Атом электр станциясы төңірегінде қоғамда әліге дейін сан түрлі пікір бар. Атом станциясының радиациялық қаупі бар деп есептейтіндіктен, Қазақстанда АЭС салынбасын деп қарсылық білдіретіндер көп. Алматыда Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы Энергетика және байланыс университетінде "Қазақстанда АЭС не үшін салынуы керек?" тақырыбында өткен дөңгелек үстелде ядролық сала мамандары АЭС салу мәсеілесін жан-жақты талқылады. Informburo порталы атом электр энергетикасы, АЭС құрылысы, қауіпсіздік шаралары, әлемдік тәжірибе және осы сала бойынша маман-кадрлар даярлау мәселелері бойынша сарапшылардың пікірін ұсынады.
Алмаз Саухимов, АЭжБУ Ғылыми және инновациялық қызмет жөніндегі проректоры, философия ғылымдарының докторы:
– Қазақстанда электр энергиясы тапшы. 2012 жылдан бері АЭС салу керек пе деген мәселені талқылап, енді ғана бір тоқтамға келдік. Басқа энергия өндіру көздері ішінде АЭС-ті ең мықты электр станциясы деуге болады. Біріншіден, көмір жағатын станциялар сияқты көп шығын шықпайды. Қазақстан уран қоры бойынша әлемде екінші орында. Сол себепті елімізде АЭС салу үшін бәрі бар деп айтуға болады.
Кадрлар даярлайтын университеттер бар. АЭжБУ-да "Атом электр станциясы" оқу бағдарламасын аштық. Бүкіл салада ғылыми жобалар жасаймыз. Инженерлік кадрлар тобын жасақтап, біліктілігін арттыру мәселесін көтеріп отырмыз.
Қазақстанға тұрақты энергия көзімен қамтамасыз ететін АЭС қажет. Алматы облысында Үлкен ауылы маңында салғалы отырмыз. Болашақта бізге бір емес, бірнеше станция керек. Курчатов қаласы мен Маңғыстау облысында екінші және үшінші АЭС-ті салу мәселесі қарастырылып жатыр.
Оқи отырыңыз: Қазақстанға қандай ядролық реактор қажет? Сұхбат
Алмас Ысқақов, АЭжБУ Ядролық физика институты, нейтронды физика зертханасының аға ғылыми қызметкері:
– Ядролық физикалық институтында Қазақстандағы жалғыз зерттеу реакторы бар. Онда 70 астам жоғары дәрежелі маман жұмыс істейді. Олардың арасында пульт басқаратын, ядролық реактордың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандар бар. Сол себепті АЭС-те жұмыс істеуге дайын деуге болады. Институтта ядролық реакторда жұмыс істеу тәжірибесі қолға алынған. АЭС салынса институтымыз сараптама жүргізе алады. Келісімшартта көрсетілсе, институт базасында жаңа қондырғылар ашуға болады. Құбырлардың, болмаса ядролық реакторда қолданылатын бөлшектердің сапасын бақылауға қажет жаңа базаларды дамыта аламыз.
АЭС – таза электр энергиясының көзі. КСРО ыдырағалы тәуелсіз Қазақстанда мұндай ауқымды жоба жүзеге асырылмады. Технократтық дәуірге кірудің бастауы осы АЭС салу деп ойлаймын.
Қазақстанда 10 жылда атом саласы бойынша мамандар даярланды, бірақ көпшілігі басқа салаға кеткен. Түлектердің 30%-ы ғана ядролық физика саласында, ғылым мен өндірісте жұмыс істейді. Бұған, өкінішке қарай, мемлекетте толық базаның жоқтығы себеп. Институттар саны аз. Ядролық физика институтының өзінде 500 адам жұмыс істейді. АЭС салынса жұмыс орны көбейеді деп ойлаймын. Ал салатын компания біздің кадрларды өздерінде оқытып, біліктілігін арттыруға көмектеседі.
Қазіргі әлемде салынып жатқан реакторлардың сапасы мен санына қарасақ, ең тиімді компания – "Росатом". Ресей өте қымбат сұрап тұр, сол себепті экономикалық тұрғыдан тиімсіз болуы мүмкін. Басқа мемлекет салса да жақсы станция болады деп ойлаймын.
Оқи отырыңыз: Тимур Жантикин: АЭС салу техникалық мәдениеттің жалпы деңгейін көтереді
Асуан Сиябеков, "Қазақстандық Атом электр станциялары" ЖШС Жаңа ядролық және энергетикалық технологиялар бойынша бас менеджер:
– АЭС жобасы бойынша 2018 жылы біз техникалық-экономикалық негіздеменің маркетингтік бөлімін әзірледік. Жалпы АЭС-тің қуаты, орналасу ауданы қай жерде болатыны жазылды. Содан кейін АЭС жеткізушілерін, яғни вендорларды таңдадық. Бастапқыда алты вендордың 13 реакторлық технологиясын қарадық. Шорт-параққа Қытай Халық Республикасының CNNC, Оңтүстік Кореяның KHNP, Ресей Федерациясының "Росатом", Францияның EDF компанияларының реакторлары енгізілді. Сондай-ақ, Кореяға, Францияға, Түркиядағы "Аккую" АЭС-не және Венгриядағы "Пакш" АЭС-іне тәжірибелермен танысуға бардық.
Қазіргі таңда еліміз 15,8 ГВт энергия тұтынады. Бұл көрсеткіш 2035 жылы 23 ГВт дейін ұлғаяды. Көмір жағатын ЖЭС-тердің құбырлары, жабдықтары 70%-ға тозған. Сол себепті 2035 жылға дейін 8,1 ГВт энергияны жоғалтуымыз мүмкін деген болжам бар.
АЭС салуға Балқаш көлінің маңындағы Үлкен ауылын таңдап алдық. Ол жерге 1,4 ГВттық екі блоктан тұратын қуаты 2,8 ГВт АЭС салынады. Курчатов қаласы мен Үлкен ауылын қарастырғанда жер сілкінісі және геологиялық құбылыстар, гидрометеорологиялық және гидрологиялық жағдайлар, болжамды су тұтыну көлемі, АЭС құрылысының іргелес аумақтың жануарлар мен өсімдіктерге әсері зертелді. Үлкен ауылында іске асырылмаған Балқаш ЖЭС жобасының алаңы болғандықтан, инфрақұрылымы бар, жерді тегістеу жұмыстары жүргізілген деп сол жерді таңдадық.
Қарастырылып отырған төрт реактор да заманауи үшінші буынды реакторлар қатарына жатады. Барлығының қуаты шамалас. Ешқандай баламалы энергия көзі мұндай жоғары көрсеткіштерді 60 жыл көлемінде бере алмайды.
Қазір вендорды таңдап, 2028 жылға дейін барлық құжаттамасын жасасақ, содан кейін алты жылда құрылысы бітіп қалады. АЭС салуға, оны басқару үшін білікті мамандар керек. Орташа алғанда, екі блоктан тұратын жоғары қуатты АЭС-те 2000 адам жұмыс істейді. Оның 20%-ы ғана ядролық физика және атомдық реакторлар бойынша қажет мамандар. Қазақстанда бүкіл техникалық база бар. Кадр тапшылығы жоқ. Атом энергетикасы саласында 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
АЭС-ті орта есеппен 60 жыл пайдалануға болады. Сұраныс болса, тағы 20 жылға ұзартамыз. Радиациялық, ядролық қауіпсіздігіне, қоршаған ортаға әсері мен экономикалық тұрғыдан тиімділігіне байланысты вендорды таңдаймыз. Бізге технологияны берсе уранды реакторларға өзіміз қойсақ дейміз.
Оқи отырыңыз: Баламалы энергия. Қазақстан мұнайға тәуелділіктен қашан құтылады?
Амалбек Өміртай, халықаралық зерттеуші, PhD:
– Кейбір азаматтар Еуропа, өркениетті елдер атом энергетикасынан кетіп жатыр деген уәж айтып жатады. Атом энергетика саласында үш үлкен апат болды. АҚШ-та, Кеңес Одағында, Жапонияда. Үшеуі де техникалық қателіктерден болған. Қазақстанда кеңес заманында алғашқы типтегі АЭС жұмыс істеді. Негізгі мақсатынан бөлек су тазалады. Уран қоры бойынша әлемде екінші орынға ие Қазақстан уранды ядролық отын ретінде келесі циклдарға өту үшін дамыта алады. Ядролық қалдықтарды сақтайтын орын да жоқ емес. Атом энергетикасын дамытудың барлық алғышарты бар болғандықтан, мемлекетіміз де, халқымыз да оның игілігін көруге толық хақы бар.
Әлемдік қауымдастық күрделі кезеңді бастан кешіп жатыр. Мемлекеттің тәуелсіздігі ішінде энергетикалық тәуелсіздік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету деген ұғым бар. Еуропа елдері сияқты одаққа бірігіп, ортақ энергетикалық саясат қабылдауға орналасқан жеріміз бен саяси жағдайымыз келмейді.
Қазақстан көрші мемлекеттермен энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдарын қарау керек. Ол үшін АЭС-ті айналып өте алмаймыз. Қазақстанға бір емес, бірнеше АЭС қажет.
Жұбаныш Әбдімұратов, АЭжБУ Электроэнергетика және электротехника институтының директоры:
– Бізде электр энергетикасының тапшылығы бар. Болашақта сұраныс өсе береді, сәйкесінше АЭС салу қажет.
Қазақстанның географиялық картасына үңілсек, электрлендіру аймағын солтүстік, оңтүстік және батыс деп шартты түрде бөлуге болады. Солтүстік аймақта ахуал жаман емес: ол өңірде расында да энергия профициті байқалады және артық энергияны елдің оңтүстігіне жөнелтіп, тағы бір бөлігін Ресейге сатып жатыр. Оңтүстік аймақта электр энергиясы тапшы. Солтүстіктен алуға тура келгенімен, қайта айдау кезінде энергияның ауқымды бөлігі амалсыздан жоғалып кетіп жатыр.
Батыс аймақта да энергия қуатын генерациялаудың жетіспеушілігіне байланысты тапшылық бар және ол электр энергиясының импортына тәуелді. Сондықтан біздің елімізде расында да электр энергиясының артық көлемі болғанымен, жекелеген өңірлерде қазірдің өзінде тапшылық бар. Оңтүстік аймақта 2030 жылға қарай электр энергиясы тапшылығы 2,7 ГВт болуы мүмкін.
Қазақстанда генерациялайтын қуаттың негізгі бөлігінің қолдану мерзімі 40 жылдан асып кеткен. Сондықтан энергетикалық жүйені модернизациялап, жаңарту керек.
Қазақстан АЭС-сіз тіршілік ете алады, бірақ белгілі деңгейде қиын болады. Қазақстанда АЭС салынбаса, жоғары көміртекті энергетикамен қалады. Сәйкесіне, Еуропа Одағы 2023 жылдан бастап көміртек салықтарын енгізше, мемлекетімізге табыстың белгілі көлемін соған төлеуге тура келеді.
Атом энергетикасы болмаса, жасыл экономика мақсаттарына жету мүмкін емес. Әр энергетиканың өз орны бар. Жаңартылатын энергия көзі болса да, одан тәуліктік базалық энергияны ала алмаймыз. Резервте энергия болуы үшін оны АЭС-та ұстауға болады.
Қазақстанда табиғи уран қоры әлемдік қордың 14% құрайды. Жылына орташа 20 мың тонна өндіріледі. Өзімізде отын қоры бар, сырттан алмаймыз, оған қаржы жұмсамаймыз.
Әлемде қуаты 391 ГВт болатын 439 реактор жұмыс істейді. Атом электр станцияларын 32 мемлекет пайдаланады. Қазіргі уақытта 19 елде электр қуаты 55 ГВт болатын 52 реактор салынып жатыр. Бұл ретте Беларусь, Біріккен Араб Әмірліктері, Бангладеш және Түркия алғашқы АЭС-ін салып жатыр.
Қазақстанда да АЭС салуға қатысты дайындық жұмыстары басталып кетті. Қазіргі таңда АЭС салу технологиялары зерттеліп жатыр. Қарастырылып отырған реакторлар 3 немесе 3+ буыны анықтамасына сәйкес келеді.
АЭС-тің артықшылықтарына келсек, ЖЭС оттегі жұтады. Ал АЭС оттегіні қажет етпейді, сәйкесінше зиянды түтін шығармайды. ЖЭС-ке ірі көмір не газ кен орындары керек. Оларға көмір мен газ жеткізу көп қаражатты қажет етеді. Ал АЭС-ке қажетті уран бір жүк машинасымен ғана әкелінеді. АЭС-тің қуаты өте жоғары. Ал кемшіліктеріне келсек, апат болуы мүмкін. Олай болса сәулеленген отын қоршаған ортаға өте қауіпті. АЭС салу үшін өте көп қаржы мен өте көп су керек болады.