Тікелей эфир

Тамызда оқушылар мен ата-аналарға бірыңғай сынып сағаттары өтеді. Олар неге дайын болуы керек?

Фото kem.kp.ru сайтынан алынды
Фото kem.kp.ru сайтынан алынды
Сынып сағаттары "Үйде қалай оқу керек?", "Гигиена негіздері", "Кибермәдениет", "Интернет арқылы қалай оқу керек?" және өзге тақырыптарды қамтиды.

Премьер-министр Асқар Мамин жаңа оқу жылына қатысты министрліктерге тапсырма жүктеді.

"Дайындықты әлі де жандандыру керек. Қашықтан оқытудың әдістемесін пысықтап, балалар, ата-аналар мен мұғалімдердің арасында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Ол үшін 20 тамызға дейін алдағы оқу үрдісі туралы толық ақпарат бере отырып, онлайн режимде республикалық ата-аналар жиналысын ұйымдастыру керек", – деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Оқи отырыңыз: Коронавирустың білім беруге әсерін Қазақстан экономикасы ондаған жылдар бойы сезінеді

Үкімет аса мұқтаж отбасылар балаларының пайдалануы үшін шамамен 500 мың компьютер беретін болды.

"Әкімдіктер компьютерлік техникамен қамтамасыз ету мәселесін жергілікті деңгейде қосымша пысықтасын", – деп тапсырма берді Үкімет басшысы.

Бірыңғай сынып сағаттары өтеді

Тамыз айында балалар мен ата-аналарға арнап түрлі тақырыптарда бірыңғай сынып сағаттарын өткізу жоспарланған.

"Ата-аналар мен оқушылар үшін әдістемелік қолдау көрсету маңызды. Сондықтан тамыз айында балаларға және ата-аналарға "Үйде қалай оқу керек?", "Гигиена негіздері", "Кибермәдениет", "Интернет арқылы қалай оқу керек?", "Дене жаттығуларының маңызы" сияқты бірыңғай сынып сағаттары, ата-аналар жиналыстары өткізіледі. Білім күнін 1 қыркүйекте онлайн режимінде өткізуді жоспарладық", – деді министр Үкімет отырысында.

Оқи отырыңыз: Балабақша, мектеп, ЖОО. Биылғы оқу жылының ерекшеліктері қандай?

Сонымен қатар, жергілікті әкімдіктермен бірлесіп мектептерге техниканы сатып алу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

"Өткен оқу жылының төртінші тоқсанында өз интернет-платформаларын ұсынған IT компаниялар жаз мезгілінде айтылған ұсыныстар бойынша оқу процесіне қажетті жаңа функционалдар жасап, қашықтан оқытудың сапасын көтеру тұрғысында бірқатар жұмысты аяқтады. Мазмұн материалдарын толықтырумен қатар, сабақтарды жазу мүмкіндігі бар стримингтік бейнеконференция модульдерін дайындады. Оқу процесін басқарудың автоматтандырылған жүйелері, аналитика, бағалау және басқа да мүмкіндіктерді әзірленді, – деді Асхат Аймағамбетов. – Қазіргі кезде әр мектеп IT компаниялардың интернет платформаларында педагогтардың сұраныстарына жауап беретін кез келген платформаны таңдауға құқылы. Осы қысқа мерзімде бірнеше жаңа платформалар да нарыққа шықты. Бәсекелестік пен таңдау бар".

Оқи отырыңыз: Үкімет басшысы жаңа оқу жылын қашықтан оқумен бастауды тапсырды

Телесабақтар қай арнадан көрсетіледі?

"Көктемдегі тәжірбиеге сәйкес біз телесабақтарды да әзірлеп жатырмыз. Телесабақтар өте қолжетімді құрал. Барлығы 6 мыңнан астам телесабақ түсірілуде. Теледидар сабақтары "әл-Фараби" мен "EL ARNA" арналарында көрсетіледі. Кем дегенде әрқайсында 9 сағаттан эфир берілді. Оған қоса барлық телесабақтар интернетте орналастырылып, оқушылар үшін тегін әрі қолжетімді болады", – деді министр Үкімет отырысында.

Айтуынша, қазір Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп осы арналармен қамтылу картасы дайындалды. Соның негізінде 604 елді мекенде осы арналарға қол жетпейтіні анықталды, бірақ оның 314-інде ғана оқушы бар. Бұл мәселе жергілікті телеарналарға ретрансляциялау, спутниктік антенналар орнату арқылы шешіледі.

Оқи отырыңыз: Қаңтарда мұғалімдер жалақысы 25 пайызға артады". Білім министрі жаңа оқу жылына қатысты түсініктеме берді

Сонымен қатар министр оқулықтармен қамтамасыз етуге қатысты жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Оқулықтардың электрондық нұсқасы оқушылар мен мұғалімдерге QR-кодтар арқылы қолжетімді болады.

Мектепке дейінгі ұйымдарда кезекші топтар болады

"Мектепке дейінгі ұйымдарда ата-аналардың қалауы бойынша балаларды кезекші топтарға қабылдау ұйымдастырылады. Бұл топтардағы балалардың саны он бестен аспауы тиіс", – деді министр.

Бұдан бөлек, ол қосымша білім беру ұйымдарында оқыту шараларына тоқталды. Балалар ата-аналардың өтініші негізінде қашықтан немесе жеке тәртіппен оқуға, сонымен қатар бес баладан аспайтын шағын топтардағы үйірмелерге қатысатын болады.

"Арнайы білім беру ұйымдарының жұмысы біз үшін ерекше маңызға ие. Осы ерекше бүлдіршіндер қазіргі жағдайда үлкен назарды қажет етеді. Сондықтан ата-аналарының таңдауы бойынша арнайы онлайн кеңес беру немесе мамандардың жеке қабылдаулары ұйымдастырылады. Денсаулығында күрделі ақаулары бар балаларды қабылдау алдын ала жазылу тәртібімен жеке жүргізіледі", – деді ведомство басшысы.

Кезекші сыныптар қалай жұмыс істейді?

Жаңа оқу жылына дайындық қарқынды жүріп жатыр. Елдегі санитарлық жағдайға байланысты бірінші қыркүйектен бастап оқу жылы жалпы қашықтан оқыту форматында басталады. Министрдің айтуынша, қабылданған шешімге сәйкес, бұл жерде екі ерекшелік бар:

  1. шалғайдағы елді мекендердегі шағын жинақталған мектептер эпидемиялық ахуал жақсы болған жағдайда оқуды дәстүрлі түрде бастайды;
  2. бастауыш сынып оқушылары үшін ата-аналардың өтініші негізінде қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптар ашылады.

Оқи отырыңыз: Мектеп формасы, қашықтан оқу, электронды оқулықтар. Жаңа оқу жылында оқушылар қалай білім алады?

Бұл жағдайда ол балалардың тек бір кабинетте бір мұғаліммен ғана оқитынын атап өтті. Үзілістер әртүрлі уақытта болады.

"Сыныптағы бала саны 15-тен аспайтын болады. Кезекші сыныптарға өтініштер қолжетімді байланыс құралдары арқылы электронды түрде қабылданады. Сонымен, алдын ала болжам бойынша интернет платформалар мен теледидарды пайдалана отырып, қашықтан оқыту форматында 2,6 млн оқушы, кезекші сыныптарда 530 мың бала, штаттық түрде ауылдарда 157 мыңнан астам оқушы білім алады деп күтілуде", – деді ведомство басшысы.

Оқи отырыңыз: 1-сынып оқушылары "Әліппе" мен "Ана тілін" оқиды. Білім министрінің мәлімдемесі

Үкімет тапсырма берді

"Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 25 тамызына дейін оқушылар мен мұғалімдердің оқу жылының қашықтан басталуына толық дайын болуын қамтамасыз етсін. Мұғалімдер тиісті оқудан өткізілсін. Интернет-платформаларда және теледидарда қажетті контент толық көлемде дайындалсын", – деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар премьер-министр оқулықтар 25 тамызға дейін берілуі керектігін айтты. Оқулықтардың қағаз жүзіндегі нұсқаларының бәрінде міндетті түрде электрондық нұсқалары болуы тиіс, олар қолжетімді болуы керек.

"Цифрлық даму министрлігі әкімдіктермен және байланыс операторлармен бірлесіп, білім беру ресурстарының қолжетімділігі мен орнықтылығын, сондай-ақ елді мекендерде интернеттің сапасы мен жылдамдығын қамтамасыз етсін", – деді премьер-министр.

Асқар Мамин әкімдіктер мен Денсаулық сақтау министрлігіне оқу орындарында, әсіресе оқытуды дәстүрлі ашық түрде жалғастыратын және "кезекші" бастауыш сыныптары бар мектептерде санитариялық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары