Тікелей эфир

Қазақстанда жарты миллион адам пәтер кезегінде тұр. Баспана бағасы қашан арзандайды?

Сала мамандары маусым-шілде айларында нарықтағы тұрғын үй құны тұрақтанады деп болжап отыр.

Қазақстандықтарға зейнетақы қорындағы жинағына үй алу мүмкіндігі берілгелі нарықта тұрғын үй құны күрт шарықтап кеткен еді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың мәлімдеуінше, жаңа бағдарлама іске қосылғаннан кейін қаңтар айында жаңа үйлердің бағасы – 3 пайызға, ескі үйлердің бағасы – 17 пайызға көтерілген. Наурыз айында керісінше жаңа үйлер – 0,5 пайызға, ал бұрын салынған үйлердің құны – 2 пайызға өсіпті. Мамандар жылжымайтын мүліктің бағасы бұдан былай көтерілмейтініне сенімді. Олардың болжауынша, жазда қазіргі баға тұрақтанады.

"Біз "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша тек қолжетімді үйлер саламыз. Бағдарлама 2005 жылы басталғанда 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй салдық. 2015 жылы 8,9 млн шаршы метрге жетсек, былтыр 15 млн шаршы метрді тапсырдық. Биыл 17 млн шаршы метр баспананы тапсырамыз деген жоспарымыз бар. Nur Otan партиясының тапсырмасы бойынша, бес жыл ішінде 100 млн-нан астам шаршы метр тапсырамыз. Ол  да осы бағаны тоқтататын жағдай болады. Мемлекеттік бағдармала бойынша әр қаланы зерттеп, пәтердің әр шаршы метріне шектік баға қойдық. Мысалы, Шымкент қаласындағы пәтердің шаршы метріне 200 мың теңге. Демек, бізге қарап коммерциялық компаниялар да салып жатқан үйлерінің бағасын төмендетеді. Егер олар құнын қатты көтерсе, халық үкімет тарапынан салынып жатқан үйді аламыз деп күтеді", – деді Қайырбек Өскенбаев.


Оқи отырыңыз: Бүгіннен бастап "Ұмай" әйелдер ипотекасы іске қосылды. Оның шарттарымен таныстырамыз


Ал, "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың пікірінше, тұрғын үй кұнының өсуі сыртқы факторлардың әсерімен жоғары деңгейді сақталып қалуы мүмкін. Оның айтуынша, баспана бағасының шарықтауына тек зейнетақы жинағына қатысты бағдарлама әсер етпеген. Мұндай құбылыс әлемнің басқа да елдерінің жылжымайтын мүлік нарығында болған. Мәселен, Түркияда жылжымайтын мүлік құны – 27 пайызға, Германияда – 12 пайызға, Ресейде – 10 пайызға, Канадада – 7 пайызға артыпты. Бұған бірден бір себеп, әлем бойынша құрылыс материалдарының қымбаттауы.

"Мысалы, былтыр өңделген ағаш құны әлемде 2,2 пайызға, шайыр бағасы 45 пайызға, мыстың құны 27 пайызға, болаттың бағасы 13 пайызға қымбаттады. Әлемнің көптеген елдерінде де жылжымайтын мүлікті қоса алғанда, активтер құнының қымбаттауы әлемдік экономикаға 10 трлн доллар немесе әлемдік жалпы ішкі өнімнің 7,5 пайызы сияқты ірі көлемде қаражат құюдың салдарына әкеліп соқты.Содан 2021 жылы экономиканы ынталандыру мақсатында көптеген елдер инфрақұрылымға жұмсалатын инвестициялар көлемін көбейтеді. Бұл ізінше шикізат пен металлдардың көптеген түрлеріне сұранысты арттырып, бағаның жоғарылауына әсер етеді", – деді Ләззат Ибрагимова.


Оқи отырыңыз: "Нұрлы жер" тұрғын үй бағдарламасына пәтер кезегінде тұрған отбасылардан өтініш қабылдау басталды 


Мамандардың айтуынша, тұрғын үй бағасының арзандауы үшін отандық өнімдерді көптеп шығару қажет. Өйткені, құрылыс материалдары мен шикізаттың көбін мердігерлер шетелден жеткізеді. Ал Қазақстаннан шыққан құрылыс тауарлары нарықты толық қамтамасыз ете алмайды.

"Бізден шығып жатқан өнімнің бағасы қатты қымбаттаған жоқ. Жалғыз ғана қымбаттағаны арматура, бірден 33 пайызға көтерілді. Бірақ, біз былтыр толығымен жаңа зауыттарды қостырып, қазіргі жағдайда арматураның 100 пайыз өз елімізден шығаратын жағдайымыз бар. Дегенмен, қымбатшылық темірге байланысты болып отыр. Темір тапсыратын адамдар көбінесе шетелдерге апарып сатады. Онда өнімді қымбат алады. Қазір біз олармен де жұмыс істеп жатырмыз", – деді вице-министр Қайырбек Өскенбаев.

Айта кетсек, қазір елімізде 565 мың адам пәтер кезегінде тұр. Ал 1 миллионнан астам адам жер телімін алуға кезекке тұрған. Демек, 1,5 миллионнан астам адам баспанаға мұқтаж.

Серіктестер жаңалықтары