Тікелей эфир

Қазақстанда 9 маусым күні кезектен тыс президент сайлауы өтеді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 маусымда президент сайлауы өтетінін хабарлады. Президент бұл туралы бүгінгі үндеуінде мәлім етті.

– Құрметті қазақстандықтар. Бүгін мен аса маңызды үндеу жариялап отырмын. Еліміздің Конституциясына сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешім қабылдадым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде бұл шешімнің оңайға түспегенін, саяси тараптармен жан-жақты талқылағанын атап өтті. Үндеудің толық мәтіні:

"Құрметті отандастар!

Мен бұл жауапты шешім бойынша Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен ақылдастым. Парламенттің қос палата спикерімен, Премьер-Министрмен кеңестім. Конституциялық кеңестің келісіміне жүгіндім. Парламенттегі партия жетекшілерімен кездестім.

Кезектен тыс сайлау туралы шешімді қабылдау – өте маңызды әрі қажетті қадам. Біз Елбасының арқасында тәуелсіз, қуатты мемлекет құрдық. Қазақстан халықаралық жүйеде өзіне лайықты орнын алды. Бізді ықпалды және белді мемлекет ретінде бүкіл әлем мойындады. Қазіргі таңда тарихи кезеңді бастан өткеріп отырмыз. Жоғарғы билік заңды және бейбіт жолмен ауысты. Бүкіл әлем қоғамдастығы түсіністікпен қарап, оны құрметпен қабылдады.

Мемлекет басшысы ретінде мен өзімнің міндетімді және жауапкершілігімді терең сезінемін. Президент лауазымына кіріскеннен бастап өңірлерді аралап жүрмін. Халықтың көңіл-күйін жақсы білемін. Зиялы қауыммен, еңбек ұжымдарымен, бизнес өкілдерімен, инвесторлармен, халықаралық тұлғалармен кедестім. Біз Елбасының сара жолымен жүреміз. Халқымыз біртұтас, тәуелсідігіміздің ең жоғарғы құндылығы ретінде мемлекетімідің іргесі мығым. Алдағы президент сайлауы осыған дәлел болу керек.

Сондықтан елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге айқындық қажет. Оның үстіне, әлемдегі ахуал бұлыңғыр болып тұр. Бұл – Отанымыздың қауіпсіздігіне сын, қауіп-қатер әкелуі мүмкін.

Ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықты сақтап, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды ойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыруымы керек. Сол үшін аталған шешімді қабылдадым. Мұндай шешім тек халықтың тікелей еркімен сайлауда қабылдануы қажет.

Қазақстан – демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен мемлекет басшысы ретінде сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін. Бұл – менің берік ұстаныным. Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни, сіздерге сенемін.

Қадірлі отандастар! "Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді" дейді дана халқымыз. Баршаңызды алдағы сайлауға барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Еліміздің келешегі, әр отбасы мен әр азаматтың тағдыры сіздердің шешімдеріңізге тікелей байланысты".

Үндеу жариялай сала, Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Жарлықта ол:

  • Орталық сайлау комиссиясына кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастырып, өткізуді;
  • ҚР Үкіметіне кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыруға қажетті материалды-техникалық және қаржылай шараларды қолға алуды;
  • Облыс әкімдеріне, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдеріне сайлау құқығына ие азаматтардың тізімін уақытылы және дұрыс жасап, орталық, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына кезектен тыс сайлауды ұйымдастыру үшін қажетті қолдау білдіруді тапсырды.

Президент сайлауы ол туралы жарияланғаннан кейін екі ай ішінде өтуі керек. Конституцияға сәйкес, Президентті халық бес жылға сайлайды.

Қазақстан жалпыхалықтық сайлау бес рет – 1991, 1999, 2005 (тарихтағы жалғыз кезекті сайлау), 2011 және 2015 жылдары өткен.

Бұл сайлаулардың бәрінде Нұрсұлтан Назарбаев жеңіп келді.

Ал, 2019 жылдың 19 наурызы күні сағат кешкі 19.00-де тәуелсіз Қазақстанның тарихында Президент алғаш ретөз өкілеттілігін тоқтатқан болатын. Оның президенттік мерзімі 2020 жылдың соңында аяқталып, сайлау туралы заңға сәйкес, сол жылғы желтоқсанның алғашқы жексенбісінде президенттік сайлау өтуі керек еді. Назарбаев өкілеттілігін ерте тоқтамын дегенде, халық кезектен тыс сайлауды тағайындайды деп күткен. Алайда, Назарбаев билікте заңға сәйкес транзит жасаймын деді.

– Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелген. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады, – деген Назарбаев үндеуінде.

Бұл мәлімдеменің ертеңінде-ақ, 2019 жылдың 20 наурызында сағат 12.00-де ҚР Парламент Сенатының төрағасы болған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылғы сайлауға дейін Қазақстан Республикасының Президенті болып Ант қабылдады.

ҚР Заңдарына сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент – Елбасы (Ұлт көшбасшысы) мәртебесінде, елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, "Нұр Отан" партиясының Төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесі болып қала берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттікке келе сала білек сыбанып жұмысқа кірісті деуге болады. Астана атауын өзгертті, бюджет қызметкерлерінің жалақысын шілде емес,маусымнан бастауға бұйрық берді, ел ішінде – Түркістан облысына, сыртқы саясатта – Ресейге сапар жасап келді.

Ал, күні кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаеваны (Тоқаев Президент болған күні Сенат бұрын депутат болған Дариға Назарбаеваның төраға етіп сайлаған – авт.), Премьер-Министр Асқар Маминді, Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәмиді, Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божконы қабылдады.

Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, кездесу барысында Қазақстан Республикасының ішкі саясатына қатысты өзекті мәселелер талқыланған.

Сарапшылар ішкі саясаттағы өзекті мәселенің бірі ретінде мерзімінен бұрын өтетін президенттік сайлауды атаған еді.

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі саяси партиялардың өкілдерімен кездесті.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары