Тікелей эфир

Бағалы қағаз сатып алу арқылы қалай пайда табуға болады?

2021 жылы қазақстандықтардың құнды қағаз нарығындағы белсенділігі айтарлықтай артты.

"Бағалы қағаздардың орталық депозитариі" АҚ-ның қыркүйектегі мәліметінше, жеке тұлғалардың атына ашылған есепшоттардың саны 206 313-ті құрады. Соңғы бір айдың өзінде есепшот саны 8 мыңнан артық көбейсе, жыл басынан бері 73 499-ға ұлғайған.

"Астана" қаржы орталығына қарасты Astana International Exchange биржасының мәліметінше, қазан айында сауданың жиынтық айналымы өткен жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 5,5 есе көбейіп, 48,7 млрд теңгеге жетті.

Облигациядан 10-15% табыс табуға болады

Қазан айындағы мәлімет бойынша AIXQI индексіне кіретін 8 компания да оң өсім көрсетті. Соның ішінде Қазатомөнеркәсіп 35,8%, Kaspi.kz 23,24%, Central Asia Metal 11,76%, Полиметалл 11,52% қымбаттаса, банктерден ЦентрКредит пен Халық банктерінің акциялары тиісінше 9,93% және 5,14% қымбаттады. Ал "Қазақтелеком" мен "ҚазТрансОйл" акциялары 3,14% және 1,83% өскен.

Жалпы, "Астана" халықаралық қаржы орталығының қор нарығы тұрақты түрде жаңа компаниялармен және құнды қағаздармен толығып отырады. Мәселен, қараша айының өзінде ғана AIX биржасына жергілікті банктер акцияларының көрсеткіштерімен байланысты жаңа биржалық ноталардың листингі - Kaz Financials Exchange Traded Notes деп аталатын жаңа құралдар шықты. Ноталарда ЦентрКредит банкі, Халық банкі, Kaspi Bank акциялары сатылады. Бұл құнды қағаздарды саудаға шығарған да отандық банктің еншілес ұйымы BCC Invest еді. 

Ірі банктер мен ұлттық компаниялардың ғана емес, сонымен қатар орта бизнес те "Астана" қаржы орталығы арқылы қаражат тартып жатыр. Қарашаның 24-і BI Group-тың еншілес компаниясы "Мегастрой" ЛТД" ЖШС Astana International Exchange биржасында 3,5 млрд теңге қаражат тартты. Облигацияның жылдық табыстылығы 15%. Бұған дейін осы компания екі рет бөлшек облигацияларын сатқан еді, бұл жолғысы үшінші шығарылым. Бұл компанияны да нарыққа шығарған отандық Jusan Invest АҚ.


Оқи отырыңыз: Пайызсыз қарыз, халал ипотека. Қазақстанда қандай исламдық қаржы өнімдері бар?


Tabys қосымшасы бастауыш инвесторларға арналған

AIX-тің  басым бағыттарының бірі – бөлшек сауда инвесторларының базасын дамыту. Бөлшек сауда инвесторлары үшін "Астана" халықаралық қаржы орталығы Tabys мобильді қосымшасы жасалды. Бұл қосымша бастауыш инвесторларға арналған, яғни қор нарығына қаражат салып, сауда жасауды үйренгісі келетіндерге инвестициялаудың әліппесін үйретеді. Қор нарығы бойынша ағартушылық қызметті мақсат еткен қосымша арқылы бүгінге дейін 15 мың адам жалпы құны 2,5 млн доллар инвестициялады.

Қосымша  әсіресе пандемия кезінде кеңінен танымал болды. Tabys биржадағы сауда-саттықты смартфон және онлайн-тіркелу арқылы қадағалап, әлемдік нарықтарға инвестициялауға мүмкіндік береді.

Қосымша арқылы қазіргі таңда АҚШ технологиялық компанияларының акцияларын, қазақстандық компаниялардың акцияларын, басқарудағы қазақстандық компаниялардың акцияларын иеленуге болады.

Бағалы қағаздардың құны қанша?

АІХ-те 30-ға тарта сауда мүшесінен тұратын экожүйе құрылған, оған қазақстандық брокерлермен қатар, сол сияқты Қытай, Ресей және Еуропа брокерлері кіреді. Алайда, жоғарыда байқағандарыңыздай, ірі компаниялардың құнды қағаздарын нарыққа шығаруда отандық брокерлер шетелдіктерден артық болмаса кем емес.

АІХ биржасының іске қосылғанына екі жылдан сәл асатын уақыт қана өткенімен, мұнда 100-ден астам қағаз листингтелді.


Оқи отырыңыз: "Астана" халықаралық қаржы орталығы: бизнеске, қарапайым халыққа және экономикаға әсері қандай?


Исламдық құнды қағаздар мен жасыл облигациялар да сатылады

AIX-ке шыққан маңызды құнды қағаздардың бірі "Даму" КҚҚ-ның ЖЭК саласында БҰҰ ДБ-мен келісім аясында теңгемен жасыл облигациясы, алғаш рет Катар халықаралық ислам банкі, Ислам даму банкі (жасыл сукук, тұрақты сукук, дәстүрлі сукук) исламдық сукук кросс листингтелді.

Тұрақты түрде АХҚО биржасы аясында ETF, ETN инвесторларына қаржы құралдарының тізімін кеңейтуде. Тау-кен компанияларының сегменті ашылып, акуионерлік капиталға Қазақстан мен Орталық Азияның орта бизнес компанияларына қолжетімділікті жеңілдету үшін өңірлік акция нарығы ашылды. Оның алғашқысы болып Банк ЦентрКредит тіркелді.

Бірер күн бұрын "Самұрық-Энерго" АҚ AIX биржасында "жасыл" облигацияларды орналастырып, 18,4 млрд теңге тартты. Облигация жылдық 11,4% өсім береді. Ірі инвесторларға арналған бұл құралды да нарыққа шығарушы отандық Halyk Finance АҚ.

Сонымен қатар, 5 қарашада Еуразия қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) AIX және KASE-де 10,6% купон мөлшерлемесі бойынша 20 млрд теңге көлеміндегі үш жылдық әлеуметтік облигациялар листингін жүзеге асырды. Бұл сауданы да ұйымдастырған Halyk Global Markets АҚ. Қажетті қаражат Astana International Exchange арқылы тартылды. Тартылған қаражат Эмитенттің Қазақстан Республикасының аумағында іске асырылып жатқан әлеуметтік жобаларын дамытуға бағытталатын болады.

Серіктестер жаңалықтары