Тікелей эфир

Ауылда жұмыс істейтін мамандарға жұмыс беруші есебінен үй салынады

Мамандар 5 жылдан кейін баспананы жарты бағасына сатып ала алады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың мәлімдеуінше, ауылда жұмыс істейтін азаматтарға арналған баспаналар салынады. Қазір бағдарламаны жүзеге асыру тетіктері ұйымдастырылып жатыр. Жергілікті атқарушы органдардың дерегі бойынша, 76 ауданда тұрғын үйге қажеттілік 285,5 мың шаршы метрді құрайды. Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 14,3 млрд теңге қаражат қарастырылмақ. Баспана жұмыс беруші есебінен салынады, оның шығынының 50 пайызын мемлекет субсидиялайды.

"Ауылда тұрғын үй салу тетігі ұйымдастырылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауылдарда қызметкерлер үшін тұрғын үй салу кезінде жұмыс беруші шығынының 50-ын субсидиялау көзделеді. Жұмыс берушілер сол ауылдарға қандай мамандар керек екенін нақтылайды. Кейін өз тарапынан сол мамандарға үй саламын десе, жергілікті әкімдіктерге тізімін береді. Әкімдіктер ол тізімді бізге ұсынады. Біз жобаларды тексергеннен кейін рұқсат береміз. Жұмыс беруші ауылдағы азаматтарға үй салғаннан кейін оның 50 пайызын субсидиялап, жұмсаған ақшасын біз мемлекет тарапынан қайтарып береміз", – деді Қайырбек Өскенбаев.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда жарты миллион адам пәтер кезегінде тұр. Баспана бағасы қашан арзандайды?


Бағдарлама талаптары:

  • тұрғын үйдің ауданы 100 шаршы метрден аспауы керек;
  • тұрғын үйдің құны – 10 млн теңге;
  • тұрғын үйдің 50%-ын мемлекет субсидиялайды;
  • жұмысшы 5 жыл еңбек шартының мерзімі негізінде онда тұра алады;
  • жұмысшы 5 жылдан кейін баспананы жарты бағасына сатып ала алады.

Бағдарлама қандай нәтиже береді?

  • ауыл халқының жаппай қалаларға кетуіне кедергі болады;
  • ауылды жерлерге мамандарды тартуға септік етеді;
  • жаңа жұмыс орындарын құрады;
  • солтүстік өңірлерге қоныс аударушылар үшін жағдай жасайды.
Серіктестер жаңалықтары