Тікелей эфир

Solo travel: 2 жылда қалай әлемнің 26 елін жалғыз аралауға болады?

Малика Баткульдина. Фото Маликаның жеке мұрағатынан алынды
Малика Баткульдина. Фото Маликаның жеке мұрағатынан алынды
Малика Баткульдина жалғыз саяхатқа шығуға қатысты пайдалы кеңестерін ұсынды.

Малика Баткульдина 34 жаста, құрылыс компаниясында жобалаушы болып жұмыс істейді. 2018 жылы наурызда балалық арманын орындау үшін әлемді саяхаттауға шыққан. Екі жыл бойы жалғыз өзі Азия мен Еуропаны, Оңтүстік және Солтүстік Американы шарлап, коронавирус пандемиясы басталған соң Қазақстанға оралған. Informburo.kz саяхатшы қызбен сұхбаттасып, жалғыз саяхаттаудың қыр-сыры жайлы сұрап білді.

– Әлемді шарлау идеясы қалай келді?

– Жер шарын аралаймын деген бала арманымды кейінге қалдыра беретінмін. Қыз баласына жалғыз саяхаттау қауіпті деп ойладым. Еңбек демалысында ғана шетелде демалып жүрдім. Сөйтіп, жасым отызға келгенде бұдан әрі сылтауратудың мәні жоқ екенін түсіндім. Қазір орындамасам, арманым сол арман күйінде қалатынын түсіндім де саяхатқа шығуға бекіндім. 

Алдын ала тиянақты жоспар жасамадым. Жоспар жасамау аса қорқынышты дүние емес екенін саяхат кезінде түсіндім. Сапар үстінде маршруттарды өзгерте бастадым. Мәскеуде жүргенімде "неге АҚШ-қа бармасқа" дедім де, үш күннен кейін Америкаға ұшып кеттім. Содан бері ештеңе жоспарламаймын. Барғым келген жерге қалаған уақытымда аттанамын.

Қатаң ереже не талаппен жүрмеймін. Қанша күн боламын, не істеймін, қай жерде тұрамын – өзіме еркіндік беремін.  

Ұзақ сапарға аттанбас бұрын көлігімді саттым да, жинаған ақшаммен жолға шықтым. Балиде гид болып жұмыс істеп, қосымша ақша таптым. Нумерология мен астрологияға қызығып, осында оқып алдым да, сертификат алып, қашықтан консультация жасай бастадым.

Кукулькана пирамидасы, Мексика / Фото Малика Баткульдинаның жеке архивінен алынды

– Жалғыз саяхаттау қыз баласы үшін қорқынышты емес пе?

– Қорқынышты емес. Жалпы қыздар бұл әлемде өзін әрдайым қауіпсіз еместей сезінеді, өйткені бойымызда сондай үрей сезімі бар. Бірақ, елде жүргенде де қауіп төнуі мүмкін ғой. Саяхаттау барысында әлемде көп адам кеңпейіл, мейірімді екенін байқайсыз. Ел-жер көресіз. Өз-өзіңізге мұқият болсаңыз, қауіпті сейілтуге болады. Бойыңызда үрей сезімі бар болса, бұл басқа елге бару қорқынышты емес, жалпы өмір сүру қорқынышты екенін білдіреді. 

Ер мен әйелдің саяхатында еш айырма жоқ. Тек қыздарға жиналуға көп уақыт кетеді. Шаш кептіргіш пен бұйралағышты, косметиканы тасып жүру керек. Балиге үлкен чемоданмен, өкшелі аяқ киімдермен келген едім. Кейін "мұның бәрін неге алдым?" деп өкіндім. Сапарымның екінші жылы алып жүретін заттар тізімі қысқарды.


Оқи отырыңыз: Қай демалыс орындары жазғы жеңілдіктер ұсынады?


– Ұзақ саяхатқа қалай дайындалу керек?

– Саяхатқа аттанбас үшін баратын еліңізді зерттеңіз. Менталитеті қандай, қандай мерекелері бар екен. Мысалы, Балиде мерекелер өте көп. Жылдың жартысын мейраммен өткізетін шығар. Балиде жаңа жыл Ньепи деп аталады. Бір күн бұрын тұрғындар арал рухтарын бейнелейтін қуыршақтар жасап, көшеде шерулетіп жүреді. Оларды өртейді де, ертеңіне "тыныштық күні" болады. Бұл күні аралда ештеңе жұмыс істемейді. Электр желісі мен интернет байланысты үзеді. Әуежай жабық, ұшақтар ұшып-қонбайды. Үйден шығуға тыйым салынады. "Тыныштық күні" екенін білмей көшеге шықсаңыз, кезекші жасақтар байқап қойса сізді оқшауланған жерге апарып отырғызады. Бір күн отырып қана қоймай, жүз доллар айыппұл төлеуге тура келеді. Осындай дәстүрлерді, мерекелерді ескеру керек.

Баратын еліңізге қатысты Facebook топтарға, Telegram чаттарға ертерек қосылып алыңыз. Білмесеңіз сұраңыз, адамдардың кеңесіне құлақ түріңіз. Бали туралы форумнан қандай аймақ, қайда тоқтау керек, не істеуге болады дегенге жауап таптым. Бірге баратын серік тауып алуға да болады.

Селарона баспалдағы, Рио-де-Жанейро / Фото Малика Баткульдинаның жеке архивінен алынды

Көлікпен қатынау жағын алдын ала біліп алу керек. Балиде такси шақыратын бөлек сервистері бар. Көшелері тар болғандықтан скутермен жүрген дұрыс. Таксиден бөлек массаж, клининг қызметін шақыратын, тамақ жеткізетін қосымшалары көп. Қай елге барсаңыз да сізді бірінші таксистер күтіп алады. Әуежайдағы таксистер туристерден көп ақша сұрайды.  Мексикада әуежайға такси керек болды. Тұрғындар "Индрайвер" деді. Ресейлік қосымша екенін айтсам білмейтіндерін, сервис ұнайтынын айтты. Қазақстанда қолданатын "Индрайвер" қосымшасын көрсетсем осы деді. Ашсам мексиканың картасын көрсетіп тұр. "Индрайвер" Мексика мен Бразилияда танымал екен. 

Кубада бәрі арзан болғанымен туристерге қымбат. Әртүрлі валюта, әртүрлі курс. Туристерге басқа, жергілікті халыққа басқа. Қайда барсам да адамдармен араласып, бірге саяхаттауға тырыстым. Кубада туған чилиліктермен таныстым. Олар такси шақырса бір доллар тұрады. Ал мен шақырсам – он доллар. Осы секілді лайфхактарды білген соң саяхатта аз шығындалатын болдым.

Саяхаттағанда универсал жалғастырғыш тетік, шкаф құлттайтын құлып алып жүруге кеңес беремін. Бірнеше банк картасын алып жүріңіз. Валюта ауыстырғанда абай болыңыз. Балиде ресми орындардан бөлек жай адамдар да ақша айырбастайды. Ақшаны санаған кезде алдап, жеткіліксіз соманы қолыңызға ұсынады. Өзіңіз санағанда дұрыс болмай шығады. Ал олардың қалай алып қойғанын байқамай қаласыз, кем ақша бергенін дәлелдеу қиын. Интернетте мұны оқып білген соң тек айырбастау орындарынан ауыстырдым. Бір күні қызық үшін қолма-қол ауыстыруға бардым. Санап берген ақшаны өзім санағанда кем шығады. Өзіне қайта беріп, бес рет санасам да дұрыс шықпады. Күлдім де ақшаны айырбастамай долларымды алып кеттім.

– Осындай алаяқтардан, ұры-қарыдан қалай сақтануға болады?

– Буэнос-Айрес пен Рио-де-Жанейрода ұрлық өте көп орын алады, сол себепті қауіпсіз деп есептеледі. Белге іліп жүретін сөмке алыңыз. Құжаттарыңыз бен ақшаңыз өзіңіз қадағалай алатындай жерде болуы керек. Рио-де-Жанейрода көшеде біреу тап беріп, сөмкеңізді жұлып алып кетуі мүмкін. Туристік орындарда телефонды еш жерге тастап кетпеңіз. Мысалы, дүкенді аралап жүріп сыртқа шыққанда таппай қалуыңыз мүмкін. Бразилияда тұрып келе жатқан таныстарым бір жылда телефоны үш рет ұрланғанын айтқан еді. 

Аргентинада тап бермесе де, сөмкеңізден үндемей затты ұрлап кетуі мүмкін. Буэнос-Айресте кафеде тамақтанып отырған кезде төлқұжатым, ақшам салынған сөмкемді ұрлап кетті. Қолымда телефон ғана қалды. Көрші ғимараттағы полицияға жүгіріп бардым да, сөмкем ұрланғанын айттым. "Отыр да, арыз жаз. Алдыңда адамдар бар, кезегіңді күт" деп ұрыны іздеуге істеуге асықпады. Жаңа ғана ұрланғанын, ұры алысқа кетпегенін айттым. Полиция көмектеспейді, құжаттарыңызды іздеуге тырыспайды. Бәрібір құжаттарым табылмады. Туристік полицияға да бардым. 


Оқи отырыңыз: "Гамарджоба, генацвале". Грузияның бейресми астанасы – Кутаиси қонақтары тамашалауы тиіс 7 көрікті жер


Сеул, Оңтүістік Корея / Фото Малика Баткульдинаның жеке архивінен

– Шетелде құжаттарыңыз жоғалса және табылмаса не істеу керек? 

– Ең алдымен елшілікпен байланысыңыз. Оңтүстік Америкада Қазақстанның бір ғана елшілігі бар. Бриазилиядағы консул құрлықтағы барлық елге жауап береді. Сол күні жолым болды. Консул құжаттары ұрланып, ақшасыз қалған қазақсқтандық жігітке көмектесу үшін Буэнос-Айреске ұшып келген екен. Менің жанымда достарым болған соң ақшадан қысылмадым. Консулға хабарласқанымда телефоны өшіп тұрды. Бір сағаттан кейін өзі хабарласты. Жағдайды айтып бердім, ол кездесейік деді. Кездестік. Ақшамның бар-жоғын сұрап, көмек ұсынды. Тек үйге қайтатын құжат керек дедім. Консул елден шығуға рұқсат беретін қағаз берді. Ол қағазбен тікелей елге қайтасыз. Тікелей рейс болмай бірнеше елге бару тура келсе, әуежайда транзит зонадан шыға алмайсыз. 

Аргентина мен Үндістанда жүргенде ғана Қазақстан елшілігіне жүгіндім. Елшілік өте жақсы жұмыс істейді. Бір жағдай бола қалса азаматтарға көмектеседі. Баратын еліңіздегі Қазақстан елшілігінің мекенжайын, телефон нөмірі мен электронды поштасын жазып алыңыз. Ал мұндай жағдайға тап болмас үшін барлық затыңызды өзіңізде ұстаңыз. Төлқұжатты өзіңіз тұратын жерде қауіпсіз орынға тастап кеткен жөн. 

– Өміріңізге қауіп төнген кез болды ма?

– Өмірге қауіп төндіретін оқиға болмады. Кубада мынадай жағдай болды. Жалғыз серуендеп жүргенде бір жігіт келіп өзінің ID картасын беріп кетті. Артынан жүрсем мені бір жерге ертіп апармақшы екенін түсіндім. Мұны бір кубалық көріп қалды да, ID картаны жігітке қайтарып берді. Екеуміз қауіпсіз жерге кетіп қалдық. Осындай айла-шарғымен сізді белгісіз жерге алдап әкетуі мүмкін.

Балиде ең жарақаты көп спорт түрі – серфингке жазылдым. Тақтадан суға құлағанымда гидросоққы тиді. Құлағым естиді, бірақ ауыра бастады. Достарым емханаға бар деді. Балиде donation, яғни алған қызметіңізге қалаған соманы тастап кететін жерлер көп. Сондай емхананың біріне бардым. Перзентхана болса да дәрігер қарап, антибиотик жазып берді. Дәрінің көмегімен жазылдым, бірақ бұл жағдай өмір бойы жарақат болып қалып қойды. Ұшқанда қиын, жүзе алмаймын. Не істесеңіз де мұқият болып, байқап жүріңіздер.

Игуасу сарқырамасы / Фото Малика Баткульдинаның жеке архивінен

Оқи отырыңыз: "Жалғыз паспортпен келіп бизнес империя құруға болады". Америкадағы қазақ журналисінің монологы 


– Қыздарға қайда тоқтаған дұрыс? Қонақ үй, хостел, әлде пәтер?

– Балиде вилла жалдауға болады, қымбат емес. Бали қымбат жер секілді көрінген, олай емес екен. Үндістаннан да арзан болып шықты. Аралға алғаш барғанда қонақ үйде тұрдым. Одан кейін хостелге ауыстым. Жалғыз саяхаттайтын қыздарға хостелді ұсынамын. Онда өзіңіз секілді саяхатшылармен танысып, кейін сапарлас болуға болады. Балиде бассейні мен таңғы асы бар хостелде небәрі төрт долларға тұрдым. Төрт орыннан 14 орынға дейін бөлмелер болды. Алғашында адам аз деп төрт не алты орындық бөлмеде тұруға тырыстым. Тек әйелдерге арналған бөлмелерді ертерек брондап алады, сол себепті бос болмайды.

Бір күні аз адамдық бөлмелер бос болмай 14 орындық үлкен бөлмеге орналастым. Екі жігітті ғана көріп таң қалдым. Бірнеше орынды аралас бөлмелер тиімді екен, себебі көп адам таңдай бермейді. Он күндей тұрғанда алты адамнан артық орналаспайтынын байқадым. Кеңістік те көп, ыңғайлы. Аралас бөлмеде тұрған ыңғайлы. Неге десеңіз ванна үнемі бос. Жігіттер кондиционерді сөндіруге қарсы болмайды. Ал қыздармен келісу қиын. Алты адамға бір ванна. Қыздар жуынады, жиналады, боянады. Үнемі бос болмайды. Америкалық, еуропалық қыздар салқын бөлмеде ұйықтайды. Тоңғанда кондиционер өшірейік дегенде "жоқ" деп келіспейді.

Жалғыз саяхаттайтындарға хостел қызық әрі тиімді. Ең арзан қонақ үй дизайны әдемі, жайлы хостелден қымбат болуы мүмкін. Хостелде өте көп мәдени шаралар өтеді. Мексикада танго үйрену кеші болды. Маған қатты ұнады. Тулумдағы хостелде тақтаға шаралар кестесін жазып қояды.  Үнемі хостел таңдаймын, өйткені адамдармен танысып, іс-шараларға қатысасың.

Куба / Фото Малика Баткульдинаның жеке архивінен

– Саяхат кезінде адамдар қалай көмектесті? 

– Екі жыл саяхатымда қаншама адаммен таныстым. Олармен әліге дейін араласамын. Балиде хостелде Мануэл деген жігітпен таныстым. Төрт күндей тұрды. Инстаграмда бір-бірімізге жазылдық. Буэнос-Айреске келгенде біреуге хабарласатын ойым болмады. Stories-тен көріп, "осындасың ба, кездсейік" деді. Жалғыз емес екенімді, балалармен жүргенімді айттым. Ештеңе етпейді деп, мейрамханаға тапсырыс беріп, қонақжайлық көрсеттті. Бәрін төлеймін дегенде "жоқ" деп өзіміз төледік. Төрт күн хостелде бірге тұрған адамның осылай күткені, қонақжайлылығы мені таң қалдырды. 

Аргентинада төлқұжатымды өзім іздедім. Facebook-та топтарға жазғанымда көп адам пікір қалдырды. Бір жігіт қандай көмек керек екенін сұрады. Онымен кездесіп, заттарымды иіскеп таба алатын ит керек екенін айттым. Ол болса екі иті барын, бірақ серуендеп жүргенде өзін іздеп таппайтынын айтып күлді. Екеуміз хабарландыру іліп шықтық. Екі күн іздедік, қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Буэнос-Айресті аралатты. Үйіне апарып, анасымен, әжесімен таныстырды. Олар алғаш рет қазақ қызды көргенін айтты. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Malika Batkuldina (@malika027)


Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар биыл жазғы саяхат үшін Мәскеу, Ыстанбұл және Будапештті жиі таңдап жатыр


Барлық саяхаттың мәні – адамдар. Ағылшын тілін білмеу кедергі емес. Адамдар қандай жолмен болса да бір-бірін түсінуге тырысады. Балиде жүргенде әртүрлі еле барып жүрдім. Бангкок, Пхукет, Сингапурге бармақ болдым. Инстаграмда Тайландқа бара жатқанымды, бірге аралайтын таныс адамдар бар-жоғын сұрап stories салдым.

Маған көмек, тұратын жер керек емес еді. Бірге саяхаттайтын адамдар керек болды. Азамат деген қазақ бала қарсы алатынын жазды, бірақ ол Паттайяда екен. Ол Пхукетте тұратын достарына айтатын болды. Пхукетке барсам олар "мерседеспен" күтіп алды. Қыдыртты, тамақтандырды, тіпті тұратын жер ұсынды. Үшінші күні ғана "Азаматтың кімі боласың?" деп сұрағанда ешкімі дедім. Олар бір жақын танысы деп ойлаған болуы керек. Сөйтіп әбден күліп алдық. 

Жалғыз саяхаттаудың бір кемшілігі фотоға түсіретін ешкім жоқ. Адамдар тез-тез түсіріп кетеді, бірақ сәтті фото бола бермейді. Чилиде бір кадр шығуы үшін бір адам жиырма минут түсірді.

– Жақындарыңыз мұндай өмір салтына қалай қарайды?

– Ұнаған ісіңмен айналыс дейді. Дегенмен олар мені түсінбейді. Университет бітіру, жұмыс істеу, пәтер сатып алу, тұрмыс құрып бала туу деген секілді дәстүрлі көзқарасты ұстанады. Олар менің өмірімді түсінбесе де, ештеңе демейді, айыптамайды.

– Қай ел қатты ұнады? Қайда саяхаттауды жоспарлап жатырсыз?

– Оңтүстік Америка ұнайды. Маусымда барсам ба деймін. Гавана өте әдемі қала. Ретро көліктер көп. Кей қалалардың орталығы ғана көз тартады, ал Буэнос-Айрестің барлық тұсы әдемі. Бала кезімде бразилиялық сериалдардандаңы Иисус Христің мүсінін өз көзіммен көргім келетін. Арманым орындалып, тіпті тікұшақпен төбеден тамашаладым. Игуасу сарыарқамасын ғана көрдім. Енді Виктория, Ниагараны көргім келеді.

Серіктестер жаңалықтары