Алматыда Наурыз мерекесі аясында қаланың барлық ауданында 80-нен астам түрлі іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Қала тұрғындары мен қонақтарын отандық әртістердің концерттері, ұлттық жарыстар, театр қойылымдары мен шоулар күтеді, деп хабарлайды қала әкімдігі.
Негізгі іс-шаралар 21 наурызда сағат 11.00-ден 17.00-ге дейін Панфилов, Жібек жолы және Төле би көшелерінде өтеді. Онда 50-ден астам ШСП-дер, сәулет нысандары мен қондырғылар орнатылады. Жаяу жүргіншілер көшелерінде стильдендірілген киіз үйлер тігіліп, қолөнершілердің жәрмеңкесі, мейрамханалар аллеясы, суретшілердің көрмелері мен балалар аймақтары ұйымдастырылады.
Сондай-ақ:
- сағат 11.00-17.00 аралығында Панфилов пен Қарасай батыр көшесіндегі шағын сахнада концерттік бағдарламамен Пётр Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің студенттері, балалар шығармашылық ұжымдары, диджейлер мен интерактивтер, Диана Шарапова мектебі және Мұрат Мұтырғанов өз өнерін көрсетеді;
- 11.00-17.00 аралығында Жібек жолы көшесіндегі сахнада "Алматы Әуендері", "Бозторғай" халықаралық балалар фестивалі концерттік бағдарламасын ұсынса, диджейлер мен интерактивтер және шығармашыл жастар өз өнерлерін көрсетеді;
- 12.00-ден 17.00-ге дейін "Алатау" дәстүрлі өнер театрының алдындағы алаңда концерттік бағдарлама, ұлттық дәстүрлер көрсетілімі ұйымдастырылады. Сағат 16.00-де кешкі концерт басталады.
21 наурыз күні сағат 12.00-де ҚБТУ ғимараты алдында "Астана" алаңында қаланың негізгі концерті өтеді. Мерекелік концертке барлығы 500-ден астам әртіс қатысады. Сонымен қатар, сахнада 100-ден астам адам өнер көрсетеді.
Қойылымға Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Жамиля Серкебаева, Рухия Байдукенова, Тамара Асар, Парвиз Назаров, Ситора, Дильназ Ахмадиева, Диана Шарапова, Диная, Ардақ Балажанова, Айгүл Елшібаева, Айгүл Қосанова, Ерлан Рысқали, Ерболат Чалдыбеков, Ардақ Балажанова, Әли Оқапов, KeshYou, "Блокбастер" шоу-балеті, домбырашылар ансамблі, "Салтанат" би ансамблі, "Сарын" тобы, Filigram шекті аспаптар квартеті және т.б. қатысады.
21-22 наурызда ғылым академиясы ғимаратының алдындағы алаңда "Қазақ әуендері" АҚ Нұр-Сұлтан қаласының әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырады.
Оқи отырыңыз: "Ата-анаңды аяла" байқауы жарияланды. Бас жүлде – 250 мың теңге
Сонымен қатар, мерекелік концерттер қаланың әр ауданында өтеді:
- Алмалы ауданында – 22 наурыз күні сағат 12.00-17.00 аралығында М. Ганди атындағы паркте;
- Әуезов ауданында – 21 наурызда сағат 11.00-15.00 аралығында Әуезов ауданы әкімдігінің алдындағы алаңда;
- Алатау ауданында – 22 наурызда сағат 11.00-14.00 аралығында "Алатау" ДӨТ алдындағы алаңда;
- Бостандық ауданында – 21 наурыз күні сағат 11.00-13.00 аралығында MEGA Centеr СОО амфитеатрында;
- Жетісу ауданында – 21 наурыз күні сағат 11.00-14.00 аралығында "Гүлдер" саябағында;
- Медеу ауданында – "Ұлыстың ұлы күні – Наурыз" бағдарламасы 20 наурыз күні сағат 11.00-15.00 аралығында ҚР ғылым академиясының алдындағы алаңда;
- Түрксіб ауданында – "Көктем шақырады" бағдарламасы 20 наурыз күні сағат 12.00-15.00 аралығында Сәкен Сейфуллин атындағы паркте;
- Наурызбай ауданында 21 наурызда сағат 11.00-15.00 аралығында Абай даңғылында (Алатау көшесінен Тараз көшесіне дейін).
"Мереке кезінде барынша қауіпсіздікті және қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету бойынша күшейтілген режим қабылданатын болады. Қала көшелерінде мерекелік іс-шаралар барысында қажет болған жағдайда құқық қорғау органдары тексерулер жүргізеді, оның ішінде тыйым салынған заттарды алып жүруді анықтау үшін. Қала тұрғындары мен мегаполис қонақтарынан қабылданып жатқан шараларға түсіністікпен қарауды сұраймыз", – делінген әкімдік хабарламасында.
Нұр-Сұлтан қаласында Наурыз мерекесіне орай 100-ден астам іс-шара жоспарланған. Қаланың 4 ауданында Наурыз мерекесін атап өтуге арналған 20-дан астам орын анықталды.
17 наурызда №3 балалар кітапханасы "Жасай бер, әз Наурыз" ақпарат сағатын, ал №4 балалар кітапханасы – "Көңіл көтереміз, Наурыз мерекесін қарсы аламыз" мерекелік калейдоскопын, сондай-ақ, "Наурыз – бірлік, бейбітшілік және жаңару мерекесі!" іс-шараларын өткізеді. Дәл осы күні №5 бұқаралық кітапханада "Сәлем, Наурыз!", орталық қалалық кітапханада – "Жарқыра, жайна Наурызым!", №9 бұқаралық кітапханада – "Ұлыстың ұлы күні Наурыз" кеші ұйымдастырылады.
18 наурызда № 2 балалар кітапханасында "Ата-баба дәстүрі – әдептілік негізі" атты мерекелік кездесу, №4 бұқаралық кітапханада "Наурыз думан" ұлттық тарих сағаты, №7 бұқаралық кітапханада "Армысың, әз Наурыз! Ақ мол болсын!", № 8 балалар кітапханасына "Наурыз келеді!" іс-шарасы өтеді.
18-22 наурыз аралығында Арнасай көшесі, 109 бойындағы сауда павильонының аумағында Наурыз мерекесіне орай үлкен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Онда бағалар базар бағасынан 15% төмен болады.
18-31 наурыз аралығында "Қуыршақ" театры "Наурыз-думан" шоуын көрерменге ұсынады. Қойылымдар сағат 10:00, 12:00, 14:00 және 16:00-де басталады.
19 наурызда №3 бұқаралық кітапханада "Ұлыстың ұлы күні Наурыз" әңгіме-ойынын, №2 бұқаралық кітапханада "Нұр себеле – Ұлыстың ұлы күні" мерекелік кешін, №10 бұқаралық кітапханада "Қазақша стилдегі дефиле" тарих сағатын, №15 бұқаралық кітапханада "Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз!" кітап көрмесін ұйымдастырады.
Сәкен Сейфуллин мұражайы Наурыз мейрамы мен қазақ ұлттық дәстүрлеріне арналған онлайн іс-шаралар өткізеді.
Оқи отырыңыз: Раушан, хризантема, қалампыр. Қазақстандықтар қандай гүлдерді жиі сатып алады?
19 наурыз күні сағат 11:00-де Достық үйі алаңында Қазақстан халқы Ассамблеясы қала тұрғындары үшін "Қош келдің, әз Наурыз!" іс-шарасын өткізеді. Қонақтарды концерттік бағдарлама, қолданбалы өнер бойынша мастер-кластар, жәрмеңке және ұлттық спорттық ойындар бойынша жарыстар күтеді. Сағат 12.00-де – "Бұқа тартыс", "Асық ату", "Гір көтеру", "Қазақша күрес", "Қол күрес". Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар беріледі.
22 наурыз күні сағат 11:00 мен 15:00 арасында астананың барлық ауданында "Наурыз думан – 2022" мәдени іс-шарасы ұйымдастырылады. Әртістер мен шығармашылық ұжымдар концерт қойып, әртүлі кейіпкерлер мен қуыршақтар шоуы болады. Мұнымен қатар, арқан тарту, асық ату және тоғызқұмалақтан жарыс өтеді. Жұртшылыққа Наурыз көже таратылады.
- Алматы ауданында – мерекелік іс-шара "Қазақ Елі" монументі алаңында, "Студенттер" саябағында;
- Байқоңыр ауданында – "Ататүрік" саябағында, Жазушылар аллеясында;
- Есіл ауданында – ЭКСПО аумағында және Үркер елді мекенінде;
- Сарыарқа ауданында – "Көктал" саябағында және Demalys Promenade алаңында өтеді.
Сонымен қатар, 25 наурызда елорданың мемлекеттік академиялық филармониясында "Наурыз сыйы" ұлттық сыйлығы өтеді. Жоба ұлттық байлықтың алуан түрлілігін білдіретін халық шеберлеріне арналған.