Тікелей эфир

"Жалғыз паспортпен келіп бизнес империя құруға болады". Америкадағы қазақ журналисінің монологы

Фото Гауһар Жақыпбаеваның жеке архивінен алынды
Фото Гауһар Жақыпбаеваның жеке архивінен алынды
Гауһар Жақыпбаева Информбюро тілшісіне АҚШ-та жұмыс істеп, табыс табуға қатысты өз тәжірибесін айтып берді. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылдың алғашқы алты айында Қазақстаннан 14 192 адам көшіп кеткен. Оның ішінде 16-62 жас аралығындағы еңбекке қабілетті адамдардың саны – 9 835. Өткен жылмен салыстырғанда 29,3%-ға көп.

Гауһар Жақыпбаева 26 жаста. Қазір АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тұрады. Халықаралық журналист, Digital маркетинг, Youtube платформасымен жұмыс істеу туралы кеңес берумен айналысады. 

"Америкада қалуыма пандемия әсер етті"

Америкаға алғаш 2018 жылы Қазақстанда магистратурада оқыған кезде Вайоминг университетіне халықаралық тағылымдамадан өту мақсатымен келдім. Елге келген соң екі жылдай "Гәкку" телеарнасында контент-менеджер болып жұмыс істеп, сол уақытта бірінші рет әлеуметтік желілер мен Youtube платформасының жұмысымен таныстым. Қызығушылығым оянып, осы саланың менің жаныма жақын екенін түсіндім. Өзімді дамытып, жаңа білім жинағым келді. Сәтін салып, Америкаға екінші рет келуге мүмкіндік туды. АҚШ-та тұратын таныстарым балаларының оқуына көмектесуге шақырды. Қосымша тегін ағылшын тілі курсын ұсынды.

Сөйтіп Аризонаға келдім. Бастапқыда мұнда қалуды жоспарламаған едім. Өйткені, елде тұрақты жұмысым, айналысып отырған жобаларым болды. Америка – Youtube платформасымен жұмыс істеуде көшбасшы ел, әрі негізгі компаниялар да осы елде. Алты ай осында тұрып, білімімді жетілдіріп, елге қайтамын деп ойладым. Дәл мен елге қайтатын уақытта пандемия басталды. Шекаралар жабылып, әуе рейстері тоқтады. Визаны ұзартуға тура келді. Сол кезде "мұның өзі мүмкіндік шығар" деп ойлап, осында қалуға шешім қабылдадым. "Әр нәрсенің қайыры бар" дейді ғой.

Аризонада сегіз ай тұрдым. Кейін Нью-Йоркқа көшіп келдім. Бұл жақта бір жылға жуық уақыт кәсіпкер әйелдің жеке көмекшісі болдым. Сол уақыт аралығында жеке өзім пәтер жалдап тұруға жететіндей қаражат жинап, Манхеттенге көштім. Қазір өзім тұрамын. Жүргізіп отырған жеке жобаларым, курстарым бар.


Оқи отырыңыз: Америкалық миллионер қазақ: АҚШ-та бизнес жасау әлдеқайда жеңіл


"Мәдени шок алдым"

Тағылымдамадан өтуге келгенде халықтың менталитетін қабылдау қиын болды, бірден сіңісіп кете алмадық. Ал екінші рет өзім келген кезде америкалық отбасымен бірге тұрдым. Бұл маған олардың менталитетін, өмір салтын жақыннан тануға мүмкіндік берді. Бастапқыда мәдени шок алдым. Себебі мұнда отбасы институты біздің шығыс елдерінің танымына ұқсамайды. Отбасында үй тірлігі әйелдің немесе еркектің жұмысы деп бөлінбейді. Азық-түлік алу, балаға қарау, тамақ әзірлеу, үй жинау – бәрі екеуіне де тиесілі. Кімнің қолы бос, кімнің мүмкінігі бар, сол істей салады. Содан кейін мені тағы бір таңғалдырғаны – азық-түлік алуға көбіне ер адамдар барады. Яғни, үйге не керек, қандай ет жақсы, қандай нан алған дұрыс, өздері таңдайды. Бұл шығыс халықтарының менталитетіне қарама-қайшы.

Иә, ер адамды құрметтейміз, отбасының тірегі деп білеміз. Бірақ, бізде үй тіршілігі әйелдің мойнына жүктелген. Сонымен қатар, жаңа туған балаға бізде көбіне анасы қарайтын болса, ол жақта әкесі де көмектеседі. Жөргегін ауыстырып, тамағын беріп, әйелінің демалуына мүмкіндік жасайды. Осыдан адамдардың жынысына қарамастан жауапкершілікті тең алатыны, құқығы да тең екені көрінеді.


Оқи отырыңыз: Биылғы бірінші жарты жылдықта 14,2 мың қазақстандық шетелге көшті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 29,3% көп


"Америкада жалғыздық бар"

Нью-Йорк – менталитеттің қайнаған ортасы. Мұнда түрлі ұлт өкілдері тұрады, мәдениеттер араласып кеткен. Сол себепті қатты бөтенсінбедім. Өзімді үлкен бір қоғамның бөлшегі ретінде сезіндім. Америкалықтар ашық-жарқын, тез тіл табысып кетуге болады.

Қиыншылығы – жалғыздық сезімі. Отбасың, туыстарың, достарың жырақта. Сағынасың. Бәрін жаңадан бастауың керек. Екінші жағынан ешкім сенің өміріңе араласпайды. Әр адамға өзінің арманы, қалауы бар тұлға ретінде қарайды. Сенің таңдауыңды ешкім сынамайды, есеп сұрамайды, міндеттемейді. Бұл жерде еркіндік бар. Ешкім ешкімге тәуелді емес. Сол айқын байқалады. Бұл елде бауырмалдық, отбасы, ата-ананы құрметтеу және бірге өмір сүру деген сияқты құндылықтарды көрмедім. Біздегі сияқты қонақжайлық та жоқ дер едім. Психологиялық тұрғыда сол жағы қиындау.

Дегенмен мұнда тұратын қазақтар көп. Елден жырақта жүген соң, "Әр қазақ менің жалғызым" деп араласып тұрамыз. Осындағы қазақтар, Орта Азия елдерінің өкілдері жиналып, мереке-мейрамдарды атап өтеміз. Соған арналған арнайы чаттар бар, солар арқылы бір-бірімізді тауып, хат-хабар алмасып тұрамыз. Бауырдай болып кеттік. Нью-Йорк, Майами, Калифорния, Чикагода қазақтар көп қоныстанған.


Оқи отырыңыз: "Болашақтан" басқа қандай бағдарламалармен шетелде тегін жоғары білім алуға болады?


"Мұнда қалғың келсе, қара жұмыстан қашпа"

Америка – табаным тиген бірінші шет мемлекет. Қазақстанда тек бір мәдени ортада, бір қоғамда өскендіктен, таным-түсінігіміз сол шеңберде ғана қалып қояды екен. Нью-Йоркке келгенде әлемнің біз ойлағаннан да үлкен екенін байқадым. Бізден басқаша ойлайтын қоғам бар екенін көрдім, санамда төңкеріс болды. Басқа халықтардың таным-түсінігін, салт-санасын тануға қызығушылығым артты.

Сонымен қатар, бұл жерде адамның әр еңбегі лайықты түрде ақталады. Америкада қалғың келсе, еңбектенуің керек, қара жұмыстан қашпау керек. Кейбір адамдар күні-түні еңбек етеді. Шаршадым деп ата-анаңның жанына жүгіріп бара алмайсың. Еңбектенсең – адам боласың, еңбек етпесең – ешкім емессің. Көшеде қалып қоюың әбден мүмкін. Өз өміріңе жауапкершілік алуды үйренесің.

Мұнда басқа елдерден бір паспорт, 100 доллармен келген адамдар алып империялар құрып жатыр. Сенің қай елден келгенің, кім екенің, қандай отбасынан шыққаның, тіпті тіл білетінің не білмейтінің де маңызды емес. Әрекет етсең, мақсатыңа жетуге болады екен. Ол үшін америкалық болып туу міндетті емес. Осы жақта үлкен бизнес ашып, миллиондап, миллиардтап ақша тауып жатықан біраз танысым бар. Солардың жетістігін, деңгейін көріп, шабыттанасың. Әрине, бұл Америкалықтардың бәрі бай деген сөз емес. Бірақ, мұнда халықтың жақсы өмір сүруге талпынысы жоғары және ол қолжетімдірек.


Оқи отырыңыз: "Елімізге қажет өндіріс". Қазақстандық инженер АҚШ-та "смарт" бетонды сынақтан өткізді


 "Америкалықтар тәртіпке бағынады"

Коронавирус пандемиясы басталғанда мұнда да қатаң ережелер қабылданды. Сол кезде халықтың өз өміріне, заңға, ережелерге жауапкершілікпен қарайтынын байқадым. Талап етілді ме – орындалады. Маска тағу керек пе – бәрі тағады. Вирус жұқтырғандар саны бойынша Американың алда тұруы заңды, себебі бұл жерде популяция өте үлкен. Мысалы, Нью-Йорк қаласында сегіз миллионнан астам халық тұрады. Қазір қоғамдық орындар ашық. Оған кіру үшін вакцина паспортын талап етеді.

Бұл жақта вакцина басында бірінші қарттарға, кейін ересектерге, содан соң жастарға деп бөлек-бөлек кезеңде салынды. Қазір мектеп оқушыларына, 12 жастан асқан балаларға да салуды бастады. Мен мамыр айында Pfizer екпесін алдым. Ол үшін сен АҚШ азаматысың ба, туристсің бе, құжатыңның бар-жоғы маңызды емес, кез келген егу пунктіне барып, тегін алуға болады. Қазір елде Pfizer, Moderna, Johnson&Johnson вакциналары бар. Алайда Johnson&Johnson-ның үлкен кісілердің қанын қоюлататыны анықталып, көп жерден алып тастады. Бір сөзбен айтқанда, Нью-Йорк қайтадан жандана бастады. Қыркүйектен бері халықаралық компаниялар кеңседегі жұмысқа оралды.

"Елге әзір оралмаймын"

Мұнда тұрып жатқаныма енді толық екі жыл болады. Біраз уақытым қатаң шектеу шаралары кезінде өтті. Қазір құжаттарымды жасатып жатырмын. "Жасыл картаға" тапсырып көрсем деп отырмын. ТМД елдерінен, Ресейден келген жобалық менеджмент, PR менеджмент саласындағы мамандармен бірігіп ойға алған жоспарларымыз бар. Соны жүзеге асырып, халықаралық деңгейдегі маман дәрежесіне жетуге ниеттімін. Болашақта қазақстандық мамандармен де жаңа жоспарлар пайда болатын шығар. Қазіргі мақсатым – білім жинау және соны бөлісу. Мақсатыма қол жеткізіп жатсам, болашақта елге қайтатын шығармын. Себебі, отбасым, бауырларым Қазақстанда тұрады.

Серіктестер жаңалықтары