Қазақстанға қандай ядролық реактор қажет? Сұхбат

Энергия дефицитін жоюдың ең тиімді шешімі неге АЭС салу болып отыр?

"Қазақстан атом электр станциялары" АҚ бас директоры Тимур Жантикин "Қазақ радиосы" эфирінде берген сұхбатында Қазақстанда атом электр станциясын салудың маңызына тоқталды.

Тимур Жантикин

– Қазақстанға АЭС салу қаншалықты қажет? Энергия дефицитінің алдын алудың басқа жолы жоқ па?

– Біріншіден, Қазақстанның энергетика жүйесі станцияларды жаңартуды қажет ететінін айту керек. Өйткені, тозу деңгейі өте жоғары. Бұл туралы таяуда энергетика министрі де айтты. Кеңес дәуірінде салынған станциялардың бәрі әбден ескірген.

Екінші мәселе – әлемнің жасыл экономикаға бет бұрғаны. Қазақстан жағдайында техникалық және экономикалық талаптарға атом энергетикасы жауап бере алады. Бұл салада бізде тәжірибе де бар. Ақтауда салынған ядролық реакторды электр энергиясын өндіруге, тұрғын үйлерді жылытуға және теңіз суын тұшытуға қолданып келдік. Яғни, бұл технология біз үшін жаңа сала емес деген сөз.

Уран өндіруді білеміз. Бірнеше жылдан бері Қазақстан әлемде уран өндірісі бойынша бірінші орынды иеленеді. Ал өткен жылы Қазақстанда ядролық отын өндіретін зауыт іске қосылды. Қазір ол Қытай нарығына жұмыс істеп жатыр. Бірақ, негіз бар деген сөз.


Оқи отырыңыз: Сәтқалиев: Оңтүстіктегі энергия дефицитін шешудің ең тиімді жолы – АЭС салу


– Ал Қазақстанның жағдайына қандай ядролық реактор сәйкес келеді?

– Біз қазір бірнеше компаниямен жұмыс істеп жатырмыз. Оның ішінде ресейлік, қытайлық, оңтүстік кореялық реакторлар бар. Франция компанияларынан да ұсыныс күтіп отырмыз. Олар Чехияға 1 200 мегаваттық реактор жасап жатыр. Бізге де осындай реактор ұсынатын болар.

Бұдан бөлек, АҚШ шағын модульдік реакторлар өндіреді. Олардың өндірістік көрсеткіштері жақсы, тек біздің энергожүйеге интергациялау қажет болады. Алайда бұл реакторларға кезек өте үлкен. Дегенмен, оң шешім қабылданып жатса, екі арада жасалған ынтымақтастық туралы меморандумдар бар. Жалпы әзірге түрлі ұсыныстар қаралып жатыр.

– Таңдауда қойылатын нақты талаптар бар ма?

– Түрлі компаниялар жасайтын реакторларда аса үлкен айырмашылықтар жоқ. Технологиялар ұқсас. Дегенмен, қауіпсіздігі мен экономикалық тиімділігіне баса мән береміз.

– Ресейге салынып жатқан санкцияларға байланысты бұл елдің ұсыныстары қарастырыла ма?

– Иә, біз Ресейді серіктес ретінде қарастырып жатырмыз. Өйткені, Ресейдің атом өнеркәсібіне санкция салынған жоқ. Оның үстіне, бізге Ресейдің жобаларымен жұмыс істеген оңайырақ. Тілі түсінікті, ехникалық сипаттамалары мен нормативті базасы ұқсас. Бірақ, санкциялар қосалқы бөлшектердің жеткізіліміне әсер етуі мүмкін. Бұл жағын да ескеруге тура келеді.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда салынатын бір АЭС үшін 2 мыңға жуық маман даярлау қажет


– Әлемде әскери қақтығыстар жиіледі. Мұндай жағдайда атом станциясына ие ел болу қаншалықты қауіпсіз?

– Әскери әрекеттер – форс мажор жағдайлар. Мұндай кезде тек атом емес, кез келген өндіріс қауіпті болады. Мәселен, химиялық кәсіпорынды алайық. Ұрыс кезінде өндіріс ошағынада жарылыс болса, қоршаған ортаға улы заттар таралуы мүмкін. Сондықтан атом өндірісі қауіпті, басқа салалар қауіпсіз деп бөліп-жарып айтуға келмейді.

– Жақсы. Қаржы тұрғысынан келгенде атом станциясын салу басқа энергия көздерін дамытудан арзан ба, әлде қымбат па?

– Әрине, АЭС салуға қажет шығындар көбірек. Бірақ, бұл ретте оның экономикалық тиімділігіне қарау керек. Қандай АЭС болмасын, оның пайдалану мерзімі 60 жылмен есептеледі. Оны 80 не тіпті 100 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі бар. Осы уақыт аралығында салынған инвестициялар ақталады. Жалпы, атом энергиясы ең арзан энергия көзі саналады. Өйткені, операциялық шығындары аз және пайдалану мерзімі өте жоғары.

– АЭС салынған кезде тариф өзгере ме? Тұтынушылар үшін оның әсері қандай?

– Бұл мәселені де энергетиктер талқылап жатыр. Жалпы, жаңа станция салынған кезде тариф өсуі тиіс. Заңдылық сондай. Әрине, егер электр энергетикасы нарығын дамытқымыз келетін болса. Қазақстандағы электр энергиясының тарифі өзге елдерден әлдеқайда төмен. Өйткені, станциялардың көбі Кеңес дәуірінде салынған. Бірақ, мәңгі бұлай болып тұрмайды ғой. Станциялар тозады, істен шығады. Оларды жөндеу және ауыстыру керек. Ал оған қаржы көзі болуы шарт.


Оқи отырыңыз: Энергетика министрі: Қолда бар энергия көздері 10 жылдан кейінгі қажеттілікті өтей алмайды


– Әлем елдері атом энергетикасынан бас тартып жатыр деген әңгіме бар...

– Бұл сөз шындыққа жанаспайды. Бас тартып жатқан 3-4 ел ғана. Анығында африкалық Нигерия, Гана мемлекеттері, Сауд Арабиясы, БАӘ, Польша, Беларусь, Өзбекстан, Қытай, бірқатар Оңтүстік Азия елдері де атом энергетикасы бағдарламаларын іске қосып және күшейтіп жатыр.

Қараңыз, жасыл энергетикаға көшу бастамасына байланысты көмір станцияларын енді ешкім қаржыландырмайды. Қазақстанда газбен де мәселе бар. Гидроресурстар көп емес. Ендеше, атом станциясы не жаңартылатын энергия көздері ғана қалады. Бірақ, екіншісі өте қымбат және тұрақты емес. Ал тұрақсыздық – үлкен мәселе. Оның орнын толтыратын балама өндіріс көздерін қатар салуға тура келеді. Ол үшін тағы газ керек. Болмаса энергияны сақтау жүйелерін қосымша дамытуға болады Бірақ, ол да өте қымбат технология.

Жаңалықты жарнамасыз оқыңыз. iOS және Android жүйесіне арналған informburo.kz мобильді қосымшасын жүктеңіз.

Тарату:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары