Тікелей эфир

Сырттай оқыту алынып тасталды. Қашықтықтан оқытудың қандай айырмашылықтары бар?

Арнайы informburo.kz үшін Дина Лидің иллюстрациясы
Арнайы informburo.kz үшін Дина Лидің иллюстрациясы
Қандай бағыттағы кадрлерді қашықтан оқытып дайындауға болады? Студенттерге қойылатын талап жөнінде де айтамыз.
Қашықтықтан оқыту технологиясы (ҚОТ) біздің елімізде жоғары білім беру және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында 2000-шы жылдардың ортасынан қолданыла бастады. Қазір Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сәйкес, бұл технология еліміздегі 130 жоғары оқу орнының (ЖОО) 71-нде бар.

№1. Қашықтықтан оқыту дегеніміз не?

Аты айтып тұрғандай қашықтықтан оқыту шынына келгенде онлайн режимдегі күндізгі оқу жүйесі. Қашықтықтан оқытуды Қазақстандағы 2019 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап алып тастаған сырттай оқытумен шатастырмау керек. Сырттай оқитын студенттер БҒМ мәліметінше, күндізгі бөлімде оқитын студенттердің білімінің 65%-н ғана игерген. Соған қарамастан бірдей диплом алып келген.
Қашықтықтан оқыту кезінде студенттер ақпараттың көлемін 100% зерттейді. Жұмыстан қол үзбей қолайлы уақытта кез келген жерде интернеттің көмегімен оқиды.

№2. Бұл оқыту жүйесімен кім оқи алады?

Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша төмендегілердің осы жүйемен оқуға құқы бар:
  1. Ерекше білімді қажет ететін тұлғалар (мүгедектер);
  2. Техникалық, кәсіптік және орта (колледж түлектері) және жоғары білімнен кейінгі базада қысқарған білім беру бағдарламаларымен оқитындар;
  3. Жоғары және/немесе ЖОО кейінгі білім бағдарламалары аясында шетелге білім алмасу мақсатында шыққандар ("Болашақ" иегерлері жатпайды);
  4. Шетелге ұзақ уақытқа (2 айдан көп) іссапарға кеткен ЖОО студенттері;
  5. Академиялық мобильділік (академиялық мобильділік – бұл білім алушыларды немесе зерттеуші оқытушыларды белгілі бір академиялық кезеңге, яғни семестр немесе оқу жылына басқа ЖОО-ға оқуға немесе зерттеу жұмысын жүргізуге уақытша жіберу) бағдарламаларымен жоғары және/немесе ЖОО кейінгі білім беру аясында оқитындар;
  6. Қауіптілігі орташа түзеу мекемелерінде (мекемеде тиісті техникалық жағдайлары болса) жазасын өтеп жатқандар.

№3. Кімдерге қашықтықтан оқуға болмайды?

Мектеп бітіргендерге. Заңмен жалпы орта білім базасында мұндай мүмкіндік берілмейтін болып белгіленген. Колледждер мен арнайы орта білім беру мекемелерінің түлектерін қашықтықтан оқыту мүмкіндігін әрбір ЖОО өзі анықтайды. Ол үшін білім беру бағдарламалары (өткен және қарастырылатын) сәйкес болуы шарт.

№4. Қазақстанда қай ЖОО-дарында оқуға болады?

Елімізде бұл жүйе 71 ЖОО қолданылады. Олардың бірсыпырасын атасақ:
  • С.Д.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университеті;
  • Алматы менеджмент университеті (AlmaU);
  • Алматы Энергетика және байланыс университеті;
  • Сүлеймен Демирел атындағы университет.
Аймақтағы университеттер:
  • М.Қозыбаев атындағы Солтүстік-Қазақстан мемлекеттік университеті;
  • Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті;
  • Семей қаласындағы Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы мемлекеттік университет;
  • Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті;
  • М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті;
  • Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті;
  • М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университеті.
Толық тізімін src="/storage/uploads/oldFiles/71vuz.pdf" target="_blank">мына жерден жүктеп алуға болады.

№5. Қашықтықтан оқыту жүйесімен қандай мамандыққа оқуға болмайды?

Толық қашықтықтан оқытумен университеттер барлық бағыттар бойынша кадрлер дайындайды. Тек төмендегі мамандықтар бойынша қашықтықтан оқыту жүйесі қолданылмайды:
  • Хореография;
  • Аспапта ойнау;
  • Авиациялық техника және технологиялар;
  • Құрылыс;
  • Теңіз техникасы мен технологиясы;
  • Денсаулық сақтау;
  • Әскери іс;
  • Жоғары білім базасында мал дәрігері маманы.
Осы салаларда шектеулер бар: қашықтықтан оқытудың барлық кезеңіне 30 академиялық несиеден көп алуға болмайды.

№6. MBA, EMBA және DBA бағдарламаларынде жүйе қалай жұмыс істейді?

Executive MBA бағдарламасы (Іскерлік басқару магистрі) бас директорларды, оның орынбасарларын және компания иелерін дайындауға бағытталған. DBA – Doctor of business administration (Әкімшілік басқару докторлары) қосымша білім беру бағдарламалары. Ол бойынша бизнес иелері мен жоғары деңгейдегі басқарушы кадрлар әзірленеді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – бизнесті басқарудың жеке және бөтен тәжірибелерін жинақтап қорыту, басқару қызметін кеңірек қарастыруға үйрету, таныс саланың шегінен шығу.
MBA бағдарламалары бойынша қашықтықтан оқыту оқудың барлық кезеңінде жалпы көлемде 30 академиялық кредиттен аспауы тиіс. EMBA және DBA бағдарламалары бойынша 15 академиялық кредиттен аспайды.

№7. Қашықтықтан оқытуға қайда, қалай жазылу керек?

№4 кәртішкедегі тізімге кіретін оқу орнының қабылдау комиссиясына жүгіну керек. Қағидаға сәйкес, төмендегідей тәртіппен әрекет ету керек:
  • Мамандық пен университет таңдау;
  • Қажетті құжаттарды жинау (таңдауға сәйкес айырмашылықтары болуы мүмкін) және оны ЖОО-на тапсыру;
  • Әңгімелесуден өту және қабылдау емтихандарын тапсыру;
  • Оқу ақысын төлеу.

№8. Қашықтан оқыту ақысы қанша?

Баға әртүрлі. Оқу ақысы жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесі бойынша есептеледі (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 қарашадағы № 597 бұйрығы).
Төмендегі факторлар есепке алынады:
  • Топ шығыны бойынша оқу профилінің индексі;
  • Оқытушылардың жылдық еңбекақы қоры;
  • Оқу шығындары;
  • Материалдық-техникалық жарықтандыру және кадр дайындау бағыты бойынша оқыту мерзімі.
Оқу ақысын ЖОО-ы өздері белгілейді. БҒМ оқу құны классикалық оқыту құнынан төмен болу керектігін атап өтті. Белгілі шығындар, мәселен материалды-техникалық жарықтандыру немесе коммуналдық төлемдер оған қосылмайды.
Оқу ақысына мамандық пен ЖОО әсер етеді. Жалпы оқу ақысы 200 мыңнан 650 мыңға дейін. Мәселен, "Менеджмент" мамандығы бойынша оқу ақысы 350-370 мың теңге (екінші жоғары білім, магистратура).

№9. Қалай оқытады?

Адам өзі оқиды, онлайн немесе офлайн түрде сабаққа қатысады, ал зачеттер, тесттер, жекелей тапсырмалар мен жазбаша жұмыстарды ЖОО-ның академиялық күнтізбесіне сәйкес тапсырады. Мемлекеттік міндетті жалпы білім беру стандартына сәйкес, бір оқу жылының толық оқу жүктемесі 60 академиялық кредитке немесе 1800 академиялық сағатқа сәйкес келеді. Сонымен қатар студент бір семестрде 30 академиялық кредитті игереді. Емтихан тапсыру формасын әр университет өзі белгілейді.

№10. Бұл жүйемен оқу кімге тиімді?

Жұмыс істейтін студенттерге. Бұл ретте бастысы тапсырмалар мен тест, емтихандарды уақытылы тапсыру керек. Қашықтықтан оқыту төмендегілерге барады:
  • Екінші жоғары білім керек жұмыс істейтін мамандарға;
  • Магистр деңгейін алғысы келетіндерге;
  • Іссапар не басқа да сапарларда жиі болатындар үшін;
  • Бала күтімі бойынша демалыстағы ата-аналарға;
  • Жүріп-тұруы шектеулі түлектерге.
Университеттер белгілі бір оқу курстарынан өту үшін нақты уақытты есептеуі мүмкін. Бұл көбіне студенттің қабілетіне байланысты болады.

№11. Басты артықшылықтары қандай?

Жұмыстан қол үзбей оқу мүмкіндігінен бөлек, басқа да төмендегідей басымдықтары бар:
  • Жеке оқу кестесі;
  • Интернетке кіру мүмкіндігі бар әлемнің кез келген бұрышынан оқи алу;
  • Уақыт пен ақша үнемдеу – университет не институтқа жиі барудың қажеті жоқ.

№12. Қандай кемшілігі бар?

Басымдықтарымен бірге қашықтықтан оқыту жүйесінің кемшіліктері де бар. Оқытудың осы жүйесін таңдаған кезде төмендегілерді ескеру керек:
  • Оқытушылар мен басқа да студенттермен ең аз жеке байланыста болу (жеке ерекшеліктеріне байланысты бәріне бірдей бара бермейді);
  • Тұрақты түрде компьютер мен жоғары жылдамдығы бар интернет қолжетімді болуы тиіс;
  • Емтихандарға өзі қатысуы керек (сәйкестендіру үшін).
Қашықтықтан оқу үшін студенттің өзіндік тәртібі мен өзін-өзі бақылау қабілеті жоғары болуы тиіс. Әйтпесе оқудың оң нәтижесі болмайды.
Авторы Наталья Батракова.
Аударған Мәншүк Шапхатқызы.
Серіктестер жаңалықтары