Космомониторинг шаруашылық жерлерін жемқорлықтан құтқара ма?

Informburo.kz саясаткер Мұхтар Тайжан мен жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов арасында Kun.kz ұйымдастырған онлайн-дебатта айтылған өзекті ойларды ұсынады. Пікірталас тақырыбы – "Жер мәселесінде сыбайлас жемқорлықты қалай болдырмауға болады?"

Қанша жер пайдаланылмай бос жатыр?

Мұхтар Тайжан:

– Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде 9-орында. 2,7 млн шаршы шақырым жерді ұтымды пайдаланып отырмыз ба? Жоқ. Көп жер, әсіресе жайылымдық жерлер тиімді пайдаланылмай жатыр. Қазақстанда 75 млн гектар жайылым бар. Оның 40 млн гектардан астамы біреулердің қолында, жеке малын жаяды не ол жерді бостан-бос қоршап алған.

Менің мақсатым – сол жерлерді босатып, халыққа қолжетімді ету. Жерді инспекторлардың көмегімен қайтарып алуға болады. Бірақ, мұндай ескі тәсілмен нәтижеге жете алмаймыз, себебі адами фактор бар жерде міндетті түрде сыбайлас жемқорлық болады. Жергілікті инспекторлар ірі жер иелерінің құда-жекжаты, сыныптасы, туыс не досы болып шығып, жерді қайтармайды. 

Сондықтан мұның шешімі – цифрлық мониторинг болуы тиіс. Космомониторинг арқылы пайдаланылмай бос жатқан 8 млн гектардан астам жер анықталды. Оның тең жартысы мемлекет меншігіне қайтарылды. Алайда 2021 жылы сол уақыттағы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров екі база арасындағы интеграцияны бұзып тастады да, былтыр да, биыл да жер қайтарылмады. 


Оқи отырыңыз: "Жер берсе, субсидия сұрамаймыз". Мал баққан шаруаның мұңы қандай?


Мұрат Теміржанов:

– Жер қатынастары саласында космомониторинг міндетті түрде болуы керек. Qoldau платформасы 2020 жылы – 8,3 млн гектар, 2022 жылы – 22,3 гектар, ал "Қазақстан ғарыш сапары" 2020 жылы – 13,7 млн гектар, 2022 жылы 20,1 млн гектар пайдаланылмай жатқан жер барын анықтады. Бұл нақты статистика емес, өйткені олардан бөлек нарықта жерді қашықтан зондтаумен айналысатын басқа жеке компаниялар бар. Үш жылда жер инспекторларын дәстүрлі классикалық әдіспен 8,1 млн га пайдаланылмайтын жерді анықтап, жер пайдаланушылар 3,4 млн га жерді пайдалануға кірісті. Мемлекетке 2,1 млн гектар қайтарылғанымен, әлі күнге дейін 2,6 млн гектар жер қайтарылмады. 

Былтыр жайылым тапшылығы 21 млн гектардан 14,8 млн гектарға азайды. 1,8 млн гектар пайдаланылмайтын жайылым жерлер мемлекетке қайтарылды. Мемлекет қордағы жерден 6 млн гектар жерді азаматтарға берді. Биыл шамамен 5 млн гектар жайылым жерді қайтаруды жоспарлап отырмыз.

Неге ауқымды түрде жұмыс жүргізілмейді деген сұрақ туады. Оның себебі – елімізде үшінші жыл қатарынан тексеріс жүргізуге мораторий бар. Біз бастама жасап, мороторийді айналып өтуге тырыстық. "Жаппай қатер" деген түсінік енгізіп, бірнеше өңірде тексеріс жүргізе бастадық. 


Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында тұрғындар өз жерін кепілге қойып, 1 млрд несие алған кәсіпкерді таппай отыр


Қағазбастылық жемқорлыққа жол ашады

Мұхтар Тайжан:

– Мороторийді алып тастау бастамасы қуантады. Ал жерді мемлекетке қалай қайтарамыз? Оның бір жолы – жер инспекторлары арқылы, екіншісі – автоматтандырылған тәсіл. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қағаз құжаттар айналымына тыйым салыну керек деп мәлімдеді. Ал біздің атқарушы органдар не істеп отыр?

2021 жылы желтоқсанда Жер кодексіне “жерді қағаз түріндегі механизммен, сондай-ақ цифрлық технологиямен алу" деген енгізілді. Комитет бір жағынан цифрлық технологияларды қолдайды. Екінші жағынан қағаз арқылы жерді алу туралы өзгеріс енгізеді. Осы жағы ақылға сыймайды.  

Мұрат Теміржанов:

Бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау жүргізу тәртібінің мақсаты – космомониторинг пайдалану, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін пайдаланбаудың немесе ұтымсыз пайдаланудың уақтылы жолын кесу және алдын алу. Бұл қашықтан зондтау деректері негізінде жүргізіледі. Осы заңды қабылдау арқылы бес кезеңнен үш кезеңге қысқарды. Бұл бап бізді кері тартады дегенмен келіспеймін, керісінше мақсаты – қашықтан зондтау деректерін пайдалану. 


Оқи отырыңыз: Шымкент шаруалары жер салығын шаршы метр емес, гектарға есептеуді сұрайды 


Мұхтар Тайжан:

– Заңда профилактикалық бақылау нәтижелерін бақылауды тіркеудің арнаулы журналында есепке алу туралы, ол нөмірленген, тігілген және оған аумақтық бөлімшенің мөрі қойылған деп жазылған. Бұл – қағаз технологиясы. Журналда болмаса сотта дәлелдей алмайсыз.

Профилактикалық бақылау қыркүйек пен қараша аралығындағы кезеңде жүзеге асырылады деп шектейсіздер. Бұл аралықта ештеңе өспейді, ал астық жиналып қояды. Кей жерлерге қар түседі. Бұлай ештеңені дәлелдей алмайсыздар. "Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша әкімшілік іс жүргізу қозғалмайды. Бақылау субъектісі жазбаша түрде хабарлауға міндетті. Нұсқау бақылау субъектісіне қолма-қол табыс етіледі" деп жазылған. Бұл да қағаз технологиясы, адами фактор.

Содан кейін былай деп жазылған: "немесе табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтілімі нысанында және аумақтық бөлімшенің жердің пайдаланылуы мен қорғалуы жөніндегі мемлекеттік инспекторының электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылған электрондық құжат арқылы жіберіледі". "Және" деген шылауға назар аударсаңыз, бұл хабарландыру жолдарының бірі орындалмаса онда нұсқау есептелмейді дегенді білдіреді. Бұл сөзді "немесе" деп ауыстыру керек деген едім, бірақ солай қалдырды. Жерді автоматтандырылған жолмен босата алмаймыз, тек заңда бекітілген кағаз технология және адами фактор көмегімен ғана мемлекетке қайтара аламыз.

Мұрат Теміржанов:

– Заңды жалпы оқып шығу керек. Журнал туралы тек нәтижелерді тіркеуге қатысты айтылады. Ал бақылау ол жерге бармай, космомониторинг деректеріне негізделеді. Жайылымдағы мал басын ғана емес жемшөп көлемін де есепке алу керек. Ауыспалы жайылым иесі ол жердегі мал басының санын ғана емес, шөп жамылғысы мен жайылым геоботаникасына қарау керек.  

Қанша жыл егістікте жұмыс істедім. Қыркүйек және қазан астық жинайтын уақыт. Ал космомониторинг бойынша түсірілім әр ай сайын жасалады. Қыркүйек пен қараша аралығында айналымда болған жер учаскелеріне тексеріс жүргізіледі. Цифрлық технологияларсыз, космомониторингсіз анықтау мүмкін емес. 


Оқи отырыңыз: Банкте кепілдікте пайдаланылмай тұрған ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылады 


Жұмыс көп – маман аз

Мұрат Теміржанов:

– Заңнамаға сәйкес, инспекторлардың баруы және тіркеуі соңғы кезең саналады. Оларға планшет, GPS датчик, дрон, видеожетон секілді құрылғылар берілсе, сол жерде инспекторлар фотоға түсіріп алса жемқорлық қатері азаяды. 

17 аймақта жер ресурстарын басқару бойынша департаменттер құрылды. Өз ішімізде де шешілмеген мәселелер бар екенін жасырмаймын. Мысалы, материалды-техникалық база, штат саны. 2,7 млн шаршы шақырым жеріміз бар, ал орталық апаратта 30-дай адам ғана жұмыс істейді. Алға қойған міндеттерді орындау үшін қызметкерлердің мұндай саны жеткіліксіз деп санаймын. Облыстық 236 инспекторды бізге берді. Қазір 200 астам аудандық инспекторларды алу туралы мәселені қарастырып жатырмыз. Осылайша мемлекеттік бақылау толықтай қалыпқа келеді. Жақын уақытта осыған жетеміз деп ойлаймын. 

Қосалқы жалгерлікке жаза жоқ

Мұхтар Тайжан:  

– Жер қатынастарында қосалқы жалгерлік мәселесі шешімін таппай, ауыл шаруашылығының дамымауына әсер етіп отыр. Әлі күнге дейін қосалқы жалгерлікке заң тұрғысынан жаза, санкция жоқ. Адам өлтіруге, зорлауға, бірнәрсені ұрлауға болмайды, бұл заңмен тыйым салынған іс-әрекеттер. Олай жасаса, түрмеге қамау көзделген. Жер заңнамасында қосалқы жалгерлікке тыйым салынса да, оған санкция салынбаған. Қосалқы жалгерлік жасаған адам ешқалай жазаланбайды. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін билік қосалқы жалгерлікке санкция енгізбеді. Мұны қаншама рет айттым, еш нәтиже жоқ. 

Ауыл шаруашылығы жерін жалға алу мерзімі 49 жыл аяқталғаннан кейін оны пайдалануды мұрагерлері жалғастырады. Жеке меншіктен ешқандай айырмасы жоқ. Менің ұсынысым, 49 жыл мерзімді екі есе – 25 жылға қысқарту керек.  

Шарт мерзімін тек конкурс бойынша ұзарту керек. Мұрагерлер де конкурсқа қатысуы қажет. Бұлай жасамасақ жеке меншіктен дербес пайдаланудың еш айырмасы жоқ.

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Серіктестер жаңалықтары