Білім министрі: жалақы базасының төмен болуына байланысты оны 20-40%-ға ұлғайту да жеткіліксіз

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жалақы көлемін әлі де арттыру қажеттігіне тоқталды.

Ол бұл туралы facebook желісіндегі парақшасында жазды.


Оқытушыларға лайықты жалақы төлеп, олардың қалыпты жұмыс атқаруы үшін жағдай жасау – жоғары білім сапасын арттыру үшін маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында жоғары оқу орындарындағы педагогикалық-оқытушылық құрамның жалақысын арттыруға қатысты тапсырма берген болатын.

Нәтижесінде 2019 жылғы қыркүйекте Білім және ғылым министрлігіне тікелей бағынышты ЖОО оқытушыларының жалақысы 20%-ға, кейін 2020 жылғы қыркүйек айында тағы 20%-ға ұлғайтылды. Дегенмен, қабылданған шараларға қарамастан жалақы көлемін әлі де арттыру қажет. Бұл ретте, болған жалақының базасының төмен болуына байланысты, тіпті жалақыны 20-40%-ға ұлғайту шаралары да жеткіліксіз болып отыр.

Мәселен, ҚазҰУ-да оқытушының орташа жалақысы 108 мың теңге болса, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 105 мың теңге, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде – 101 мың теңге, ал Қарағанды индустриалды университетінде 99 мың теңге. Мұндай жалақы мөлшері оқытушыларды аса ынталандыра қоймайтыны анық.


Оқи отырыңыз: Биыл Қазақстандағы ЖОО саны 15 пайызға қысқарады


Кейбір жоғары оқу орындары оқытушылардың жалақысын көтеру кезінде лауазымдық жалақы мөлшерін негізге алған. Ал лауазымдық жалақы мөлшері оқытушылардың түрлі қосымша ақыларды қоса алғандағы нақты жалақысынан төмен екенін айта кеткен жөн.

Басқа жоғары оқу орындары жалақыны педагогикалық жүктемені көбейту арқылы арттырды. Нәтижесінде бірқатар оқу орнында оқытушы ставкасының көлемі 900 сағатқа дейін жетті. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін ақпан айында өткен кеңесте БҒМ-ге ведомстволық бағынышты жоғары оқу орындарымен талқылап, бұйрыққа қол қойып, онда екі норманы бекіттік.

  1. 2021 жылдың қыркүйегінен бастап штаттағы оқытушылар үшін минималды жалақы мөлшерін белгілеу. Яғни, 2021 жылдың қыркүйегінен бастап БҒМ-ге ведомстволық бағынышты жоғары оқу орнында штаттағы оқытушы айына кем дегенде 200 мың теңге, аға оқытушы – 230 мың теңге, қауымдастырылған профессор – 260 мың теңге; профессор 350 мың теңге (ұлттық жоғары оқу орындарында – 400 мың теңге) алуы тиіс. Бұл жалақының ең төменгі мөлшері болуы тиіс. Сондай-ақ әр жоғары оқу орны оқытушылардың белгілі бір жетістіктері үшін басқа да ынталандыру төлемдерін белгілеп, төлей алады.
  2. Педагогикалық жүктеменің максималды көлемін 1 ставка үшін 680 сағаттан асырмау. Әрине, бұл педагогикалық жүктемесі аталған көрсеткіштен төмен ЖОО-ларды (жылына 450 немесе 500 сағат) ештеңеге міндеттемейді. Яғни, сағат санын белгіленген 680-ке дейін жеткізу міндеті тұрған жоқ. Оқытушыға берілген 1 ставка көлемі 700-900 сағат немесе одан жоғары болатын жоғары оқу орындары сағат санын 680-ке дейін төмендетуі керек.

Оқи отырыңыз: Жоғары оқу орындарына реформа емес, контекстпен жұмыс істеу қажет


Бұл бұйрықты ерте қабылдап жатқанымыздың өзіндік себебі бар: 2021 жылдың қыркүйегіне дейін ЖОО басшыларына өздерінің шығыстарын қайта жоспарлап, оңтайландыру және кірістерін ұлғайту үшін уақыт береміз. Аталған шешім жоғары оқу орындарындағы әкімшілік-басқару персоналы мен педагогикалық-оқытушылық құрамның арақатынасын өзгертуге, басқа да маңызы басым емес шығыстарды қысқартуға және бюджеттердің шығынын қайта қарауға мәжбүрлейтіні анық.

Біз ректорлармен 2021 жылдың қыркүйегіне дейін тиісті жұмыс жүргізілетіні туралы келісімге келдік.

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Серіктестер жаңалықтары