Тікелей эфир

"Амалмен шатастырмау керек". Зейнеп Ахметова Наурыз мерекесі туралы

Жазушы Наурыз кезінде қазақтың салт-дәстүрін спектакль қылып қою дұрыс емес екенін айтты.

Бауыржан Момышұлының келіні, "Бабалар аманаты" кітабының авторы Зейнеп Ахметова Жетісу телеарнасында өзі жүргізетін хабарда Ұлыстың ұлы күні туралы айтқан әңгімесінің жазбаша нұсқасын ұсынамыз.

Ұлыстың ұлы күнін дұрыстап өткізе алмай жүрміз

Наурыз у-шумен көшеге шығып кетті. Шын мәнінде, наурыз мерекесі нағыз халықтық мерекеге, ұлттық мерекеге айналып, біржола тұрақтап қалуы үшін әрбір отбасында атап өтілуі керек. Өкінішке қарай, көшеде қыдырып, концерт тамашалап келіп Наурыз өткіздік дейді. Бұл дұрыс емес. Алдымен бір жыл бойғы өмір тіршілігіңді, өткізген ісіңді көз алдыңа келтіріп, өзіңе өзің есеп беріп, біліп және білмей істеген қателіктерің үшін Жаратқаннан кешірім сұрап, алдағы күндеріңе жақсы ниетпен, ізгі тілекпен қарайтын мереке.

Ең алдымен үйіңде, өз отыңның басында көжеңе жеті дәм салып, бала-шағаңмен Ұлыстың ұлы күнін қарсы алуың керек. Бұл баланың кішкентай кезінен ой-санасына психологиясына сіңуі қажет. Ал көшеге апарып, құр концерт көріп келіп Наурызды өткізгеннен баланың бойына сіңбейді. Сондықтан да әлі күнге дейін қосамжарланып қалмай келе жатқан жаңа жылды керемет өткізіп, Наурызды дұрыстап өткізе алмай жүрміз. 

"Наурыз мерекесінің негізгі мән-мағынасы ауытқып, у-шумен көшеге шығып кетті. Жоспармен, нұсқаумен істеуге, жасанды көріністерді қызықтауға дағдыланып бара жатырмыз. Бәсеке жарысқа "керек" адамдарды, бастықтарды күтіп жіберуге, көзіне түсіп қалуға арнайы киіз үйлер тігіліп, шашылып-төгіліп жатады. Ол үйлерге былайғы қарапайым жұрттың бас сұға алмайтынын көзіміз көріп жүр", – деп жазды Зейнеп Ахметова "Бабалар аманаты" кітабында.


Оқи отырыңыз: Алматы мен Нұр-Сұлтанда наурыз мерекесінде қайда серуендеуге болады?


Наурызды Амалмен шатастырмау керек

Кеңес үкіметінің алғашқы кездерінде наурыз тойланған. Мысалы, 1917 жылы Міржақып Дулатов "Қазақ" газетінде елді құттықтап, өлеңменен Наурыздың мағынасын ашып айтса, кейін 1925 жылы "Еңбекші қазақ" газетінде 22 наурыз күні Алаш ардақтылардың бірі Сұлтанбек Қожанов "Наурыз туралы" деген керемет мақала жазады. Сонда бір қатердің келе жатқанын анық айтыпты. "Бұл – шаруа, табиғат мерекесі, халықтың төл мерекесі.

Дінге ешқандай қатысы жоқ. Кейбір әпербақандар "ескіліктің қалдығы", "дінге байланысты" деп мерекені құртқысы келіп жүр" деп түсіндіреді. Наурыз кезінде дінге қатысты рәсімдердің ешбірі орындалмайды. Құрбан шалынбайды, құран оқылмайды. Шолақ белсенділер шолтаңдап жүріп, 1927 жылы біржола Наурызды өткізбеу туралы қаулы қабылдайды. Қазақ халқы айғайлатып бұрынғыдай тойламаса да, бәрібір наурыз көже беріп, бірін бірі шақырып отырды. Біз өзіміз көже ішіп өскен ұрпақпыз. Мен бала кезде "бүгін пәленше атаның үйінде көже", "бүгін түгенше ағаның үйінде көже" деп шапқылап көже ішкен ұрпақпын.  

1988 жылы алғаш рет Алматыда Наурыз халықтық мереке ретінде тойлана бастады. Өкінішке қарай, көп нәрсе ұмытылып, талай-талай дәстүрлер көзден ғайып болғандықтан, әлі күнге дейін наурыз өз дәрежесінде атап өтілмейді. Бұны бір науқан секілді өткізе салады. Күн мен түн теңелмей тұрып, 18-19 наурызда мерекені тойлайды. Бұл бірде ерте, бірде кеш жүре беретін қоғамдық көлік емес қой. Сондықтан әр нәрсе өз уақытымен, орнымен болғаны дұрыс. Жамбасқа бір ұрып дәстүр жасаудың не керегі бар? Дайын тұрған дәстүрді қисайтып бұзудың қажеті не?

Бүкіл дүниежүзінің талай халықтарына ортақ Наурызды Амалмен шатастырады. Амал өзгелерде жоқ, қазақта бар. Жарайды, атап өте берсін, бірақ оны Наурызбен бірге істеудің қажеті жоқ. Наурыз өзінің барлық ережесімен өтуі керек. Амалды өзінше өткізе берсін. Жергілікті жерде қалыптасқан нәрсені ұлтқа алып келіп жапсырудың қажеті жоқ. "Мынау дұрыс емес, біздің жақтыкі былай" деп айтпау керек. Оның барлығы – қазақтыкі, қалай қалыптасса, солай өте берсін.

Оның барлығы – ұлттық қадір-қасиетімізді толықтыратын дүниелер. Біріне бірін қарсы қойып не Амал мен Наурызды біріктіріп шатастырмау керек. Амалды атап өтетіндер оны Наурызға жапсырып, бүкіл халыққа теліп, оны орындатудың керегі жоқ. Наурыз сонау ғасырлардан келе жатар, оны қайта жасаудың қажеті жоқ.  

"Жаңа күнді, жылдың басын, әрі-беріден соң қазақ халқының маңдайындағы жалғыз ұлттық дәстүрлі мерекесін ардақтап, ұрпағымыздың бойына сіңіру – алдымен ата-ананың парызы. Ол үшін түтін түтетіп отырған әрбір шаңырақ ақ ниет, таза жүрекпен мейрам-тазалықпен шынайы сеніммен ұлыс күнін өз отының басында қарсы алып, "ата дәстүрім, бабаларымнан қалған аманат" дегенді терең сезіну қажет емес пе? Өзгенің жылтырағын оп-оңай қабылдаймыз да, өзіміздің дайын тұрған асылымызды бағаламай, енжарлық танытамыз", – деп жазды Зейнеп Ахметова "Бабалар аманаты" кітабында.


Оқи отырыңыз: Наурызды мерекелеудің жаңа тұжырымдамасы әзірленді


Игі іс жасайтын мереке

Наурыз кезінде өте көп игілікті іс істеледі. Жыл бойы ренжісіп, көңілінде қыжыл жүрген, бір-бірімен араласпай жүрген адамдар Наурыз кезінде уәж, өкпе-наз айтпай-ақ төс қағыстырып татуласып кетеді екен. "Атаңның айыбы болса да, Ұлыс кезінде кеш" деп айтатын сөзі бар. Наурыз кезінде аталарымыз үйлене алмай, қалың бере алмай жүрген жарлы жігіттерге қол ұшын беріп, көп болып жиналып, қалың беріп, келіншек әперіп те жатады екен. Көпбалалы, отағасынан айырылған жетім-жесірлерге алдына мал салып, көп болып көмектеседі. Мұның өзі сонау ертеден келе жатқан дүниеміз. Наурыз кезінде мейірімді, қайырымды істер көп жасалады. Мұны ата салтымыз деуге болады.  

Наурыз кезінде аталар ауылдағы ойын балаларын жинап, бірнеше топқа бөліп, естияр жігіт-желеңдерді бас етіп бастаулар мен бұлақтардың көзін ашуға жіберетін. "Бұлақтар мен бастаулардың көзін ашсаңдар Меккеге барғандай сауабы үлкен тірлік" деп айтатын. Өйткені су бар жерде тіршілік бар, су мол болса шөп, егін бітік шығады, мал тоқ болады. Жан-жануар тоқ болса адамның жағдайы жақсы болады деп түсіндіретін.

Тіршіліктің барлық тірегі бізге қарап тұрғандай құлшынып кететінбіз. Оның өзі бізге мереке секілді еді. Бұлақтардың көзін ашу, су жүретін жылғалардың  жолын тазалау өзінше ерекше серуен болатын. Табиғатты қорғау керек деген талай лозунгтарды көріп, әңгімелерді естідік. Солар аталардың айтқан ақылына, көзін ашқан бір бұлаққа тұрмайды деп ойлаймын. Бұл да Наурыз кезінде істелінетін халықтық педагогиканың өте бір ерекше түрі еді.

Қариялар бас болып көжесі дайын үйлерге кіріп көже ішеді. Сонда жастар аталарға ілесіп аталарға қызмет етіп, қолына су құйып, кебісін кигізіп, қолғабыс етіп Ұлыстың ұлы күнінде бата алып қалуға тырысады. Әркім өзінше бөлініп көже ішпейді. Елдің бірлігіне, ырыс-ынтымағына кесірін тигізеді деп ойлайды. Бұл көне қазақ ауылында болмаған нәрсе. Үнемі үлкендермен бірге топ болып жүреді. Үйге келме қалғандарға топатай деген ыдысқа бетіне дейін мол қылып көже құйып береді. Оны өз қазанындағы көжеге апарып құяды екен. Мұның да өз мағынасы, ырымы бар. Яғни, көжедей араласып, қарым-қатынасымыз, ынтымағымыз мықты болсын деген ниетпен жасалады. Ырызғысы кем болмасын, мол болсын деп көжені тауысып ішуге тырысады.  

Наурыз күнмен түннің теңелетін, бүкіл жан-жануардың, өсімдіктің бойына жан бітіп, тіршіліктің түлей тұғын кезі. Бұл табиғат мерекесі. Өмір тіршілігінің көбі малмен байланысты болған қазақ малын қыстан, ит-құстан аман-есен алып шығып, көктемде уызға ілінетін, арқа-жарқа болып, малдары төлдеп, көңілдері көтерілетін шаруа мерекесі. Қызыр түнін күзетіп, Жаратқаннан жақсы тілек тиеп, өткен күндерінен салауат айтып, алдағы күндерінен үміт күтетін сенім мерекесі.

Жеті дәммен көже жасап, адамдарға дәм татқызып, бір дастарханда бас қосатын көңіл мерекесі. Наурыздың бойына қаншама қасиетті сыйғызуға болады. Біз осыны көтеріп әкете алмай жатырмыз.


Оқи отырыңыз: Осылай оралған Наурыз


Наурызды қалай тойлап жүрміз?

Наурыз кезінде қазақтың салт-дәстүрін спектакль қылып қоятын жаман үдеріс бар. Бесікке қуыршақ бөлеп тербетеді, жүгіріп жүрген баланың тұсауын кеседі. Әлі он екіде бір гүлі ашылмаған қызға беташар жасап, ойын ретінде көрсетеді. Бұлай дәстүрге қиянат жасауға болмайды. Күнделікті халықтың тұрмыс-тіршілігінде табиғи түрде жүретін дүниені ойынға, спектакль секілді жаттанды дүниеге айналдырудың керегі жоқ. Бұл өзіңді-өзің келекелеумен бірдей. Мұны да тоқтатып, дәстүрге құрметпен қарау керек. 

"Наурызда қой сойып, бас тартып, күріш көжені наурыз көже атымен беру де әдетке айналды. Ең бір сорақылық Наурызда арақ ішетіндер жетерлік. "Мейрамда көңіл көтерейік" деп желеу айтады. Отының басында Наурызға қатысты еш дайындық жасамай, өз үйінде шөп басын сындырмай-ақ наурыз көже дәмін бір адамға татырмай-ақ, көшеде қыдырып келіп, наурыз өткіздік дейтіндер толып жатыр", – деп жазды Зейнеп Ахметова "Бабалар аманаты" кітабында.

Ата естелігі

1972 жылы атаның қолына Наурыз өтіп кеткенде көшіп келдік. 1973 жылы Наурызға дайындық жасап жатқан кезімде, жеңгем келіге түйілген бидай мен дүкеннің нәрсіз айранын қоспа деп құрт әкеп берген. Совет өкіметі кезінде де қазанға наурыз көже салынбай қалған жыл болған емес. Көжені бықтырып қойып, құрт езіп отыр едім. Ата неге үндемей жатыр екен, ертең мереке екенін ұмытып қалдыма екен деп ойладым. Сондай қырағы, сақ адам ғой. Құртты езіп отырғанымда ата ас үйге кіріп келгенде орнымнан қарғып тұрдым. 

– Қызыр түні қабыл болсын, – деді . 

– Айтқаныңыз келсін, – дедім мен. 

– Мәлике секілді текті ананың тәрбиесін көрген адам Наурызды ұмытпайтынын білдім, сондықтан үндемей жаттым, – деп бұрылды да, жүріп кетті.

Сол кезде Қызыр баба ата бергендей сезімде болдым.

Ертесінде үйге батыр ағалар Қасым Қайсенов пен Рақымжан Қошқарбаев келді. Біздің үйдің бірінші көжесін сол кісілер ішті. Олар таңқалып, ауылдық жер болмаса, қалада ешкім көже бермейді деп күрсінді.  Сол кезде атам" Сен екеуің не ойлап жүрсіңдер, бұл Момышұлының шаңырағы ғой, бұл үйде көже бермесе қалай болғаны" деді.

1973 жылы бірінші рет атаның шаңырағында Наурыз көже жасап, батыр аталар ауыз тиіп батасын берді. Елдің алдында осылай жүргенім үлкендер батасының шарапатының арқасында шығар.

Адамдар қашанда алдағы күндерден жақсылық күтеді, үмітпен қарайды. Үміт үзілген жерде өмір де бітеді. Болашағымыз жарқын болсын, Ұлыстың ұлы күні құрт-береке әкеліп, ата-бабаларымыз айтқандай көктен жаудырып, жерден өндіріп, еліміз халқымыз молшылық пен ырысқа кенеліп, көңілдері көтеріңкі болсын деп тілеймін.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары