"Атом улаған дала" кітабының авторы: Ядролық сынақ қасіретін халық әлі көріп жатыр

Кітап ағылшын және қазақ тілдерінде жарық көрді.

Саясаттану ғылымдарының докторы, ядролық қауіпсіздік жөніндегі маман Тоғжан Қасенова Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы және ядролық сынақтың халыққа тигізген әсері жайлы "Атом улаған дала" атты кітап жазды. Бұл кітап алғаш Stanford University Press-тен ағылшын тілінде жарық көріп, одан кейін Фридрих Эберт атындағы қордың қолдауымен “Steppe & World” баспасы қазақ тіліне аударды. 

Автор бұл кітапты он бес жыл бойы жазған. Бүгінде ядролық қауіп-қатер күшейген тұста бұл еңбектің маңызы одан сайын арта түсті. Кітаптың Алматыда өткен тұсаукесерінде Тоғжан Қасенова қазақстандық оқырмандарына ядролық сынақтың салдарынан зардап шеккен адамдардың жағдайы туралы баяндады.

Ядролық сынақтардың зардабын халық әлі көріп жатыр

Бұл тақырып туралы жазам деп ойламадым. Англияда докторантураны бітіріп, ядролық дипломатия мен саясат тақырыптарын зерттеп жүрдім. Неге мемлекеттер ядролық қарудан бас тартады, неге қару қолданады деген сұрақтарға жауап іздей келе осы кітапты жазу идеясы келді. Полигон маңында тұратын адамдармен жолыққаннан кейін өткеніміздегі маңызды кезең туралы кітап жазбау мүмкін емес еді. Біз сол өткеннің салдарымен өмір сүріп жатырмыз, әлі де қаншама жыл өмір сүреміз. Кітаптың бірінші бөлімі полигон мен ядролық қозғалыс туралы. Өзім де тарихта айтылмаған тың дүниелерді аштым. Семейге бару эмоционалдық тұрғыдан өте ауыр тиді.

Ядро саласында қаншама жыл жұмыс істедім, ядролық қару мен сынақты жақсы түсінемін деп ойладым. Сол жерге барып көзіңмен көрген басқаша екен. Адамдардың жағдайын көру қиынға соқты. Зерттеуші ретінде айтарым, ауыр тақырып. Әліге дейін ақпарат жоқ. Материалдарды бізге бермейді. Бұл тақырыпты толыққанды зерттеуге өзіміз де жеткілікті күш салған жоқпыз. Халықтың денсаулығын зерттеп, сынақ салдарын толық түсіну керек. Ядролық сынақ зардабын әлі күнге дейін көріп жатқан адамдарға қалай көмектесе аламыз? Осы қайғыны, адамдардың бастан кешкенін жеткізгім келді.

Шетелде саяси интеллигенция Қазақстанның полигонды жапқанына, ядролық сынақты тоқтатқанына жақсы қарайды. Қазақстанның сыртқы ядролық саясатын мақтан етемін. Бірақ осы сыртқы имидж өз елімізідң ішінде болып жатқан ахуалмен байланысса деймін. Бұл жағдай өзгеріп, халықтың қасіреті туралы көбірек айтамыз деп ойлаймын. Бұл қасіретті халықпен бірге бастан өткермесек, назар аудармасақ әрі қарай жылжи алмаймыз. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанға қандай ядролық реактор қажет? Сұхбат


Зардап шеккен халыққа көмек керек

Семейге барып, тұрғындармен алғаш сөйлескенде олар "бізден бәрі теріс айналады" деді. Еңбек министрлігінен келгендер "полигондықтар тағы да бірнәрсе сұрағысы келіп тұр" дейді. Семей студенттері басқа қалаға оқуға барса оларға "түнде жанасың ба?", "құйрық өсіп кетпеген бе?" деп сөзбен тиіседі. Полигон мәселесі Қазақстанға, біздің қоғамға жат сияқты. Бұл мәселе әр адамды ойландыру керек. Ұлттың тұтастығы үшін кез келген мәселе белгілі бір топтарға ғана емес, бәріне ортақ қаралуы қажет. Өңірлерге барғанда мемлекеттің адамдарға жасап жатқаны жеткілікті емес екенін байқадым. Барлық ауылда проблема бар. Ал Семей полигоны маңындағы елдімекендерде тұратын адамдарға өте қиын. Себебі, олар Кеңес заманындағы ядролық сынақтардың жаңғырығын әлі күнге дейін көтеріп жүр.

Олардың мәселесін шешу үшін, ең алдымен зардап шеккендерге әлеуметтік көмек беру туралы 1992 жылы қабылданған заңды жаңарту керек. Өйткені бұл заң қатты ескірді, көп тұсы қазіргі жағдайға жанаспайды. Ядролық сынақтың салдарынан ауруға душар болған адамдардың кей ауруы полигонмен байланысты аурулар тізімінде жоқ. Сол себепті олар мемлекеттен көмек ала алмайды. Зардап шеккендерге тегін медициналық көмек қолжетімді болғанымен, оларды емдейтін орындар аз. Мысалы, зардап шеккен балаға көмек тегін болғанымен, оған ауылда ешкім көмектесе алмайды. Сондықтан ата-анасы ақша тауып, Семей не Астанаға апарып емдейді. Ол жақта да көмектесе алмауы мүмкін. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда атом станциясы энергия экспортына жол аша ма? Сарапшылар пікірі


Ядролық сынақ туралы айтылмайды

Елімізде ядролық сынақ туралы білім берілсе екен. Мектепте, университетте бұл туралы ешкім айтпайды. Ядролық сынақ пен қозғалыс тарихын біле бермейміз. Өткен ғасырдың елуінші жылдары экспедиция ғалымдары үш жыл бойы полигон маңайын зерттеген. Қолымызда одан басқа зерттеу жоқ. Біз неге олар туралы білмейміз? Ядролық қарудан бас тартқан тұңғыш президент қана емес. Басқа да адамдар ерлік көрсетті. Мен сол адамдар туралы кітабымда жаздым. Жастар қызығып оқиды деп ойлаймын. 

Кезінде кеңес армиясы адамдарға радиацияның тигізер әсерін бақылау үшін Семейде бруцеллезге қарсы диспансер салған. Кеңес одағы ыдыраған соң құжаттардың көбі жоғалды. Диспансерде 10 000 адамға мониторинг жасалған. Бүгінде адамдардың неден көз жұмғаны зерттеліп жатыр. Радиация аумағында тұратын адамдар арасында өлім-жітім де, ауру да көп. Сынақтан кейін туған ұрпақтың денсаулығын тексергенде де, оларға да әсер еткені анықталды. Ауылдарға барғанда ақсақал таба алмадым, қарт адамдар жоқ. Мені осы қатты таң қалдырды. Көбі зейнет жасына дейін өмір сүрмейді. Сынақ біткеніне қаншама жыл өтсе де кішкентай балалар саусағы артық не кем болып дүниеге келіп жатыр. Полигон зардабы буыннан буынға өтіп жатыр.

Полигон зардабын қазіргі ұрпақ тартып жатыр

Мен Вашингтонда тұрамын. Көптеген елде өтетін шараларға қатысамын. Ядролық саясатты дипломатиялық түрде талқылап жатады. Ал ауылға барсаң жағдай басқаша. Қазақстан халқының кеңестің ядролық қуатынан зардап шеккен көріп, миымда диссонанс туды. Ядролық мәселелерге қатысты конференцияларға шақырады. Мұндай шараларға қыруар ақша жұмсалатынын жақсы білемін. Ал ауылға барғанда кәріз жүйесі жоқ, су тартылмаған. Бір үйге кіресің, Нұрсұлтан деген алты айлық баланың алты саусағы бар. Бір отбасында бір саусағы жоқ қыз. Бір кісінің арбасы жоқ, балдағы ғана бар. Сынақтан зардап шеккенмен, құжаттары болмағандықтан оған мүгедек арбасын бермеген. Ол алты ай бойы үйінен шықпаған.

Мен осының бәрін көргенде жүрегіме қатты қабылдадым, қатты ауыр тиді. Тағы барғанымда олармен жақсы араласып кеттім. Қандай отбасы болмасын балалар бақытты көрінді. Оларға басқаша қарай бастадым. Туған жерге деген махаббат сезіледі. Оларға құрметпен қараймын. 


Оқи отырыңыз: Радиация қаупі төнсе, не істеу керек? Дәрігер кеңесі


Сынақ маңындағы ауылдарға шетелден зерттеушілер көптеп келеді. Қан алады, сосын жоқ боп кетеді. Журналистер барып түсіреді. Бірақ одан адамдардың өмірі өзгермейді. Шаршаған, әбден қажыған. Ешкіммен сөйлескісі келмейді. Өзім олармен тілдеспей кітап жаза алмайтынымды түсіндім. Оларды құрбан санап, аяушылық таныту керек емес. Осы қасіретті бүкіл халық болып мойындасақ деймін.

Қазақстанда ядролық қару ғана емес, үлкен ірі материал мен инфрақұрылым болды. Қазақстан ядролық қаруға қатыспайтын ел екеніне мақтанамын. Әлемде соңғы ядролық қару жойылғанша біз оның тұтқынымыз. 

Ядролық қаруға қарсы қозғалыс басталғанда Қазақстан халық жалпы ұлттық идеяға бірікті. "Ядролық сынақты тоқтатыңдар", "біз өз тағдырымызға ықпал еткіміз келеді" деп ұрандатты. Өкінішке қарай, ішкі саяси себептермен ядролық сынақ зардабы туралы көп айтпаймыз, бірақ жағдай келе-келе өзгеріп жатыр. Қазақстанның бірнеше қаласында жастармен кездестім. Олар мүлдем басқа ұрпақ. Санасы отарсызданған, Ресейге жалтақтамайды, Кеңес одағынан қалған үрей жоқ. Жаңа буын бірегейлігін іздеп, өткенімізге үңілуге қорықпайды.

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

 Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Популярное в нашем Telegram-канале

Серіктестер жаңалықтары