Бүгінде баспана мәселесі әскерилердің де бас ауруына айналған-ды. Үйсіз-күйсіз жүргендердің көбі пәтер жалдап, туысын сағалап жүр. Үй салып, сатып алуға қол қысқа.
Енді 2018 жылдан бастап әскерилердің жоғы түгенделетін болды.
Күйлі болдым дегенше, үйлі болдым десеңші...
Жыл сайын әскерилерге тұрғын үйді жалдап тұруға өтемақы төленгенімен, баспана мәселесі шешілмеген еді. Оның үстіне әскери қызметтен босасаң, пәтер жалдауға берілетін бюджеттік қаржыдан қағыласың. Сөйтіп, көп жағдайда үйсіз-күйсіз қалады. Байыбына бара келе, бес жылдан кейін нақты шешімі табылды.
Оқи отырыңыз: Әскери қызметкерлерге баспана беру тәртібі өзгерді
Негізі баспана жалдауға берілетін өтемақы тек 2012 жылдан бері ғана төленіп келе жатыр. Енді ол тұрғын үй төлемдеріне ауыстырылады. Қаражат бұрынғыдай әскеридің қолына берілмейді. Нақтырақ айтқанда, екінші деңгейдегі банктерде ашылған жеке арнайы шоттарына аударылатын болды.
Бұйыртса, осылай 60 мың қазақстандық әскери қызметкердің барлығы дерлік баспаналы болады.
Енді әскерилердің пәтер алу жолдарын талдауға кіріселік. Алдымен...
Бүгінде әскери қызметшілер тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекке тұрып, банкте арнайы есепшотын ашуға кірісіп кетті. 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап қаржы әскерилердің қалтасына емес, банкке түсетін болғандықтан, үй алғанша пәтер жалдап тұрады. Қиналып қалмас үшін қазірден бастап осы тұсын ойластыру керек.
Оқи отырыңыз: 60 млрд теңге жеңілдетілген несие. Биыл "Әскери баспанамен" кімдер үй ала алады?
Пәтер алу үшін әскеридің қалтасынан бір тиын да кетпейді
Баспана мәселесінің байыппен шешілетінін Қорғаныс министрінің орынбасары Әбілқайыр Сқақов айтты.
– Әскери қызметшілер кез келген өңірден, әрі өз таңдауы бойынша жекеменшік баспаналы болады. Әскери қызметтегі жылдарына қарамастан, барлық әскери қызметшілер баспанамен қамтамасыз етіледі. Үйді бөлу кезінде баспанаға мұқтаж әскери қызметшінің отбасы құрамы есепке алынады, – дейді.
Төлемнің мөлшері қалай белгіленеді?
Бұған әскерилердің басым көпшілігі алаңдап отыр. Жалпы бұл негізінен тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы орындалатын ипотекалық жоба болғалы тұр.
– Төлемдердің мөлшері тұрғын үйдің бір шаршы метрін жалға алу бағасына көбейту жолымен айқындалады. Әскери қызметшінің өзін қоса алғанда, отбасы мүшелерінің әрқайсысына он сегіз шаршы метрдің ақшасы аударылады, – дейді осы сұраққа жауап берген Әбілқайыр Сқақов.
Мысалы, оның айтуынша, Астана қаласында бір шаршы метрді жалға алу құны 2361 теңгені құраса, ал Тараз қаласында 895 теңге.
Оқи отырыңыз: 27 жастан асқандар әскери билетті қалай алады?
Енді есептей беріңіз. Бұл көрсеткіш 2017 жыл бойынша белгіленген. 2018 жылдың қаңтар айындағы бағасы ақпанда
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінде анықталады.
– Байқағаныңыздай, Елордада қызмет ететін әскерилер екінің бірінің қолы жете қоймайтын пәтерді алуына толық мүмкіндік бар. Баспаналы болған әскери қызметші тұрғын үйде тұру ережесін сақтап, шағын жөндеу жұмыстарын жүргізіп,пәтерін күтіп баптап ұстауы керек. Тек қана коммуналдық шығындарды төлеп отырса болғаны, – деп атап өтті ол. 2012 жылы қабылданған заң аясында барлық құқықтар қаузалған. Танысамын десеңіздер, сілтемесі мінекей.
Тұрғын үйдің төлем мөлшерін түсіндіре кетсек
Әскери қызметші үйленбеген болса, 18 шаршы метрді жалға алу құны ай сайын банктегі есепшотқа салынады. Бір адамға шаққанда он сегізді 2361 теңгеге көбейтсек, 42 498 теңге шығады.
– Егер енді ғана отбасын құрған болса, екі адамға тиесілі қаржыны алады. Екі бала-шағасы барларға 169 992 теңге аударылса, Тараз қаласында 64 440 теңге төленеді, – деп түсіндірді Әбілқайыр Сқақов.
Түсініңкіремей жатқандар, отбасы мүшесінің санын 18 шаршы метрдің құнына көбейтсе болғаны. Әскери қызметкер гарнизонды ауыстырған кезде де, жеңілдіктер сақталады.
Оқи отырыңыз: Әйелдер ипотекасы мен "Корпоратив" бағдарламасы. Баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктері қандай?
Ажырасқан жағдайда ше?
Әскери қызметкерлерге ажырасу тиімсіз екенін қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров айтқан еді.
– Ерлі-зайыптылар ажырасқан жағдайда әскери қызметкердің жұбайына тұрғын үй төлемін төлеу тоқтатылады. Өйткені, әйелі отбасы мүшелерінің қатарынан шығып кетеді. Ал, оған дейін берілген төлемақы бірлесіп тапқан мүлікке жатады және екіге бөлінеді. Сондықтан, төлемақы едәуір азайып, тұрғын үй тек әскери қызметшінің өзіне ғана беріледі, – деген еді ол өз сөзінде.
Мәжіліс спикері Нұрлан Нығметулиннің "Әскерилерге күйеуге шығыңыздар, олар бұйрықпен бәрін жасайды" деп әзілдегенін журналистер жарыса жазды.
Ерлі-зайыптылардың екеуі де әскери қызметкер болған жағдайда, төлемақының үй иесі төленетіні айтылған болатын.
Оқи отырыңыз: "Бақытты отбасы"-мен баспана алу үшін үйдегі бір адамның табысы 42 500 теңгеден аспауы керек
Төлемақының қаржысын мына мақсатта жұмсай алады:
– Ипотекалық кредитті (қарызды) пайдалана отырып, тұрғынжайды меншікке алуға;
– Бұрын алынған ипотекалық кредитті (қарызды) өтеуге;
– Тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу немесе кейіннен сатып алатын тұрғын жайды жалға алу ақысын төлеуге;
– Тұрғын үй-құрылысы кооперативіне қатысу кезінде жарналарды төлеуге;
– Жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге, тұрғын үй жағдайын жақсартуға;
– Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі жинақтарды толықтыруға болады. Тек қана "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі"-сінен емес, басқа банктерден де несие алып, соны төлеуге де мүмкіндік береді екен.
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі
"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі"-сі арқылы баспана қалай алуға болады
Әскер қызметтегі адам алдымен банк берген тізімдегі құжаттарды өткізу керек. Осыдан кейін, мемлекеттен бөлінетін қаржыға сай пәтерді іздейді.
Қаржы ұйымы жылына 6,9 %-дан 7,8%-ға дейін несие беруге келісіп отыр. Ал, қорда қаржысы барларға 5 пайызға дейін төмендетілген несие ұсынады. Бұл жоба әскерилер үшін тиімді. 12-15 жыл ішінде қарызды өтеп, пәтерді толықтай иеленетін болады. Оған дейін алынған пәтер банкте кепілдікте тұрады.
– Әскери қызметкер ешқандай жарна құймастан бірден несие рәсімдей алады, алайда оның сомасы айтарлықтай аз болады. Ал, егер ол банкпен бірлесіп алғашқы жарнаның 30% жинаса, онда ол сәйкесінше шаршы метрі үлкен, жақсырақ пәтер ала алады, – деген еді "Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова. Толығырақ сілтемеге өтіп біле аласыздар.
Қарыз дегенде, әскеридің жеке қалтасынан ешқандай ақша шықпайды. Ипотекасын мемлекет төлеп отырады. Пәтерден пәтерге көшіп, сабылып жүрмейді. Тұрғын үй тұрғын үй комиссиясының шешімімен кезек тізіміне сәйкес беріледі. Банк өз үлесін алады, ал әскерилер жекеменшік баспанаға ие болады.
– "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әскери қызметші тұрғын үйді мүліктік жалға беруге және кіріс алуға құқылы, – дейді Әбілқайыр Сқақов.
Оқи отырыңыз: Биыл ипотекаға пәтер алу жеңілдей түсті. Жылжымайтын мүлік нарығы қалай өзгереді?
Бұл заң жобасы үш санаттағы әскерилердің барлығына қатысты
– Осы күнге дейін бюджеттен бөлінетін қаржы І топтағы әскери қызметкерлерді (10 жылден кем қызмет еткендер) ғана арендалық баспанамен қамтуға жетті. Тұрғын үй қорының шектеулілігіне байланысты қазынадағы пәтерлер бәріне бірдей жете бермейді. Енді әділеттілік орнап, түйткілді мәселе тасада қалмайды. ІІ және ІІІ топқа жататындарға да (10 және 20 жылдан артық қызмет еткендер) тұрғын үй төлемақысын қарастыру көзделіп отыр, – дейді Әбілқайыр Сқақов.
Бұл тұста 2012 жылдан бастап жұмысқа орналасқан әскерилердің ешқандай айтар уәжі жоқ шығар. Ал, 2013 жылға дейін қорғаныс саласына жұмысқа тұрған қызметкерлерге еңбек өтіліне қарай төлемақы төленеді.
– Жабық және оқшауланған аймақтарда орналасқан тұрғын үйлер жекешелендіруге жатпайды. Осы үйлерде тұрып жатқан әскерилерді де жекеменшік баспанамен қамту жолы қарастырылған. Оларға тұрғын үй төлемінен екінші деңгейдегі банктегі шотына қаражат 50 пайыз мөлшерінде аударылады, – дейді ол.
Демек, берілген қызметтік үйлерде тұра береді де, жинақ жиналғаннан кейін өзінің баспанасын иеленеді. Осы тұстағы әскери қалашықтардың түрлерін түсіндіретін болсақ.
Оқи отырыңыз: "Алматы жастары 3.0" тұрғын үй бағдарламасының шарттары қандай? Бүгін құжат қабылдау басталды
Әскери қалашықтар жабық, оқшауланған және ашық болып бөлінеді. Жабық әскери қалашықтарға өткізу жүйесі белгіленген әскери қалашықтар жатады. Яғни, үйіңізге қонақ келетін болса, алдын ала тізімін өткізесіз. Құжатпен тексеріліп қана ішке кіргізіледі.
Елді мекендерден тыс орналасқан әскери қалашықтар оқшауланған болып табылады. Яғни, мұнда тұратындарға 50 пайыз қаражат тиесілі.
Оқшауланған және жабық нысанға жатпайтын әскери қалашықтар ашық деп аталады. Ал, осы ашық қызметтік үйде тұратындарға банктегі шотына қаражат 100 пайыз мөлшерінде аударылады.
Енді әскерилерге қызметтік үйлер салына ма?
– Қазіргі уақытта қызметтік тұрғын үйлердің құрылысы тек жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда жүргізіліп жатыр. Жаңа заң жобасы шеңберінде қызметтік тұрғын үй салынып жатқан жоқ. Сондықтан министрлік нарықтық тұрғын үй қорына басымдық беріп отыр. 2018 жылға арналған инфрақұрылымды дамыту жоспарына сәйкес, ескі жатақханаларға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланған, – дейді министрдің орынбасары.
Оқи отырыңыз: Көп балалы отбасыларға үй беріле бастады. Жалдамалы үйлер мен 2% несиені алу үшін қойылатын талаптар
– Қызметтік тұрғын үй ретінде әскери қызметшілерге пәтер немесе жатақхана беріледі. Әр адамға кемiнде он бес шаршы метр және көп дегенде он сегiз шаршы метр көлемінде есептеліп келді. Кемiнде бiр бөлмелi пәтер мөлшерiнде немесе жатақханадан бөлме берiледi. Тұрғын үйді бөлу кезінде жынысы әртүрлі баласы ның барлығы (жұбайлардан басқа) ескеріледі. Бірақ, бұл төлемақы жүйесіне қатысты емес, – деп тоқетерін айтты Әбілқайыр Сқақов.
Себеппен жұмыстан шығарылған әскерилерге де баспана тиісті
Оларға жұмыстан шығып кеткен уақытына дейін тұрғын үй төлемақысы төленеді.
Денсаулық жағдайына және штаттық қысқартылуға байланысты әскери қызметтен босатылғандарға да ақшалай өтемақы тиесілі. Бұл – тұрғын үй төлемақысы емес.
2013 жылғы 1 қаңтардан бастап 2018 жылғы 1 қаңтар кезеңінде шекті жасы ескеріліп,оларға мынандай талаптар қойылады:
Біріншіден, осыған дейін тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген болса;
Екіншіден, жекешелендіру құқығын пайдаланбанған жағдайда;
Үшіншіден, күнтізбелік есептеуде жиырма жыл және одан да көп қызмет етуі керек.
Оқи отырыңыз: 2020 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен кім үй ала алады?
Зейнетке сардарлар тұрғын үйсіз шықпайды
Әскери мерзімін өтеуге аз уақыт қалған қызметкерлер 15 жыл қызмет етсе, сол 15 жылғы ақшасы бірден төленеді. Әскери қызметін өтеп жүріп, шейіт болған әскери қызметшінің отбасына басқа тұрғынжай берілмей, тұрып жатқан баспанасынан шығарылмайтыны көзделген.
Айта кетейік, 11 қазанда Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыруды көздейтін заң жобасын әзірлегенін білесіздер. 30 қараша күні ҚР Парламенті заңға өзгерістер енгізіп, Президентке қол қойылуға жіберілді.
Қазіргі уақытта құжаттар тізімі әзірленіп жатыр. Заң жобасы қабылданғаннан соң, оны іске асыратын заңға тәуелді актілер қабылданады. Кейін бекітіледі.
Банктер қазір әскерилер үшін ипотекалық несие беруге дайын. Сондықтан әскерилерге тек өзіне ұнайтын үйді таңдап, құжаттарды рәсімдеу ғана қалады.