Тікелей эфир

Дайындалып жатқан жаңа бұйрықтың жобасы қолдау күткен шаруаны шалқасынан түсірді

Farmers.kz сайтынан алынды
Farmers.kz сайтынан алынды
Мал өсірудің құпиясын бес саусағындай жатқа білген қазақ есін енді жиып, қорасын түлікке толтыра бастады. Бірақ ауыл маңы мыңғырған мал деуге келмейді.

2014 жылы осы мәселе ерекше қолға алынды. Сол кезде қабылданған заң аясында азын-аулақ малы барлар ауыл шаруашылығы кооперациясына жұмыла бастады. Соның ықпалымен жекелер етін де, сүтін де комбинаттарға өткізуге мүмкіндік алды. Осыдан кейін субсидияға қол жеткізудің жолы да жеңілдетілген болатын.

Ауылшаруашылық министрлігі енді жеке шаруашылықтарды ірілендіру мақсатында жаңа бұйрық әзірлей бастады. Бірақ бұл ұсынылған нұсқа шаруаға жақпай тұр.

Бұйрық жобасы алпауыттардың мүддесін күйттейді

"Қарапайым шаруаға емес, ірі шаруашылықтарға лайықталып жасалған, – дейді Алматы облысы, Талдықорған өңіріндегі "Қазына" кооперациясының директоры Алмасбек Садырбаев ашынып.

– Біздің қолымызға Ауыл шаруашылығы министрлігі дайындаған бұйрықтың жобасы тиді. Оның ісімізге тосқауыл болатынына көзіміз жетіп отыр. Қазақстанда мал саудасын алпауыттар ғана жүргізуі керек. Басты идея – осы. Неге дейсіз ғой? Елімізде 45 ірі шаруашылық бар. Тек олар арқылы ғана экспортты қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан министрлік халықтың малына көзін алартып отыр. Шағын кәсіпкерлерді байлап қою арқылы "ірілендірмек" ойлары бар.

Даудың басы... бұқа екен

Қатты қынжылтатыны – тура сол ірі шаруашылық сияқты шетелден мал әкелген шағын кәсіпкерге де талап қойылып жатыр. Мысалы, шетелден 100-200 бас ангус, герефорд тұқымды бұқаларды әкелген шаруа енді көршілеріне асылдандыру үшін малын жалға бере алмайтын болды.

Осыған дейін ауыл тұрғындары сиырларын асылдың тұқымымен ұрықтандырып келді. Сол үшін кәсіпкерлерге мемлекет субсидия төлейтін. Жаңа бұйрық жобасында, ірі шаруашылық қана асыл тұқымды малын жалға бере алады.

Енді осы салада жүргендер "Асыл тұқымды малдан бас тартамын. Мұндай статустың маған қажеті жоқ. Ешкімге бодан болғымыз келмейді" дейді. Олар бұл бұқаларды сатып алу үшін несиеге белшесінен батқан. Енді не істейді? Бұндай лоббизмді осыған дейін мал шаруашылығында көрген жоқпын, – деп шырылдайды Алмасбек Садырбаев.


Ауылшаруашылығы министрлігі мен қарапайым шаруалар арасында ангус туралы дау өршіп тұр

Ауылшаруашылығы министрлігі мен қарапайым шаруалар арасында даудың басы осы асыл тұқымды бұқалар / Фото Farmars.kz сайтынан алынды


"Бұйрықтың әрбір бөлімі – қарапайым халықтың емес, алпауыттардың жүгін арқалап тұр"

– Ойлап қараңызшы, 20-30 сиыры бар ауылдағы қазақ асыл тұқымды бұқаны сатып ала алмайды. Аяғынан тұрған шаруалар ғана қолы жетпеген халықпен бөлісетін еді. Соның арқасында ауылда мал асылдана бастаған болатын. Бұрын шектеу 100 бас еді, енді 1500 бас малы барлар ғана мемлекеттің субсидиясын алатын қылыпты. Қаншалықты өсіргенін байқай беріңіз.

Ал алпауыттар ұсақ шаруашылықтарды адам құрлы көрмейді. Олар өзінің белгілеген бағасына ғана сатып алып, өктемдік жүргізе алады. Халықтан бұрын, белгілі топтың ғана мүддесін ойлау болып тұр ғой бұл жерде. Қайта мал шаруашылығын өркендету үшін қарапайым шаруаға стимул беру жағын ойластыру керек емес пе?

27 ақпан күні өткен "Атамекен" кәсіпкерлер палатасында Ауыл шаруашылық министрлігіндегі Мал департаментінің директоры Азамат Сағынбаевқа да осы мәселелерді жеткіздім. Тұщымды жауапты естімедім, – дейді бізбен сөйлескен Алмасбек Садырбаев ашуға булығып.

40 мың тонна импорт жасап, 4 мың тонна экспорт жасау деген – мазақ

Алмасбектің пікірінше, мақсат – экспортқа 60 мың тонна ет шығару.

– Ал қазір Бразилиядан, Уругвайдан, Парагвайдан ішке тонналап ет келіп жатыр. Сонда ішкі нарықты ойламай жатып, сыртқа жүнімізді қампайтып көрсеткіміз келеді. Бала-шағаңызға нан жетпей жатса, көршіңізге наныңызды сатасыз ба? – дейді ол.

Ауыл шаруашылығы министрлігі берген экспорт пен импорттың нақты кестесіне сөз соңында, төменде тоқталамыз. Әзірге...

Шаруалар бұқаларын сата алмаса, етке өткізбек

Алмасбек Садырбаевтың күдігін есімін жасыруды сұраған ақтөбелік кооператив басшысы қоштап отыр.

– Бұрын әрбір шаруашылық бұқаны сатып алатын. Бір бұқа үшін мемлекет екі жылда бір рет 150 мың теңге субсидия беріп келді. Қазір ірі ауыл шаруашылық компаниялары сатып алған ангус тұқымды бұқаларын өткізе алмай қалды. Шаруалар одан, бағып-қағуы қиын деп қашып отыр.

Енді қалай болмақ. Ірі шаруашылық шетелден ангус бұқасын сатып алып келгені үшін әр басына 150 мың теңге субсидия алады. Бұл бір делік. Жеке шаруашылыққа жалға бергені үшін 100 мың теңге мемлекеттік субсидия тағы бар. Көктемде беріп, күзде қайтарып алады. Ол да ақылы. Семірткені үшін тағы субсидия алады. Ет комбинатына өткізгені үшін 45 мың теңге және беріледі. Сонда шетелден сатып әкелген бұқалары су тегін болып, 250-300 мың теңге және қалтасында қалады. Мұның бәрі – мемлекеттің бюджеті есебінен.

Жаңа бұйрық бойынша, 1500 басты бордақылайтын алаңы барлар ғана асыл тұқымды бұқаларын жалға бере алады. Сонда ірі компаниялар ғана төрт асайды екен.

Енді оларға ұсақ шаруашылықтарды бағынышты етіп қоймақшы. Бизнесте бәсеке деген болады. Бұл – әділ бәсеке емес. Біздің облыста шаруалар асыл тұқымды ақбас сиыр, әулиекөл, герафорд бұқаларын сата алмай, етке өткізуге мәжбүр болайын деп тұр, – дейді ақтөбелік шаруа.


]Суретте көрсетілген герефорд тұқымы да етке айналып кетудің алдында

Герефорд тұқымы да етке айналып кетудің алдында тұр / Фото fermok.ru сайтынан алынды


Ауыл шаруашылық министрлігі: Шаруа ұтылмайды

Ұсақ және орта шаруашылықтардың көзқарасын министрлікке жеткіздік. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мал департаментінің бас сарапшысы Талғат Ысақов жағдайды барынша түсіндіруге тырысты.

– Бір-екі бұқасы бар адам да жерде қалмайды. Сіз бұқа бағып отырсыз. Оның салмағын, мысалы, 300 келіге жеткіздіңіз делік. Қолында бекітілген сертификаттары бар бордақылау алаңына бұқаңызды өткізсеңіз, әр келісіне 200 теңгеден субсидия беріледі. Сонда сіздің қалтаңызға 60 мың теңге келіп түседі. Тек бордақылау алаңына өткізгеніңіз үшін ғана. Ал, бұқаның сату бағасы өзара келісіммен.

Көрдіңіз бе, шаруа ұтылып отырған жоқ.

Ал, сатып алған бордақылау алаңы 300 келі бұқаны одан сайын семіртсе, үстіне қосылған салмақтың әр келісіне тағы 200 теңгеден субсидия алады. Оның ішінде жем-шөбі, баққаны бар. Осының арқасында шағын да, ірі де шаруашылық далада қалмайды. Екеуі де субсидия алуға мүдделі болғаннан кейін бір-бірімен санасуға мәжбүр, – дейді.

Бордақылау алаңынындағы мал басы неге 1500 болуы тиісті

– Бұл – мемлекеттен немесе шетелден тапсырыс болған жағдайда дайын өнімді бір жерден алуға болады деген сөз. Олар тек экспортты ғана емес, ішкі нарықты да реттейді. Кез-келген малды экспортқа шығара бермейді. Белгілі талаптары бар. Салмағы, айы бәрі ескеріледі. Ішкі нарықта 20 мың теңге тұратын талапқа келетін малға 50 мың теңгеге сұраныс болса, неге оны экспортқа шығармасқа? Мысалы, 1500 бастың 100-200-і ғана экспортқа шығарылуы мүмкін. Қалғаны – ішкі нарықта. Сіз Уругвайдың етін жеп отырған қазақты көрдіңіз бе? Демек, сырттан келген ет біздің ел арқылы шетел асып кетіп жатыр дегенді білдіреді.

Базарда сатқан малға субсидия жоқ

– Бұрын ұсақ шаруашылық иелері жылдың басында 5-10 тонна ет сатамын деп өтініш жазып, сою алаңдарынан құжат не сатылған жерден түбіртегін алып келетін еді. Қазір мұның бәрі алынып тасталды.

Енді 1500 бас малы бар бордақылау алаңдарына барып, бағасына келісіп, малын сата отырып субсидия ала алады. Егер, келісе алмаған жағдайда жеке шаруашылық малын кез-келген жерге апарып сата алады. Бірақ, субсидия алмайды.

Жекеменшік малы болған соң, оған ешкімнің қол сұғатын қақысы жоқ. Мұның бәрі бұқаға ғана емес, сұранысқа байланысты қой шаруашылығына да қатысты қарастырылуы мүмкін. Бұл жерде қорқудың қажеті жоқ, – дейді Талғат Ысақов.

"Тек қана ірі шаруашылықтан ангусты сатып алып, өткізе аласың – деген талап жоқ"

– Егер етті бағыттағы ангус малын алса, шаруашылықтарға тіптен жақсы. Шамалары келсе, Австралиядан, Канададан, АҚШ-нан әкеле берулеріне болады. Оларға ешкім тыйым салып отырған жоқ. Бұл жерде ангусты ғана емес, кез-келген бұқаны өткізулеріне болады. Бірақ, ангусты өсіретін болса, өздері де, бордақылау алаңдары да ұтар еді. Өйткені, олар тез семіреді. Кәдімгі бұқаны 6 ай бордақылап, 300 келіге жеткізді делік. Ал, ангустың салмағы екі айда 500 келіге жетеді. Екеуінің де жейтін жем-шөбі бірдей. Уақыттан да ұтады. Ойлаңызшы, қайсысы тиімді? Екі-үш шаруашылықты білемін. Біреуі 439 бас әкеліп, қазір 1200-ге жетіп отыр. Енді бірі 360 бас әкеліп, 1000 басқа жеткізді, – дейді Талғат Ысақов.


2012 жылы "Нұр-Жайлау НС" ЖШС 1100 бас әкелсе, қазір сол ірі қара саны 3000-нан асыпты

"Нұр-Жайлау НС" ЖШС 2012 жылы 1100 бас әкелсе, қазір сол ірі қара саны 3000-нан асыпты / Фото angus.kz сайтынан алынды


"Ангус малын ірі шаруашылықтар ғана жалға бере алады"

– 500 сиырыңыз болса, бордақылау алаңы "маған сат" деп отыр. Өзінде бар тегін бұқаның ұрығымен қолмен ұрықтандырып, субсидия алады. Ал, қарапайым халық өзінің малын ұрықтандырғысы келсе, бұқаны алты айға жалға алады. Олар бұзауымен қайтарып беруі керек. Немесе өзара бағасына келіссе де болады. Бұл жерде екеуара келісімге тікелей байланысты.

"Сыбаға" бағдарламасы қалай жасайды?

Бұл 2011 жылдан бері ет экспортының әлеуетін көтеру үшін жасалған арнайы бағдарлама. Оның басты мақсаты – жергілікті қара малды асыл тұқыммен будандастыру арқылы етті бағыттағысын алу. Осының арқасында шамамен 10 мыңдай шаруашылық тұқымдарды түрлендіріп отыр.

"Ырыс" бағдарламасы аясында 50-100 сиыр сатып алып, сүтті-тауарлық шаруашылық ашып жатқандар бар. "Бір сиыр сатып алатын болсаң, өзіңде 5 сиыр болуы керек" деген талаптары бар.

Жоғарыда толығырақ тоқталып өткеніміздей, мал өсіретін шаруашылықтар (ұсақ, орта) өз малын асыл тұқымды мал ретінде ғана сатып, субсидия алады. Ірі шаруашылықтарға жалға беруге басымдық берілген себебі – олар селекциялық орталыққа жатады. Яғни, малдарды асылдандыруға құлықты, – дейді ол.

Қылшық жүнді қойға субсидия берілмейтініне шаруалар таң қалып отыр

– Халықтың қолындағы малдың 70 пайызы – қара қой. Ұрықтандыру үшін 1500 теңге беріледі. Жаңа бұйрықта: "...тек қана ақ қой мен биязы жүнді және жартылай биязы жүнді қойларға ғана субсидия беріледі. Ал қалғандарына берілмейді" деп көрсетіліпті. Сонда көрдіңіз бе, 20-25 пайызға ғана субсидия беріліп, елді асырап отырған 70 пайыз негізгі бағыттағы қара малға субсидия берілмейді. Біздің пікірмен санасып жатқан ешкім жоқ, – дейді ауылдағы шаруа ойын жеткізген Алмасбек Садырбаев.



Шарулар қате түсінген. Субсидия тек қылшық жүнді қойдың жүніне ғана берілмейді

– Қарапайым халықтың қолындағы қылшықжүнді қара қойға тұқымдық түрлендіруге 1500 теңге субсидия беріледі. Ондағы ең төменгі талап 300 саулық болу керек болса, 30 саулыққа 1 асыл тұқымды қошқар болу керек. Сонда 300 саулыққа 10 асыл тұқымды қошқар болады. Оны кез келген қарапайым шаруа ала алады. Жалпы шаруалар қате түсінген. Субсидия тек қылшық жүнді қойдың жүніне ғана берілмейді. Себебі – оларға сұраныс болмай тұр. Сан жағынан көп болғандықтан, олардың бәрін субсидиямен қамтамасыз ету мүмкін емес, – дейді АШМ Мал департаментінің бас сарапшысы Талғат Ысақов.

Асыл тұқымды қошқар сатып алғаны үшін субсидия беріледі

– Қылшық жүнді қойларға қаракөл, құйрықты ордабасы, Еділбай тұқымдары жатады. Ал, бұлар асыл тұқымдыға кіреді. Субсидия бұл жерде аталмаған қылшықжүнді асыл тұқымды малдарға да тиесілі. "Алтын асық" бағдарламасы аясында 30 саулыққа асыл тұқымды бір қошқар сатып алғаны үшін 20 мың теңге субсидия беріледі. Бұрын 8 мың теңге болатын. Әрбір саулықты ұрықтандырғаны үшін 1500 теңгеден береді. Сонда 45 мың теңге алып отыр. Бұдан асқан қандай субсидия керек?

Мақаланың соңында келтірілген сілтемеге өтіп, "Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы" деген тақырыпты ашсаңыз, бұйрықпен толығырақ таныса аласыз.

Жүктеп алған соң, бұйрықтың ішінде "Қылшықжүнді қойға қатысты субсидияны беру жолдары" бірінші қосымшада қой шаруашылығы деген тұстағы бірінші қатарда көрсетілген.

Қойдың жүніне субсидия алу үшін жылжымалы шатырлары болса жарайды

– Шаруаларға берілген бұйрық жобасы қатып қалған нұсқа емес. Солармен ақылдаса отырып, кейбір тұстарына өзгеріс те енгізіп жатырмыз. Мысалы, бұрын қойдың жүнін қырықса болды, субсидия ала беретін. Енді жаңа бұйрық бойынша, жүнді сақтайтын жабық жылжымалы шатырлары болса болғаны. Қойларын далада қырқа ма, қорасында қырқа ма ешкім бұған араласып жатқан жоқ, – дейді бас сарапшы.

Шаруалар сүт тапсыру да тиімсіз бола ма деп күмәнденіп отыр

СҚО, Жамбыл ауданындағы өз ауылында былтыр сүт жинау пунктін ашқан Әнуар Айтуар деген азамат та жаңа бұйрық ірі шаруашылықтарға ғана тиімді деген пікірде.

– Біздің жақта көп ауылдан тұрғындар көшіп кеткен. Қаңырап жатыр. Кейбір жерде 8-10 адам ғана тұрады. Аралаудың өзі қиын.

Ел малын енді-енді көбейтіп жатыр. Былтыр біз барған ауылдарда 89 сауын сиыр болса, қазір 120-ға жуықтады. Басында екі ауылдан ғана сүт жинап жүрдік. Қазір алты ауылдан жинаймыз. Басқа аудандарға шығып, сүт жинауға келісіп отыр едік, енді абдырап қалдық.

Осыған дейін бір литрге 10 теңге субсидия беріп келді. Енді субсидия берілмейтін болса, келісіп қойған ауылдарға жалған уәде бергендей болайын деп тұрмыз. Ветеринарлық пункт керек деп отыр. Ал біздің бес ауылда бір ғана мал дәрігері бар.

Тағы да жаңа бұйрық бойынша, малдың бәрі бір қорада тұру керек. Ал, ауылда барлығы табынға бірігіп бағады. Кешке әрқайсысы өз малын өз қораларына қайтарады. Маңайына 50 кісіні біріктіріп, 50 сиырды құрап отырған кооперативтер жабылуы мүмкін.

Жаңа бұйрықта ең кем дегенде 50 сиырдан ұстау керек деп отыр. Ал ауылдағылар 2016-2017 жылдары үйлерін тігіп, несие алды. Және де бір үйді кепілдікке қойып 7 сиыр ғана ала аламыз. Басқа ешқандай мүмкіншілік жоқ. Тағы да талаптар бойынша арнайы құрылғылары болу керек. Енді оның бәрін бірден қабылдап жіберуге болмайды. Осы жағын да ескерсе екен деймін. Біртіндеп қолға алса, құба-құп, – дейді Әнуар Айтуар.

"1-2 сиыры бар қарапайым халық сүттерін комбинаттарға өткізе алмайды"

Министрлік осылай дейді.

– Мынаны түсініңіздер, мақсатымыз кооперативтерді жоймай, оларды ірілендіру. Қазір сүт өндіруші, ет өндіруші кооперативтер жеке-жеке жұмыс істеп жатыр. Осылардың басын біріктіруді ойластырудамыз.

Осыған дейін көбісі сиырлары жоқ болса да танкер сатып алып, шаруашылықтардан сүт жинап, өңдеу комбинаттарына өткізіп жүрді. Демек, әуел баста алып-сату жағын ойластырған болып тұр. Көп малыңыз болмаса, сауын аппаратын сатып алмайсыз ғой.

Мысалы, ОҚО, Отырар ауданында Қытайдан келген инвесторлар шұбатпен айналысатын зауыт ашпақшы болып жатыр. Ал жергілікті халық оларға түйе сүтін тапсыруға құлықсыз. Егер, зауыт халықтан шұбатты жинай алмаса, жабылады ғой. Сонау Қытайдан бекерден-бекер келіп отырған жоқ.

Көпшіліктің малы болған соң, әр түрлі жағдай кездеседі. Шелектеп әкелген сүтке қайсысының су қосқанын, құрамында зиянды бактериясының бар-жоғын дәл сол сәтте ешкім тексере алмайды. Сүт өңдеуші комбинаттарға апарғанда сапасы сәйкес келмей, қабылдамауы мүмкін. Содан кейін кімнің су қосқанын ешкім дәлелдеп бере алмайды. "Сүт жетпей жатыр" деген олардың өзі осындай себептермен шаруалардан сүт қабылдағысы келмей отыр. Егер, өңдеуші комбинаттар 50 сиыры бар адамдардан сүтті қабылдайтын болса, сапалы сүт өткізуге мүдделі болады. Мүшеліктен шығып қалмау үшін де тырысады, – деп жауап берді Талғат Ысақов.

Шошқаларды көбейтуге басымдық беріліп отыр

Қыр соңына түсіп ала ма деп қорқып, есімін жасырған ақтөбелік шаруа тағы бір мәселенің ұшын қылтитты.

– Жаңа бұйрық жобасында жылқы мен қойға берілетін субсидияны азайтып, шошқаны көбейтуге бөліп отыр. Бір жыл ғана бір байталға 40 мың теңге берді. Жолға ешқандай шығыны жоқ деп оны да алып тастады. Асыл тұқымды бір бұқаға 150 мың теңге берсе, бір шошқаға 140 мың теңге береді екен. Оған қоса әрбір шошқаны сатып алғаны үшін 20 мың теңге субсидия бөлінеді, – дейді ол.

"Экспортқа шошқа етіне деген сұраныс болғандықтан, осы саланы дамыту қолға алынып жатыр"

Шошқа шаруашылығына аса назар аударылып жатқандығын АШМ мал департаментінің бас сарапшысы Талғат Ысақов та растап отыр.

– Елбасы басым бағыттарды дамытуға назар аударуды тапсырды. Бірақ, шошқа етіне экспортта сұраныстың болуы – оның басымдығы. Қытай елі шошқа шаруашылығында әлем бойынша бірінші орынды иеленгенімен, сапаның нашарлауына байланысты біздің елден сұрап отыр. Шошқа жылына 17 торай табады. Оның үстіне тез жетіледі. Алты айда 100 келі болады. Сұранысты қамтамасыз ете білсек, онда тұрған не бар? – дейді ол.

Шошқа өсірген жерде басқа жануарлар өспейді

"Байтақ Болашақ" экологиялық альянс" республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Азаматхан Әміртаев шошқа өсірген жердің жарамсыз болып қалатынын айтады.

– Қарны ашқанда шошқа еш нәрсеге қарамай, айналасындағыны жеп қояды. Тіпті өз торайларын да жей салады. Шошқаның майы адамның салмағын тез арттырып, денсаулыққа кері әсер етеді. Шошқа топырақтың қыртысын таптап тастайды. Сол себепті ол жерде шөп те өспейді, – дейді.

Сұранысқа қарай ұсынысты арттыру жағы ойластырылып жатыр

Кестеге назар аударып қарасақ, Қазақстан жылына 5,5 мың тонна сиыр етін ғана сыртқа шығарып жатыр екен. Ал, ішке 15,8 мың тонна әкелінеді.

Қой етінің 0,9 мың тоннасын шетелге өткізіп, 44,2 тоннасын сырттан әкелеміз. Экспортқа шошқа еті ғана аз шығарылып жатыр. Осы саланы дамыту үшін субсидияның біраз бөлігі шошқа шаруашылығына бөлінді.

Құс етінің 172,6 мың тоннасын өзге елдерден сатып алып жатсақ, 5,8 мың тоннаны ғана өзіміз шығарып сатып жатырмыз.


Осы көрсеткіштерге қарап отырып-ақ, ет өндірісіндегі ахуалмен танысуға болады / Ауыл шаруашылығы министрлігінің жеке мұрағатынан алынды


Түсініспеушілік тудырып жатқан жаңа бұйрықтың жобасымен танысамын десеңіздер, сілтемесі мынау.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары