Тікелей эфир

Қазақстандықтарға зейнетақы төлемдерінен ұсталған қаражаттары кері қайтарылып жатыр. Ақшаны алуға кімдердің құқы бар?

Арнайы informburo.kz үшін Дина Лидің иллюстрациясы
Арнайы informburo.kz үшін Дина Лидің иллюстрациясы
16 мың адамның бұған дейін зейнетақы төлемдерінен ұсталған салық сомасын қайтарып алуға құқы бар.

Мыңдаған қазақстандықтарға зейнетақы жинақтары төлемдерінен жеке табыс салығы түрінде алынып отырған ақшалары қайтарылады. Қаражаттарды Бірыңғай зейнетақы қоры қайтаратын болады.

Салық шегерісіндегі өзгерістерге тек 10 санаттағы азаматтар ілігеді.

Жеке табыс салығын қайтаруға 2019 жылдың сәуірінде күшіне енген "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" ҚР Кодексіндегі өзгерістер негіз болып отыр.

Оқи отырыңыз: Зейнетақы жүйесінде қандай өзгерістер күтіп тұр?

№1. Жеке табыс салығын (ЖТС) кімдер қайта есептете алады?

ЖТС түрінде есептелген қаражаттарға 2018 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап 2019 жылдың сәуір айына дейін түскен кірістердің бәрі жатады. Қаражат халықтың төмендегі санатына кері қайтарылады:

  • І, ІІ және ІІІ топтағы мүгедектер;
  • Ұлы Отан соғысына қатысушы және оған теңестірілген адамдар;
  • Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестер Одағының ордендері және медальдарымен марапатталған адамдар;
  • 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестер Одағының ордендері және медальдарымен марапатталмаған адамдар;
  • Мүгедек балалар;
  • Мүгедек бала он сегіз жасқа толғанға дейін әрбір осындай мүгедек баланың ата-анасының, қорғаншыларының, қамқоршыларының бірі;
  • "Бала кезінен мүгедек" деп танылған адамның өмір бойына әрбір осындай адамның ата-анасының, қорғаншыларының, қамқоршыларының бірі;
  • Ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім баланы (балаларды) отбасына асырап алған бала асырап алушылардың бірі болса,
  • Ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім баланы (балаларды) асырап алған ата-аналардың біреуі;
  • БЖЗҚ зейнетақы жинақтары бар қайтыс болған адамның отбасы мүшесі немесе қайтыс болған адамды жерлейтін тұлға.

Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын кімдер мерзімінен бұрын ала алады? Үкімет пен Ұлттық банк ұсыныстары қандай?

№2. Салықты қайта есептету үшін қандай құжаттар керек?

2018-2019 жылы ұсталған жеке табыс салығын қайтарып алу үшін БЖЗҚ-на төмендегі құжаттарды тапсыру керек:

  • Табысты түзету немесе салық шегерімін (оның ішінде жерлеуге байланысты біржолғы төлемдер) қолдану туралы өтініш; Өтініштің үлгісін www.enpf.kz сайтынан жүктеп алуға болады.
  • Адамның жоғарыда аталған санаттардың біреуіне жататынын растайтын құжаттардың түпнұсқалары (№1 кәртішке).

№3. Салықты қайтарып алу үшін құжаттарды қайда тапсыру керек?

  1. БЖЗҚ кеңсесіне (Тіркелген жері мен тұрғылықты жері маңызды емес);
  2. Құжаттарды үшінші тұлға (сенімген адам) арқылы жолдау;
  3. Құжаттарды пошта байланысы арқылы жолдау.

Оқи отырыңыз: Зейнетақы, жәрдемақы және шәкіртақы өсті. Әлеуметтік төлемдер қалай өзгерді?

№4. Табыс салығын қайта есептетуді сенімгер адам арқылы қалай жасауға болады?

Мұндайда адам жоғарыдағы құжаттармен бірге БЖЗҚ кеңсесіне қосымша мына құжаттарды тапсыруы керек:

  • Нотариуспен жасалған сенімхатының түпнұсқасы немесе оның нотариалдық куәландырылған көшірмесі;
  • Үшінші (сенім берген адамның) тұлғаның жеке басын куәләндіретін құжаттардың көшірмесі және салыстыру үшін түпнұсқасы;
  • Салықты қайтарып алатын адамның жеке куәлігінің нотариуспен куәләндірілген көшірмесі;
  • Салықты қайтару құқын растайтын құжаттар (нотариуспен куәләндірілуі тиіс).

№5. Құжаттарды поштамен қалай дұрыс жіберу керек?

Поштамен жібергенде барлық құжаттар нотариуспен куәләндірілуі тиіс. Соның ішінде өтініштегі алушының қолы да. Бұл өте маңызды сәт. Өйткені мұны сақтамаса БЖЗҚ өтінішті қабылдамауы мүмкін.

Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: ЕНПФ возвращает казахстанцам ранее удержанный ИПН. Кто может рассчитывать на эти деньги?

№6. Қайта есептелген сома қайда, қашан түседі?

Өтінішті Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мамандары қарастырады:

  • Егер барлық мәліметтер ЖТС қайтару қағидаларына сәйкес келсе;
  • Егер алушылар басқа табыс түрлері бойынша (зейнетақы емес) салық заңнамасымен белгіленген көлемде табысты немесе салық есептемелерін түзетуді пайдаланбаса.

Есептелген сома өтініш берілген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде өтініште көрсетілген шотқа түседі (алушының қалауымен берілген банк картасына). Ақшаны қайтаруды БЖЗҚ жүзеге асырады.

№7. Қайта есептеудің ескеру мерзімі қандай?

2018-2019 жылы ұсталған ЖТС қайтару құқы алушыға зейнетақы төлемі жүргізілген күннен бастап 5 жыл бойы сақталады.

№8. Қандай жағдайда салықты қайтарудан бас тартуы мүмкін?

Егер:

  • Алушы табысты немесе салық шегерістерін түзету құқы бар тұлғалардың санатына жатпайтын болса;
  • Тиісті құқын растайтын құжаттар болмаса;
  • Ұсынылған құжаттар ҚР заңнамасының талаптарына сәйкес келмесе бас тартуы мүмкін.

Мұндай жағдайды болдырмас үшін алдын ала өз қалаңыздағы БЖЗҚ филиалына жүгініп, құжаттарды дұрыс рәсімдеуге көмектесетін мамандармен кеңесу керек.

Оқи отырыңыз: Зейнетақы қорындағы ақшаны уақытынан ерте шешіп алуға бола ма?

№9. Қаражатты қайтарып алуға қанша адамның құқы бар?

БЖЗҚ мәліметінше, шамамен 16 000 адам қаражатты қайтарып ала алады. Бұл 2018 жылдың қаңтары мен 2019 жылдың сәуір айы аралығында ЖТС ұсталып төлем алғандардың шамамен есептелген саны. Алматыда зейнетақы қорына 500-ге жуық адам өтініш қалдырып үлгеріпті.

№10. Жеке табыс салығы мүлдем ұсталмай ма әлде жаңаша төлеу керек пе?

"Салықтар мен басқа да міндетті төлемдер туралы" Кодекске сәйкес жылдық кірісі 12 ең төменгі жалақы көлемін құрайтын тұлғалардан жеке табыс салығы ұсталмайды.

2019 жылы ең төменгі жалақы көлемі 42 500 теңгені құрады, сәйкесінше 42 500 х12 (бір жыл) = 510 000 теңге. Бұл сома төлемдер кезінде ешкімнен ұсталмайды. Ал, одан жоғары болса, 10% жеке табыс салығы ұсталады.

Жеңілдігі бар санатқа жататындардан (№1 кәртішкені қараңыз) ұсталмайтын сомаға тағы да 882 АЕК қосылады. 2019 жылы айлық есептік көрсеткіш көлемі 2525 теңгеге тең болды.

882 х 2525 теңге = 2 227 050 теңге. Осы сомаға 510 000 теңге қосылады. 2 227 050 + 510 000 = 2 737 050 теңге . Осы сома табыс салығы түрінде жоғарыда аталған 10 санатқа жататын тұлғалардан ұсталмайды. Жеке табыс салығы 2 737 050 теңгеден асатын кірістерден ұсталады.

Авторы Жанна Хабдулхабар.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары