болған соң тура сондай жағдайды қайталамау үшін нұсқау жасалды ма?

Нұсқауда тергеу кезінде, сараптамалар жасау барысында тізілген кемшіліктерді болдырмаудың барлық шарасы қамтылуы керек. Әскери оқ-дәрі қоймасын қайда салу, оған снаряд пен бомбаны қалай жинау, қаншалықты уақыт сақтау, қайтіп күзету, нендей тәсілдермен тексеру, ақыр аяғында мұнда өрт шыққан жағдайда не істеу керек деген сұрақтың жауаптары болуы керек. Қоймаға қатысы бардың бәрі – генералдардан қатардағы сарбазға дейін – құжатпен танысып, таңдайлары тақылдап тұрса, дәл солай қимылдары даусыз. Онда әскерилер мен өрт сөндіру қызметшілері арасында мұндай көп шығын болмасы хақ.

Жарылыс кезінде қираған нысан. Фото әлеуметтік желіден алынды

Арыс оқиғасынан кейін жоғары билік ойлануы тиіс еді. Қат-қабат жұмыс арасында осындай қоймалар барын еске алып, олардың жағдайын неге тексеріп тұрмаған? Тексергенде тосын барып ұйықтап жатқандардың, темекі шегіп отырғандардың, тіпті жымқырып кететіндердің үстінен түссе, салғырттыққа жол берілмес еді.

Біздің жоғары биліктің қалай ел ішінде сапарға шығарын белгілі. Ай бұрын оның баратыны аймақ басшысына хабарланады. Аймақ жоспар жасайды. Әрине бар жақсысын көрсетуге тырысады. Ол жоспармен жоғары жақтағылар қайта танысады. "Мынау нысан ұнамайды, алып тастаңдар" деп екінші мәрте іріктеледі. Содан кейін жоғары басшы ат басын тірейтін жердің бәріне жаңа асфальт төселеді. Ішіне косметикалық жөндеу жұмысы өтеді. Бар болса, станоктар тазартылады. Жұмысшы су жаңа киіндіріледі.

Содан атқосшысы мен тілшісі соңынан еріп, қозы көш жерге созылған керуенмен келген басшы "жайнап, дамып жатқан Қазақстанның" бір бөлшегін көріп, риза болып аттанады ғой. Енді осыдан елу жыл бұрын басшылар қалай тексергенін көріңіз.

Мұстахим Ықсанов деген қайраткер Қызылорда, Жамбыл, Орал облыстарын басқарды. Үкімет басшысының орынбасары болды. Ол кісінің қайда барып, қандай нысанды тексеретінін ешкім білмеген. Автокөлікке отырған соң жүргізушісіне ғана қайда барарын айтқан.

Кейде тікұшақпен қияндығы құрылыстың басына қона қалатын. Сауылдаған репортер тұрмақ, ең болмаса қасында фототілші болмаған. Оған "анда барды, мында барды" деген газеттің бірінші бетіндегі, телевизия жаңалықтарының ең басындағы репортаждың керегі жоқ. Керегі – халқының амандығы, көңілдерінің тоқ болуы, жұмыс істеуіне барлық жағдайдың жасалуы.

Ол кісі алыстағы шопанның ауылымен танысып жатқанда оны ауданның басшысы тұрмақ, шаруашылық директоры сезбей қалатын. Арада бірнеше күн өткенде жиналыста Мұстахим Біләлұлы "ана жердегі жағдай неге жаман" дегенде ешкім жалтара алмайтын. Алдау мүмкін емес, өйткені өзі көзбен көріп келген.

Ықсанов туралы кітаптан фотокөшірме

Президентіміз демесек те, үкімет басшысы, оның орынбасары ешкімге айтпай Тараз түбіндегі әскери қойманы тексеріп келгенде мына апат болмас па еді. Тексеру демекші, тағы бір кітапты қолға алдық. Тәуелсіз Қазақстан үкіметін бірінші басқарған Ұзақбай Қараманов туралы. Ол кісі еңбек жолын Арал ауданындағы құрылыс мекемесінде бастап, бірнеше жыл басқарған. Жауапты нысан Аманөткел – Арал су құбырын тартқан. Бөлінген қаржының бір тиынын туысы мен танысына таратпастан, өз бас пайдасына жұмсамастан. 

Біткен соң жұмысты қабылдауға астанадан өкіл келеді. Атымтай Қисанов. Министрдің бірінші орынбасары болса да, салмағы министрден мығым тұлға. Сонда Ұзақбай екеуі жұмысшылар асханасынан түстеніп жүре берген. Қазір де жоғары басшы "солдат асханасынан" ботқа жеуі мүмкін. Бірақ оның журналистерге, сол арқылы халыққа арналып бірнеше күн мұқият дайындалған қойылым екенін бәрі біледі.

Қараманов туралы кітаптан фотокөшірме

Егер бүгінгі басшылар бұрынғы көреген, халыққа жанашыр, өзін аспандағы періште емес, қатардағы елдің бір бөлігі санаған басшылардың қызмет тәсілінен үлгі алса, онда Байзақ қасіреті болмас еді. Тіпті, Арыс та екі жыл бұрын қасіретке ұшырамас еді.


Оқи отырыңыз: Марс алаңындағы мүйіздесу


Ескірмеген астау

Негізі облыс әкімдеріне, министрлерге, одан жоғарыларға осындай апат болып тұрғаны тиімді ме деп ойлаймыз. Неге дейсіз бе? Қандай бір техногендік апат орын алмасын соңынан тексеріс болады, кейбірінде комиссия құрылады. Аяғы сотпен тынады. Бірақ, әкім не министр әлгі апат үшін жауапты болмайды. Сотталатындар – басы-қасында болғандар.

Ал апаттың зардаптарын жою деген бар. Үкіметте сондай төтенше жағдайларға арналған қор бар. Техногендік не табиғи апаттың зардаптарын жою үшін шұғыл бөлінеді. Міне, осы кезде әкімдер мен министрлер екі алақанды ысқылап кіріседі.

Қызылағаш апатын еске алыңыз. Көп адам топанда тұншығып өлді. Азалы күн жарияланды. Ауылды қайта салды. Сонда облыс әкімі не су қоймаларын қадағалайтын салалық министр жауапты болды ма? Жауап берген, сотталған – тікелей қойманың маңында жүргендер.

Облыс басшысы су қоймасы толар-толмас кезінде аяқ астынан барса, әлгінің қожаларынан "ертең қойма суға толған сәтте не істейсіңдер, соны көрсетіңдер" десе, аналар суды шұғыл босататын тетікті бұрап көрер еді. Оның бұралмай жатқанын білген әкім дереу жөндетер еді. Сөйтіп сұрапыл апаттың алдын алар еді. Және аяқ астынан тексергенін ешбір газет пен телевизияға шығартпас еді. Ықсанов солай істеген. Қисанов солай істеген.

Қазіргілерді кінәлау да қиын. Отыз жыл бойы "көрген – көргенін істейді, көсеу – түрткенін істейді" деген мақалдағыдай күйде жүрді. Президент Тоқаевтың тұсында да телевизиядан жарқырап тұру тәсілдерін өзгерте қоймады. Қалай десек те, мемлекетке қалта үшін емес, халық үшін қызмет еткен Мұстахим Ықсановтар, Атымтай Қисановтар жетпей тұр.  

Апат жасауды қолында билігі барлар пайданың көзіне айналдыруы туралы ойымыз дәл болмаса да, ондай апаттар мемлекетті екі рет шығынға батырғаны талассыз. Арыстағы, Тараз түбіндегі қойма қираған соң не істеу керек? Тағы екі қойма салу керек. Ол қаржы. Тендер жарияланады. Сөйтіп, жіліктің майлы басы шыға келді. Мүмкіндігің келгенше кеміріп қал.

Әрі-беріден соң қойма салу аз. Қираған үйлерді, әлеуметтік нысандарды қайта саласың. Қаншама қаржы. Арыста солай болған. Енді Байзақ ауданында солай болмақ.

Қоймалар салудағы тендер Қорғаныс министрлігінің дәргейінде болса, мына тендерді жергілікті азаматтық билік өткізеді. Қалтаңды қамдай бер. Әйтпесе есі дұрыс адам Арыстан кейін ондағы жарылмай қалған снарядтарды Тараздың түбіне тіреп әкеліп сақтай ма?

Анау Сарышағаннан әріде Бетпақдала жатыр. Біраз жеріне Кеңес үкіметінен қалған теміржол тармағы барады. Адам тұрмақ көктем мен күзде әрі-бері өткен киіктен басқа жыбырлаған жәндік жоқ. Сонда сақта. Айтпақшы, сол жерде керемет ұшып-қону алаңы босқа жатыр. Соны жөнде. Қайда тез оқ-дәрі қажет болса, ұшақпен әп-сәтте жеткізіп бересің. Осыған да ақыл керек пе?!

Түйіндей келгенде техногендік апаттың өзін жем жейтін астауға айналдырушылар бар, оларға керегі осындай тосын жарылыстар шығар деп топшылаймыз. Босып кеткен халық, шошыған бала түк емес. "Атаң өлсе қойылар, атан өлсе сойылар, ал мынандай қансонар енді қашан табылардың" кері. 

Жарылыста қираған өрт сөндіру техникасы. Фото әлеуметтік желіден алынды

Оқи отырыңыз: Есірушілер мен кешірушілер


Ескірмеген кеңес

Мұстахим Біләлұлы тірі болып, үкімет басшысының орынбасары десек, Тараз түбіндегі қоймаға жарылыс болмай тұрып арнайы барар еді. Ондағылардан "мына тұста өрт шықты делік, оны қалай сөндіресіңдер" деп сұрар еді.

Байзақ жарылысының Арысқа қарағанда құрбанының көп болуы – дабыл бойынша жергілікті өрт сөндірушілердің жанталасып жетіп барғанынан. Оларда жазық жоқ. Шұғыл бұйрық түсті, соны орындаймыз деп алапат жарылыстың астында қалды. Бұл мемлекеттің және бір салғырттығын айғақтайды. Мамандар іске тартылмайды. Нағыз істі білетіндерден кеңес сұралмайды. "Министр шешті" мен "әкім айттының" дәуірі жүріп тұр.

Осы апаттан кейін ел астанасында тұратын химик технолог Маржан Қуанышқызы бірнеше рет құнды пікірлер жазды. Пікірі әлеуметтік желіде жарияланғандықтан, әр тұсына назар аудартуды жөн көрдік.

"Әскери химиялық базада сақталған химиялық заттардың құрамына сай әрекет жасалса, бұл арыстарымызды жоғалтпас едік. Осы жағдай тағы қайталанбас үшін әскери прокуратурада химик мамандардың болғаны, яғни әскери химиялық базалардағы химиялық заттардың құрамына сай, жарылыс кезінде қандай химикатпен нейтрализация жасайтын шараларды бекітуді жіті қадағалауды қолға алған абзал. Әлі де кеш емес, химик мамандарды әскери базаларға ғылыми кеңесші ретінде тарту арқылы келеңсіздіктерге жол бермеуге болады. – деп жазды ғалым. – Жарылыстарды болдырмау үшін әскери базаларда сақталған химиялық заттардың этикеткасы жоқ болса, яғни қандай зат екендігі белгісіз болса, онда құрамын химия ғылыми лабораториясында анықтап, жою керек болса, химик мамандардың нұсқауымен жою қажет".

Міне, ғалымның пікірі. Алдағы уақытта әрбір қоймада сақталған қаруды өрттен қалай сақтау керек, өрт шықса жарылысты қайткенде болдырмау керек – осыған маманның кеңесі ауадай керек еді. Ол кеңес жоғарыда біз қажет деген нұсқауда тұрғаны жөн.

Маржан Қуанышқызы мен оның деңгейіндегі ғалымдарды алдағы уақытта Қорғаныс министрлігі және Төтенше жағдайлар министрлігі өздеріне сарапшы етіп тағайындаса, одан ұтылмас еді. Мынандай құнды кеңестер жауынгер мен құтқарушының құлағында тұруы керек.

"Бізде өрт сөндірушілерді тек сумен жабдықтайды. "Сумен сөндіруге болмайды" деген жарылғыш заттардың сыртында белгісі болады. Мысалы, каустикалық содаға су құюға болмайды, бірден жарылыс болады, – дейді ғалым. – Мамандардың жоқтығынан 50-жылдан бері жарылғыш заттарды қалай утилизация жасаудың ережелерін білмегендіктен, осындай жағдай қайталанып отыр".

Иә, қару-жарақ қоймасының үлкен жарылысы екі рет болды, олардан басқа қаншама рет қару мен оқ-дәрінің химиялық сырын ұғынбағандықтан жергілікті деңгейдегі оқыс оқиға тіркелді. Ендігі жерде маманды сырт қалдырмай, қайта шешуші сөзді әкім мен министр емес, соған айтқызғанда ғана мұндай апаттарға жол берілмейді.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары