1995 жылы 1 наурызда сол уақыттағы ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қазақстан халқы ассамблеясы (бастапқы атауы – Қазақстан халықтары ассамблеясы) мемлекет басшысы жанындағы кеңесші орган ретінде құрылды. Ал 2007 жылғы мамырда Конституцияға өзгеріс енгізіліп, ассамблеяға конституциялық мәртебе берілді. Соған сәйкес, парламент мәжілісіне ассамблеядан 9 депутат сайлау құқығы берілді. Осы арқылы ұйымның қоғамдағы саяси рөлі айтарлықтай артқан еді. Ұйымның тағы бір ерекшелігі – ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан халқы ассамблеясын өмір бойы басқару құқығы тиесілі.
Бүгінде ассамблея этносаралық келісімді, қоғамдық толеранттылықты және халық бірлігін одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасаушы ұйым болып саналады.
Ассамблея жыл сайын бюджеттен жеткілікті деңгейде қаржыландырылып отыр. Мысалы, былтыр ассамблея мен оның бөлімшелеріне 588 миллион теңге бөлінді. Биыл да сол көлемде қаржы алған. Одан бөлек, ассамблеяның форумдары мен жиындарына жеке қаражат қарастырылады.
Оқи отырыңыз: Бала денсаулығы қымбат па, әлде сапалы білім бе? Сараптама
"Ел тұрақтылығын сақтап отырған ассамблея емес"
Саясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше, ассамблея саяси институт ретінде мемлекетке ғана қажет.
"Әрбір ұлттың "төменінен" белгілі бір көсемдер шыққан уақытта түрлі бағыттағы саяси ойындар, саяси өзгерістер алып келуі мүмкін. Мысалы, 1991 жылғы Өскеменде болған сепаратизм оқиғасы. Сондықтан үкімет әрбір ұлттың ішінен бір адамға сен басшысың деп ақша беріп, бағыт беріп, қолында ұстап отыруға тырысты. Бұл саяси ойын есебінде құрылған институт", – дейді саясаткер.
Оның айтуынша, қазақ халқы дархан көңілі мен кең жүрегінің арқасында ассамблеясыз да кез-келген халықпен тату өмір сүре алады.
"Ассамблеяның қазаққа қажеті жоқ. Ұлтаралық қандай да бір түсінбеушілік қай уақытта да болады және соны басатын институт керек дегенге қарсымын. Кезінде президенттің өкілеттігін ұзартайық деп бастама көтеретін бір ұйым керек болды. Оған ассамблеяны дайындап қойды. Қазіргі функциясы осындай. Бірақ, оны Қазақстандағы тұрақтылықты сақтап отырған институт есебінде көрсеткілері келеді. Ал шындығында тұрақтылықты сақтап отырған ассамблея не елбасы емес, қазақ халқы екенін мойындауымыз керек", – дейді ол.
Дос Көшімнің сөзінше, ассамблеяның басты кемшілігі – олардың қатарынан ваканттық орын беріп, парламентке депутаттардың баруы. Бұл – әділетсіздік, құқық шектеу, дискриминация, тіпті қазақ халқын қорлайтын іс.
Оқи отырыңыз: "Қазақфильмдегі" өрт: кино өнерін бизнеске айналдырып, қазынаға қол салып жүргендер кім? Сараптама
Ассамблеяның міндеті не?
"Бұрын ұйым "Қазақстан халықтары ассамблеясы" аталған еді ғой. 2007 жылы Қазақстан халқы ассамблеясы болып өзгертілді. Ондағы мақсат: елді "Бір халық, бір Отан, бір идеяға" топтастыру еді. Бүгінде ұйым осы мақсат жолында жұмыс істеп отыр", – дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім РММ төрағасы Мәлік Отарбаев.
"Басқа көптеген ұлт пен ұлыстар мекендейтін елдер бар. Бірақ, оларда мәдениетті сақтау, өз тілінде оқу сияқты мәселелерді қарастыратын "Аз ұлттар министрлігі". Өркениетті елдерде мұндай ведомстволар аз ұлттармен жұмыс істейтді, олардың құқығын қорғайды, жәрдем береді және ұлттық құндылықтарын жаңғыртумен айналысады. Алайда тек Қазақстанда ғана ассамблея бар. Біз неге өзге елдердің тәжірибесін алмаймыз?" – дейді Дос Көшім.
"Халыққа пайдасынан зияны көп орган"
Саясаткер Мұхтар Тайжан да ассамблеяны жасанды, елге зияны көп ұйым деп есептейді. Ол ел ішінде қақтығыс болғанда ассамблея бас көрсетпесе, басқа уақытта өткізген жиын мен форумнан халыққа пайда жоқ деген пікірде.
Қазақ ұлтын аз ұлттармен теңестіреді
Мұхтар Тайжанның айтуынша, ассамблеяның ең зиян тұсы – қазақ ұлтының құқығын аз ұлттардың құқымен тең қылуы.
"Қазақстанда 13 миллион қазақ бар. Біз көп ұлтты мемлекетпіз, Қазақстанда 128 ұлт бар деген өтірік. Өйткені, ішінде кейбір ұлттан бір-екі адам ғана бар. Сонда олар қазақпен тең болғаны ма?" – дейді ол.
Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми сараптамалық кеңесінің төрайымы Айгүл Сәдуақасова әр елдің өз құрылымы мен тарихы бар деп есептейді.
"Бір адам ұлт құрай алмайды"
"2009 жылы халық санағында қазақ халқының үлесі 69 пайызды құрады деген ақпарат шықты. Артынша бұл ақпаратты теріске шығарып, 69 емес, 66, одан кейін тіпті 63 пайыз деп ақпарат таратты. Бұл не үшін жасалды? – дейді Мұхтар Тайжан. – Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы: "егер мемлекеттің үштен екі бөлігін бір ұлт құраса, онда бұл моноұлттық мемлекет деп саналады" деген. Сондықтан қазақ ұлтының санын азайтып көрсету соңғы санақ үшін маңызды болды. Бүгінгі қазақ ұлты 69 пайызды құрады деген статистика да жалған".
Ол сөзіне тұздық етіп марқұм демограф Мақаш Тәтімовтың болжамын келтірді:
"Мақаш Тәтімов деген демограф ағамыз: "2009 жылы қазақ ұлты 69 пайызды құрайды. Ал 2020 жылы қазақ ұлтының үлесі 80 пайызға жетеді" деген болжам жасаған еді. Бұл, міне, шынайы болжам".
Ассамблеяның статусы қандай?
Саясаттанушы Дос Көшім ассамблея қандай ұйым екенін осы күнге дейін түсіне алмай жүренін айтады:
"Кеңес болса, онда неге 9 адам парламентке депутат болып барады? Бұл заңсыздық болар еді. Біз бұл ұйымның статусын әлі анықтай алмай жүрміз. Бұл қоғамдық ұйым ба, әлде мемлекеттік ұйым ба? Егер мемлекеттік ұйым болса, кеңес деген атаудан айырылу керек.
Мемлекеттің 2 түрі бар:
- Ұлттық негіздегі құралған мемлекеттер. Бұл топқа әлемдегі елдердің басым бөлігі жатады: Франция, Германия, Италия, Жапония және т.б.
- Иммигранттар келіп басып алған жеріндегі мемлекеттер. Мысалы, АҚШ, Австралия, Жаңа Зеландия, Канада және т.б.
"Көп ұлтты мемлекет деген сөз саяси термин ретінде ғана қолданылады", – деген Дос Көшім Қазақстанның бір ғана ұлттың негізінде құралған мемлекет екеніне тоқталды:
"Бұл – қазақ мемлекеті. Дей тұрғанмен, Қазақстанда тұратын барлық азаматтардың құқығы бірдей. Ешкімге артықшылық берілмейді. Сайлауда 99 пайыз ұйғырлар парламентке барса да, президент орыс болса да, мен қолдауым керек. Өйткені, бәріміз теңбіз. Жақсы, бірақ, 3 нәрсе мойындалуы тиіс. Олар:
- Қазақстан – қазақ мемлекеті;
- Қазақстан жері – қазақтың жері;
- Қазақ тілі – мемлекеттік тіл.
Сонымен қатар, Дос Көшім ассамблеяға деген реніш келесі 2 мәселе төңірегінде туындайтынын атап өтті.
- Ассамблея көп жағдайда халықтың сенімен айырылған биліктің қолбаласы рөлін атқарады.
- Ассамблея алғашында қазақ мемлекетін қорғау үшін құрылғанымен, осы бағыттағы жұмысы өте нашар. Ассамблея сессиясында неге бәрі қазақша сөйлемейді. Неге басшылары қазақ тілін мойындамайды немесе үйренбейді? Ұлттық құндылықтарды жүзеге асыру кезінде ассамблея неге үндемей қалады?
Саясаткер Мұхтар Тайжан Дос Көшіммен келісе келе, қазақ жері де қазақтан басқа ешкімге керек емес екенін айтты. Мәселен, 2016 жылы "жер сатылады" деген дау туғанн кезде ассамблея өкілдері бас көрсетпеген.
Оқи отырыңыз: Билік өзгерістерге дайын ба? Сараптама"Өйткені, жердің иесі қазақ, – деп жауап берді Тайжанның сынына Мәлік Отарбаев. – Мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Біздің ұлттық мәселелерді қазақтар – өзіміз шешуіміз керек".
Этникалық қақтығыстардың себебі не?
Ассамблеяға тағылатын айыптың бірі – этникалық қақтығыстар кезінде бұл ұйымның үнсіз қалатыны. Дегенмен, ассамблея өкілі Айгүл Сәдуақасова бұл сынның орынсыз екенін айтады. Өйткені, ассамблея өкілдері Қордай оқиғасы, Ұйғыр ауданы, Шорнақ, Қасқабұлақтағы шиеленісте де болған. Себебін анықтау үшін арнайы зерттеулер жасаған. Оған жаңадан құрылған қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының сарапшылары да қатысқан.
Оның ойынша, бұлар – мүлде этникалық қақтығыстар емес.
"Сыртқы көрінісі этносаралық шиеленіске ұқсағанымен, терең зерттей келе, экономикалық, әлеуметтік, тіпті криминалдық сипатты көруге болады, – дейді Айгүл Сәдуақасова.
Ол шиеленістің ауылдық жерде болуы – көп жылдан бері шешілмей келе жатқан елді мекендер мәселесінің салдары екенін де сөз етті.
Халық неге мұндай қақтығыстарды ұлтаралық сипатқа ие деп түсінеді?
"Мен "ұлтаралық қақтығыс" деген ұғымды мойындамаймын", – дейді Дос Көшім. – Қазақ пен өзге ұлт арасындағы қақтығыс десек, дұрыс болады. Себебі, мен басқасын көрген жоқпын. Бұл жерде "неге халық осы қақтығыстарды ұлтаралық деп түсінеді?" деген сұраққа жауап іздеген дұрыс. Иә, адам өлтіру – криминал. Бірақ, неге халық криминалды көрмейді де, ұлтаралық шиеленісті бірден байқайды? Осы сұраққа өз-өзімізге шынайы жауап бапсақ, мәселе айқын көрінеді".
Қазақ ұлтының статусын мемлекеттің иесі ретінде ресми түрде заңдастыру қажет пе?
"1993 жылы қабылданған Конституцияда "қазақ халқы – мемлекет құраушы ұлт" деген норма болған. Қазір ол жоқ, алынып тасталған. Бізге осы норманы қайтару керек. Одан мемлекеттік идеология өзгереді. Осылайша, біз көп ұлтты мемлекетпіз деген ұраннан арыламыз. Сәйкесінше, біздің ұлттық саясатымыз да өзгереді", – дейді саясаткер Мұхтар Тайжан.
(Материал 31 телеарнасының "Неге?" ток-шоуында айтылған пікірлер негізінде әзірленді)