Тікелей эфир

Қазақстанда туристер саны қашан 10 миллионға жетеді?

2021 жылы Қазақстанда ішкі туристер саны 6,9 миллион адамға жеткен.

Алматыда V Халықаралық қонақ үй форумы өтіп, қазақстандық және шетелдік сарапшылар коронавирус пандемиясының туризм саласына тигізген әсерін, қонақ үй бизнесіндегі жаңа трендтер мен мәселелерді талқылады. Олардың айтуынша, Covid-19 әлем бойынша ішкі туризмнің дамуына оң әсер еткен.

"Covid-19 ішкі туризмнің дамуына оң әсер етті. 2021 жылы Қазақстанда тарихи көрсеткіш – 6,9 миллион турист тіркелді. Биылғы жарты жылдықта да ішкі туристер саны артып отыр. Жыл соңына қарай 8 миллион адамға жетуі мүмкін. Шетелдік туристер саны да артып келеді. Биылғы алғашқы алты айда Қазақстанға 300 мың турист келген. Былтырғы алты аймен салыстырғанда 2,5 есе көп. Жыл соңына дейін олардың саны 700 мыңға жетеді деп күтеміз. Ал туризм саласында 608 млрд теңгені құрайтын туристік қызмет көрсетілді", – деді Kazakh Tourism АҚ жүйелік шараларды жүзеге асыру департаментінің директоры Тимур Кожубеков.

Қонақ үй салу шығынының бір бөлігі өтеледі

Қазақстанда туристер ағыны мен көші-қонды бақылайтын eQonaq ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. 

"eQonaq ақпараттық жүйесі арқылы шетелдік туристердің қайда барғанын, қайда орналасқанын онлайн қадағалай аламыз. Бүгінде бұл жүйеге 500 мыңнан астам шетелдік турист тіркелген. Бұл жүйе олар туралы мәлімет алу үшін ғана емес, ең алдымен қонақ үй, жайғасу орындарындағы бизнес процестерді оңтайландыру мақсатында әзірленді. eQonaq жүйесіне 300 мыңнан астам орналасу нысаны енгізілді. Арасында қонақ үй ғана емес, туристерге жатын орын ұсынатын жеке тұлғалар да бар", – деді Тимур Кожубеков.


Оқи отырыңыз: Видеограф Әділет Рахметолла: "Қазақстан табиғатының жарнамасы аз"


2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 2025 жылға қарай 250 мыңнан кем емес төсек-орын әзірлеу керек.

2022 жылдың өзінде 200 мың орын ашу міндеті орындалған. Ендігі қалғаны – 50 мың төсек-орын. Kazakh Tourism жеке инвесторларды тарту арқылы туристер орналасатын орындар салынатынын айтып отыр. Оларға мемлекеттік қолдау да көрсетіледі.

"Мемлекеттік қолдаудың екі түрі бар: салалық (әкімдік пен министрліктің іс-шаралары) және жалпы кәсіпкерлік (жеңілдетілген несиелеу). Мемлекет банк мөлшерлемесін субсидиялайды, нәтижесінде кәсіпкердің шығыны азаяды. Қазақстанда кәсіпкерлікті субсидиялаудың бірнеше бағдарламасы бар. "Бизнес-2025" бойынша 6 пайыздық мөлшерлемемен 5 жылға, "Қарапайым заттар экономикасы" бойынша 7 пайыздық мөлшерлемемен 5 жылға несие береді. Мәдениет және спорт министрлігі, Kazakh Tourism кәсіпкерлермен бірлесе үкіметке несиелеу мерзімін бес жылдан он жылға ұзартуды ұсындық", – деді спикер.

Оның айтуынша, биылдан бастап қонақ үй құрылысы мен бар қонақ үйді қайта құру жұмысына кеткен шығынның 10%-ын мемлекет қайтарып береді. Қаржы нысан пайдалануға берілгеннен кейін ғана төленеді. Ал қайта құрылған не жаңадан салынған қонақ үй қолданыстағы заңнама талаптарына қатаң сай келуі керек. Мысалы, Алматыда кәсіпкер 500 миллион теңгеге қонақ үй салса, мемлекет 50 миллион теңгесін қайтарып береді.


Оқи отырыңыз: Көлсай, Қайыңды, Мұзтау және Хан Тәңірі. Кеген ауданы туризмді қалай дамытып отыр?


Мемлекет туристердің демалысын субсидиялайды

Отбасылық демалысты ынталандыру мақсатында Қазақстанда Kids Go Free бағдарламасы жұмыс істейді. Оған сәйкес, отбасылық турпакет алған кезде балалар Қазақстан ішінде тегін ұшады. Отбасылық демалыс шығынының 30%-ына дейінгі бөлігін мемлекет жабады. Бағдарлама басталғалы бері 1 200 бала тегін ұшқан. Сондай-ақ, туроператорларға шетелдік әрбір туристің Қазақстанда кемінде үш күн болғаны үшін 15 мың теңге субсидия беріледі.

Kazakh Tourism ішкі туризмді дамыту үшін "Кэшбэк" (cashback) атты жаңа жоба әзірлеп жатыр. Ішкі туристер Қазақстан ішінде демалса, кеткен шығынның 10-20%-ын мемлекет қайтарып береді. Жаңа жобаның арқасында туристік қызмет көрсететін жұмыс орындары көбейеді. Жаңа бағыттарға ең жоғарғы кэшбэк беріледі. Қызметті туроператорлар арқылы сатып алу керек. Дегенмен жобаны іске қосу үшін алдымен заңнамаға өзгерістер енгізу керек.

"Туризм саласында, қонақ үй бизнесінде көптеген бос ниша бар. Кәсіпкерлер, қарапайым азаматтар жауапкершілік алып, бизнесін ашам десе мемлекет тарапынан қолдау шаралары өте көп. Басқа салаларда да жеңілдетілген несие, гранттар жеткілікті. Ең бастысы кәсіпкер қадам жасауы керек. Бізде жұлдызды, бренд қонақ үйлер өте аз. Туристік маусым кезінде сұраныс көп болғандықтан, төсек-орын жетпей жатады. Сол себепті қонақ үйлер, жатын орындары көп қажет. Саны көп болса, бәсеке де болады. Сервис, қызмет, баға жоғарыламайды", – деді Тимур Кожубеков. 


Оқи отырыңыз: Туристік уикенд: Қазақстанда қысқамерзімді турларға сұраныс қандай?


Қонақ үй бизнесінде қызметкерлер тапшы

ТМД елдеріндегі Accor операциялық директоры Алексис Деларофф Қазақстанда франциялық компанияның 12 қонақ үйі бар екенін атап өтті. 

"Алматы мен Астанада ғана емес, Шымкент, Түркістан, Ақтөбе, Ақтау, Бурабайда қонақ үйлеріміз бар. Ішкі туризмді, бизнес туризмді дамыту үшін өңірлерде де қонақ үйлер салып жатырмыз. Қазақстан – үлкен ел. Туристерді қызықтыратын қалалары да көп. Алматыда инвесторлпармен жүзеге асыратын бірнеше жобамыз бар. Біздің міндетіміз – инвесторлар үшін ақша табуға болатын жерлерде барынша қонақ үйлер желісін дамыту. Қазақстан халқы тығыз орналасқан ел емес. Халықаралық туристерді негізінен есепке алып, оларды тартатын туристік бағыттар құру керек. Басқа қалаға демалуға, болмаса отбасылық жағдаймен баратын ішкі туристерді де ұмытпаған жөн", – деді Алексис Деларофф.

Халықаралық сарапшы қонақ үй индустриясында қызметкерлер тапшы екенін жасырмады. Сондықтан ол жастарды немесе ерлер мен әйелдерді ғана іріктеп алу дұрыс емес екенін айтады. Ұжымдағы жұмыс қарым-қатынасы жақсы болуы үшін әртүрлі жастағы адамдарды тарту керек.

Алексис Деларофф Қазақстанда қонақ үй бизнесі импортқа тәуелді деген пікірде.

"Инвестиция салғанда қажет материалдардың, құрал-жабдықтар мен заттардың жартысы жергілікті нарықта жоқ. Ас үй қажеттіліктері, кондиционер, электр жабдықтары – бәрі шетелден келеді. Бетон ғана елдікі. Сондай-ақ, жергілікті жиһаз қолданылады, бірақ тоқыма – импорт", – деді ТМД елдеріндегі Accor операциялық директоры.

Серіктестер жаңалықтары