Тікелей эфир

"Жер берсе, субсидия сұрамаймыз". Мал баққан шаруаның мұңы қандай?

Қазақстанда мал шаруашылығын дамытуға 5 жылға 2 триллион теңге бөлінген.

Соңғы 5 жылда Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға қазынадан 2 триллион теңге бөлінген. Алайда шешілмеген мәселе шаш-етектен. Шағын кәсібі бар шаруалар қаржылық қолдауға қол жеткізу қиын екенін айтып шағымданады. Себебі көп, дегенмен, бір ұшы жемқорлықпен де байланысты. Биылдың өзінде 30 шенеунікке субсидия қаржысын жымқырды деген айып тағылды. Проблеманың өзге себептері қандай? Қазақ халқының ата кәсібі – мал шаруашылығы неге дамымай отыр? Бұл тақырыпты арқау еткен бағдарлама бүгін кешке сағат 22.00-де 31 арнаның эфирінен көрсетіледі. 

Шаруаға не қажет?

Бұл сауалға хабарға арнайы келген жеке шаруа Ержан Жаңажыл жауап берді. Оның сөзінше, субсидияға қыруар қаржы бөлгенше мал шаруашылығының негізі мәселесін шешу керек. Ал негізгісі – жер мәселесі.

"Мал шаруашылығындағы бүгінгі таңдағы ең негізгі мәселенің не екенін анықтап, соны шешіп берсе, ешқандай субсидиясыз да, артық шығынсыз да мал шаруашылығы дамып, шаруалардың малы өсіп, ата-бабадан бері жиырма ғасыр асырап келген мал қазақты мұнайсыз да, көмірсіз де, зауытсыз да әлі талай ғасыр асырайды деп ойлаймын. Проблема ақшаның жетіспеушілігі, субсидия не несие де емес. Ақшаны алатындар саны мыңдап саналатын қойы, ірі қарасы бар бай-қуатты адамдар. Олардың ақшаға да, көмекке де зәрулігі жоқ. Ал Қазақстан халқы тұтынатын еттің 70 пайызын, сүттің 90 пайызын өндіретіндер ірі шаруашылықтар емес, ұсақ, ауласында аз ғана мал ұстайтын шаруалар. Олар ешқандай несие де, субсидия да алмайды. Олардың басты мәселесі – жайылымдық жердің жоқтығы. Ауыл маңындағы жайылымды ашып берсе, 10 теңге бермесеңіздер де риза болар едік", – дейді шаруа Ержан Жаңажыл.


Оқи отырыңыз: Қой саны, қойшы мәртебесі және фермерлік келісім-шарттар. Қой шаруашылығын қалай дамыту көзделіп отыр?


Мәселе қайдан шықты?

Оның сөзін толықтырған Shopan Ata қойшылар қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев саладағы өзге өзекті мәселеге тоқталды. 

"Ержан сынды басқа да жеке қосалқы шаруашылықтар бар болса, олар Үкіметтің ешқандай көмегін алған жоқ. Бұл кісілер ұлтарақтай жердің өзіне зәру болып отыр. Субсидия, қосалқы шаруашылықтар туралы мәселелердің бәрі қайдан шықты? 1 қыркүйек күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің алдына тапсырма қойды. Осы Ержан сияқты елді асырап отырған, не несие, не субсидия алмайтын, тіпті жері жоқ миллиондаған адам бар, солардың мәселесін шешіңдер деді. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұл мәселелерді шешуі тиіс заңдары мен қағидаларының бәрі қисық. 5 жылға 2 триллион теңге бөлдік деп жарияға жар салды. Жылына 370 миллиард теңге бұл. Ал оны алып отырғандар – ары кеткенде 100 мың ғана шаруа. Бірақ, шаруа саны бізде 300 мың. Ал қосалқы шаруаларды қосар болсақ, сан тағы мыңға артады", – деді Shopan Ata қойшылар қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев.


Оқи отырыңыз: Ауыл шаруашылығы министрі: Көктемге қарай ет қымбаттауы ықтимал


Субсидия қалай есептеледі?

Ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент басшысы Бақытжан Момбековтың түсіндіруінше, Қазақстанда мал шаруашылығын субсидиялауға жалпы ішкі өнімнің шамамен 5 пайызы бөлінеді. Көршілес Ресейде бұл үлес 6% болса, Беларусьте – 8%.

"Біз де бұл көрсеткішке бірте-бірте келе жатырмыз. Рас, субсидияға қол жеткізе алмаған шаруалар бар. Неге? Біз өңірлерден өтініштерді жинап, соның қорытындысын шығарып, қажет соманы шаруаларға таратамыз. Бірақ, қаражат бәріне бірдей жете бермейді. Негізі бұл жерде субсидияның бірнеше түрі бар екенін айтып өткен жөн. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға арналған субсидия, қазір инвестициялық шығындарды субсидиялау мәселесі талқыланып жатыр. Бұл мал шаруаларының жаңа құралдар мен техника алуға жұмсайтын шығындарының бір бөлігін өтейтін субсидия түрі", – деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент басшысы Бақытжан Момбеков.


Оқи отырыңыз: Асыл тұқымды мал импорты ұйымдасқан қылмыстық топтың қолында ма?


"Сыбағадан" кімдер сыбаға алып жүр?

"Ауыл шаруашылығының бағдарламалары тек ірі шаруашылықтарға ғана арналған ба?" деген бағдарлама жүргізушісінің сауалына "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ның Алматы филиалының директоры Қуат Сұлтанғазиев олай емес екенін айтып жауап берді.

"Сыбаға" – үлкен бағдарлама. Ол сырт елдерден ірі қара малды алып келуге бағытталған. Оның тәртібі бойынша несие қазір 10 жылға дейін беріледі. Мөлшерлемесі – 14%. Субсидияға келсек, оның 10 пайызын Үкімет төлеп беретін болса, 4 пайызын шаруаның өзі табуы тиіс. Бірақ, бұл жерде Ауыл шаруашылығы министрлігі қойып отырған талаптар бар. Мәселен, 1 ірі қараға 3 гектар жеріңіз болуы керек. Екіншіден, кепілдік мүлкі бар. Оның мөлшері – 70%. Қалған 30 пайызы ретінде малдың өзін аламыз. Ал қарапайым шаруаларға көмек көрсететін "Бәйтерек" ұлттық холдингінің құрамына кіретін Ауыл шаруашылығын қолдау қоры бар. Біз Аграрлық несие корпорациясы болсақ, қазір сол қормен бірігіп жатырмыз. Ауыл шаруашылығын қолдау қорының жұмыс істеп келе жатқанына 20 жыл болып қалды. Сол уақыт аралығында төмен (6%) пайызбен, оның ішінде көпбалалы аналарға, мүгедектерге 4 пайызбен кредит береді", – деді "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ның Алматы филиалының директоры Қуат Сұлтанғазиев.


Бағдарламаның толық нұсқасын бүгін, 11 желтоқсан күні сағат 22.00-де 31 арна эфирінен не YouTube арнасынан тікелей эфирде көруге болады.

Серіктестер жаңалықтары