Тікелей эфир

Жоғары оқу орындарына бөлінетін 20 мың қосымша грант үміткерлерге қандай мүмкіндік береді?

Фото ғаламтордан алынды
Фото ғаламтордан алынды
Мамандар мемлекеттік грант - әлеуметтік жағдайдың жақсаруына септігін тигізетін тегін оқуға мүмкіндік дейді. Бірақ бұған сенімсіздік танытып отырғандар да бар.

Қазақстанда жылына шамамен 100 мыңға жуық студент бакалавр білімін алып, жоғары оқу орнын аяқтап шығады. Бірақ маман тапшылығы азаяр емес.

Н.Назарбаевтың халыққа ұсынған бес бастамасының бірінде жоғарғы оқу орындарына биылғы жылы қосымша 20 мың грант бөлуді ұсынған болатын. Сонымен қатар Елбасы 25 мың орындық жатақхана салу қажеттігін айтты.

Қосымша грант неге керек?

Білім саласының мамандары қосымша гранттың бөлінуі көптеген мәселелердің шешілуіне түрткі болады деп отыр. Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов технология дамып келе жатқан заманда техникалық білімі бар жастарға сұраныс артады дейді.

– Он жыл бұрын Қазақстандағы студенттер саны шамамен 750-770 мың болған. Қазіргі таңда 475 мыңнан сәл асады. Бірақ соңғы жылдары бұл көрсеткіш өсіп келеді. Ал мемлекет беріп отырған гранттың мөлшері өте аз. Сондықтан грантқа іліге алмай қалған мектеп түлектері ақылы оқу орнына тапсыруға мәжбүр. Маман тапшылығы мәселесі осыдан туындап отыр.

Ақылы оқу орнына түскен студенттің толыққанды білім алуына кедергі көп

Біріншіден, ата-анасының қалтасынан төленетін болғандықтан отбасылық бюджетке салмақ түседі. Екіншіден, студент шәкіртақы алмағандықтан қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Кітапханаға барып ізденуге мүмкіндігі де, уақыты да қалмайды. Үшіншіден, тұрақты жатақханасы жоқ студент пәтер жағалап, сол пәтердің ақшасын табу үшін еңбек етіп жүргенде, толыққанды білім ала алмайды. Түнімен жұмыс істеген студент күндіз сабақты қалай оқиды? Демек білім сапасына да кері әсерін тигізеді.

Қазақстанда әр студентке бөлінетін грант бағасы – 340 мың теңге. Ал ең төменгі ақылы оқу орнында оқу ақысы 300 мыңнан кем емес. Оның барлығы ата-ана қалтасынан төленіп жатыр. Қосымша грант – бұл ата-аналарға мемлекет тарапынан жасалып отырған көмек. Әрі шағын және орта бизнеспен айналысып жатқандарға демеу болмақ, – дейді Рахман Алшанов.

Маманның қалтасы докторантурада білім алуды көтермейді

Рахман Алшановтың айтуынша, бакалавр білімін алған маманның ары қарай магистратурада, докторантурада оқуға шамасы келмейді. Өйткені оқу құны жоғары. Ал мемлекеттен бөлінген грант мұнда да өте аз.

Оның есебінше Қазақстанда доктарантурада оқып жатқан студенттер саны екі мыңға жуықтапты. Бакалаврлық біліммен көбі мамандықтарды игеріп кете алмайды.

– Мен жақында Корея мемлекетіне барып қайттым. Онда ешқандай туысы жоқ жетім баланың докторантурада оқуына жағдай жасалған. Кореяда бір ғана докторантурада 59 мың адам оқып жатыр. Ал халқының саны 48 млн. Бізде бар-жоғы екі мыңға жуық адам докторлықты қорғамақ. Осыдан кейін маман тапшылығы мәселесі келіп туындайды. Сондықтан жалпы оқу құрылымын өзгерту керек, – дейді Рахман Алшанов.

"Дипломмен ауылға" бағдарламасымен ауылға баруға құлықсыз

– Бұл – Қазақстанда жоғары оқу орнын бітірген мамандар үшін арнайы қабылданған мемлекеттік бағдарлама. Ауыл мектептеріне мұғалімдерді тарту мақсатында қабылданған. Десек те жас маман жалақының аздығынан ауылға дипломмен барудан бас тартады,– дейді Рахман Алшанов.

– "Дипломмен ауылға" бағдарламасының қоры жеті млрд теңге. Бұл өте аз. Ауылға барған жас маманға берілген қаражат жеткілікті болғанмен, жалақының төмен болуы көп жастардың басқа салаға бет бұруына әкеліп соғады. Алайда Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында жас мамандарға бұл бағдарламаның көп көмегі тиді.

"Президент тапсырмасы орындалған емес"

"Ұрпақ тағдыры – білім" бірлестігінің жетекшісі Ерсайын Ерқожа: Мемлекет тарапынан бөлінетін гранттың басым бөлігі техникалық мамандықтарға берілетіні дұрыс емес,"– дейді.

– Техникалық мамандықтарды тек сұраныспен дайындау керек. Қажет маман иесін кәсіпорындар өздері дайындағаны дұрыс. Ал мемлекет медицина, білім саласының мамандарын дайындау керек деп ойлаймын.

Қазақстанда сегіз мыңнан астам мектеп бар. Онда 22 пән оқытылады. Егер техникалық мамандықтарға басымдық берсе, сонда мұғалімдерді кім дайындайды? Онсыз да білім саласында мамандар тапшы. Әсіресе, химия, физика, математика пәндерінің мұғалімдері жетіспейді.


Ауыл мектептері мұғалімдер жтеіспейді

Ауыл мектептерінде мұғалімдер жетіспейді / Фото informburo.kz


– Ал мектеп мұғалімдері жетіспеушілігінің бір себебі педагог мәртебесінің көтерілмей отырғандығында. 2001 жылы Президент Әкімшілігінде болған жиналыста бұл мәселе көтеріліп, осы істі қолға алуды Президенттің өзі тапсырған болатын. Алайда ол орындалған жоқ. Жалпы қай салада болмасын Президенттің тапсырмалары толыққанды орындалып жатқан жоқ. Сондықтан бұл мәселенің шешімінің табылатынына күмәнмен қараймын, – дейді Ерсайын Ерқожа.

Жаңа жатақхана жеке меншікке тағы өтіп кетпей ме?

– 25 мың студентке арналған жатақхана мәселесіне келсек, осыдан біраз жыл бұрын сол жатақханаларды қалтасында қаржысы бар адамдар өздері жеке меншікке айналдырып алған болатын. Шенеуніктер соны кезінде бақылауға алу керек еді. Енді оның орнына салынған жатақханалардың тағы да жеке меншікке өтіп кетпейтініне кепіл жоқ, – дейді Ерсайын Ерқожа.

Педагогтар басқа салаға кетіп жатыр

Алайда Ұлттық педагогикалық университеттің ректоры Тахир Балықбаевтың пікірінше, мектеп мұғалімдері қажетті мөлшерде дайындалады. Бірақ олардың көбі басқа салаға ауысып кетеді. Педагог мамандығын игерген студенттердің 70-80 пайызға жуығы өз мамандықтарына сай жұмыс істемейді.

Грантсыз студент мамандықты қалтасына қарап таңдайды

– Педагогика саласы бойынша Қазақстан мектептеріне сұраныс бір жарым мың болса, біз жыл сайын сегіз мыңға жуық педагог маманды дайындап шығарамыз. Жалпы жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің 40 пайызға жуығы ғана грантта оқиды. Демек, грантқа түскен студент өзінің қалаған мамандығын игерсе, ал ақылы оқы орнына түскен студент арзан оқу орнын іздейді. Сондықтан биылғы жылы тағы 20 мың гранттың бөлінуі көп мәселені шешуге көмектеседі, – дейді Тахир Балықбаев.

Қосымша грант қалаған мамандық алуға септігін тигізеді

– Мысалы біздің университетте оқу ақысы 640 мың теңге. Жекеменшік оқу орнында 300 мың теңге. Ал грантқа ілікпеген мектеп түлегі арзан оқу орын таңдайды. Содан кейін ол мамандықпен жұмыс істегісі келмейді. Ал егер грант санын 20 мыңға арттырса, онда студенттердің елу пайызы тегін оқитын болады. Алайда оқу құнына қарамастан кейбір мектеп түлектерінің мемлекеттік оқу орнын таңдауына білім сапасы мен материалдық база себеп болып жатады.

– Жалпы маман тапшылығы мәселесінде ескеретін бір жайт, жоғары оқу орындары кәсіпорындармен тығыз жұмыс жасау керек. Олардың сұранысына ие мамандықтарға болжам жасалып отырғаны дұрыс. Ал техника мамандарын көбейту туралы ұсыныс болашақта техникалық мамандықтарға сұраныстың артуы мүмкін екенін болжап, жасап отырған қадам деп ойлаймын.

Ал жекелеген кәсіпорындар сұранысына келсек, кез-келген жоғары оқу орындарына жаңа мамандарды дайындауға кемінде бес-алты жыл уақыт керек. Өйткені екі жыл оқу бағдарламасын енгізіп, маманды тек төрт жылда ғана дайындап шығарады, – дейді Тахир Балықбаев.

Мемлекет тек сұранысқа ие мамандықтарға тапсырыс береді

Астана әкімінің орынбасары Малика Бектурова биылғы жылы бөлінетін грант мәселесі жөнінде: "Біз білім басқармасының ұсынған сұранысқа ие мамандықтар тізімін қарап шықтық. Олардың көбі ескірген мамандықтар. Тапшылары да бар. HeadHunter және OLX сайттарында сұранысқа ие мамандықтар тізімін де қарап шықтық. Көбіне логопед, дефектолог мамандарын іздеп жатады. Тіпті мемлекеттік тапсырыспен оқытпайтын мамандықтарға сұраныс бар. Алайда жыл сайын білім саласының мамандарын дайындауға бес мың грант бөлеміз", – деген болатын. Әкім орынбасары биылғы жылғы мемлекеттік тапсырыс тек сұранысқа ие мандықтарға берілетін айтты.

Қосымша грант жоғарғы оқу орнына өту балына әсер етпейді

Ресми мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі жоғары оқу орындарына жыл сайын 54 мың грант бөлінеді.

Бір ескеретін жайт, мемлекет тарапынан бөлінетін қосымша 20 гранттың үміткерлердің өту балына әсері болмайды. Яғни, талапкерді қабылдау жылдағы ережеге сәйкес, еш өзгеріссіз жүргізіледі.

Болашақ бағдарламасына да қабылдау тәртібі өзгерді

Ол туралы "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ-ның сайтында жарияланды.

Нақтыласақ, 2018 жылдан бастап Болашақ бағдарламасына бір рет қатысып, қандай да бір жағдаймен (өз еркімен бас тартқан болса, тіл курсынан өте алмай қалса) оқуға бара алмай қалған үміткердің екінші рет құжат тапсыруға мүмкіндігі бар. Тек орталық алдында берешегі болмауы шарт.

Сонымен қатар "ерікті тапсырушы" санатына жататын бакалавр дипломының орташа GPA балл көрсеткіші 3.3-тен 3.0 балға төмендеді. Болашақ бағдарламасынан үміткерлерге беріліп отырған тағы бір мүмкіндік ағылшын тілі курсын аяқтаған соң тест тапсыруға рұқсат алады. Егер қажетті балды жинай алмаса, қайта тапсыруына бір рет мүмкіндік беріледі.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары