Тікелей эфир

Балаларға қатысты заңбұзуды жасырып қалған мұғалімдер мен дәрігерлер жазаланады. Жаңалықтарға шолу

2020 жылдан бастап еңбек келісім-шарттары электронды түрде жасалады. WhatsApp-та жаңа функция пайда болады.

Елді-мекендердегі 88 әкім су басу қаупіне дайын емес

Ішкі істер министрінің орынбасары Ю.Ильин осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, республика бойынша 200-ге жуық елді-мекен су басу қаупі басым аймақта жатқызылған. Олар Алматы, Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақтөбе облыстарының аумақтарында орналасқан. Бұл ретте, жергілікті әкімдерге ескерту жарияланса да, олардың су тасқынының алдын алу шараларына немқұрайлы қарап отырғаны аталды.

Өңірлердегі өткір әлеуметтік мәселелердің картасы әзірленді

Жүзеге асыру үшін ол Үкімет пен жергілікті әкімдерге жолданған. Осы құжат аясында әкімдердің жыл сайынғы есеп беру кездесулерінің орнына барлық аудандағы тұрғындармен тұрақты кездесу өткізу, соның ішінде азаматтарды жеке қабылдауды ұйымдастыруды көздейтін жаңа жұмыс форматы қабылданды. Сондай-ақ, барлық аудандық және қалалық әкімдіктерде халықпен тікелей қарым-қатынас жасау және кері байланыс орнату жүйесі енгізіледі.

Алматы автобустарына кондукторлар қайта оралды

"Оңай" электронды төлем жүйесінің енгізілгеніне қарамастан, кейбір бағыттағы автобустарда кондукторлар қызмет көрсетіп жатыр. Автопарктен хабарлағандай, олар билетсіз жолаушылар қаптап кеткен бағыттағы автобустарға желіде бірыңғай бақылау қызметі іске қосылғанша уақытша қабылданған.

2020 жылдан бастап еңбек келісім-шарттары электронды түрде жасалады

Ол үшін екі тәсіл қолданылады. Біріншісі – Enbek.kz. порталы арқылы. Бұл үшін жұмыс беруші порталға кіріп, жұмысшы туралы ақпаратты жүйеден алады. Келісім-шарттың жобасы дайындап, оған әрі қарай қажетті өзгерістерді енгізе алады. Жұмысшы шарттағы мәліметтерді тексеріп, электронды сандық қолтаңба арқылы оған қол қояды.
Екіншісі – кәсіпорынның кадрлық қызметі келісім-шарттарды есепке алудың бірыңғай жүйесі арқылы жасайды. Жұмыс беруші жұмысшы туралы мәліметтерді өз жүйесіне енгізеді, ол автоматты түрде бірыңғай жүйеге түседі.

Вена - тұруға ең қолайлы қала ретінде танылды

Австрия астанасы осымен оныншы жыл қатарынан әлемдегі ең жоғары стандарттары бар қала болып отыр. Адамдарға өмір сүруге жайлы үздік он қаланың басым бөлігі Еуропада (Цюрих, Дюссельдорф, Франкфурт, Копенгаген, Женева, Базель) орналасқан. Посткеңестік кеңістіктегі қалалардың бәрі рейтингтің соңғы орындарына жайғасқан. Қазақстанның қалаларының арасынан тізімде Алматы (177 орында) бар. Мәскеу – 167, Минск – 188, Киев – 173 орында.

Балаларға қатысты заңбұзуды жасырып қалған мұғалімдер мен дәрігерлер жазаланады

Сенат осындай заң қабылдады. Онда кәмелетке толмағандардың жыныстық құқығына қол сұғуға қатысты қылмыстық жаза күшейтілген. Заңда сондай-ақ кәмелетке жасы толмағандардың жасаған қылмысын құқық қорғау органдарына хабарламағаны үшін білім беру мен денсаулық сақтау немесе әлеуметтік сақтау ұйымдары қызметкерлеріне әкімшілік жаза тағайындау көзделген.

Қазақстанда мүгедек балаларға сапалы білім берілмейді

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғаушы ұйымы осылай мәлімдеді. Зерттеу барысында 150-ден астам физикалық кемістігі және ақыл-есінде ауытқу бар мүгедек бала мен жасөспірімдер, олардың ата-аналары мен құқықтарын қорғаушылардан сұқбат алынған. Нәтижесінде Қазақстанның білім беру жүйесі мүгедектігі бар балаларды шеттететіні мәлім болды.

Жалпы білім беретін мектептерде оқи алатын мүгедек балалардың өздері бөлек сынып бөлмелерінде басқа мүгедектігі бар балалармен бірге оқиды. Мыңдаған бала үйде оқытылады, мұғалімдер оларды ең жиі дегенде, аптасына бірнеше сағатқа келіп оқытады. Ал, жабық псиxиатриялық мекемелердегі балалар өте аз білім алады немесе мүлдем оқымайды.

Халықаралық ұйым Қазақстан үкіметі мүгедектігі бар балаларды жалпы орта мектептерде білім алуға қосып, басқа балалармен тең дәрежеде қажетті құралдарды беруі тиіс деп мәлімдеді.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Доллар бағамы 3 күн қатарынан арзандады. Қазақстан қор биржасында (KASE) бейсенбі күнгі сауда-саттықтың таңертеңгілік сессиясында теңгенің АҚШ долларына шаққандағы орташа бағамы 1 долларға 377,45 теңге болды. Сейсенбі күні KASE-де АҚШ долларының бағамы 1,83 теңгеге – 379,75 теңгеден 377,92 теңгеге дейін, сәрсенбі күні 0,23 теңгеге – 377,69 теңгеге дейін төмендеген.
Baq.kz: Балалар құқығын қорғау бойынша телеграмм желісінде чат іске қосылды. Киберқауіпсіздікті белсенді түрде қадағалау, ата-аналармен, балалармен сенімді қарым-қатынас орнату олардың өмірінде кездесетін қайғылы оқиғалардың алдын алуға септігін тигізеді. Телеграмм-чатқа педагогтар, психологтар, білім беру ұйымдарының басшылары, облыстық, аудандық және қалалық білім беру органдарының өкілдері, ҚР БҒМ балалардың құқықтарын қорғау комитетінің қызметкерлері тіркелген.
Tengrinews.kz: WhatsApp-та жаңа функция пайда болады. WhatsApp мессенджері жалған хабарлама таратушылармен күресу мақсатында енгізеді. Бұл функция мессенджерге жолданған суреттерді Google-дан іздеуге мүмкіндік береді. Бірақ, мессенджер өкілдерінің айтуынша, бұл функция әзірше ресми түрде енгізілген жоқ. Жаңа функция келген хабарламаның жалған немесе жалған емес екенін анықтауға көмектеседі.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары