Тікелей эфир

Қай демалыс орындары жазғы жеңілдіктер ұсынады?

Алдын ала брондау арқылы 15-40 пайыз үнем жасауға болады.

Қазақстандағы демалыс орындарын жеңілдікпен ерте брондау сәуір айының соңында аяқталады. 1 мамырдан бастап жеңілдіктер жойылып, баға күрт көтеріле бастайды.

Informburo.kz тілшісі осы жазда қайда демалуға болады және демалыс орындарын алдын ала арзан бағаға қалай брондауға болатыны туралы шолу жасады.


Ерте брондау – 2000 жылдардан бері қолданылып келе жатқан туристік тәсіл. Оны қонақүйлер, әуе компаниялары және туроператорлар бірлесіп ойлап тапқан. Адамдар ертерек арзан бағаға қонақ үй номерлерін жалдап қояды, қонақ үй иесі де демалыс уақытында клиентсіз қалмайтынына сенімді болады. 

Ерте брондаудың 5 артықшылығы:

  1. Жақсы қонақ үй. Маусым басталмай тұрып, қонақ үй номерлерін таңдау мүмкіндігі кең болады. Ал маусым қызған кезде қонақ үй іздесеңіз, көбінесе бос тұрған номерге риза болуға тура келеді;
  2. Ыңғайлы күндерді таңдау мүмкіндігі. Демалыс маусымы қызған шақта туроператорлар ұсынған бос күндерді таңдауға тура келеді. Болмаса, тұрақты рейске қымбатқа билет алу қажет болады;
  3. Ақша үнемдеу. Стандарт бағадан 15-40 пайызға дейін үнемдей аласыз;
  4. Бағаны алдын ала белгілеу. Турды ертерек таңдап, келісімшартқа қол қойған кезде, бағасы шартта көрсетілген мөлшерде тұрақты қалады. Кей туроператорлар демалыс ақысын бөліп төлеуге мүмкіндік береді;
  5. Турдан бас тарту мүмкіндігі. Егер бірдеңе дұрыс болмаса, демалыстан 3-4 апта бұрын турдан айыппұлсыз бас тартуға болады. 

Оқи отырыңыз: Отандық демалыс орындарының қызмет құны 40 пайызға қымбаттады


"Ерте брондау" акциясы бойынша турды қайдан сатып алуға болады?

Сапалы және ұмытылмас демалысты ел ішінде де ұйымдастыруға болады. Қазақстанда да қызықты, қайталанбас табиғаты бар туристік жерлер көп. Туристік операторлар соның ішінде Алакөл, Бурабай, Ақтау, Балқаш, Қатонқарағай, Бұқтырма, Сарыағаш, демалыс күндеріндегі турларды (Есік көлі, Монах шатқалы, Үңгір-Тас, Түрген сарқырамасы, Түрген шатқалы, Шарын шатқалы, Алтынемел, Көлсай көлдері және тағы басқа) ұсынады.

Алакөл

Алакөлге баратындарға алдымен қай жағалауда демалатынын анықтап алу қажет. Өйткені демалуға ыңғайлы екі жағалау бар. Бірі – Шығыс Қазақстан облысындағы Үржар ауданындағы Қабанбай жағалауы, екіншісі – Алматы облысындағы Алакөл ауданына қарасты Ақши және Көктұма жағалауы. 

Фото veters.kz сайтынан алынды

Қабанбай ауылының қонақ үйлерінде екі ересек адамға арналған нөмірлердің бір күндік бағасы қазір 20 мың теңгеден басталады. Бұл – маусым айының басы мен тамыз айының соңындағы баға. Шілденің ортасында бағалар жоғары болады. Дегенмен, одан да арзан қонақ үйлер, жеке үйдің бөлмесін табуға болады, бірақ оны да  алдын ала брондау қажет. Ал, туристік операторлар алдын ала брондау арқылы Алакөлге тур алатын болса, адам басына бір күн үшін 10 мың теңгеден басталатын турлар бар екенін айтады.


Оқи отырыңыз: "Мал ағаш төңкесін мүжиді". Түркістан облысында мал жайылымына демалыс орындары салынып жатыр


Бурабай

Щучье-Бурабай курорттық аймағы керемет табиғи-климаттық жағдайы, бай емдеу-тынықтыру ресурсы мен тарихи-мәдени қоры бар курорттық жерге жатады. Онда тек жағажайда тынығып, суға шомылып қана қоймай, нұсқаушылармен бірге балық аулауға, аң аулауға, атқа мінуге болады.  

Фото elorda.info сайтынан алынды

Бурабай демалыс орнынан қонақ үйлерді шілдедегі демалыс үшін алдын ала брондау бағасы 64 мың теңгеден – 900 мың теңгеге дейін барады. Егер Бурабайдағы демалысты қалтаңыз көтермесе, Зеренді мен Шалқар көлі маңайында демалуға болады. Бұл жердің бағасы қолжетімдірек.

Балқаш

Балқаш жағалауында толыққанды демалысқа қажетті барлық жағдай бар. Желкенді спорт, байдарка есу, балық аулау сияқты демалыс түрлері жақсы дамыған. Көл айдынында жиі кездесетін шағын аралдар жүзуден әуесқой жарыстар өткізілетін кезде ақтық мәре ретінде жиі таңдалады.

Көл маңында ауа райы құрғақ. Сол себепті мұндағы жаз қашанда ыстық, жауын-шашын мөлшері аз болады. Демалысын жылы суға шомылып, шуақты күнге қыздырынып өткіземін деушілер үшін таптырмас орын.

Фото kazakhstan.travel сайтынан алынды

Мұнда шілденің алғашқы аптасына қонақ үйден екі адамдық орынды бір аптаға 68 мың теңгеге жалдауға болады. 


Оқи отырыңыз: Көлсай, Қайыңды, Мұзтау және Хан Тәңірі. Кеген ауданы туризмді қалай дамытып отыр?


Каспий

Каспий теңізінде шомылу маусымы мамырдан қыркүйекке дейін жалғасады. Каспий теңізінде демалудың басты артықшылығы – емдік шипалы балшығы және табиғи минералды көздер.

Ал Ақтау – Қазақстандағы теңіз жағасында орналасқан жалғыз қала. Сондықтан бұл жерден жатын орын табу қиын емес. Көпшілік пәтер жалдайды немесе қонақ үйлерге тоқтайды.

Фото kazakhstan.travel сайтынан алынды

Booking сайты мәліметінше, жағажайдан алыстау орналасқан қонақ үйден екі адам бір аптаға 42 мың теңгеге бөлме жалдай алады. Ал танымал қонақ үйлерде екі адам үшін бір аптаға нөмір жалдау құны 1 млн 88 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл шілде айының алғашқы аптасындағы бағалар. Ал туристік операторлар бір адамның "Риксос Ақтау" қонақ үйіндегі бір күндік демалыс құны 50 мың теңгеден басталатынын айтады.

Баянауыл

Баянауыл – Павлодар облысының оңтүстік-шығысында орналасқан Баянауыл ауданының орталығы. Ол – курортты аймақ, 1985 жылы Ұлттық табиғи саябақ мәртебесіне ие болды. Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр көлдері жыл сайын мыңдаған туристі қарсы алады. Бұл үшін көл жағалауларында демалыс үйлері мен пансионаттар көп салынған.

Фото veters.kz сайтынан алынды

Booking сайты арқылы шілде айының ортасына екі ересек адамға брондау үшін бос орын жоқ. 


Оқи отырыңыз: Жазғы маусымда Алакөлге қандай пойыздар қатынайтыны белгілі болды


Бұқтырма

ШҚО-да орналасқан су қоймасы, су көлемі жағынан әлемде төртінші орын алады. Жыл сайын көптеген туристердің асыға келетін демалыс аймағы. Бұқтырманың демалыс базалары Өскемен қаласынан 80-150 км жерде, су қоймасының оң жақ және сол жақ жағалауларында орналасқан. Балық аулауды жақсы көретін әуесқойлар үшін таптырмас орын. Жағасына күнге қыздырынуға ыңғайлы. Сонымен қатар, Бұқтырмада Рухтар қаласы – Киин Кериш трактісі, Үлкен Көк-Көл өзеніндегі сарқырама мен балықшылардың Ақшуат ауылы сынды басқа да көрнекті орындар бар.

Фото tengritravel.kz сайтынан алынды.

Шілде айының алғашқы аптасындағы демалыс үшін алдын ала брондау бағасы 57 мың теңгеден басталады.


Қазақстандық курорттардың біріне баруды шешсеңіз, таңдалған демалыс орнына алдын ала хабарласып, қонақ үй немесе демалыс базасының аумағында тіркелу ережелері мен қызметтердің жұмыс уақытын білуге ​​кеңес береміз. 

Серіктестер жаңалықтары