9 сәуірде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы өтетіні туралы мәлімдеді. Республикалық телеарналардың эфирінде ол былай деді:

"Қазақстан – демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл – менің берік ұстанымым!".

Informburo.kz төмендегі материалда Президенттікке кандидаттарға заңмен қандай талаптар қойылатыны, сондай-ақ сайлау қандай қағидалармен өтетіні туралы әңгімелейді.

Президент сайлауы қалай жарияланады?

Президенттiң кезектi сайлауы бес жылда бiр рет тиiстi жылғы желтоқсанның бiрiншi жексенбiсiнде өткiзiледi. Ол мерзiмi жағынан парламенттiң жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуі тиiс.

Ал, кезектен тыс сайлау Республика Президентінің шешімімен тағайындалады және тағайындалған күнінен бастап екі ай ішінде өткізіледі.
Кезектен тыс сайлаудан кейінгі Президенттің кезекті сайлауы бес жыл өткен соң жарияланады.

2015 жылы Конституциялық кеңес, Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы шешім қабылдауына Республика Конституциясы қандай да бір шарттар мен шектеулер қарастырмайтынын түсіндірді, яғни тек қана Президент кезектен тыс сайлау өткізу туралы жариялай алады және оны өзі шешеді.

Кезектен тыс Президент сайлауын өткізу мерзімдері

Президенттің кезектен тыс сайлауы, кезекті сайлауы үшін белгіленген қағидаларға сәйкес өткізіледі. Сайлау іс-шараларын өткізу мерзімін орталық сайлау комиссиясы (ОСК) айқындайды.

"ҚР Сайлау туралы" заңының 66 бабына сәйкес кезектен тыс сайлау мерзімін ОСК айқындайды. Мен бұған не үшін назар аударып отырмын? Өйткені БАҚ-да сайлау туралы заңды еркін және ішінәра түсіндіруге қатысты ақпараттар жарияланды. Кезекті және кезектен тыс сайлаудың айырмашылығын түсінбестен, кезекті сайлаудың мерзімдеріне қатысты мәліметтер шықты. Біз өз құзіретіміздің шеңберінде заң бойынша қарастырылуы тиіс барлық шараларды жасадық", – деді комиссияның 10 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласында өткен отырысында ОСК төрағасы Б.Имашев.

ҚР Президентіне қандай талаптар қойылады?

Конституцияда Президенттікке төмендегілерге сай тұлғалар сайлана алады делінген:

  • Тумысынан Республика азаматы болып табылатын;
  • Қырық жасқа толған;
  • Мемлекеттік тілді еркін меңгерген;
  • Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын;
  • Жоғары білімі бар;
  • Мемлекеттік қызметте немесе сайлаулы мемлекеттік лауазымдарда бес жылдан кем емес жұмыс тәжірибесі бар;
  • Сотпен әрекетке қабілетсіз деп танылмаған;
  • Сот үкімімен абақтыда отырмаған.

Конституцияға сәйкес, бiр адам қатарынан екi реттен артық Президент болып сайлана алмайды. Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа қолданылмайды. Ол шектеусіз сайлауға түсе алады.

Кандидаттардың талапқа сәйкестігін кім, қалай тексереді?

Орталық сайлау комиссиясы. Бұл рәсімге заң кандидатты ұсыну туралы республикалық қоғамдық ұйымның жоғарғы органы отырысының хаттамасынан үзіндіні ОСК-на ұсынған күннен бастап бес күн қарастырады. Аталған құжатпен бірге сайлауға түсуге келісімін берген кандидаттың өтініші мен кандидаттың сайлау жарнасын салғаны туралы құжат қоса жолданады.

Үміткердің соңғы 15 жылда Қазақстанда тұрғандығын ОСК анықтайды. Журналистер Берік Имашевке мынадай сауал қойды: "Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірнеше жыл БҰҰ жүйесінде, яғни шетелде қызмет еткені сайлауға қатысуына кедергі болмай ма?"

2011-2013 жылдары Қ.Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Женева бөлімшесінің Бас директоры лауазымын атқарған.


"Бұл – нақты сұрақ. Сәйкес кезеңдер бар, нақты адамға қатысты түсініктеме береміз. Егер қандайма бір шешім қабылданса, біз дәлелдейміз. Сіздер мұны көресіздер", – деді ОСК төрағасы.

Әділет министрлігі бұл сұраққа жауап беріп қойды. ведомстводағылар Қ.Тоқаевтың сайлауға түсуіне Женевадағы жұмысы кедергі келтірмейтініне сенімді.

"Бұл қызметтік қажеттілікке байланысты болатын. Қазақстан Республикасы оны жіберді, сондықтан бұл оның сайлауға түсуіне тосқауыл болмайды" деді Әділет вице-министрі Наталья Пан.

Кандидаттар мемлекеттік тілді қаншалықты деңгейде еркін меңгеруі тиіс?

"Мемлекеттік тілді еркін меңгерген" тұлға қазақ тілінде сауатты жазып, оқып, өз ойын қиындықсыз жеткізетін және көпшілік алдында еркін сөйлей алуы тиіс. Бұл норманы 1998 жылы талқылаған Конституциялық кеңес осылай деп шешті.

Президенттікке кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгеруі лингвистикалық комиссияның қорытындысымен анықталады.

Лингвистикалық комиссия ОСК қаулысымен тіл мамандары мен басқа да мамандардан (бес адамнан кем емес) құрылады. Оның құрамы Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрлігімен мақұлданады. Бұрынғы сайлауларда комиссия мүшелері Мырзатай Жолдасбеков, Әбдуәли Қайдар, Сейіт Қасқабасов, Өмірзақ Айтбайұлы, Рымғали Нұрғалилар болды.

Бұрынғы кезектен тыс сайлауларда 2015 жылы үміткерлер үш деңгейден тұратын емтиханнан өтті:

  • Лингвистикалық комиссия ұсынған тақырыпқа екі беттен кем емес көлемде жазба жұмысын орындады;
  • Комиссия ұсынған мәтіннен үш беттен артық емес көлемдегі үзінді оқыды;
  • 15 минуттан кем емес уақытта тапсырылған тақырыпта жұрт алдында сөйледі.

ОСК мүшесі Ләззат Сүлейменнің сөзінше, осы жолы да емтихандар осылайша өтті. Ашық түрде өткізілген емтихан қорытындысын ОСК өз сайтында жариялап отырды.

Жазбаша жұмыстарға бір сағат беріледі. Қажеттілігіне қарай тағы жарты сағат берілуі мүмкін. ОСК мүшесі биылғы сайлауда "Менің халқым – менің отаным", "Біздің күшіміз бірлікте", "Рухани құндылықтар", "ҚХА-халықтар жетістігі", "Абайдың қара сөздері" тақырыптары берілгенін мәлім етті.

Оқуға Абайдың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Мағжан Жұмабаевтың, Мұқағали Мақатаевтың, Фариза Оңғарсынованың шығармалары беріледі.

Көпшілік алдында сөйлеуге үміткерлерге бір сағат беріледі. Бұған дейінгі сайлауларда "Жаһандану: үміт пен күдік", "Халық бірлігі" тақырыптары берілген.

Кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгеруін анықтау рәсімі кандидатурасы келесі сайлауға ұсынылған сайланып қойған Президентке қолданылмайды. Сайлау туралы заңда осылай делінген.

Берік Имашевтің айтуынша, Қ.Тоқаевтың мемлекет басшысы лауазымында отырған мерзімі ҚР Президенттігіне сайланған мерзімге жатқызылмайды.

"Ол қазір Президент Назарбаевтың қалған мерзіміндегі құзіретін жүзеге асырып отыр" деп түсіндірді ОСК төрағасы.

Сайлауға қатысу үшін кандидат қанша қаражат салуы керек?

Кандидат ОСК есебіне 50 ең төменгі жалақыдан кем емес сайлау жарнасын енгізуі керек (1 ЕТЖ = 42 500 теңге), яғни 2 млн 125 мың теңге.

Егер сайлау қорытындысы бойынша кандидат сайлаушылар дауысының кемінде бес пайызын алса, енгізілген жарна өзіне қайтарылады. Сондай-ақ кандидат қайтыс болған кезде де жарнаны қайтару қарастырылған. Қалған жағдайлардың бәрінде енгізілген жарна қайтарылуға жатпайды және республикалық бюджет кірісіне алынады.


Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Выборы президента в Казахстане: основные правила и требования к кандидатам


Президенттікке кандидатты тек қоғамдық ұйымдар немесе саяси партиялар ұсына алады

Сайлауға өзін-өзі ұсыну 2017 жылы жойылды.

Президенттікке кандидаттар ұсыну сайлау жарияланған күннен кейінгі күні басталып, яғни 10 сәуірден бастап, сайлауға екі ай қалғанда 28 сәуір күні жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталды.

Қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар бір ғана кандидат ұсына алады. Және ол адам оның мүшесі болуға міндетті емес.
Кандидат ұсыну туралы шешім республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауыспен қабылданады және хаттама үзіндісімен рәсімделеді.

Содан соң Президенттікке кандидат өзі немесе өзінің сенімді өкілдері арқылы сайлаушылардың 1%-нан кем емес қолын жинауға тиіс. Жоғарыдағы талаптарға сәйкестігі расталғаннан кейін қол жинау парақтарын ОСК-на ұсынады.

2019 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ҚР ОСК сайлаушылар тізіміне дауыс беруге құқылы 11 млн 914 мың 19 азамат енгізілген. Осылайша әр кандидат 118 мың 140 қазақстандықтың қолын жинауы тиіс.

Қол қойылған қағаздар аумақтық сайлау комиссиясына тапсырылады, ол жерде он күн ішінде жиналған қолдардың жарамдылығы тексеріледі және ОСК-на жолданады.

Кандидаттарды тіркеу

Президенттікке кандидат ретінде тіркеу үшін үміткерлер ОСК-на өзі мен жолдасының (жұбайының) 2019 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша табыстары мен мүліктері туралы декларация тапсырғаны туралы мемлекеттік органның анықтамасын, сондай-ақ денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытындысын тапсыруы керек.

Кандидаттарды тіркеу 6 мамыр күні сағат 18.00-де мерзімінен бұрын аяқталды.

ОСК кандидатты тіркегеннен кейін 7 күннен кешікпей барлық мәліметтерін көрсете отырып БАҚ-да тіркеу туралы хабарлама жариялайды және кандидаттарға куәлік ұсынады.

Егер кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған күні екі кандидаттан аз адам тіркелсе, ОСК 20 күннен артық емес мерзімге кандидаттарды ұсыну мерзімін ұзартады.

ОСК қандай жағдайларда кандидатты тіркеуден бас тарту мүмкін?

Төмендегі жағдайларда ОСК кандидатты тіркеуден бас тартады немесе тіркеу туралы шешімнің күшін жояды:

  • Кандидатты ұсыну ережелері бұзылса, үміткер тіркеуге қажетті құжаттарды ұсынбаса;
  • Мемлекеттік кіріс органдары кандидаттың кірістері мен мүліктері туралы декларацияда ұсынған ақпараттарын дәйексіз деп таныса;
  • Кандидат Конституция және "Сайлау туралы" заңның талаптарына сәйкес келмесе;
  • Сайлауалды компанияда кандидат өзінің лауазымдық және қызметтік жағдайын пайдаланса;
  • Кандидат сайлауалды үгіттеу жұмыстарын кандидатты тіркеу мірзімі аяқталғанша, сайлау күнінде немесе оның алдындағы күні жүргізсе;
  • Сот кандидаттың және (немесе) оның сенімді өкілдерінің басқа кандидаттың ар-намысын таптайтын, абыройын түсіретін өтірік ақпараттарын таратқанын анықтаса;
  • Сот кандидат мен оның сенімді өкілдерінің сайлаушыларды сатып алу фактісін анықтаса;
  • Сондай-ақ "Сайлау туралы" конституциялық заңмен белгіленген басқа да жағдайларда.

Сайлауға екі және одан да аз күн қалғанда кандидатты тіркеу туралы шешімді жоюға немесе бұрын тіркеуден алынып тасталған кандидаттың тіркеуін қайта қалпына келтіруге жол берілмейді.

Тіркеуден бас тарту туралы ОСК шешіміне он күнде кандидаттың өзі немесе оны ұсынған қоғамдық ұйым шағым түсіре алады. Ол үшін Жоғарғы сотқа шағым түсіру керек. Жоғарғы сот шағымды түскен күннен бастап он күн ішінде қарайды. Ол түпкілікті шешім болып саналады.

Өз кандидатурасын қайтарып алуға бола ма?

Иә, дауыс беруге екі күн мерзім қалғанға дейін, тіркелген күннен бастап кез келген күні оған құқылы. Бұл үшін ОСК-на өтініш жазу керек.

Бұдан бөлек аймақтық қоғамдық ұйымның жоғарғы органы ОСК-на тиісті ұсыныстарын тапсыра отырып, тіркеуге дейін кез келген уақытта және одан кейін кандидатты ұсыну туралы өз шешімінен бас тарта алады.

Кандидатурасы қайтарып алынса немесе мәжбүрлеусіз кандидатты ұсыну туралы шешім жойылса, ОСК қоғамдық ұйымға бұл кандидатты сайлауға өткізуге қатысты кеткен шығындарды ұсынуға құқылы.

Президенттікке кандидаттың сайлау қорының көлемі

  1. Кандидаттың өз қаражаты мен кандидатты ұсынған республикалық қоғамдық бірлестік бөлген қаржы есебінен құралады. Оның жалпы сомасы ең төменгі жалақы мөлшерiнің он екі мың еселенген сомасынан немесе 510 млн теңгеден аспауы тиіс.
  2. Республика азаматтары мен ұйымдарының ерікті салымдарынан тұрады. Оның жалпы сомасы ең төменгі жалақының он бес мың еселенген сомасынан, яғни 637,5 млн теңгеден аспауы тиіс.

Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары

Тіркеу аяқталғаннан кейін басталды. 11 мамыр сағат 18.00-ден басталған жұмыстар 8 маусым күні сағат 00.00-ге дейін жалғасады.

8 маусым – сайлау алдындағы тыныштық күні.

Сайлау учаскелері 9 маусымда сағат нешеде ашылады?

Дауыс беру 9 маусымда жергілікті уақытпен сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін жүргізіледі.

Қазақстанның жаңа Президентінің есімі қашан белгілі болады?

Сайлаудың түпкілікті қорытындыларын анықтап, жариялауға, сондай-ақ сайланған президентті тіркеуге ОСК-на 7 күн қарастырылған. 16 маусымға дейін ОСК жаңа мемлекет басшысының есімін ресми түрде жариялайды.

Авторы Серікжан Мәулетбай, Жадыра Жұлмұхаметова.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter