Тікелей эфир

Видеограф Әділет Рахметолла: "Қазақстан табиғатының жарнамасы аз"

Видеограф Әділет Рахметолла
Видеограф Әділет Рахметолла
Әділеттің видеолары Instagram желісінде жүз мыңдаған қаралым жинайды.

Әділет Рахметолла – дрон ұшырып Қазақстанның әсем табиғатын көктен түсіріп жүрген танымал видеограф. Әлеуметтік желі қолданушылары, әсіресе Instagram желісіндегі оқырмандар Әділеттің видеоларын жақсы біледі. Оның камерасына көпшілікке беймәлім, туристердің аяғы жете бермейтін орындар жиі ілігеді. Әділет Рахметолла Informburo тілшісімен сұхбаттасып, туризмді дамытуға қатысты ойын баяндады.

– Фотоға түсірумен қашаннан бері шұғылданасыз?

– Өзім Жамбыл облысы Қордай ауданы Кенен Әзірбаев ауылында дүниеге келдім. Қаныш Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың құрылысшы мамандығын бітірдім. 1993-1994 жылдары әкемнің інісі Германиядан Panasonic HC камерасын алып келді. Онымен ауылдағы той-жиындарды түсіріп жүрді. Ағама қызығып жүріп, оқуға түсе алмай қалсам фото-видео түсірумен айналысамын деп ойладым. Университетте оқып жүргенде мен де тойға шығып, студияда фотосессиялар жасадым. Үйге ауыртпашылық қылмай өзім ақша табуға тырыстым.

Ал дронды 2016 жылы алғаш рет ұшырып көрдім. "Асыл арна" телеарнасында видеооператор болып жұмыс істедім. Дрон ұшыратын ешкім жоқ. Басшылық маған сеніп тапсырды. Ұшыра салысымен кино түсіріп кеттім, бірақ ол кезде қазіргідей сапа жоқ. Дронды алғаш басқарғаннан-ақ маған қатты ұнады. Қазір айырылмас серігім.

– Дрон ұшырғанда есте қаларлықтай оқиғаңызды бөліссеңіз. Қанша дрон құлады?

– Үш дронымды құлаттым. Ол кезде 700 мың теңге тұратын дроным Астанада 40-қабатта соғылып бетонға құлады. Шашылып жарамай қалды. Ол дрон өзін ақтамады. Екінші дрон Көлсайда суға батып кетті. Әрі іздедік, бері іздедік, бірақ таппадық. Сол күйі судың ішінде қалды. Ал үшінші дрон Алматыда құлады. Дронды суға құлатып алған соң сүңгуірлерді шақырып, тауып алғаным бар. Дронды басқару сырт көзге оңай көрінгенімен, керемет кадрлар үшін қаншама қатерге бас тігуің керек. Кішкентай, тар жерлерден өткіземін деп құлатып алуың мүмкін. Тәуекелге бармаса жақсы кадр шықпайды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ADILET RAKHMETOLLA (@adilet_rakhmetolla)

Қазіргі дроным Mavic 3 Сine үш миллион теңгедей тұрады. Сапасы тамаша, тіпті кино түсіруге болады. Одан бөлек 140-160 км/сағ дейін жылдам ұшатын дронымды қолданамын. Оны ұшырған кезде өзім де ұшып жүргендей сезінемін. Қазір оны басқарып жаттығулар жасап жүрмін. Құлатып алсаң құрастыру оңай. Бөлшектері жан-жақтан келген. Пультін, дронның өзін, камерасын, антеннасын бөлек-бөлек сатып аласың. Әрқайсысына әжептәуір ақша кетеді.

Кейбір мемлекеттерде дрон ұшыруға тыйым салынған. Шетелге дрон алып барғанда алып қалып, елге қайтарда аэропортта қайтарып берген еді. Тайландта дрон ұшырса екі жылға соттайды. Мұны біле тұра тәуекелге бас тігіп, ұнаған кадрларды түсіріп алу үшін тығылып ұшырдық. Кезінде біреу дронымды астынан атқан екен. Оны ішінен оқ тауып алғанда білдік.

– Сіз шетелге де жиі саяхаттайсыз. Бірақ Қазақстанның табиғатына еш жер жетпейді деп жиі айтасыз. Расымен солай ма?

– Шетелдік фильмдерді көргенде табиғаты қандай керемет деуші едік. Қазақстанда ондай жерлер жоқ деп ойлайтынбыз. Шетелдіктер ракурсты қалай алуды, адамдарға қалай көрсетуді жақсы біледі. Оларда бар табиғат бізде де бар. Асып кетпесе, кем түспейді. Қазақстан табиғатының жарнамасы аз. Шетелде дамып кеткені сонша киномен, ойынмен байланыстырады. Ал біз кеше ғана Тәуелсіздік алып, туризм саласын енді-енді жолға қойып жатырмыз. Табиғаты өте керемет Балиде болдым. Оларға Қазақстанды көрсеткенде таң  қалды. Бізде жоқ нәрсе оларда, оларда жоқ табиғат бізде бар екен. Шетелдіктерді қызықтырып өзімізге шақыруға болады.


Оқи отырыңыз: Көлсай, Қайыңды, Мұзтау және Хан Тәңірі. Кеген ауданы туризмді қалай дамытып отыр?


Елімізде туризм қалай дамып жатыр? Туристердің мәдениеті өсті ме? Туризм даму үшін не істеу керек деп ойлайсыз? 

– Қазақстандықтар карантинде Қазақстанның өте әдемі екенін түсінді. Оған дейін бәрі шетелге ағылатын. Шекара жабық, ешқайда шыға алмайтын кезде халық не істерін білмеді. Өзімізде де керемет табиғат бар екенін ұқты. Туризмді дамыту үшін ең алдымен әсем жерлерді қазақстандықтарға көрсетіп, өз елімізде насихаттауымыз керек. Әр адам бізде осындай ең биік сарқырама, Гранд каньоннан кем түспейтін шатқалдар бар деп мақтанышпен айта алуы қажет. Шетелдіктер келіп сұрағанда білмей тұрғанымыз ұят. Әр қазақ "Қазақстанға қош келдіңіз, бізде осындай жерлер бар" деп жол көрсете алса туризм дамиды. Бұл мемлекеттің ғана істейтін ісі емес, халық та атсалысуы керек. Демалу мәдениетін қалыптастырып, қоқыс шашпай, көрпе-жастығымызға дейін жақсартып, келген турист жайлы, емін-еркін жата алатындай жағдай жасау қажет. Дәретханаларды көп сынайды. Оны да дұрыстау керек.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ADILET RAKHMETOLLA (@adilet_rakhmetolla)

Туризмді дамыту үшін табиғатымызды ғана көрсетпеу керек. Салт-дәстүрімізді, ұлттық өнерімізді, музыкалық аспаптарымыз бен тағамымызды да насихаттау керек. Бүркітіміз бар, қазақ үйіміз бар. Ұлттық киімдеріміз қандай. Туристер біздің ұлттық колоритімізге қызығып келеді. Әр нысанннан қазақы иіс шығып тұруы қажет. Монғолияға не үшін туристер ағылады? Олар көшпенді қазақтар мекендейтін Баян-Өлгейге барып, қазақ үйде тұрып, олардың тіршілігімен танысады. Мұның бәрі бізде де бар. Әттеген-айы – жарнама әлсіз. Жақсы роликтер түсіріп жарнамалап, киноға көп көңіл бөлу керек. Шетелдік кинематографтарды бізде осындай локация бар деп Қазақстанда фильм түсіруге тарту қажет. Туризмнің болашағы зор. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанның ең биік сарқырамасы – Бұрханбұлақ. Қашан, қалай барған дұрыс?


– Сіз үшін Қазақстанның ең керемет жерлері қандай?

– Қазақстанда керемет жерлер өте көп. Ерекше ұнайтыны – Маңғыстаудағы Бозжыра, еш жердің табиғатына ұқсамайтын үстірттер. Алматы облысында да керемет орындар өте көп, соның бірі – ең биік сарқырамамыз Бұрқанбұлақ бар. Жетісуда биік-биік таулар, оның басында көлдер бар. Оңтүстікте – Ақмешіт үңгірі,  Ақсу Жабағылы, Ақсу шатқалы, Жамбыл облысында – Меркі, көктемде даланы қаптайтын көкнар алқабы. Қызылордада суы тартылған Арал теңізі де туристерге қызық. Ақтөбеде Байғанин ауданында өзінің үстірттері бар. Оралдың өзі қандай жап-жасыл қала, Аққұм деген құмдары бар. Атырауда айна секілді Индер деген тұзды көл бар. Шығыста – Қатонқарағай, Марқакөл, Зайсан. Семейде де туризмді Семей полигоны арқылы дамытуға, атом бомбасы жарылған, сынақтар өткен жерлерге туристерді апаруға болады. Мысалы, Қызылордаға зымыранның ұшқанын көруге шетелдіктер ақша төлеп келеді. Павлодарда – Баянауыл, Ақмолада – Бурабай, Солтүстік Қазақстанда – Имантау, Қостанайда – егін алқабы, Орталықта – Қарқаралы, Шайтанкөл, Жезқазғанзда – Ұлытау. Көргенім осы, мен көрмеген жерлер өте көп. Көзіммен көріп, танытқым келеді. Жұртшылықтың қызығушылығы оянған кезде туристер ағылады.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Saken Kagarov 🇰🇿 (@saken_kagarov)

Өзім де балалармен бірлесіп Aralike деген тур агенттігін аштым. Тау-тасты кезіп жүрген соң осыншама сұлулықты басқалар да көрсе екен деймін. Бізден үлгі алып жатқандар аз емес. Мұндай агенттіктер көп болса туризмнің дамуына елеулі әсер етеді. Қазір Алматы және Жетісу облыстарына турлар ұйымдастырамыз. Болашақта туристерді Қазақстанның бүкіл аймағына апарамыз.

Серіктестер жаңалықтары