19 мамыр күні Шымкентте бір үйдің үш баласы көлік ішінде тұншығып көз жұмды. Құқық қорғау органдары балалардың ата-анасы жоқ кезде жүксалғышқа кіріп, кейін шыға алмай қалғанын айтты. Оның алдында 11 мамыр күні елордада сегізінші қабаттың ернеуіне ілініп тұрған кішкентай қызды Сәбит Шонтақбаев есімді азамат құтқарып қалған еді. Балалар қауіпсіздігі неге әлсірет кетті?
Осы орайда "Сөздің шыны керек" бағдарламасы қараусыз қалған балалар жайын кезекті шығарылымына арқау етті.
Шатырда жүгірген балалар
23 мамыр күні сағат 19.45 шамасында Ақтау қаласында полиция бөліміне балалардың шатырда жүгіріп жүргені туралы ақпарат келіп түсті. Көп қабатты тұрғын үй Green Park кешеніне тиесілі. Хабарланған мекенжайға барған құқық қорғау қызметкерлері ешкімді таппаған.
Алматы қаласында құрылысы аяқталмаған нысанға шығып ойнап жүрген балалар үшін алаңдаған полиция қызметкерінің өзі биіктен құлап, ауыр жарақат алды.
17 мамыр күні Оралдағы аудандық ауруханалардың бірінде кішкентай баланың үстіне теледидар құлап кетті. Бала жабық бас-ми жарақатын алды.
Ал Шымкенттің Қаратұз ауданында бір отбасы үш бірдей баласынан айырылды. Полиция мәліметінше, 19 мамыр күні балалар ата-анасы жоқта жүксалғышқа кіріп, кейін шыға алмай қалған. Екеуі жүксалғыш ішінде, бір бала жансақтау бөлімінде көз жұмды.
"Жасөспірім балалардың өлімі бойынша тергеп-тексеру амалдары басталды. Сот сараптамасы тағайындалды", – деді Шымкент ПД тергеу басқармасының басшысы Дәулеткелді Әбдіраманов.
Оқи отырыңыз: Жеті атаны толтырмай үйлену жиіледі. Дүниеге сал балалардың келуіне кім кінәлі?
Алматыда 4 айда қараусыз қалған 2 бала көз жұмды
7 сәуір күні Алматы қаласының Алмалы ауданында 4 жасар қыз бала сегізінші қабаттан құлап кетті. Сәби аман қалды.
Бір ғана Алматы қаласында биыл төрт ай ішінде 4 бала биіктен құлап аман қалды. Қала бойынша балаларға қатысты 8 төтенше дерек тіркеліп, оның екеуі қайғылы жағдаймен аяқталды. Біреуінде бала сырғанақтан құлап көз жұмды. Екіншісінде бала суға кетіп көз жұмды. Осы орайда полиция қызметкерлері жоғары қабатта тұратын ата-аналарды сақ болуға шақырды.
Алматы қаласы ПД, жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция бөлімінің басшысы Жанна Тұрсынханқызы кішкентай баласы бар үйдің терезесі қауіпсіздік талаптарына сай болуы керектігін қатаң ескертті. Сондай-ақ, полиция өкілі кейбір ата-аналардың телефонға үңіліп, балаларын қараусыз қалдыратынын да айтты.
"Ата-ананың қасында тұрып, көз алдынан кетіп қалатын жағдайлар болады. Телефонға қарап, баласын ұмытып кетеді", – деді Алматы қаласы ПД ювеналды полиция бөлімінің басшысы Жанна Шонжанова.
Оқи отырыңыз: Әйелін соққыға жыққан адамға қылмыстық іс қозғала ма?
Баланы балаға бақтырып кетеді
Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамауға байланысты ҚР қылмыстық кодексінде 141-бап бар. Яғни баласының қараусыз қалғаны үшін ата-анасы жауапты. Алайда сол баласын баға үшін жұмысқа шығып, бір баласын екіншісіне бақтыратын ата-ананы жазаға тарту дұрыс па?
"3-5 жастағы баланы тоғыз жастағы балаға тастап кетеді. 3-4 жастағы бүлдіршіндер балабақшаға бармай отырады. Олардың балабақшаға баратын кезегі келгенше нөлінші сыныпқа баратын уақыты келіп қояды", – деді "Аналарға көмек" қолдау қоғамдық бірлестігінің төрайымы Сандуғаш Кукенова.
Сондай-ақ, бірлестік төрайымы "күйеуі бар, бірақ үйге кіретін табысы жоқ жақсы отбасының отанасы баласын бір-біріне бақтырып, жұмысқа шығып кетпейтінін" айтады. Көп жағдайда жалғызбасты аналар баласын тастайтын адам таппаса да, екі-үш сағатқа жұмысқа шығуға мәжбүр. Сондықтан жалғызбасты аналарға жағдай жасалуы керек. Ал бес бала үшін 25 мың теңге ғана беретін әкелерден алиментті күштеп өндіру қажет деген пікірде.
"Бала үш жастан асып кетсе де, өз кезегін күтіп отырады. Осылай баланы балаға тастап, жалғызбасты аналар еңбек етуге мәжбүр. Себебі, 1-3 баласы бар жалғызбасты аналарға мемлекеттен ешқандай көмек жоқ. Олар не жәрдемақы алмайды, не басқа алмайды", – деді Сандуғаш Кукенова.
Оқи отырыңыз: "Анаңа айтсаң, аямаймын". Зорлық көрген балалардың құқығын кім қорғайды?
"Бала қарайтын орталық ашу қажет"
"Ақ желкен" балалар мен жасөспірімдердің республикалық журналының бас редакторы, өзі де көп балалы әке Есей Жеңісұлы жалғызбасты аналардың жайы парламент деңгейінде көтеріліп, олардың мектеп жасына жетпеген балаларын аналары жұмыста болған кезде уақытша қарай тұратын орталықтар ашылуы керек деген ұсыныс айтты.
Бұл проблемамен күнде бетпе-бет келіп жатқандықтан, парламент деңгейінде көтеру керек шығар. Қоғам дамыған сайын жалғызбасты аналар да көбейеді. Себебі жауапкершілігі жоқ ер азаматтар саны артады. Осы орайда қараусыз қалған балаларды бір уақыт аралығында қарайтын орталықтар ашу керек шығар", – деді Есей Жеңісұлы.
"Ана тілегі" қоғамдық ұйымының басшысы, жалғызбасты аналарға арнайы статус беріліп, соның аясында мемлекеттен белгілі бір көмектер көрсетілсе, дейді. Сондай-ақ ол бір жасқа дейін ғана бала күтімі үшін төленетін төлем уақыты ұлғайтылса деген пікірде.
"Әйелдерге бала күтімімен бүлдіршін 7 жасқа толғанша отырса деген мәселені көтеріп жатырмын. Себебі, жеті жасқа дейін баланы балабақшаға алып барып-әкелу керек. Бастауышта мұғалім баланы ата-анасы келмейінше жібермейді", – деді "Ана тілегі" қоғамдық ұйымының төрайымы Әсем Жолдасбекова.
"Сөздің шыны керек" жобасының авторы Ирина Советжанқызы