Тікелей эфир

Құрбандыққа малды қайдан алып, қалай шалған дұрыс?

Коллажды informburo.kz жасады
Коллажды informburo.kz жасады
Айтта әлемде 20 млн ірі-қара, 70 миллионға жуық ұсақ мал сойылады. Елімізде малды сататын, соятын, бас-сирақты үйітетін орындар жасақталды. Неге көңіл бөлеміз?

Астанадағы мал сату және сою орындары қызу дайындалып жатыр. Облыстардан мал тасыған жүк көліктерінің қарасы көбейген. Сонымен бірге мал соятын қасапханалар да жіті тексеріліп, қан-жын төгетін көліктер сақадай сай.

Құрбан айт және қажылық

Құрбан айт – мұсылмандардың жыл сайын атап өтетін қасиетті діни мерекесі. Үш күнге созылады. Хижра – мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижа айының оныншы жұлдызында (Арафа күнінен кейін) және Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен соң басталады.

Құрбан айт кезінде мұсылмандардың шамасы келгені қажыға барады. Айттың үш күнінде жасалатын ғибадат кезінде олар Сауд-Арабия еліндегі Мекке, Медине қалаларын аралап, пайғамбарымыз Мұхаммедтің жүрген жерлерін көреді және ізгі істерімен танысады. Құрбандық шалады.

Қазақстан Республикасының Президентінің 2005 жылғы желтоқсанның 30-ында қол қойған "Еңбек туралы" заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Құрбан айттың бірінші күні демалыс болып ресми бекітілген.

Құрбан айт мерекесін қазақ 4 күн тойлайды

Қазақ халқы құрбан айт күніне бір қалғанда "Шектік күні" – арафа деп атап, айтқа дайындалады және қайтыс болған ата-баба аруақтарын еске алып, оларға арнап құдайы тамақ – "шектік" береді, құран-хатым түсіреді.

Сонымен бірге тазалық жұмыстарын істеп, жаңа киімдерін дайындап, мерекеге дайындалады. Ертесі таңертең айт намазына барғаннан кейін құрбандық шалады. Шалған малдың етін жетім-жесірлер мен міскіндерге таратады немесе айтшылап келушілерге береді.


2018 жылғы құрбан айт намазының уаықты

2018 жылғы құрбан айт намазының уақыты / Суретті дайындаған informburo.kz


Айт намазынан кейін барлық мұсылмандар ағайын-туыстарға, дос-жарандары мен ауылдастарына "Айт қабыл болсын!" айтып, айтшылайды. Үйлерге кіріп, құран оқып, тілек тілейді.

Құрбанды не үшін шалады?

Құрбандық – мұсылман танымы бойынша Құдайдың разылығы үшін берілетін садақа, діни амал. Мұсылман ғалымдары құрбан шалуды уәжіп етілген амал санайды. Яғни, жағдайы бар адамдар шалса болады. Ол үшін ең алдымен ниеттенеді. Сосын жарамды саналған малды құрбандыққа шалады. Бұл – Ибраһим пайғамбардан келе жатқан рәсім.

Меккенің жанында Ибраhим өзінің ұлын құрбандыққа шалмақ болады. Бірақ Құран Кәрімде ұлының аты аталмайды, аңыздарда Исмаил делінеді. Алла Ибраhимнің ниетіне риза болып, ұлының орнына құрбандыққа шалуға көктен тоқты түсіреді. Содан бері Алла жолына құрбандыққа қой шалу дәстүрі жалғасып келеді. Құранда баяндалатын бұл оқиғалар (14-сүре, 41-аят; 37-сүре, 41-аят) Тауратта да кездеседі (Быт: 1-12, 22:2-12).

Құрбан шалудың мәні

Пітір – жан садақасы. Зекет – мал садақасы. Құрбандық – әр пенденің бүкіл адамзат әлемі алдында өтейтін парызын көрсететін, діни наным бойынша Құдай алдында өз миссиясын ақтауға дайын екендігін білдіретін садақа.

Бұлұтай Мұртаза Жүнісұлы – белгілі дінтанушы, мәдениеттанушы:

– Бұл жерде адамдарға жақсылық жасап, пайдалы іс істеп, ізгілікті амалдар жасап, қоғамға пайда келтіру жағы көзделген. Халықтың бір проблемасын шешіп беру, адамзатқа қызмет ету, тіпті жан-жануарлар əлемі мен жер планетасын да қорғау, тіршілік көздерін сарқа құрытпай, сақтай отырып пайдалану да – құрбандық жасаудың мақсаты деп ойлаймын, – дейді.


Құрбан айтқа әкелінген қойлар

Құрбан айтқа әкелінген қойлар / Фото informburo.kz


Садақаның үлкен-кішісі болмайды. Сондықтан әр істі жақсы ниетпен істеп, үнемі жақсы сөз айтып жүру керек. Қазақта "жақсы сөз – жарым ырыс" деген сөз бар.

Құрбанға қандай мал шалынады?

Құрбандық үшін малдың үш түрін: түйе, сиыр, қой не болмаса ешкіні союға болады. Құсты союға болмайды, ал жылқы малы Имам Ағзам жолы бойынша соғыс көлігі саналатындықтан, құрбандыққа жатпайды. Құрбандыққа қой мен ешкінің бір жасқа толғаны, түйенің бес, сиыр мен өгіздің екі жасқа толғаны сойылады. Бұлардың дене мүшелері түгел әрі сау болуы шарт.

Астанада қойдың бағасы 25-30 мың теңгеден басталады

Бұл – мал базарындағы әдеттегі тоқтылардың бағасы. Үлкен қой 40-60 мың теңгеден әрі қарай.

Тайыншаның бағасы 200 мың теңгеден деп отыр аттарын атамауды сұраған саудагерлер. Қазірше Астана төңірегінде сатылатын түйені көрмедік. Оның үстіне қазақ халқы "ұлық мал" санайтындықтан, көбінесе түйені құрбандыққа шалмайды.

Кей жерлерде малдың жетіспеушілігінен баға шарықтап, тоқтылар 30-35 мың теңгеге шығуы мүмкін. Ондайда айттың екінші не үшінші күнін күтіп, мал алушылар саябырлағанда саудаласқан жөн. Себебі, әлеуметтік желіде бағаның өскені туралы жазбалар көбейді.


Әлеуметтік желідегі құрбандық бағасының өсуі туралы шыққан жазбаның бірі

Әлеуметтік желідегі құрбандық бағасының өсуі туралы шыққан жазбаның бірі / Скриншот informburo.kz


Алматы қаласында да мал бағасы осы мөлшерде. Ал Астана мен Алматы қалаларынан басқа облыстарда, аудандар мен ауылдарда қойдың бағасы 20-25 мың теңгеден басталатыны белгілі болды.


Астананың құрбандық шалу орындары туралы хабарламасы

Астананың құрбандық шалу орындары туралы хабарламасы / Суретті жасаған informburo.kz


Қуат Сарбас, Ерейментау ауданында тұратын малшы:

– Айттың бірінші күні дәл сол тоқтылардың бағасы Астанда 25 мыңнан, тайыншаның бағасы 170-180 мың теңгеден сатылатын болу керек. Ал ауылда мал бағасы қаладан арзандау болады ғой. Қазір саудагерлер тоқтыны 20 мың теңгеден, тайыншаны 150 мың теңгеден көтеріп сатып алып, әкетіп жатыр, – дейді.


Мал базарындағы малдың жем-шөбі де дайындалыпты

Мал базарында жем-шөп те дайындалыпты / Фото informburo.kz


Саудагерлердің айтуынша, көбінесе Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстарынан мал әкеліп жатыр екен.

Кейде бір не бірнеше адам бір малды құрбандыққа шалады

Бәлиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс, тұрмысы мен өмір сүруін қамтамасыз ете алатын дүние-мүлкі мен байлығы бар адамдардың барлығы құрбандық шалулары керек. Егер жағдайы келмесе, басқалармен ортақтасып, құрбандық шалуына болады. Онда құрбан шалушы өзімен бірге құрбан шала алмаған адамға арнағанын ниеттеу керек. Бұл туралы http://islam.kz сайтында пәтуә айтылған.

Онда Сахаба Жәбір Ибн Әбдұлла: "Пайғамбарымызбен бірге құрбан айт намазын оқыдым. Пайғамбарымыз намаздан шығып бір қошқар алып келді. Құрбанға шалып жатып, "Биссмилләһи Аллаху әкбәр. Уа Раббым! Бұл (құрбандық) менің және үмбетімнің ішінен құрбандық шала алмағандар атынан" деді", – дейді.

Сонымен, бірнеше адам бірігіп те құрбандық шала алады. Мысалы, қой немесе ешкіні бір адам, бір отбасы шала алады.

Сиыр мен түйені бір адам, бір отбасы, бір жанұя, жеті адам немесе жеті отбасы бірігіп шала алады.


Алматыдағы құрбандық шалу орындары туралы хабарлама

Алматыдағы құрбандық шалу орындары туралы хабарлама / Суретті жасаған informburo.kz


Өлген адамға арнап құрбан шалуға және құрбан шалуға өкілдік беруге болады

Өлген кісі өзінің атына құрбан шалуды тапсырып кетпесе де, сауабын өліге бағыштау ниетімен Айт күндері құрбан шалуға болады. Шалған малдың етінен жеуге рұқсат. Бірақ өлінің тапсырып кеткен өсиетін орындау ниетімен шалған құрбандықтың етінен жеуге болмайды. Етін толық садақа ретінде тарату керек.

Сонымен бірге өзінің мүмкіндігі болмаса, басқа бір адамға "өкілдік" беріп, шалдыртуға болады. Ол үшін құрбандық иесі мүмкіндігі бар адамға келісіп, малдың ақшасын аударып, еңбегін төлеп, шалдырады. Мысалы осындай арнайы "құрбан шалуға өкілдік алған" компаниялар Моңғолияға, Қазақстанға да келіп, құрбандық шалып жүр.


Қой сатып алып жатқан кленттер көп

Қой сатып алушылар көп / Фото informburo.kz


Өзі еңбектеніп баққан, адал малын немесе адал ақшасына сатып алған малды құрбандыққа шалу керек.

"Малдың аяғынан ұстау және маңдайға қан жағу" ырымы

Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға дейін жалғасады. Үзір себептерге байланысты Құрбан айт намазына бара алмай қалған адамға намаз оқып болатындай уақытты күтіп, құрбан шала беруіне болады.

Құрбандыққа шалғанда малдың төрт аяғын байламайды. Бұл өз еркімен құрбандыққа берілді дегеннің белгісі. Малдың басын құбылаға қаратып, "Бисмилләһи, Аллаһу әкбар" деп иман айтып және ниеттеніп, өткір пышақпен бауыздау керек. Құрбандық шалынып жатқанда құрбандық иесі және отбасы мүшелері "құрбандық батасынан" кейін малдың аяғын ұстап, союға көмектеседі. Кейде ырымдап құрбандық қанын маңдайға жағып та жатады. Бұл – әсіресе балалар мен жастарға Құрбандық шалуға жақын болу үшін жасалатын тәрбие үшін істелетін ырымдар.


Пакистанда құрбандыққа шалынатын малды сәндейтін дәстүр бар

Пәкістанда құрбандыққа шалынатын малды сәндейтін дәстүр бар / google.kz сайтынан алынды


Байахмет Жұмабай: этнограф, жазушы:

– Тағы бір қызық салт – құрбандыққа шалынған қой-ешкінің төрт сирағын бірге пісірмейді. Үш сирағын бөлек, қалған бір сирағын бөлек қазанға салып пісіреді. Бұл Алтай қазақтары мен Маңғыстаудың, Қызылорданың бір бөлім жерлерінде бар. Бұл салт – көне түркілік танымнан келе жатқан "үштік негіз", яғни Жер асты, жер және аспан әлемі сынды үш әлемді бейнелесе керек. Бұл туралы көп нәрсе айтуға болады, – дейді.

"Құрбандықтың терісі көлеңкесін түсіріп, ыстықтан қорғайды"

Қазақ ауылындағы Құрбандық танымы әр түрілі айтылады.

Ауыл ақсақалдарының Құрбандық туралы түсінігі бойынша құдайдың разылығы үшін сойылған малдың 12 мүшесі сау болу керек. Себебі, қарасат майданы болғанда, яғни ақырзаман болғанда адамдар қияметтің қыл көпірінен өтеді екен. Ол көпірдің астындағы қызыл жалын көпірді шарпып, күнәсі көп адамдарды отқа ұшырып түсіреді дейді. Адамдар өздерінің дұрыс амалдарының пайдасын сол кезде көреді.

Соның бірі – өзіне арнап сойылған құрбандық малды мініп, осы қияметтің қыл көпірінен өтеді. Ал сол малдың терісі аспаннан түскен күннің қатты ыстығында көлеңке болады. Адамның өмірінде істеген жақсылықтары көп болса, көпірден аман өтіп жұмаққа жетеді. Бұдан құрбандыққа шын ниетпен сойылған малдан келетін сауап пен шарапаттың өте үлкен болып саналатынын көруге болады.

Міне, бұл – бала кезімізден естіп келе жатқан әңгіме.

Құрбандықтың бас-сирағы да үйітіліп, желінеді. Терісі көбінесе мешітке беріледі. Кейде теріні сатып, ақшасын садақаға береді. Ал жеуден қалған сүйектерді, малды сойған кездегі шыққан қан-жынды терең қазып, жерге көмеді. Бұл – бір жағынан ешқандай нәрсені де ысырап етпей үнемдеп пайдалану болса, енді бір жағынан тазалықты, экологияны сақтау үшін жасалған қадам.

Құрбандықтың етін кімге берген дұрыс?

Жан саны көп немесе қиыншылығы бар отбасылар құрбандық етін толықтай өздеріне қалдырады. Ал сиыр не түйе сойғандар мұқтаж жандарға таратып береді. Онда тек үш бөлекке бөліп тарату деген шек жоқ. Ең маңыздысы, мұқтаждардың не ниеті түзу адамдардың пайдасына жарап, қарнын тойдырса жетіп жатыр.


Ақша біріктіріп құрбандыққа сиыр сатып алуға шақырып жатқан хабарламалар да көбейіп кетті

Ақша қосып, құрбандыққа сиырды біріге сатып алуға шақырып жатқан хабарламалар да көбейіп кетті / Скриншот informburo.kz


Құрбандық етін оқушылар мен студенттерге, пәтер жалдаушыларға, жетім-жесірлер мен міскіндерге, ауру-сырқауларға, тіптен, діни сеніміне де қарамай таратып беретіндер бар.

Қазақстанға Еуропадан жіберілген құрбандықтар жетім-жесірлерге бөлініп беріледі

Бұл туралы Алматыдағы Атажұрт ерікті жастарының өкілдері хабарлады. Қыдырәлі Ораз:

– 19 тамызда Германиядан қоғам қайраткері Өмірхан Алтын ағамыз ұшіп келді. Ағамыз Еуропа мен Түркиядағы қазақтардың елуге жуық құрбандық малдарының өкілдігін алып келді. Аталған құрбандықтар Қытайдың саяси қысымының кесірінен екіге бөлініп, асыраушысынан айырылған отбасыларға, Қытай қысымынан қорқып,үйіне қайта алмай қалған студенттер мен оқушыларға таратылады. Қазір тізімдігі жасалып, дайындық жүріліп жатыр, – дейді.


Балалар үйіне силық тапсырып жатқан азамат

2016 жылғы құрбан айт кезі. Өмірхан Алтын Қарағандыдағы Балалар үйі тәрбиеленушілеріне сыйлық тапсырып жатыр / Фото informburo.kz


Құрбан айттың үшінші күні мал арзандайды

Құрбан айт кезінде мал бағасы өседі. Әсіресі биылғы құрбан айт жаңа оқу маусымы басталар кезге тура келіп отыр. Жұрт мал-сұлын сатып, балаларына керек-жарақтарын алатыны белгілі. Оның үстіне, малшылар осы кезде малды көптеп сатып, өз еңбектерін ақтап алуға тырысады. Қысқа қарай мал санын азайтуды да ойлайтындары болады.

Қуат мырзаның айтуынша айттың екінші күнінен әрі мал бағасы арзандай бастайды. Ал үшінші күні айтқа деп мал сатып алушылар өте аз болады. Сонымен малын сатып кетуді көздеген сатушылардың арзанға беруге де келісетін кездері. Тіптен, кей азаматтар сол күнді асыға күтеді екен.

Мал сою және бас-сирақты үйіту қызметі бір аулада орналасқан

Мал сатып алғаннан кейін сатушы көрсеткен мал сою алаңына барасыз. "Ақысын берсеңіз боқысын шығаратындар" толып жүр.

Онда әр жерде мал сою бағасы әр түрлі. Мысалы, арнайы орындарда ұсақ малды сою бағасы 2000 теңгеден басталады. Ал сирақтары мен басты үйітіп беру қызметі үшін 700-1000 теңге сұрайды. Яғни бас үйіту 500 теңгеден, сирақ үшін 200 теңге сұрайды.


Бас-сирақ үйтіп жатыр

Бас-сирақ үйітіп жатыр / Фото informburo.kz


Моңғолияға "Құрбандық шалып беріп" нәпақа тауып жүрген компаниялар келеді

Асқар Шәймарданұлы, Моңғолияда тұратын қандасымыз:

– Моңғолияда мал бағасы өткен жылғымен салыстырғанда сәл көтерілген. Тоқтылардың бағасы теңгеге шаққанда 6000-7000 мыңнан басталады, – дейді.

Асқардың айтуынша, Еуропа мен Түркиядан келген құрбан шалушылардың арнайы өкілдері топырлап келіп, құрбан шалады. Себебі, мұнда мал арзан. Сол арқылы нәпәқасын тауып жүргендер де бар.

Оның үстіне Баянөлгей қаласында биыл ауыл тасқын апатынан зардап шеккен халыққа көмектесуге келетін құрбан шалушылар да бар. Олар құрбан шалып, жұртқа таратып ғана қоймай, қиыншылығы барларға көмектеседі.

Еуропа елдері мен Түркия, Араб әмірлігі елдерінде қой бағасы 200 еуродан басталады

Ал, Еуропада, қойдың бағасы 200 еуродан басталады екен. Араб елдерінде де сондай. Онда әр күні мыңдаған қой шетелден ұшақпен алдырылады.

Темірхан Алтын, Германиядағы қандасымыз:

– Біз қазір туысшылап Түркия елінде жүрміз. Мұнда құрбандық қойдың бағасы 200 еуро мөлшерінде екен. Германияда да сондай. Біз құрбан шалу үшін ақшамызды таныстарымыз арқылы Қазақстанға жібердік. Сондағы Қытайдың қазіргі саясатына байланысты екі бөлініп, асыраушысыз қалған отбасыларға, әке-шешесі Қытайда қалып, қиналып жүрген студенттер мен оқушыларға жіберіп отырмыз. Бұл – әр қазақтың міндеті әрі құрбандықты да дұрыс шалу, – деп отыр.

Араб Біріккен Әмірлігінің астанасы Дубай қаласында құрбандық малдың бағасы 450-ден 3 мың дирхам мөлшерінде сатылады деп белгілеген. Ол қазақстанның теңгесіне шаққанда 45 мыңнан басталып 300 мың теңгеге дейін.

Құрбандық шалу үшін материалдық және моральдік жақтан кемелдену керек

Бұлұтай Мұртаза Жүнісұлы – белгілі дінтанушы, мәдениеттанушы:

– Осы екі-үш күннің ішінде әлем мұсылмандары шамамен 20 млн ірі-қара мен 70 миллионға жуық ұсақ малды сояды ғой. Жыл сайын Құрбан Айт келеді, құдды бір қасапшылық мерекесі дерсің, жыл сайын сан миллиондаған мал пышаққа ілінеді, одан өзгеріп жатқан түк жоқ.

Әрине, ізгі ниетпен жасалатын амалдарға қарсы емеспін, біреу тайыншаны сойып, етін жетімханаға берем десе, еш қарсылығым жоқ, дұрыс түсініңіздер.

Менің ойымша осындай мерекенің мақсаты одан биік, одан тереңде болуы керек. Шын ниетпен құрбандық шалынып, адамдардың өміріне, қоғамға нақты бір ізгі өзгеріс əкелуі керек.

Мысалы, құрбанды материалдық жағынан алғанда, бүкіл халық болып ағаш егейік, қоқыстарды жинайық, өзендерді тазалайық, мұқтаж кемтар адамдарға көмектесейік, жол салайық, өндіріс орындарын ашып, адамдарға жұмыс орындарын берейік... деген сияқты ізгі істер жасалса, – дейді.

– Ал, моральдік жағынан да кемелдену жалғасуы тиіс, ол үшін жаман мінездерімізді құрбандыққа шалайық; іштарлық, өсекшілдік, жалақорлық, өтірікшілік, коррупция, жалқаулық, алауыздық сияқты кері қылықтардан арылайық, адам болып тазарайық, қоғам болып тазарайық. Жастарды ғылымға, парасаттылыққа үйретейік, – дейді Мұртаза ағамыз.

Серіктестер жаңалықтары